«Tugurulhan.kz» тарихи-танымдық порталы

ШИМОЙЫН, ҚҰЛТАЙБОЛАТ РУЛАРЫ ТУРАЛЫ

Қазақтың ескілікті ауызша шежіресінің барлығында бір рудың екінші руға қосылып кететін тарихы өте көп.

Айталық, «ежелгі керей тайпасының ең үлкен қауымы қазақ халқына ұйтқы болған жұрт қатарында, бұлар: ашамайлы-керей, абақ-керей, уақ-керей, найман санатындағы қара-керей  және   жетіру бірлестігіне енген керейт һәм табын руының құрамындағы жаман-керей, шанышқылы ішіндегі ақ-керей, байұлы тайпасына кіріккен таздар руының бір тармағы жастабан..»[1].

Ауызша тараған ескілікті шежіренің барлығында да біреудің біреуге өкпелеп кеткені, наразылық, ауғын-қуғын, жаугершілік, басқада себептермен өз атасынан бөлініп өзге атаға барғанын сөз етеді. Және де қалай сіңгенін де айтады. Мысалы: тобықты Қалқаманның «Қалқаман-Мамыр» оқиғасынан кейін ұлы жүздегі нағашыларына барып, қазірде ұлы жүз құрамындағы «Қалқаман» аталған бір ру болып отырғандығы. Дүниежүзі қазақтары қауымдастығында жұмыс жасап жүрген кезімде ұжым басшысы, Қауымдастық төрағасының бірінші орынбасары Талғат Мамашев өз атасын сол Қалқаманнан тарататын еді. Ал қаракерей хақында тарихшы Асқар Татанайұлы: «Темучин әскерлері керейлерді қатты тозғындатты. Найман ханы Құшылықпен бірге кеткені «Қаракерей» атанып, найман руының біріне кірді» дейді[2].

Мұндай араласып-кірігулер, өзара сіңісулер басқа руларда да көп кездеседі.

Демек, бір мың жыл (он ғасыр) ішіндегі немесе одан бергі ауызша шежірелер өзінің шындық қуатын жоя қойған жоқ, бәрінде тарихи астар бар. Аңыздың тасасында қалған ақиқат көп.

Керейдің Абақ табы ішіндегі 12 атаның соңғысы ретінде – бірде Құлтайболат, бірде Шимойын руы аталады. Былай қарағанда тарихи деректер оларды бір орынға таластырып қойғандай жаңсақтықтарға орын береді. Ендеше біз осы екі ру хақындағы қысқаша зерттеуімізді ортаға сала кетпекшіміз.

 

Шимойын руы

Тұтастай қарағанда керей руының өзі рулар бірлестігіне жатады. Кітабымызда көрсетілген тарихи деректер бойынша қарағанда, түркі-керейт заманындағы көптеген ескілікті рулар өздерінің ежелгі атауын жоймай немесе өзгеріске ұшыраған басқа атаумен бүгінгі рулар құрамынан ұшырасып отырады. Байырғы керейт хандығы тұсынан келе жатқан сондай ескілікті рулардың бірі Шимойын руы саналады.

Керей руы құрамындағы Шимойын әулетінің Ашамайлы тармағынан Абаққа қосылуы хақында ресми аңыздық дерек жоқтың қасы. Бар болғаны – «Ашамайлыдан Абаққа келіп қосылған ру» деп санайды.

Ендеше, осы бір елеусіз қалған бетті қайта ақтарып, әуелі  ескілікті аңыздарға да азырақ кезек берейік:

«Шато және шүйе түркі тайпалары Батыс-Түрік қағанаты дәуірінде жоңғар даласын мекендеген керейлермен генетикалық жағынан байланысты. Аңыз бойынша шүйе ата-бабалары – шато Тұйғын мен Жолақай (б.д. IV ғ.) қайда, яғни Қытаймен шекараға жақын ба немесе батысқа қарай ма тұрақтануы жөнінде өзара дауласты. Үлкен ағасы Тұйғын «осы дауды біздің атымыз шешсін» деп ұсынды. Бірнеше жүз қадамға апарылып, жіберілген ат аянышты кісінеді де, кенеттен батысқа ұмтылды. Аттың соңынан абақтың ата-бабасы Гэлэ (абақ керей) және олардың ұрпақтары шимын (шимойын) және ашамайлы ілесті. Олар Алтайдың оңтүстік-батысында және Жоғарғы Ертісте тұрақтанды. Сондай-ақ олардың ұрпақтары Ұлы және Кіші жүз тайпаларында кездеседі. Керейлердің ата-бабалары Тұйғын, Тұян және Шимын V ғасырда өмір сүрді»[3].

