«Tugurulhan.kz» тарихи-танымдық порталы

Толғауы тоқсан тағдырлар

Авторы tugurulhan.kz
508 қаралым

Оралхан Бөкей – артына мол мұра қалдырған қаламгер. Оның суреткерлік сыр-сипатын саралап, даралап сыни еңбектер жазу әлі де болашақтың еншісінде. Мына дүние Оралханның Мемлекеттік сыйлық алған кітабындағы шырайлы шығармалары туралы толғаныс қана.

Әдебиет босағасын аттағаннан көзі жұ­мылғанша осы заман тақырыбын табан аудармай жазған бірден-бір жазушы Оралхан Бөкей. Ал мұның қиынның қиыны екенін небір қаламы жүйрік, дарыны дара жазушылар тегіс мойындаған. Қоғамдық-әлеуметтік өмірдегі терең тамырлы құбылыстарды жете зерттеп, жіті зерделеу, заман мен адам арасындағы күрделі қарым-қатынастарды биік эстетикалық-философиялық өлшемдер тұрғысынан бағалау, сол арқылы мезгіл мінездерін, адамдардың толғауы тоқсан тағдырларын жазып, уақыттың салқар көшінде соны ізі бар көркем полотно жасау секілді асқақ мұрат жолындағы жазушының асқан асу, шыққан белесі биік талап деңгейінде тұр.

Біз жазушы болашақты болжаушы, көңіл көзі көреген, нағыз көріпкел болуға тиіс дейміз. Өйткені, ол өмір-тіршіліктегі жекелеген оқиғалардың, жеке адамдардың шежіресін қаз-қалпында қағаз бетіне түсіруге тырысатын қарапайым тіркеуші емес, белгілі бір кезеңнің, жарқын болашақтың, күнделікті қоян-қолтық араласып жүрген замандастарымыздың ғұмырлық көркем шежіресін жазуға атсалысатын қайраткер-қаламгер. Сондықтан, бүгінді болашақпен жалғайтын алтын көпірді салатын да сол суреткер.

Уақыт тынысын та­мыр­­шыдай тап басып, шығар­ма­шы­лы­ғында жақсы-жаманын бөле-жармай, тұтас көрсетіп, ащы-тұщы болса да ақиқатын айтып, қоғамның әлеуметтік өміріндегі өзгерістерді, кеселді құбылыстар мен өнегелі істерді шебер ұштастырып, жарқырата жазған қаламгерлердің бірегейі де Бөкей деп білеміз. Енді осы сөзімізді тірілтіп, нақты мысалдармен дәлелдеп бағайық.

Әлеуметтік өмірдегі әртүрлі оқиғаларға үн қосып, онда да асығып-аптықпай, әліптің артын тосып, әбден пісуі жетіп, тиісті бағасын алған соң барып болған жағдайды жазуға отыратын қаламгерлер бар. Ал Оралхан болса бұл секілді әдеби әдісті қолданбаған, өзгеше көзқарастағы қаламгер. Қаламына қоса қиялы да жүйрік қоғам өмірінің терең қатпардағы тынысын сезінуге сергек суреткер Оралхан Бөкей өз шығармаларында уақытқа үн қосумен шектелуді місе тұтқан емес. Қайта ол өз туындылары арқылы жаңа уақыттың келуін жеделдетуге үлес қосып, іс-әрекеті, мінез-құлқы сол болашақтың адамдарына сай кейіпкерлердің бейнесін сомдауға атсалысты. Жаңалықты алдын-ала жан-жүрегімен сезіну, сөйтіп өзінің ащы да болса ақиқат сөзімен, жақсылық үшін арпалысымен сол жарқын болашақтың тезірек салтанат құруына үлес қосқан жазушының ұстанған басты бағдары, авторлық көзқарасы – осы.

