Марал ишан Баба Құрман баласы – бұрынғы Сырдария облысына қарасты Қазалы уезіне және Торғай облысына қарасты Торғай және Қостанай уездеріне айрықша мәлім болған көрнекті тұлға.
«Айқап» журналының 1915 жылғы № 1 санында Марал ишан Бабаның өмірбаянына, қоғамдық-әлеуметтік қызметіне байланысты тарихи деректер берілген. Сонымен қатар Қазақстанның тәуелсіздік туын көтерген жаңа тарихының алғашқы жылдарында жарық көрген белгілі тарихшы ұстаз Сәден Нұртайұлының «Ислам және Марал Баба» атты кітабында тарихи-монографиялық мол деректер бар. Сонымен бірге С.Бүркітбайұлының «Марал ишанның нұр шапағаты» кітабында да әулие бабаға қатысты деректер жинақталған.
Марал ишан Баба Құрман баласы – бұрынғы Сырдария облысына қарасты Қазалы уезіне және Торғай облысына қарасты Торғай және Қостанай уездеріне айрықша мәлім болған көрнекті тұлға.
«Айқап» журналының 1915 жылғы № 1 санында Марал ишан Бабаның өмірбаянына, қоғамдық-әлеуметтік қызметіне байланысты тарихи деректер берілген. Сонымен қатар Қазақстанның тәуелсіздік туын көтерген жаңа тарихының алғашқы жылдарында жарық көрген белгілі тарихшы ұстаз Сәден Нұртайұлының «Ислам және Марал Баба» атты кітабында тарихи-монографиялық мол деректер бар. Сонымен бірге С.Бүркітбайұлының «Марал ишанның нұр шапағаты» кітабында да әулие бабаға қатысты деректер жинақталған.
Марал ишан Баба туралы Герман Вамберидің «Түркі халықтарының этнологиясы мен этнографиясы» (Лейпциг, 1885 ж.) кітабында қазақтың үш жүзінің тайпалары, рулары туралы жазылып, кітапта (286-бет) Марал ишан туралы дерек беріліпті. И.Ф.Бларамберг атты қаламгердің «Естеліктер», С.Мұқановтың «Мөлдір махаббат», «Аққан жұлдыз» романдарында да Марал Баба туралы деректер аталады. Аталған дерекнамалық еңбектерді негізге ала қарастырғанымызда, Марал ишан Баба Кұрманұлының өмір жолы, қоғамдық-әлеуметтік қызметі саралана танылады:
І. Марал ишан Баба Құрманұлы – Ислам ағартушылығы дәстүрінің көрнекті тұлғасы. «Айқап» журналының аталған санында жарық көрген М.Малдыбаев деген автордың мақаласындағы деректер Әулие Бабаның Ислам ағартушылығы жолына бағышталған балалық, жастық шағындағы кезеңін байқатады: «Марал ишан Құрман баласы (ресми жолмен жиналған хабарлардың айтуы бойынша) – Троицк қорғаны маңайында көшіп-қонып жүрген Керей болысының қазағы. Қазақ арасында дәрігерлік етуші әкесі Құрман дүниеден қайтқанда, Марал жас қалып, ағайындары оны бір бұқаралық сартқа сатып жіберген. Сарт оны Бұқараға алып, бірнеше жылдан соң босатып қоя берген.
Бұқарада Марал ұзақ уақыт әртүрлі Азия ғылымын оқыған». (Энциклопедия «Айқап» / Бас редактор Р. Нұрғалиев. – Алматы: «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1995. – 368 б.; 240-241-бб.).
Марал ишан Бабаның Ислам діні негізіндегі Шығыстың ғылыми мұраларымен қарулануы оның исламдық ағартушылық мұраттарын халыққа қызмет етуге арнаған жұмыстарынан байқалады. Оның исламдық ағартушылық қызметі халық арасындағы мүгедектерді (соқырларды, ақсақтарды, т.б.) сауықтыру қызметі арқылы жүзеге асырыла бастайды. Қиындық көріп жүрген мүгедектерге көмектесу, шипалы ем жасау, олардың тәніне де, жан дүниелеріне де имандылық нұрын себелеу – Ислам дінінің қасиетті қағидасы. Марал бабаның талай-талай адамдарды өзінің Алла дарытқан әулиелік, емшілік-дәрігерлік құдіретімен сауықтырғаны хақында ұстаз-тарихшы Сәден Нұртайұлының аталған кітабындағы деректер айғақтайды.