Аталған баянның өмір сүру кезеңі мен жасаған ортасының түркілер дәуіріне тура келетіндігіне қарай отырып қисынды дерек ретінде қарастыруға болады.

Ясын Құмарұлы аталған деректерін жан-жақтылы тереңдету мақсатында: «Шато және шүйе муюн және агайлу (қазақ транскрипциясында шимойын және ашамайлы) тайпаларымен бірге Шығай түркі қағаны иелігінде өмір сүрді. Дереккөздерде керейлер құрамында шимойын және ашамайлы деген атаумен сақталған екі Муюн мен Агаулу тайпалары болғаны мәлім. Қытай дереккөздерінде сипатталған осы тайпа өкілдерінің физикалық типі мен тұрмысы Жоғарғы Ертіс керейлеріне жақын. Осы тайпалардың керейлері ұзын бойымен ерекшеленді, таңғаларлық күшімен барлық солтүстік-батыс тайпалар өкілдерінен басым болды» дегенді айтады[4].

«Керейлердің Абақ, Ашамай, Шимойын (Чумугун) ежелгі тайпалары туралы мәліметтерді Томсон орхон жазбаларынан тапты»[5].

«Моңғолдың құпия шежіресіндегі» түркілік болмыстардың аудармашылар жағынан қасақана бұрмаланғанын тілге тиек еткен зерттеуші ғалым Тілеуберді Әбенайұлы ««Құпия шежіренің» құпиясы» аталатын еңбегінде Шимойын аталған ескілікті рудың болғанын тілге тиек етеді[6].

Керейлердің ежелгі рулық-тайпалық шежірелерінде ұлы жүз үйсін тайпаларымен әр түрлі қарым-қатынаста болғаны көрінеді. Кейбір зерттеушілер үйсіндердің кейбір табын ежелгі керейлермен кірігіп-біріккен деп қараса, енді біреулер керейлердің кейбір табы үйсін руларына кірген дейді.

Мына бір деректе керейдің ескі рулары саналған Қойлау, Шимойын Дулат руының құрамында шертіледі. «Түркештер. Сонымен  батыс түріктің соңғы хағанын өлтірген түркештер 704 жылы өз хағандығын құрды. Хағандықтың астанасы Арал маңы, Тұрандағы Суяб, Тараз қалалары болған дейді. Батыс түрік хағандығы кезінен бастап үйсін ішіндегі дулаттар енді үстем орында тұратын болды. Олар түркеш, қойлау, шимойын, ысты, жаныс деген бес ірі тайпадан құралды»[7].

Жоғарыда көрсетілген деректердің қайсысын алып қарасақ та, Шимойын руының тарихы арыдан бастау алатындығын түсіндіреді.

Кейінгі шежірелер бойынша Шимойындар керейдің он екі атасының бірі саналады. Ашамайлы құрамында да кездеседі. Шимойын Абаққа келуден бұрын он екінің бірі Құлтайболат руы болған.  Бұл жайында жазушы, тарихшы Асқар Татанайұлы былай деген: ««Құлтайболаттың жеке ұраны болмаған. Себебі, төрт бидің біреуі Жұртбай бидің кезінде осы бай елді Базарқұлмен алмандас етіп алып, Жәнтекейдің бір баласы деп сіңіріп кеткен. Оның орнына он екі абақтың бірі деп Шимойынды атаған. Әсілі Шимойын ашамайлы керейден абақ ішіне сіңген ауыл болатын»[8].

Осы арада: «олай болса Шимойын Ашамайлыдан Абаққа қай кезде сіңді?» деген сауал туындайды.

Г.Н.Потаниннің жазған керей тайпасының шежіресінде: XIX ғасырда Керей, Ашамайлы (керей), Абақ (керей), Балта (керей), Тарақты, Уақ (керей), одан 12 ұрпақ: Шимойын, Шеруші, Молқы, Көнсадақ, Меркіт, Жәдік, Жәнтекей, Жастабан, Ителі, Шұбар-айғыр, Қырық-Мылтық, Қарақас, Жанат[9] болып тарайды.

