Қазақ халқының ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық тәлім-тәрбиесінің арқасында отбасы құндылықтары әупірімдеп сақталып келеді. «Отан –отбасынан басталады», отбасы ата-анадан бастау алып, ұлағатты ұрпағымен жалғасын тауып жатады.
Екі жас бас құрап, шаңырақ көтереді. Әр шаңырақтың атадан балаға мирас болып келе жатқан өзіндік сара жолы бар. Жас шаңыраққа қойылар талап, тілек сол жолдан ауытқымау, ұрпақ өрбітіп, ағайын-туыстың ауыз бірлігін бұзбай, ағайынның ыстығына күйіп, суығына бірге тоңу, ата мен енесін құрметтеу. Келінге қойылар талап оңай емес, келін қай кезде оңады, келген жерден мейірім көргенде ғана оңады.
«Мейірім көрсетпегенге мейірім жоқ» деген сөз бекер айтылмаса керек. Кешегі тұлымы желбіреген қыз – өмірлік тәжірибесі жоқ жас бала жат босағаның табалдырығын аттайды, келін атанады, ол үйдің жылдар бойы қалыптасқан өз қағидалары бар, өмір сүру салты бар, әдет-ғұрыптары бар. Келін есіктен кіре сала ол үйдің ағысымен ағып кете алмайды, кейде сол ағысқа қарсы келіп қалатын кездері болады, сондай кезде керістің себебін анықтап, түсіністік танытып, сабырмен тәрбиелеу – ененің тікелей міндеті.
Ол келін қайдан оңады, алтын ұясынан ұшпай тұрып анасы: «Қарағым, сен ертең бір үйге келін боласың, барған жеріңді көгертем десең, сол үйдің отымен кіріп, күлімен шығуың керек. Ыстығына күйіп, суығына тоңсаң, сонда ғана бақытқа жетесің. «Көргенсіз, анасы үйінде не үйреткен!» деген сөзге қалма, маған сөз келтірме!», – деп бала күнінен құлағына құймаса. Қыз жат жұрттық, қыз қонақ деп оң босағада қыз баланы еркін ұстайды, барынша мәпелеп, аялап, анасы іштей аяп: «Балапаным-ай, қандай жерге барар екенсің, әйтеуір менің көрген қиындығымды Аллам саған көрсетпесін!» – деумен болады.
Кей кезде ананың шектен асқан махаббаты «ішке сиған бала сыртыма да сияды, сен ондай қорлыққа көнуге тиісті емессің» дегенді айтқызып, алғашқы қиындыққа төтеп бере алмай, үйіне әкеліп алады. Бұрын кеткен қызды құрметтеген, төркінге арнайы шақырмайынша келмейтін, қазір бүгін ұзатса, ертеңіне тайраңдап төркінде жүреді. Ұялы телефон бар, «күйеуім бүй деді, енем сүйдеді», – деп барған жерінің хабарын сөзбе-сөз жеткізіп отырады, аяғы көңіл қалысып, екі жақ араз болып, ажырасуға алып келеді. Келген жерінде енесі жылы қабақ танытып: «Айналайын, сен енді осы үйдің келінісің, осы әулеттің ұрпағын көбейтіп, ағайынды сүттей ұйытып, дәулетін арттырып, жаманын жасырып, жақсысын асыр. Бар қылатын да, жоқ қылатын да әйел, еркектің алды тар, арты кең, аңғал, сен қалай бұрасаң солай бұрылады. Баламның жағасы кір болмасын, қабағы ашық болсын, шәйіңді күліп бер, келген қонақты күліп қарсы ал», – деп өнегелі сөзін айтып, жылы-жылы сөйлесе келін де барынша тырысып, сол үйдің тәрбиесін бойына сіңірер еді.
Ал егер ене келін келген күннен кірпідей жиырылып: «Осы сенің теңің бе еді, қалың қыздың ішінде жүріп тапқанының түрін қарашы», – деген пікір айтса, ол некенің баянды болуы екіталай. Келін қанша тырысып, ененің ойынан шығайын дегенмен, қарсылас жағы мізбақпай, мұздай болып сіресіп отырады. Сол екі ортада шайқаса жүріп дүниеге бір-екі немере де келіп үлгереді. Амал қанша, сірескен мұзды балдай тәтті немере де жібіте алмайды, өйткені бұл біздің жүрегімізде иманға инедей де орын жоқ деген сөз, әбден қарайып алған жүректе қайдан жылу болсын, жылу жоқ жерде иманға да орын жоқ.
Шыдамның да шегі бар, енді келін қарсы шабуылға шығады, оның аяғы айтпасада түсінікті, кеше ғана үй болып, елдің ақ батасын алған ақ отаудың шаңырағы ортасына түседі. Келін жылап-еңіреп өзінің қамқоры – аяулы анасына қоңырау соғып, көрген қорлығын, басына түскен бақытсыздығын, одан ары төзу мүмкін еместігін айтып жылайды. Сай-сүйегі сырқыраған ана: «Қарағым-ай, ондай қорлыққа неге көнесің, елің бар, мен бармын», – деп апай-топай көшіріп алады. Ашу үстінде ішке сиған баланың сыртқа симайтынын, ішкі әлеммен сыртқы әлемнің еш қауышпайтынын ойлау мүмкін емес еді. Екі оттың ортасында бала байғұс күйеді, асыл анасы мен сүйікті жарының қайсысын таңдар, екеуі де аяулы, екеуі де қымбат. Енді қайтпек, әрине, ананың ақ сүтін қай бала атап кетпек, осылайша бір отбасы күйрейді, бала жетім, әйел не жесірдің қатарына жатпайды, баласын жетектеп қаңғып қалады. Бұл – біздің қоғам.