Марал ишан Баба ағартушылығының тағы бір саласы – қазақ жұртшылығын отырықшылыққа, егіншілік кәсібіне баулудағы ұйымдастыру жұмыстарынан да танылады. Тарихи құжат тілімен дәйектей айтсақ: «Марал қазақтарды Россиямен қатынасудан тоқтатып, бір жерге жиналып отырып, жұртты бастайтұғын егін кәсібімен айналысуды түсіндірді, үгіттеді» (Энциклопедия «Айқап» / Бас редактор Р.Нұрғалиев. – Алматы: «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1995. – 368 б.; 241-б.). Демек, көшпелі тұрмыстың жан-жақты дамуын жетілдіру үшін Марал ишан Баба ағартушылықтың осы бағыттағы озық өркениеттік жолын жұртымызға дарыту жұмыстарын жалықпай жүргізген.
Ағартушылық дегеніміз – игерген білім негіздерінің қоршаған қоғамдық-әлеуметтік ортаның материалдық және рухани мәдениет салаларының барлығының да өркендеуіне жұмсалатын кешенді жұмыстардың, ықпалдардың жүйесі. Ағартушылық ұстанымындағы көрнекті қайраткерлер әлемдік өркениетте халқының экономикалық және рухани жақтарынан толық жетілуіне ықпал етуді көздейді. Халық тарихындағы осындай ағартушылық бағытты ұстанған қайраткер тұлғаларымыз, әсіресе, діни-исламдық ілімді таратушылар халықтың тұрмысының да, дүниетанымының да жетілуіне, өсіп-өркендеуіне пайдалы ықпал ету жұмыстарымен айналысты. Сондықтан Марал ишан Бабаның аталған жұмыстары Ислам ағартушылығы дәстүрінің қазақ топырағындағы озық көріністері болып саналады.
Марал ишан Бабаның ағартушылық қызметінің өзекті арнасы – діни-исламдық оқыту мен тәрбиелеу жұмыстарын ұйымдастыруы, жүзеге асыруы. Бұл орайда тарихшы ұстаз Сәден Нұртайұлының кітабындағы тарихи деректерге назар аударамыз: «Сыр бойына келген соң жергілікті халықты діни Ислам жолына насихаттап, бір жағынан сауатын ашып, мәдениетін көтеруге Марал ишан көп еңбек етеді. Сырдарияның бір саласы – «Қараөзектен тарайтын «Сасық өзектің» бойында жағалай бірнеше жерден мешіт салдырады. Сол атырапта Марал салдырған 7 мешіт-медресе бар. Бұлай атау себебіміз, мешітте жұрт намазын оқып, Аллаға құлшылық ғибадатын жасаса, екінші жағынан, жергілікті елдің балалары оқып, діни тәлім алған, сөйтіп, медресенің де қызметін атқарған. Ол мешіттер: «Қара бөгет», «Байбол», «Ишан ауылы» (Маралдың немересі Тобағабыл ауылында), «Қырғы мешіт» (Қыр жақтағы деген сөз), «Қолаң төбеде», «Қыш мешіт», немересі Оспан ишан мешіті және өзі отырған «Қамыр» төбесіндегі күмбездеп салдырған мешіт. Сол себепті бұл аймақты жұрт «Қырық мешіт» атап кеткен (Нұртайұлы С. Ислам және Марал Баба. – 1996. – 92 б.; 33-34-бб.). Қазақ даласының солтүстігі мен оңтүстігі атыраптарындағы мешіт-медресе орындарының кең қанат жаюына тікелей ықпал еткен Марал ишан Бабаның кең ауқымды осы ағартушылық жұмысын Ислам дінінің әлемдік деңгейдегі таралуымен сабақтастыра бағалаймыз.