Ендеше Г.Н.Потаниннің (1835-1920) өмір дерегіне назар салсақ, ол 1863-1864 жылдар Зайсан, Тарбағатай тауында, одан кейін 1876-1893 жылдар аралығында моңғолия, қытай аумағының біраз жерінде экспедицияларда болған екен. Ендеше, 1860 жылдардан әлде қайда көп бұрын Шимойындар Абақ керей аталып үлгерді деген сөз.

Ниғымет Мыңжани баяны бойынша: «Кейбір этнографтар керей ұлысын  сары керей, қара керей, уақ керей деп үш салаға айырады… Шежірешілер: сары керейден Қара би, қара биден Ашамайлы, Абақ тараған дейді. Қазіргі Шынжаңдағы керейдің көбі Абақ керей. Бұл он екі тайпаға бөлінеді: Жәдік, Жәнтекей, Шеруші, Қарақас, Молқы, Көнсадақ, Ителі, Шыбарайғыр, Жастабан, Сарыбас, Меркіт, Шимойын. Шежіре деректерінде ашамайлы керей он тайпаға бөлінеді: Сибан, Балта, Көшебе, Ақсары, Қүлсары, Семенәлы, Нұралы, Нұрымбет, Ақымбет, Самай» болып тарайды[10].

А.Татанайұлы Ер Жәнібектің өмір жолына егжей-тегжейлі тоқтала келіп:  «Абақ керейдің он екі ата болып, бүкіл үш жүздің баласына танылып есе-теңдік алуы да дәл осы Жәнібектің тұсы еді» дейді[11].

«Шежіре деректері бойынша, (Ашамайлы-ред) Сибаннан – Ерімсары, Күнкене, Шимойын, Қорқыт, Шоқматор. 1822 жылға дейін Сибан Керейлер Петропавл уезін мекендеген. 1822 жылдан кейін Ерімсары, Күнкене рулары қазіргі Қостанай облысына; Шимойын, Шоқматор рулары Павлодар, Семей облыстарына қоныс аударған. Сибандар егіншілік, аң жəне балық аулаумен, мал шаруашылығымен айналысқан»[12]. Көрнекті қазақ жазушысы Сәбит Мұқанов осы әулеттен тарайды.

Шын мәнінде Шимойындардың Абаққа сіңген уақыты аталған деректен көп бұрын болған. Себебі, осы шежіреде болсын немесе Потанин және басқалардың жазбаларында болсын «Ашамайлының бір бөлім Шимойын атасы Абаққа сіңген екен» деген атаулы сілтеме еш жерден кездеспейді.

Тағы бір деректе: «Шимойынның бірнеше аталары Шығыс Қазақстанның Қатонқарағай аудандарындағы Наймандармен аралас қоныстанған. Шимойыннан – Байназар, Қайназар, Есназар, Ерназар, Жаназар, Маназар, Алданазар, Жолдыбай, Жылқыбай (Жылыбай), Досай, Отарбай деген он бір ата өрбіген» деп таратады.

Шежірлелік деректер бойынша наймандармен ұзақ уақыт бірге отырған Шимойын әулетінің кейбіреуі «Найман ішінде Шимойынбыз» дейтін жаңсақ ұғым қалыптастырған. Моңғолияда жарық көрген «Моңғолия қазақтарының ата-тек шежіресінде»: Шимойын руын шежірешілер Абақ керейге жатқызып, Құлтайболат, т.б-ның орнына қояды. ҚХР-да басылған «Абақ керей» кітабы Ашамайлы керейге оңтайлаған. Осы рудың кей адамы «Найманбыз» дейді. Ақыт шежіресінде «Құтбердіден Бағаналы, Жаппас» дей келіп, «Жаппасқа Шимойын келіп сіңеді, Ашамайлы елім деп жүреді» дейді. Қ.Дөңтай Найманға жатқызған. Шимойынның ұраны Әлменбет. Моңғолияда аз ауыл бар»[13] деген мәліметтер келтіреді.

Қайролла Мұқанов шежіресі бойынша (Самай): «Тарышыдан – бір бала: Шимойын, одан – 3 бала: Естияр, Достияр, Есжияр» деп таратады[14].