Жазушы талантының ең бір ерекшелігі – оның өмір шындығының нағыз өткір, нағыз қауіпті қарама-қайшылықтарын қаймықпай бетке айтуға бейімдігі, батылдығы дер едік. Ащы шындықты айқайлап айту, әлеуметтік өмірдің көлеңкелі жақтарын көрсету арқылы тазаруға, жаңарып-жаңғыруға шақыру әлбетте әдебиетте де оңай емес. Кеселді құбылыстарды ел-жұрттың талқысына ұсынып, оларға ой салу: жаманшылықтан жирендіру арқылы жақсылыққа тәрбиелеу қай жазушыға да жеңіл емес. Осы сәт Оралханның «Құм мінезі» повесі ойға оралады. Жазушы осы бір шағын шығармасында, бүгінгі таңда қоғам, орта аяусыз күрес ашып отырған мәнді мәселені мейлінше тереңнен қозғап, түп тамырын қопара көрсеткен болатын. Жер-жерде жаппай етек алған көзбояушылықтың заңға қайшылығы, зардабы мен зияндылығы жөнінде қазіргідей көп айтылып, кескілескен күрес жүріп жатқан мезгілде осынау қой шаруашылығындағы озат болудың оңай жолын тапқан және адалдықтың ала жібін аттамаған іс-әрекеттері кереғар екі шопанның – екі кейіпкердің бітіспес күресін көрсету арқылы автор шаруашылықтағы былық-шылықты айтумен шектелмей, адамдар санасындағы көрсоқырлықты шенеп, биік адамгершілік қасиетті қастерлеуге, замандастарымызды замана рухына сай болуға шақырып отыр.

Жалпы, жазушы О.Бөкейдің күллі шығармасы – асқақ адамгершілік қасиеттерді қастерлеуге арналған. Кезінде Мемлекеттік сыйлық алған «Біздің жақта қыс ұзақ» кітабының алтын арқауы да осы мәселе – мәні мәңгілік мәселе. Оралхан осынау тақырыпты өз творчествосының өзегі санап, суреткерлік шеберлігін барынша шыңдап, адамгершіліктің асыл мұраттарын мейлінше шынайы, мейлінше жарқыратып, оқушының ой-санасына сәуле түсіріп, толғантып, тебірентіп жазуға ұдайы ұмтылып баққан. Бөкейдің бұл орайдағы бір ерекшелігі: қай шығармасында болсын, оқиғасының оқыс бас­талатындығы, кейіпкер­лері­нің қиын-қыстау жағдайда қалатындығы.

Жазушының көңілі қа­лаған әдеби әдісі шығарма­шылығының әр қырынан танылуына да сүбелі үлес қосуда. Қиын-қыстау жағдайда адам адам қалпында қала ала ма, адамгершілік қасиетін сақтай ала ма?!

Оралханды қаламгер ретінде ұдайы ойлантып, толғантқан, толқытқан басты сауал осы екен­дігін оның кез-келген шығар­масын оқи бастағаннан біле қоясың.

Жазушы шығармаларының кейіпкерлері бізге таныс та, бейтаныс та. Таныс болатын себебі – ортамызда жүрген адамдар, ал бейтаныс болатын себебі тағдырлары әрқилы, әрі тосын. Суреткерлік өрнегі өзгеше Бөкей таныс тақырыпқа қалам тербей отырып-ақ, өзіндік қолтаңбасын танытып, белгілі оқиғаның ағыс-арнасын өзгертіп, басқаша бағыт беріп, ой тастап, түйін түюге тіпті де шебер. Оралханның суреткерлік шеберлігін танытатын тағы бір қыры, оның оқиға желісін қуалап, уақыт алға тартқан толғақты мәселелерді атүсті, бетін қалқып қана көрсетуді місе тұтпай, күрделі өмір құбылыстарын тереңнен толғап, әріден қозғап жазуға деген құштарлығы.