Ислам ағартушылығы дәстүрі – Құран Кәрім мен Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымыздың хадистері бойынша адамзаттың дүниетанымын нұрландырған аса ізгі ілім жолы. Ислам дінін адамзатқа жеткізуші, «Мұхаммед (Мухаммед, Мохаммад – Мохаммед…) – Исламның негізін қалаушы, «Алланың елшісі» (расул-аллах), «пайғамбарлардың мөрі» (хатаму-н-набийин), яғни «шынайы діннің басты және ең соңғы пайғамбары» (Ислам: Қысқаша анықтамалық / Ауд. Қ. Тұтыбаев, О. Жолдыбаев, Е.Естаев. – Алматы: «Қазақстан», 1988. – 192 б.; 98-б.). Мұхаммед пайғамбарымызға Алланың аян кітабы Құран Кәрім арқылы жеткен Ислам діні әуелгі пайда болуы, қалыптасуы кезеңдерінен өтіп, біздің заманымызға жетті, енді мәңгілік болашаққа ұласатыны ақиқат.
Ислам ағартушылығы дәстүрі арқылы планетамыздағы алты миллиардтан асқан халықтың бір миллиард 300 миллионы өсіп-өркендеп келеді. Ислам ағартушылығы дәстүрін ұстанатын әлем халықтарын сандық көрсеткіштерімен қоса айту арқылы қазіргі ғылыми-техникалық өркениет дәуіріндегі дініміздің әлем халықтары дүниетанымында аса ықпалды орын алатынын дәлелдейміз.
Мұсылмандардың басым бөлігі Батыс, Оңтүстік, Оңтүстік-Шығыс Азия, Солтүстік Африка құрлықтарында орналасқан.
Әлемнің 120-дан астам елінде мұсылмандар тұрады.
Азияда 510 миллионнан астам мұсылман бар, олар жер бетіндегі мұсылмандардың 67,7 пайызын құрайды.
Америка құрлығында Ислам дінін ұстанатындар 1,4 миллионнан астам. Еуропадағы мұсылмандардың саны 25 миллионнан асады. Австралия мен Океанияда да 250 мыңнан астам мұсылмандар бар.
Шағын мұсылман қауымдары Гонконгте (200 мыңнан астам), Непалда (200 мыңнан астам), Моңғолияда (100 мыңнан астам – негізінен, түркі тілдес халықтар), Жапонияда (30 мыңға жуық), Тайваньда (20 мыңға жуық), Лаоста, Оңтүстік Кореяда тұрады (Ислам: Қысқаша анықтамалық / Ауд. Қ.Тұтыбаев, О.Жолдыбаев, Е.Естаев. – Алматы: «Қазақстан», 1988. – 192 б.; 157-б.).
Халықаралық мұсылман ұйымдары дүниежүзіндегі Ислам ағартушылығы дәстүрінің ықпалдылығын нығайту жолын ұстанады.
Мысалы, Ислам конференциясы ұйымы (Муназзамат аль-мутамар аль-ислами), Дүниежүзілік Ислам конгресі (Мутамар аль-алям аль-ислам), Ислам әлемі лигасы «Рабитат аль-алямаль-ислами), Африка-Азия Ислам ұйымы, Еуропаның Ислам кеңесі, Ислам банкілерінің халықаралық ассоциациясы, Оңтүстік-Шығыс Азия мен Тынық мұхит елдерінің аймақтық Ислам ұйымы, т.б.