Ал «Қазақ шежіресі» Шимойынды «Балтаның Сибанына жатқызады. Осы соңғы шежіреде 19-ғасырдың басында Керей, Уақтың басым көпшілігі орыстан үркіп Алтай, Шәуешекке көшкенде, Шимойын керейлердің едәуір бөлігі солармен бірге өткені айтылады. Демек, Шимойынның Абаққа, Ашамайлыға да қатысы бар болуының бір төркіні осында. Қалың Абақтың арасында тұрғаннан кейін ол бірте-бірте сол қауымдастықтың бір баласы секілді болып кеткен. Алайда ата-текті тарқатқан шежіре желісіне сыналап кіре алмаған»[15]. Ұзақ уақыт бойы Шимойынды өз руы құрамына қоспаған Абақ баласы Жұртбай би Көкенұлының заманында ауылдар ара салық жинаудың қажеттілігі үшін он екі атаның бірі ретінде жариялайды. Жыл мерзімінен қарағанда Жұртбай би мен Г.Н.Потанин бір дәуірдің адамы. Яғни, Жұртбай 1826-1890 жылдары өмір сүрген адам[16].

Шынжаң жағындағы «Шежірешілердің таратуы бойынша: Шимойыннан – Деріпсал, Одан: Абыз; Абыздан – Құдайғұл, Құдайменді (Жылтың), Жаңабай тарайды… Шимойынның ұраны Әлмәмбет»[17].

Шимойын руы хақындағы деректер өзге тілді әдебиеттерде де молынан кездеседі. Бұл туралы осы кітабымыздың басқы бөлімдерінде де баяндағанбыз. Сол деректердің бірін қайталай көрсете кетсек, төмендегідей:

«В более поздний период, а именно в 1428 году вместе с буркутами упоминается еще одно керейское племя Шиман: Решение вопроса, из кого же именно состояла следовавшая за Кебек-ходжа-буркутом и Омар-Би-буркутом его армия, можно определенно сказать, что из племени его правителей – Буркут (кереи Тайбугиды) и по названию предводителя войска – Сарыг-Шиман, т.е. Сарыг из племени Шиман. И так, Шиманы, исходя из Шежире современных кереев – это народ Сибирских татар, населявший и населяющий до сих пор территорию западной и южной Сибири, названной, по нашему предположению, согласно названия данной территории Тарышы (Тарцы, в данной местности существует одноименный город «Тар»), ветки Шимойын – Тарышы Шимойын»[18].

Жоғарыдағы деректерді сараптай келгенде, бірнеше болжамға барамыз.

Біріншіден, Шимойын аталатын рулар бірлестігі – Абақ, Ашамайлылармен қатар аталатын ежелгі керей тайпасының бірі. Осында көрсетілген және қазақ арасында айтылатын ауызша шежіре, Шынжаңда жарық көрген рулық шежірелік кітаптар сынды көптеген әдебиеттерді салғастыра келгенде керей руын құраған – Абақ, Ашамайлы, Көнсадақ, Шимугун (Шимойын), Меркіт тайпалары түркі тілділердің ішіндегі көне тайпалар саналады.

Екіншіден, Шимойынды «Ашамайлыдан Абаққа кірген» дегеніміз сияқты, шындығында Шимойын әуелі Ашамайлы бірлестігі құрамына, сосын Абақ бірлестігі құрамына кірген. Керейлердің Сібір өңірінде Абақ, Ашамайлы, Шимойын, Керейт (кіші жүздегі) болып бөлінбей тұрған – «бір керей» кезеңінде Шимойын да олармен қатарлас, тең жәрежедегі ата ретінде сол тұстағы түркі тайпаларымен бірге ортақ өмір сүрді.

Осы арада айта кетерлік тағы бір жай – Абақ керейлермен қанаттас, тең дәрежеде өмір сүрген Меркіт немесе Көнсадақ (байырғы керейт) рулары кейіннен 12 ата Абақ құрамына кіргені сияқты, Ашамайлы аталатын ру да тұтас бір атаның баласы емес, рулар бірлестігі саналады. (Көнсадақ – ежелгі түркі хандарының, кейінннен Тұғырылдың садақшылар қосынының әулеті болса керек).

Ашамайлы әулетін тарататын шежірелердегі Шимойын әулетіне зер салатын болсақ, шыққан тегі мен таралымы да бірдей емес, әр түрлі. Бір ізділік жоқ. Ежелгі тайпаның шашылып кеткен ұрпақтары өз ортасына қарай әр түрлі шежірелер жасауға мәжбүр болған. Ежелгі әулет – шимойындардың тарихи өзгерістер барысында ашамайлы, абақ және басқа да рулар құрамынан кездесуіне таңдануға болмайды.

