«Tugurulhan.kz» тарихи-танымдық порталы

Бейімбетке байланысты архив деректері

Авторы tugurulhan.kz
770 қаралым

Биыл қазақ әдебиетінің негізін қалаушылардың бірі, ақын-драматург Бейімбет Майлиннің туғанына 125 жыл.
Бүгінге дейін ҚР президентінің Архивінде көрінекті қаламгердің  жеке ісі сақтаулы тұр. Ол Бейімбет Майлиннің жеке ісі кадрлардың есебі жөніндегі жеке парақтан, БКП (б) мүшесінің тіркеу бланкісінен, сондай-ақ жазушының суреті бар құжаттардан тұрады. (Қ.141. Тіз.1. Іс.11537).

Архивтік құжаттарда жазушының  шығу тегі кедей-шаруа  қызметкер делінген. Негізгі кәсібі мұғалім, әдебиетші-журналист деп көрсетілген. Ана тілінен басқа татар, башқұрт, қырғыз, орыс, өзбек және ұйғыр тілдерін білген. Сонымен қоса, құжаттарда  Майлиннің оқу кезеңі туралы кереғар мәліметтер де бар.  Айталық, жеке парағында 1914 жылдың қазанынан 1915 жылдың сәуіріне дейін Троицк қаласындағы  «Уазифа» медресесінде, ал 1915 жылғы қазаннан 1916 жылғы наурызға дейін Уфадағы «Ғалия» медресесінде оқып, мұғалім мамандығын алған деп жазылған.  БКП (б) мүшесінің тіркеу парағында  ол Троицк қаласындағы «Уазифа» орта мектебінде 1913 жылғы қазаннан 1914 жылғы сәуір арасында оқыған, ал  Уфадағы «Ғалия» татар жоғары-орта училищесінде 1914 жылғы қазаннан 1915 жылғы сәуір аралығында оқыды деп көрсетілген. Тіркеу бланкінде 1907 жылғы қаңтардан 1913 жылғы сәуірге дейін Торғай облысы Қостанай уезінің  Дамбар болысының №8 ауылында шаруашылықпен айналысты делінген.

Бұл ретте «Қызмет түрі немесе лауазымы» бөлігінде бастапқыда «Жазда жұмыс істеп, қыста оқыған» деп көрсетіліп, кейін бұл жазу сызылып, үстінен «шаруашылық» деп қайта жазылған. 1913 жылғы сәуірден қазанға дейін, 1914 жылғы сәуірден қазанға дейін, 1915 жылғы сәуірден 1918 жылғы қыркүйекке дейін, 1918 жылғы қарашадан 1920 жылғы қыркүйекке дейін Торғай облысы Қостанай уезінің Дамбар болыстығының №5 және №8 ауылдарында (қазіргі уақытта – Қостанай облысының Бейімбет Майлин ауданы) жеке  мұғалім болып қызмет еткен. 1913 жылғы қазаннан 1914 жылғы сәуірге дейін, 1914 жылғы қазаннан қазаннан 1915 жылғы сәуірге дейін Троицк пен Уфа қалаларында оқу оқыған. 1918 жылғы қыркүйектен қарашаға дейін Қостанай қаласындағы Алаш атты әскері полкінің қатардағы жігіті болған. 1920 жылғы қыркүйектен 1921 жылғы қыркүйекке дейін Қостанай қаласындағы  Губерниялық халыққа білім беру бөлімінің нұсқаушысы болған. 1921 жылғы қыркүйектен 1922 жылғы тамызға дейін Дамбар болыстығының Болыстық халыққа білім беру бөлімінің меңгерушісі болған. 1922 жылғы тамыздан 1923 жылғы шілдеге дейін Орынбордағы «Еңбекші қазақ» газеті редакциясының жауапты хатшысы. 1923 жылғы шілдеден 1925 жылғы сәуірге дейін Қостанай қаласындағы «Ауыл» газеті редакторының орынбасары. 1924 жылғы 12 маусымда Қостанай қалалық партия ұйымына БКП (б) кандидаты болып қабылданған. Негізгі жұмысынан басқа 1923 жылы Қостанай советтік партия мектебінде лектор болған,  ал 1925 жылы  «Баспа»  жанындағы қазақ мектебін басқарып, қазақ тіліндегі барлық өлкелік газет-журналдардың шығуына белсенді атсалысқан. Қызылордаға көшкеннен кейін, 1925 жылғы сәуірден 1927 жылғы тамызға дейін «Еңбекші қазақ» газеті редакторының орынбасары әрі жауапты хатшы болып қызмет істеген. Ал 1926 жылғы маусымда Қызылорда Уездік-қалалық комитетінің БКП (б) мүшелігіне өткен. 1927 жылғы тамыздан 1928 жылғы қыркүйекке дейін «Ауыл тілі» газеті редакторының орынбасары болған.

e-history.kz

Ұқсас жазбалар