Ислам ағартушылығы дәстүрінің негізгі Кітабы – Құран Кәрім және Мұхаммед пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадистері. Филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Әбсаттар қажы Дербісәлінің «Ислам және заман» кітабындағы пікірінің Марал Бабаға да қатыстылығы анық:
«Қасиетті Құран Кәріммен бірге қазақ даласына үлкен Ислам өркениеті келді. Ғылым, білім жанданды. Көптеген қалалар салынды. Онда медреселер мен ғылыми ошақтар жұмыс істеді. Жергілікті халық арасынан Әбу Насыр әл-Фараби, Қожа Ахмет Ясауи, Жүсіп Баласағұни, Мұхамед Хайдар Дулати, Қадырғали Жалайыри секілді терең ойлы – өз шығармаларында гуманизмді марапаттаған ғұламалар шықты. Сол себепті де олар тек Қазақ елі немесе Орта Азия ғана емес, бүкіл мұсылман Шығысы мәдениетінің мақтанышына айналды» (Дербісәлі Әбсаттар қажы. Ислам және заман. – Алматы, 2003. – 560 б.; 6-б.). Демек, Марал ишан Баба да – осы аталған түркі дүниесі ғұламаларының исламдық ағартушылық дәстүрін Қармақшы және Қостанай өңірлерінде өзіндік бағытымен жалғастырған әулие-қайраткер.
II. Марал ишан Бабаның қазақ тарихындағы қайраткерлігін танытатын тағы бір қызметі – Ресей империясы отаршылдық саясатына және Хиуа хандығы басқыншылығына қарсы халық қозғалысына қатысуы, жетекші тұлға болғандығы С. Нұртайұлы кітабындағы дерек бойынша: «Кенесары өз хандығының рухани көсемдігіне Марал ишанды шақырды. Көтеріліске қатысушыларға діни басшылық жасау үшін Марал келісім беріп, хан сарайының кеңес құрамына кіреді. Бұдан былай даулы мәселелер шариғат үкімі бойынша шешіліп отырады. Көтерілісшілерге рухани демеу көрсетіп, кей жағдайда өз бойындағы керемет қасиеттерімен де көмектеседі. Кезінде Кенесары әскерінің бірсыпыра жеңістерге жетуіне, халық алдында беделінің артуына әулиенің көп үлесі болады» (Нұртайұлы С. Ислам және Марал Баба. – 1996. – 92 б.; 31-б.).
Марал ишан Баба Қазақстанды Ресей империясы құрамынан айырып алу үшін Омбы қаласына Керей болысының старшинасы Байсал арқылы екі хат жөнелткен (Энциклопедия «Айқап» / Бас редактор Р. Нұрғалиев. – Алматы: «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1995. – 368 б.; 241-б.). Біреуі Орынбор әскери губернаторы, генерал П.Г.Эссенге, екіншісі Сібірдегі дербес корпустың командирі, генерал-лейтенант М.П.Капсиевичке жолданған. Ол хаттың басталуындағы сөздер Марал Бабаның нағыз мұсылман қайраткеріне тән болмысын айқындай түседі: «Әуелі, бір Жаратқан Құдай шын, екінші оның пайғамбары Мұхаммед, төрт шәриар, төрт имам, әуелі Адам, екінші Мұхаммед пайғамбар болғалы сол заманнан бермен қарай, мұсылман мұсылман болып, кәпір кәпір болып келгелі біздің арамызда бүліншілік-дұшпандық болған емес, бір Құдайға сиынып келе жатырмыз. Осылай, тақсыр, жандарал, мұнан бірнеше жылдар бұрын Россия мемлекетінің шегінде татулық, тыныштық болушы еді, сол кездегі Россия патшаларының тұсында орыстар рұқсатсыз қазақ жеріне кіруден қорқушы еді. …Орыстар қазаққа тиісті жерді тартып алып, иеленіп кетті. … Пайғамбардың жәрдемі бойынша мен Сізден, жақсы жандарал, өтініп сұраймын, маған патша ағзамға баруға рұқсат һәм жол берсеңіз екен» (Энциклопедия «Айқап» / Бас редактор Р.Нұрғалиев. – Алматы: «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1995. – 368 б.; 241-б.). Марал Бабанын бұл тілегін Сібір билеушілері Ресейдің Азиялық департаментіне мәлім еткен. Бұдан кейін вице-канцеляр граф Нассельрод 1821 жылы 30 желтоқсанда 760-нөмірлі тіркеу бойынша Сібірдің генерал-губернаторы Аспиринскіден осы өтінішіне көзқарасын сұрап, оның мақұлдауын біледі. Сонымен 1822 жылы 12 ақпанда Марал Құрман баласын Санкт-Петербургке шақырып алу мәселесі шешілген. Бірақ сол рұқсат жарлығы туралы генерал Капсиевичтің хаты Марал Бабаның қолына тимеген.