Үшіншіден, Ашамайлы ұрпақтары Сібір хандығы құрамындағы басты рулардың бірі болып, орыс отаршылдығына қарсы күрескер топтың бел ортасында болғаны анық. Сейдақ сұлтан тұсындағы сардар, сарбаздар құрамында болған бұл атаның әулеті орыс отаршылдығының күшейуіне байланысты нысанаға ілігіп, қатты тепершік, қуғын көруі бек мүмкін. Сондықтанда олардың ішіндегі қудалауға ұшырағандарының солтүстіктен ауа көшкен Абақтармен бірге кету ықтималдығы жоғары.

Солтүстікті отарлаушы орыстарға қатысты Абақ Керейлердің «орыстың Ор бекінісін өртеу» оқиғасын еске алсақ, ҚХР Мемлекеттік сыйлығының иегері, жазушы Шәміс Құмарұлы «Ер Жәнібек» тарихи романынынң «Ордағы оқиға» аталатын он үшінші тарауында  бұл оқиғаны егжей-тегжейлі суреттей келіп: «Таң атқанда Ор қалашығын қызыл жалын жалмап, мұндағы мың қаралы әскердің жан саулағалап шыққан үш жүзге жуығы Оралға түсіп, қайықпен қашып құтылды. Сөйтіп Керей батырлары алпыс шаһиттің құны үшін Ор бекінісін күйретіп, ондағы орыс әскерлерін еріксіз Орынборға шегіндірді»[19] дейді.

Орыс деректерінде Ор бекінісінің өртенгені туралы мәлімет тіркелгенін ескерсек, бұл іс Абақ керей баласының орыс отаршылдығына қарсы тұрып, кейіннен солардың бодандығынан ығысып шығысқа қарай жылыстап, ежелжі түркі даласына, керей мемлекетінің ескі жұртына қарай беталғанын көрсетеді.

Асқар Татанайұлының: «Абақ елі кезінде Еділ-Жайық бойында, дәлірек айтқанда Жайықтың бір саласы Ор өзені бойында, Мұғалжар тауларында, кейін Сыр бойында мекендеп, соңында Жәнібек батырдың бастауымен Шыңғыс-Қалба тауларына қоныс аударған. Сарысүмбе ауданының Шеміршек ауылын мекендеген Қасен Шыбарқажыұлының айтуында, өзінің руласы Шіңгіл ауданын мекендейтін Қосекенің үйінде, Ордың қарағашынан жасалған маңдайша-табалдырық жаңа қытай үкіметінің алғашқы жылдарына дейін мұра ретінде сақталып келген» деген дерегі бар[20].

Жоғарыдағы сөзімізді өлкетанушы, шежіреші Шалқарбек Кәрібаевтың: «Шимойынның кей ұрпақтары Сібірді орыстар жаулап алған заманда Абақ керейдің бірсыпыра аталарымен бірге Қара Ертісті өрлеп Алтай асып кетті»[21] деген дерегі тіпті де толықтыра түседі.

Демек, қуғын көргендердің, қырғындауға ұшырағандардың көбінің хандардың, сұлтандардың, батырлардың, ақсүйектердің, байлардың тұқымы  екені анық. Олай болса аталған шежірелер, әдебиеттер мен кейінгі тағдырлар Абақ керейлер және олардың құрамына кірген Меркіт, Шимойын, Көнсадақтардың да аса жауынгер таптан шыққанынан дерек береді. Бұлардың ежелгі Тұғырыл хан заманынан қалған батыр-баһадүрлердің ұрпағы екенін де еш күмән жоқ. Бұл тұрғыдан қарағанда, бүгінгі керей, керейт руларының өздерін «керейт хандығының ұрпағы» санауы өте орынды.  Тіпті басқасын былай қойғанда, «Құршақұс Бұйрық ханның көп әйелінен  болған 40 ұлының»[22] ــ қырық отауға айналғаны және одан өрбіген әулет хақында ойлағанда, аталған рулар құрамында хандар тұқымы болуы таңғаларлық жағдай емес.

Түп төркінін тектіліктен іздеу – қазақ халқының ұрпағын еңселі ерлікке, даралық пен тазалыққа жетелеуддегі ежелгі жолы.