Айталық, «Бәрі де майдан» повесін оқып көріңіз. Бұл, біріншіден, қазақ әдебиеті, қала берді әлем әдебиетінің өзінде әлі күнге дейін тасада қалып жүрген тың тақырып. Екіншіден, жазушы сол тың тақырыпты да таптаурын қалыпқа салмай, соны творчестволық ізденістер арқылы айшықтаған. Шығармада көкейкесті әлеуметтік мәселелер қозғалған. Бұл повесте Ұлы Отан соғысы жылдарында жанқиярлық ерлік көрсеткен жайсаң адамдар өмірі өрнектелген. Ол қан майдандағы емес, тылдағы ерлікті тәлім еткен. Жазушының ұрыс алаңы мен еңбек ұжымындағы ерлікті салыстыра отырып, екеуін де бірдей бағалап, соғыста да, тылда да майдан болғанын дәлелдеп шығуы шыңғырған шындық. Басқа емес, Бөкей ашқан жаңалық бұл. Соғыста болсын, еңбекте болсын – бәрібір ерліктің бастауы да, бағасы да бірдей, екі арасында бөле-жарып қарайтындай айырмашылық жоқ. Міне, бұл тың түйін, жаңаша көзқарас. Шынында да, кешегі ел басына күн туған кезде қатарластары сияқты соғысқа аттанбай, еңбек майданына алынған Ақанның Жеңіс жолында қызмет еткен­дігіне күмән келтіру қиянат қой. Майдандағы жеңіс тылдағы ерен ерліктің жемісі екендігі ақиқат. Бірақ та біз көп жағдайда осынау қарапайым шындықты ескермейді екенбіз, елемейді екенбіз. Елдегі көзсіз еңбек ерлігінсіз, құр қарудың күшімен ешқашан жеңіс дәмін татпасымыз жетемізге жетпепті. Тіпті, көбінесе оған мән бермейтініміз де өтірік емес. Жазушы осы шығармасы арқылы біздің көзімізді ашып, ой-санамызды сәулелендіріп отыр. Бұл – бір. Жазушы осы шығармасында тағы бір көкейкесті мәселе – адамгерші­лік мәселесін жаңа қырынан көрсеткен.

Басты қаһарманның бірі – еңбек армиясында болып, небір қиындықтарды басынан кешсе де мойымаған, сол кездегі ауыр жұмыстың әсерінен кейінгі отыз жыл бойы азап шегіп келе жатқан, әйтсе де ел алдындағы еңбегін бұлдамаған Ақан есімді азамат. Екінші кейіпкер оның ауылдасы Құмырай. Ол да кезінде еңбек армиясында болып, артынан майданға алынып, алғашқы айқаста-ақ бомба жарықшағы бір аяғын жұлып әкетіп, елге оралған еді. Бір күн соғысқа қатысып, оны өмір бойы малданып жүрген, жұрттың алдында кеудесін соғып, жауды жеңген жалғыз өзі секілді сезінетін Құмырай да бұрын-соңды әдебиетімізде болмаған соны бейне, тың кейіпкер. Екі кейіпкер, екі түрлі көзқарас, екі түрлі дүниетаным. Автор Ақан бейнесі арқылы адал еңбек адамын, ел-жұртын сүйген парасатты азаматты таныстырса, Құмырайдың жиіркенішті іс-әрекеттерін: қуаяқ, арамза, қорқақ, пасық, пақыр екендігін көрсетуге күш салған. Міне, осы екі кейіпкер арқылы жазушы Адалдық пен Арамдықтың, Жақсылық пен Жамандықтың ара-жігін ажыратып, олардың арасындағы бітіспес күресті көрсетіп, кімнің өмірінен өнеге алу, кімнен жирену кажеттігін алға тартып, қалың оқырманға ой салған. Сол бір ел мен ерге сын болған сұрапыл соғыс жылдарынан сыр шерткен қадамгер Ақан, оның адал жары Алма сынды абзал адамдардың рухани ерлігін, адамгершілік тазалығын көркем полотноға түсірген.

