«Tugurulhan.kz» тарихи-танымдық порталы

Өзіңдей ерлер ел бастар күн де туар-ау…

Авторы tugurulhan.kz
580 қаралым

МҰСТАФА ӨЗТҮРIКТI ЖОҚТАУ

Кесапат––үстем, ар-намыс түскен құлдыққа,
Еті өліп кеткен емі жоқ небір сұмдыққа.
Басшысы да жоқ, қосшысы да жоқ, ылаққан,
Бекер-ақ келдің адыра қалған бұл жұртқа.

Бұрымсыз ару ақ тәнін сатып күн көрген,
Сүйекке дақ сап, сөз есіттірмеді кімдерден?
Діні мен тілін, ұмытып ұлы әкесін,
“Батя” деп жүрген кімді іздеп келдің бұл жерден?

Ақсақалында сақал жоқ, ада келбеттен,
Аталы сөз жоқ, ұрпағы содан кері кеткен.
Құрсақта жатып қырқұлақ болған перзенті,
Осындай елді қадіріңді білер ел деп пе ең?

Мұңды бір түрмен қайтпасқа мәңгі жиналған
Бейнеңді көріп бүгінгі теледидардан,
Жыладым үнсіз, жалғанда жалғыз мендей-ақ
Шарасыздығына, шамасыздығына қиналған.

Азғындық пенен арсыздық ашып аранын,
Сағақтан іліп жатқанда иман, сананы,
Көрмей де кеттің, көрмегенің де жөн болды-ау
Еліңнің мына запыранға толы зар әнін.

Дегендер десін “ақиқат сенің не теңің”,
Жазмыштан емес, жасалды қолдан кеселің.
Өзтүрік, сені өлтірді қансыз бір қазақ,
Білген соң сенен өзінің төмен екенін.

Сұмырай жандар су құйып сөнген бір алау,
Айта алмай кеткен арманың да көп шығар-ау.
Ит пенен құсқа жем қылып қоймай жақсысын,
Өзіңдей ерлер ел бастар күн де туар-ау.

Мырзан Кенжебай

Abai.kz

Ұқсас жазбалар