Сол себепті де, байырғы мемлекетшілдігін аңсаған хандар тұқымының бодандықтар кезеңінде үстем ұлттарға қарсы шығуы және өздерінің қуғын-сүргін, қырғын көруі табиғи жағдай. Бұл жағынан қарағанда олардың жауға бас имейтін ерлік, өрлік рухы отан қорғаушы ұрпаққа өнеге боларлық батырлық пен бекзадалықтың асыл қасиеттерін ұқтырады.

 

Құлтайболат руының тарихына бір назар

Сібір хандығының ыдырауы, орыс отаршылдарының қазақ жеріне көптеп бекіністер салуы солтүстік өңірге қоныстанған керейлердің Орталық және Шығыс Қазақстан өңіріне қоныс аударуына тікелей ықпал етті.

Соның ішінде Орта жүз құрамындағы керейдің ұлтанды бір бөлігі қазіргі Солтүстік Қазақстан, Ақмола облысы өңірінен Нұра өзенін бойлап, қазіргі Қарағанды, Қарқаралы өңірі арқылы Аякөз, Бақанасқа қарай асып түсіп, шығысқа жылжыды.

Осы көштің бұйдасын ұстаған Ер Жәнібек Бердәулетұлы ұзақ көштің алыс жолы мен бастан кешетін михынатын және ағайындас рулармен, көршілес ұлттармен болған түрлі қарым-қатынастар мен қайшылықтарды ойлап, өзі бастаған елді он екі тайпаға жіктеді. Бытырап жүрген керей руларын бір тудың астына жинап, елін «қанаттығы қақтырмай, тұмсықтығы шоқтырмай», жоңғардан босаған байырғы түркі жеріне беталды. Бұл туралы осы кітабымыздағы «Қазақтардың Өр Алтайға көшу себебі» атты тақырыпта тоқталып өткенбіз.

«Абақ керейдің Ер Жәнібек заманынан бұрын қанша атаға бөлінгені жайында нақты дерек жоқ. Ер Жәнібек елін, жерін жаудан қорғаған әйгілі батыр ғана емес, халқын даудан қорғаған шешен де көсем болған адам. Сол бабамыз: «Мен он екі жасымнан бастап он екі реткі шайқаста жүлде алдым. Темірқазық деген жұлдыз бар, оны айналып жүретін ақ боз ат, көк боз ат, жеті қарақшы, екі аттың арқаны – жиыны он екі шоқ жұлдыз. Бұғының мүйізі он екі салалы. Бір жыл он екі ай болса, он екі жыл бір мүшел. Пайғамбарымыздың он екі имамы болған. Түс жорудың да он екі түрі бар. Қара нар ботасын он екі ай көтереді» деп он екі санын қасиеттеп өтіпті. Сол үшін де «Абақ керей он екі атадан құралуы керек» деп, он екі руға бөлген екен»[23].

Сөйтіп, Жәнібек батыр жасақтаған Абақтың он екі атасы төмендегідей болған:  Жәдік (ұраны Жанат), Жәнтекей (Жәнтекейдің үлкен ұраны Сәменбет. Кейіннен Шақабай, одан соң Жәнібек болды), Шеруші (ұраны Байтайлақ), Қарақас (ұраны Қаптағай), Молқы (ұраны Машан), Ителі (ұраны Бұқарбай), Жастабан (ұраны Жобалай, Сарбас (ұраны Сартоқай, Ескі шежіре бойынша Сарбас – Абақ керейдің кенжесі, Абақ керейдің шаңырағы Сарбаста делінеді), Көнсадақ (ұраны Жабай),  Шыбарайғыр (ұраны Қожаберген),  Меркіт (ұраны Әлменбет),  Құлтайболат (ұраны Тілеуімбет).

Шежірелік деректердің қай-қайсысы болмасын, аталған ата аттарын терістей алмайды.

Тарихшы Ниғымет Мыңжанин мен Абдрашид Байболатұлы құрастырған «Қазақ шежірелері»[24] кітабында:  «Байлаудан Жиеншора, Жиеншорадан Құлтайболат туады» делінсе, аталған томдағы Мәулікей,  Мейірхан, Меллатхан Әленұлының шежірелерінде де Абақ керейдің он екі атасының бірі ретінде таратады.

Ақмоллаұлы Кітапбай молла жинақтап берген нұсқада да[25]:

Он екі ұл ру боп тарар бұл Абақтан,

Он екі керейміз деп келе жатқан.

Сұрасаң Он екі ұлдың аты жөнін,

Айтайын төменде оны бір бір бастан, – деп бірден санап айта келіп: Шеруші енді бірі Құлтайболат…, – дейді.