Оралханның «Біздің жақта қыс ұзақ» деген ортақ тақы­рыппен жарияланған екі повесі де жазушының өмір-дастан өрнектерін өзіндік бояу-нақы­шымен сомдауға бағытталған бағалы туындылар. Бірінші повесть – «Сайтан көпір». Бұл шы­ғарманың кейіпкерлерінің есімдері де, тіпті повестің тақырыбы да әдейі символикалық сипатта алынған. Кейіпкерлердің Аспан, Айқай, Анау, Жаңғырық деген аттарынан-ақ көп нәрсені айтпай-ақ аңғарамыз. Сондай-ақ, «Сайтан көпір» де біздің құлағымызға әлгі қияметтің қыл көпірінен өтудің қиындығын еске салып тұрған сөздей естіледі. Шығармамен таныса келе жазушы мақсатының да осы орайлас екендігіне көз жеткіземіз. Бұл шығарма, шынтуайтына келгенде, адам тәрбиесіне, азаматтық ар-ождан тазалығы мәселесіне белсене араласып, қазіргі қазақ қоғамына жат мінез-құлықтарға қарсы күресте жазушы позициясының уақыт талаптарымен үндесіп, соны қаламгердің күн ілгері сезініп, көрегендік көрсетуінің жарқын мысалындай. Адам факторын алға тартқан, оны жаңа уақыттың қайта құру, жеделдету ұрандарымен ұштастырған талаптың көркем әдебиетте өзіндік өркен табуы қуанарлық құбы­лыс. Автордың асырып айтарлықтай артықшылығы да осы тұста жарқын көрініс тапқан. Ал заман, уақыт алдындағы жауап­кершілікті түсін­беген қаламгер, өзі ғұмыр сүріп отырған мезгілге, қо­ғамда болып жатқан түрлі өмір құбылыстарына немкетті қараса, жақсы-жаманына жаны ауырмаса, жазған шығар­маларында не мән, не сән болмақ?!

Сонымен, «Сайтан көпірдің» басты кейіпкері Аспан кім еді, соған жауап беріп көрелік. Ең алдымен еңбек адамы, қатарымызда жүрген қарапайым кісілердің өкілі. Өтірік-өсек айтпайтын, жамандық атаулыға жаны қас, ешкімнің ала жібін аттамаған адал, ақпейіл адам. Турасын айтамын деп талай таяқ жесе де, ақиқаттың ақ жолынан тайған жері жоқ. Тірі пендеге қиянат жасамаған жаны жайсаң ауыл азаматы. Повесте жазушы бұл кейіпкерлерін де табиғат апаты – қар көшкінінің астында қалған кезінде ортаға шығарып, күллі өмір жолын бастан-аяқ есіне алғызып, әңгіме шерткізеді. Аспан өз өмір жолына қиял көзін жүгірте отырып, өткеніне ойша оралған сәтте өз басынан кешірген қиыншылықтарын тарс есінен шығарып, қандай кемшіліктері болғанын алдымен есіне алады. Ғұмыр жолында көрген қызығынан тартқан тауқыметі көп бола тұра тас жүрек емес, жаны нәзік, мейірбан жан. Ол екі аяғынан бірдей айрылып жатып, бұл бейнетке қалай тап болғандығын таразылап, өз ары алдында өзіне есеп береді. Сонда ол өзінің еліктің лағын асырап, кейін оны басқарманың иті талап өлтіргенін, соғыста өмір мен өлім ортасында арпалысып жүріп, абайсызда атқан оғынан мерт болған екіқабат неміс әйелінің бей­күнәлығын, жазықсыз жанның ажалына өзінің себепкер болғанын өкінішпен есіне алады. Оны опынтып отырған жаратылысынан жасықтығы емес, қайта қайсар адамның қайырымдылығы, аяушылық, адамгершілік сияқты сындарлы қасиетті қадір тұтқан­дығы деп түсінеміз. Әйтпесе, Аспан жамандықтан жасқанып, қиындықтан қорыққан, тура жолдан тайсақтаған адам емес. Аспанның өмірі ұдайы күреспен өтіп келеді. Ол бастықтарға жағынып, жағымпазданып, алдарында құрша жорғалаған кісі емес, қайта шындықты беттеріне басып, сол үшін таяқ жеп жүрген адам. Автордың бірде оның қыстық жемшөп қорының тапшылығын, ауданға бұл жөнінде жалған мәлімет беріліп жатқанын әшкерелей сөйлеп, совхоз басшыларына жақпай қалғандығын әңгімелеп беретіні бар.