Соңғы елу жылда жүйелі түрде қалыптасқан жайт, сәл-пәл өзгеруі мүмкін, жалпы мағынасы жағынан бірдей. Қазір «Келін оңбай қазақ оңбайды» деген мақалалар жиі басылып жүр. Оу ағайын-ау, тырнақтай келін бір өзі бүкіл қазақты қалай оңдырсын, ол әуелі өзі оңып алсын, ол оңу үшін үлкендер, біздер оңуымыз керек деп ойлаймын. Біз өзіміз жетісіп келін болып, керемет ене бола алдық па?! Жақында бір құрбыма: «Жас болса келіп қалды, алдымызда үлкендер қалмауға айналды, енді намаз оқып, елдің тілеуін тілейік, балаларымыздың тілеуін тілеп, сабырға келейік» десем: «Кінәм шашымнан көп, қалай намаз оқимын», – деді. Сол айтпақшы кінәміз шашымыздан көп үлкендер – аналар түзелмей келін байғұс қайдан оңсын.
Түгелдей бір ұлттың жауапкершілігін өмірдің табалдырығын жаңа ғана аттаған тырнақтай келінге – жас келіндерге аудара салмай, үлкендер өзіміз ат салысайық, ақсақалдар алқасы, енелер мектебін қалыптастырып, адасқан жастарға қамқор болайық. Ата салтымыз, дәстүріміз қайда, тіліміз, дініміз қайда, жоғалтқанымызды қайта табайық, сол бағытта жабыла жұмыс жасау уақыт күттірмейтін ең негізгі шаруа.
Тәрбие әр отбасында, одан қала берді мектеп қабырғасында және жоғарғы оқу орындарында жүйелі түрде жүргізілуі керек. Ол үшін әрбір сөзі қорғасындай мәні бар, аса маңызды құндылықтарға толы оқулықтар керек. Адамның аса күрделі жан дүниесіне рухани тірек болатын қарапайым заңдылықтарды жаңа шаңырақ көтерген отбасыларына бақыт пен қуанышқа апартын жол деп, кішігірім кітапша етіп сыйға тартса.
Таңғажайып даналыққа құрылған саф алтындай асыл дініміз бар, ғасырлар бойы атадан балаға мұра болып келген, керемет жүйеде қалыптасқан қайырымдылық пен ізгілікке жетелейтін салт-дәстүріміз бар. «Қоныс таңдағанша, өріс таңда» деген, рухани ой өрісімізді кеңейтіп, ата-ана алдындағы парыз бен мақсат міндеттерімізді айқындап алайық. Ақпараттық интернет желілерін дұрыс пайдаланса, ол да тиімді болар еді, компьютерді ашып қалсаң сұлулықты сақтаудың он тәсілі немесе қартаймаудың он тәсілі деген сияқты жарнамалар қаптап тұр. Неге отбасын сақтаудың тиімді тәсілдері, ақылды келін, мейірімді ене деген сияқты қысқа ақыл-кеңес айдарын ашып қоймасқа.
Жұмыла көтерген жүк жеңіл деген, бұл бәріміздің басымызда кездесетін жағдай, бұл ұрпақ қамы, оны сырттан келіп бізге ешкім еш уақытта жасап бермейді, әркім өз қотырын өзі қасиды. Отбасы беріктігі – мемлекет беріктігі, сіз болып біз болып балаларымызға бағыт-бағдар көрсетіп, сара жолға салайық, ұлдарымыз еңселі, қыздарымыз қылықты болсын.
Әйел ешқашан жалғыз жүріп бақытты бола алмайды, пұшпағы қанап бала таппаса, ол әйелдің құны көк тиын. Өмір баламен қызық, тас емшегіңді иітіп, тар құрсағыңды кеңейткен, тұла бойы тұңғышыңды қолыңа алғанда әлем басқаша күйге еніп, ғажайып күй кешесің. Ол бақытты ана болған жан ғана басынан кешер. Сол бақыттың тәтті дәмін дүние есігін қыз болып аттаған әрбір әйел сезініп, бақытты ана болса екен. Әр нәрсе өз уақытымен болғанға не жетсін.
Аналарымыздың күйеуге тиюге де ақылы жеткен, оны ұстап тұруға да ақылы жеткен, әулетті ұйыта білген, өмір тауқыметімен күресіп, қасіретін жеңе білген. Біз солардың жалғасымыз. Келер ұрпақ бізден озық туатынына сенімдіміз. Осы дәстүр сабақтастығын үзбей, сол жолда жабыла қызмет етейік, өркениетті еліміздің мәдениетті жастарының түтіні түзу шықсын.
Қарлығаш БЕКПАТШАҚЫЗЫ