Он екі Абақ керейдің бірі борған Құлтайболат руының кейіннен Жәнтекей әулетінің бір бұтағы ретінде аталуына келсек, тарихшы Асқар Татанайұлы жазған «Тарихи дерек келелі кеңес» кітабында былай баяндалады:

«Абақ керей елі… 1836 жылы Қалутон жазығына жиылып үй тігіп, құрылтай ашады. Міне осы құрылтайда руы өскен, беделі жоғары, қолдаушысы көп болған жәдік елінен Бейсенбі мен Құлыбек, Жәнтекейден Топан мен Көкен сынды төрт кісі би сайланады да, Ажы төреге қарасты халық қонысы мен түтін санына қарай осы төрт бйдің қарамағына бөлініп беріледі. Осы кезде Көкен бидің басқаруына ол кісінің өз руы Базарқұлдың сыртында Құлсары, Құлтайболат, Сүйіншіәлі рулары және алты Тасбике, Шақабай, Қыстаубай беріледі. Кейін сол құрылтайда мақұлданған «Түтін басы мыңға толған ел жеке иелік алады» деген белгілеме бойынша, жылдар өте келе түтін саны осы белгілемеге толған рулар бір- бірлеп жеке иелік алады. Бірақ Онекі Абақтың бірі саналатын Құлтайболат елі түтін санының аздығынан бөлініп шыға алмайды да, Көкен бйдің қарауында қала береді.Тіпті Көкеннің мұрагері Жұртбай бидің тұсына жеткенде Жантекейдің бір баласы болып сіңіп кетеді де, бұл елдің орынына Ашамайлы керейден Абақ ішіне сіңген Шимойын руы он екі керейдің бірі болып танылып кетеді»[26].

Бұл деректі растайтын әдебиеттер де өте көп. Жазушы Күнгей Мұқажанұлы жазған «Өр Алтай» романында да: «Құлтайболат руы ертеден он екі Абақ керейдің бірі еді, Жұртбай мырза өзі шағын, өзі көрші болып сіңіп жүрген бұл руды Базарқұлға қосып, Жәнтекейдің қатарына қосу арқылы Шимойынды он екінің біріне  жатқызған еді»[27] деп көрсеткен.

Жәнтекей мен Құлтайболат руының ара-қатынасы мен жақындығы хақында ескі шежірелерде де түрлі деректер бар. Аңызға жақын сондай әңгіменің бірі былайша шертіледі:

«…  Құлтай мен Болат жастай жетім қалып, Жәнтекейдегі әпекесінің қолында өсіп, Құлтайға Жәнтекей (жездесі) әйел алып беріп, Құлтай жастай тағы қайтыс болып, келіншегін інісі Болатқа қаратады. Сөйтіп, ағайынды екі жігіттен туып-өскен ұрпақтарды керей «Құлтай-Болат» (Құлтайболат) деп атайды.

Құлтайболатты Жәнтекей ұрпақтары қатты сыйлайды. Өйткені Құлтайболат Жәнтекей балаларының табиғи нағашысы есепті. Сол үшін Құлтайболат демей, «Құлтекең» деп атайды.

Құлтекең керей ішінде, әсіресе, Жәнтекей арасында ерке болған ел. Айғайшыл, жұм, әрі ынтымақшыл, жолшыл, діншіл ұрпақтар. Оларды Шоқай қажы залың болып билеп басқарған. Жәнтекей басшылары бейсіден тартып, аяғы зәңгі-залың Шоқайға қатты иба қылады. Құлтайболат жайында мынадай өлең бар:

 

Жәнтекейдің еркесі Құлтайболат,

Құлтекеңнің алдында ел жымдай болат.

Жәнтекейлеп бала даусы шықсадағы,

Намыс қуған Құлтекең пайда болат.

«Жәнтекейді кім ғой деп жүрсің, сен!» деп,

Ешкі дауын түйеге сатып алад.

«Сен Жәнтекей емессің, аулақ!» десе,

Назаланып дөңбекшіп жатып алад.

«Құлтекеңді ренжітсе көреміз!» деп,

Ұран салып Жәнтекей бір қозғалад.

Беткейдегі орманды отамаса,

Аша бақан, өре ағаш жетпей қалад.

Құлтекеңнің қымбатын керей танып,

Алдымен Құлтекеңнің қолын алад.