Қаламгер осылайша, өз кейіп­керінің өмірінен үзік-үзік сыр­лар шертіп, оның жанының пәктігін, арының тазалығын оқушы жүрегіне шым-шымдап жеткізеді.

Аспан рухы күшті, күрескер кейіпкер дережесіне нанымды оқиға, селкеусіз сюжет, ойыңызда қалатын іс-әрекет, жан сарайыңды жаңғыртатын кесек мінез-құлық арқасында жеткен, ендеше ол жазушы талантының ірі жемісі, соны жеңісі.

Осынау қарапайым еңбек ада­мының асқақ қасиеттерін көрсету арқылы Оралхан адамның қызметіне қарап емес, ісіне қарап бағаланатынын жақсы пайымдаған. Оның қарапайым да ұлы өмірі өзгелерге өнеге. Екі аяғынан айрылып, мүгедек болып қалған Аспан халі мүшкіл, кісі мүсіркейтін кейіпкер емес. Ол енді өзгелерді өмірді сүюге үйретіп, өз ғұмырынан ғибрат алуға шақырады. Жазушы сайтан көпірден ама-сау өткен, яғни өмір сынынан сүрінбей өткен Аспан, сол сияқты онымен ниеттес, рухтас ізгі жүректі, ақ ниетті адамдар болмаса дүниенің даңғаза айқайға айналып кететіндігіне көз жеткізген.

Осынау кейіпкерлердің кесек образдарына, толыққанды тұлғаларына тәнті боласың. Со­лар­дың тосын да толымды тағ­дырларына қызығасың. Шығар­маны оқи отырып, авторға қосыла айқайдың заманы өткенін, өмір тізгіні ақылдың қолына көшкенін сезініп сүйсінесің, «Сайтан көпірден» осындай терең философиялық ой түйеміз.

Екінші повесть, егіздің сыңары – «Қар қызы». Бұл да сим­во­ликалық сыры бар, Бөкейдің бөлекше қаламгерлік қырын танытатындай айтулы туынды. Жазушы бүгінгі ауыл өмірінің күнделікті тіршілігінен жақсы таныс ситуацияны шығармасына арқау еткен екен. Қыс қақарына мініп, сахараны сары аяз буып тұрған қысталаң шақта қиырдағы тау арасындағы тасада қалған маядан мал азығын әкелуге тәуекелмен аттанған үш жігіттің басынан кешкендері қаламгердің парасат жырының жаңа парақтарын жазуына жол ашқан. Тепсе темір үзетіндей қылшылдаған үш жас жігіт ақ қар, көк мұз жамылған жапан тауда адасып, қапияда өмір мен өлімнің қыспағына түсіп қалады. Осынау сын сағаты соққан қиын-қыстау сәтте Кімнің кім екендігі анықталып, әр адамның әртүрлі қасиеттері ашылып, шындықтың шымылдығы түріліп, ақиқаттың нұрлы сеулесі өмір бағын жасантып, жайнатып жіберген.

Повестің басты кейіп­кер­лері: басында қорқақ, ашқарақ Бақытжан, күйгелек, қасарыспа қиқар мінезді Аманжан, ұстамды, байыпты, сезімтал Нұржан.

