Шоқан Уәлихановты алғашқы қазақ ғалымы, тарихшы, этнограф, саяхатшы ретінде ғана танып қоймай, суретші екенін де білеміз. Оның осы қыры дамуына көп үлес қосқан А.Померанцев деген суретші болған.
Ш.Уәлиханов. Қырғыздың сарыбағыш руының биі Сартай. Акварель, 1856 жыл. Дереккөз: Архив Ресей академия ғылымы
Шоқан Уәлихановтың бала күннен бергі ермегі сурет салу еді. Бұл өнерді әуелі Құсмұрын бекінісіндегі үйінде айлап, жылдап қонақ болатын орыстың суретші-топографтары мен геодезистерінен үйренеді. Ал нағыз суретшілікті Кадет корпусында оқыған жылдары (1847-1853жж) осы А.Померанцев деген оқытушысы үйреткен. Орталық Азияны зерттеген танымал ғалым Григорий Потаниннің естелігі бойынша, Шоқан Уәлиханов Кадет корпусына түскенде, бәрі “қырғыз баласының” қатарластарынан алғыр екенін байқайды. Оны демалыс және мереке күндері кадеттер, мұғалімдер де үйінде қонақ ететін болыпты. Омскіде атақты шенеунік Яков Капустиннің үйінде әдебиет пен өнер адамдары, зиялы қауымдар жиі жиналған. Арасында Шоқан Уәлиханов пен Кадет корпусында бейнелеу өнерінен сабақ беретін А.Померанцев те болған. Мұғалімнің өнеріне тәнті болған Шоқан оған ара-тұра картиналарға тапсырыс та беріп тұрыпты. Өкінішке қарай, А.Померанцевтің есімі Өнер академиясы және орыс бейнелеу өнері тарихы анықтама басылымында жоқ. Антропология және этнография музейі (Кунсткамера) мәліметінше, суретші альбомында тек тоғыз картина бар. Досы Григорий Потанин былай еске алады: “(Ол) Померанцевті өзіне жанашыр көрді. Бұл – жас, көңілді, бейқам Генерал штабының офицері, бұрынғы біздің бейнелеу өнері пәнінің мұғалімі. Оның пәтері нағыз суретші шеберханасы еді, қожайын да өнерге жақын, болмысы сымбатты адам ғой. Өзіне келген кадеттермен бала сияқты ойнап, асыр салатын. Ш.Уәлиханов 15 жасында алғашқы этюдтарының бірі “Шақырымдағы бағананы” осы А.Померанцев тапсырмасымен салды”. Академик Әлкей Марғұлан А.Померанцевтің Шоқан Уәлихановпен араласқаны жас суретшінің болашақ ғалым-гуманист болуына көп әсер еткенін айтады. “Олар өмір бойы дос болып өтті. Олардың идеялары жақын екені кейінірек бірігіп салған картиналарында көрінді. Олар қазақ өмірінен кенеп суретті бірге салды, жақын ауылдарға сапарға барып жүрді”, – деп жазады Әлкей Марғұлан.
https://turkystan.kz/article/128647-sho-an-a-suret-saludy-yretken-k-m/