«Құлтекең» деп қолпаштап көпшік қойып,

«Қайтеміз?» деп билікті соған салад.

Құрақ ұшып «Құлтеке» дей бермесе,

Арғы атасын айтудан ел жасқанад.

Айғай құмар, жаңжалшыл асау ата,

Төбелесі бір жақтан  қозған(?) болат, (Жазбада «қозған» сөзі анық емес.-Ж.Ш)

Айғайына ілеспей жатып алсаң,

«Жау ма, дос па, айтсын!?» деп кісі салад.

«Жәнтекейміз, көппіз» деп елеуіреп,

Жылқы үріксе де айғайлап  тұра шабад.

Жәнтекейді керей балалары «басына бақыт қонған адам, үйіне Қыдыр келіп бата берген» деп мадақтайды екен…»[28].

Аталған деректен Құлтайболаттың Жәнтекей әулетіне нағашы болғаны аңғарылады. Демек, Құлтайболат руының Жәнтекейдің бірі саналуының да тарихи негізі бар деген сөз.

Қорыта келгенде, жоғарыдағы рулардың басынан көрінген аңыз бен ақиқат арасындағы хикаялар тұтас қазақ халқының ұлт болып ұйысу жолындағы бастан кешкен сан түрлі оқиғаларының бір парасы болып табылады. Әрі рулардың бір-бірін бауырына тартуы, ұйысуы арғы жағы түркілік туысқандықты, бергі жағы ру-тайпалық дәуірдегі қандастық негіздерін басшылыққа алғанын көрсетеді.

 

Пайдаланған әдебиеттер:

[1] Мағауин М. «Шыңғыс хан және оның заманы». Деректі тарихи хикая.-Алматы,

2011.-608 бет.

[2] А.Татанайұлы, «Тарихи дерек, келелі кеңес», 2-кітап, Шынжаң халық баспасы. Үрімжі. 1996 жыл. 60 бет.

[3] Ясын Құмарұлы «Керейлердің тегі туралы». «Отан тарихы». 2011, №260. 64 бет.

[4] Бұл да сонда.

[5] «Ортағасырдағы керейіттер» мақаласынан. «Тұғырыл хан». Алматы, Palitra Press», 2019 жыл. 376 бет.

[6] Т.Әбенайұлы ««Құпия шежіренің» құпиясы». «Нұрлы Әлем», Алматы. 2010 жыл.

27-28 бет.

[7] Х.Ғалыммұрат «Қазақ болмысы» Ұланбатыр – 2009 жыл. 163 бет.

[8] А.Татанайұлы «Тарихи дерек, келелі кеңес» Шынжаң халық баспасы, Үрімжі,

1987 жыл. 39 бет.

[9] «Тұғырыл хан». Алматы, Palitra Press», 2019 жыл.

[10] Н.Мыңжани «Қазақтың қысқаша тарихы», Шынжаң халық баспасы, Үрімжі.

1987 жыл. 232 бет.

[11] А.Татанайұлы «Тарихи дерек, келелі кеңес». Шынжаң халық баспасы, Үрімжі,

1987 жыл. 39 бет.

[12] «Қазақ Совет энциклопедиясы». – Т. 10 / Бас ред. М.Қ.Қаратаев. – Алматы: Қазақ Совет энцикл. Бас ред., 1977. 648 бет.

[13] Рахметұлы Шынай. «Моңғолия қазақтарының ата-тек шежіресінде», Өлгий. «Баспагер». 1997 жыл. 177 бет.

[14] Қайролла Мұқанов «Самай керей шежіресі» 16-бет. Петропавл. – 2013 жыл.

[15] Жарылқап Бейсенбайұлы. «Қазақ шежіресі», «Атамұра», Алматы. 1994 жыл.

63-64 беттер.

[16] Ж.Шәкенұлы «Қытайдағы қазақтар» – зерттеулер, Алматы: Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы, 2007 жыл.

[17] Ж.Шәкенұлы «Ақылнама» – әулеттік баян, «Өрнек» баспасы, Астана, 2014 жыл.

213 бет.

[18] Масуд бен Османи Кухистани. Тарихи Абулхаир-хани. Институт Востоковедения АН УзССР. Ташкент.

[19] Ш.Құмарұлы «Ер Жәнібек» романы Шынжаң халық баспасы, Үрімжі. 1998 жыл.

376 бет.

Жәди Шәкенұлы

Жазушы, тарихшы

Ұқсас жазбалар