Жайшылықта жақсы жі­гігтер санатында жүрген бұ­лар­­дың мінездеріндегі, ой-саналарындағы, дүниета­нымдарындағы ерекше­ліктері қысталаң шақта айқын­далады. Адасып, ашығып, үсіп өлетіндей халге душар болған жігіттер ақыр соңында табиғаттың тылсым сынына төтеп беріп, ажал құрсауынан дін аман құтылып шығады. Оларды турасынан келген өлімнен құтқарып қалған не құдірет дейсіз ғой. Өмірге кұштарлықтың, жат қылық, жабайы сезімнен арылудың арқасында олар тастүйін күш көрсетіп, арпалыста ажалды жеңіп шығады. Қаламгер кейіпкерлерінің мінез-құлқындағы шұғыл өзгеріс, жаңа құбылысты иланымды деталь-штрихтар арқылы айшықтап, көркемдік шындық пен өмір шындығын шебер қиюластыра білген.

Айтқандай, бұл шығармада да алдыңғы повестердегі Құмырай, Айғаймен ағайындас Қоңқай есімді кейіпкер бар. Бұл да жаратылысынан адамдарға жамандық жасауға бейім, қара ниетті кейіпкер. Оның да жөн сұраған жігіттерге теріс бағыт сілтеп, адастырып жібермек болған арам пиғылы жүзеге аспай қалады. Осындай арам ниетті, пиғылы жаман адамдардың тір­шілік көшінде кездесетінін, олардан әрдайым сақтанып жүру қажеттігін пайымдатқан жазушы олардың үнемі жеңіліс табуын көрсету арқылы жамандықтың түбіріне балта шабылатынын, қанша жағаға жармасса да заманы өтіп бара жатқанын нанымды бағамдатады. Сөйтіп, бір-бірімен ортақ идея арқылы тығыз байланысып жатқан бұл повестер, олардың толғауы тоқсан тағдыры бар кейіпкерлері қалың оқырманға өмір күрес деген көне қағиданы жаңа қырынан жарқыратып көрсетуге арналып отыр. Жазушы­ның айтпағы, тіршіліктің тірегі – адамдарды мақсат биігіне бас­тар құлшыныс-ұмтылыс, ерлік күрес, ой-сезімнің мөлдірлігі, ар-ожданның тазалығы, парықты парасат.

Егер жіті көз жіберер болсақ, «Жетім бота» повесінде қазіргі рухани жаңғыру кезеңінің талаптарымен іштей үндесіп жатқан туынды. Автор архитектор жігіт Тасжанның тағдырнан суыртпақтап сыр тартып, өнердегі өзін іздеп жүрген адамның жан арпалысын ортаға жайып салады. Басқа шығармаларындағы сияқты, мұнда да кейіпкердің қиналып жүрген – творчестволық тоқырауда жүрген сәті әңгімеге арқау болған. Әлеуметтік өмірдің қай саласында болсын күрделі өзгерістер жүріп жатқан мезгілде, сол уақыт талабын жүрегімен түсініп, жүзеге асыратын адамдар тәрбиелеу міндеті алға тартылып отырған осы шақта, мына шығарманың көркемдік кестесі де, идеялық бағыт-бағдары да сол биік міндет биігінен көрінуі қандай керемет. Замана талабын терең зерттеп, зерделеген қаламгер ғана бүгінгі уақыт талабын күн ілгері болжап білу арқылы, алдын ала зиялы замандастарының ой-санасын оятып, қайрат-жігерін осы асқақ мақсатқа арнауға жұмылдыру бақытына ие болатыны белгілі. Оралханның өз әріптестерінен бір айырмашылығы да, артықшылығы да осы тұста.

Бөкей бізге Тасжанды, бір кезде сайын сахараның сәні болған ақшаңқан қала Ақтауды жобалаушылардың бірі болған сәулетшіні, тағы да сол қалада жолықтырады. От басы, ошақ қасында да берекесі болмай, жаңа жас қаланы жобалау жөнінде тапсырма алып, алайда, оны ойдағыдай орындай қоюдың қисынын таппай, дағдарыста жүрген кейіпкердің көп сырына қанығамыз. Адам ретінде оның бір басына жетіп жығылатын жақсы-жаман мінез-құлқы бар. Тіршілігінде теріс басқан жері де, адамдықтың жалауын жықпаған, тура жолдан таймаған тұстары да кездескен кәдімгі өз замандастарымыздың бірі. Алайда Тасжанды бір кездегі творчестволық табысын малданған тоғышар тобына қоса алмайсың. Егер ол өнердің өгей ұлы болса, бұрынғы беделіне арқа сүйеп-ақ жаңа қаланың жобасын сүйкей салар еді. Бірақ та оған оның ар-ожданы жібермейді. Ол жас та болса сәулет өнерінің өткен-кеткен тарихын жақсы білетін, сондықтан да бүгінгі асығыстық апшысын қуырған, тұрғын үй қажеттілігінен туған тездетудің, сәнінен гөрі санына көбірек мән берудің салдарынан талап деңгейін төмендетіп алған архитекторлар әулетіне, оның ішінде өзіне де наразы. Қазіргі дәуірден келешек ұрпаққа ескерткіш ретінде, бүгінгі заманның бет-бейнесін, кескін-келбетін айғақтайтындай ғұмырлық ғимараттар салудың сиреп кеткеніне Тасжан қатты қиналады. Сондай-ақ, өнердегі өзін табу үшін, көкке қол созып, құр қиялға дес бермей, ұлттық архитектураның айшықты үлгілеріне үңілу қажет екендігін ұғады. Нағыз ұлттық бояу-нақыш­тан ада архитектуралық туын­дының ғұмыры қысқа екен­дігін жан-жүрегімен түсінген Тасжан­ның көздеген мақсатына, іздеген мұратына жететініне сенеміз.

Оралхан осы ойын көркемдік кестесімен өрнектей отырып, өмірдің өркендеуі, мезгілдің мерейлі болып, адамның асқақ арманына жетуі үшін осындай шығармашылық тынымсыз ізденіс, тойымсыз құштарлық және табиғи талант қажеттігін қайта-қайта шегелеп айта, жүрек түкпіріне жеткізе алған. Мұндай дара сипаты, образы ойда қалатын, күрделі характерлі, қилы-қилы тағдырлы кейіп­кер­лермен кездестірген, сыр­ластырған, сөйтіп, өз жа­ныңды да мазасыздыққа салып, мағыналы ғұмыр кешуге шақыратын шы­ғар­маға сүй­сініп, жазушыға алғысыңды айтасың.

Ал бұл жалпы жұртқа жан сұлулығын сыйлаған тума талант­қа ғана көрсетілетін құрмет. Твор­­честволық толы­судың асқақ биігіне көтерілген Бөкей шығар­мала­рының ғажайып поэтикасы, биік пафосы өмірде қашан болсын, ерлік жасаудың жолы көп екендігіне сендіреді және соған үндейді.

Адам бойындағы асқақ адам­гер­шілік қасиеттерді қастерлеуге, ізгіліктің ақ жолынан адаспауға шақырған гуманистік-фило­софиялық ой-толғамдарға толы «Біздің жақта қыс ұзақ» кітабының Мемлекеттік сыйлыққа ие болуы, әдебиеттегі әділдіктің жарқын мысалы. Әсемдік әлемінің құпия қойнауына терең бойлатқан, өзіндік нақыш-бояуы бар шырайлы шығармалармен танысу арқылы қаламдас досымның сыры мен мұңына қанығып, жүрек лүпілін сезініп, жан сарайым жаңғырыға түсті.

Әттең… Әттең… Әттең…

…Оралханның өмірден ерте кеткені қандай өкініш!

…Оралханнан қалған көркем туындылардың туған халқымен мәңгі бірге жасайтыны қандай ғажап!

Қуанышбай Құрманғалитегі, жазушы

qazaquni.

Ұқсас жазбалар