Себебі бұл кезде Марал ишан Баба Хиуа хандығының Сыр бойындағы қазақ ауылдарын, Орынбордан, Троицкіден келетін керуендерді талауға бағытталған басқыншылық, тонаушылық әрекеттерін тоқтатқан халық қозғалысына жетекшілік жасаған.
Дерек тілімен айтқанда: «Халықты бұл аттанысқа көбірек жимақ үшін Марал жұртқа жар салдырыпты. Оныменен бірге бұл жауға барғандарға оқ тимейді, қылыш өтпейді. Бұлай болған соң аттанушылар зор олжалы болып, хиуалықтарды жеңіп, таланған малдың түгел орнын толтырып» (Энциклопедия «Айқап» / Бас редактор Р.Нұрғалиев. – Алматы: «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1995. – 368 б.; 242-б.), Марал Бабаның шапағатына бөленеді.
Марал ишан Бабаның Сыр өлкесіндегі Қармақшы өңірінде, Қостанайда, Қызылжарда жүргізген діни-исламдық ағартушылық және қоғам қайраткерлігі қызметі – сөз арқауында айтылған орта ғасырлық түркі дүниесі алыптары мен Алтын Орда (ХІІ-XIV ғғ.), Қазақ хандығы (XV-XVIII ғғ.), ХІХ ғ. діни-ислам қайраткерлері-ағартушылары дәстүрінің жалғасы. Марал Бабаның осы дәстүрі қасиетті Қармақшы және көршілес өңірлердегі имандылық-адамгершілік жолының қайраткерлері арқылы жалғасты. Яғни Марал Баба дәстүрінің жалғасы болған осы өңірде Ислам дінінің халықтық-гуманистік, эстетикалық, ғылыми дүниетаным ықпалын халық ортасына таратқан ахун-ұстаздар айрықша даралана танылды. Ахун-ұстаздар Ислам діні негіздерін өздері ашқан мектеп-мешіттерде оқытты, араб, парсы, түркі-шағатай тілдеріндегі Шығыстың классикалық әдебиет мұраларын насихаттады. Олар – Ресей империясының отаршылдық саясатына өздері жүргізген исламдық діни тәлім-тәрбие, оқу істері арқылы кедергі жасаған күрескер ағартушылар. Мысалы, Ораз-Мұхаммед ахун Бекетайұлы (1836-1894), Қалжан ахун Бөлекбайұлы (1857-1916), Алдашбай ахун Ерназарұлы (1858-1936), Әлібай ахун Қосқұлақұлы (1835-1928) және т.б. қазақ даласының барлық атыраптарындағы ахун-ұстаздар халқымыздың Ислам діні аясындағы дүниетанымын ізгілік жолына үндеді.
Ахун-ұстаздардың ағартушылығы бұрынғы түркі алыптарының және Марал Баба дәстүрінің жалғасындай болды. Бұл үрдіс – қазақ әдебиетіндегі діни-исламдық ағартушылық әдеби дамудың қалыптасуына да игі әсер етті. Сыр сүлейлерінің жыр күмбезін көтерген тұлғалары Базар жырау Оңдасұлының, Ешнияз Жөнелдікұлының, Ерімбет Көлдейбекұлының, Даңмұрын Кенжебекұлының, Жүсіп Ешниязұлының, Жүсіп Қадірбергенұлының, Мансұр Бекежанұлының, Омар Шораяқұлының, Тұрмағамбет Ізтілеуұлының, Тұрымбет Салқынбайұлының, Шегебай Бектасұлының, Молдахмет Дабылұлының, Әлиакбар Жұматайұлының және т.б. ондаған саңлақ шайырлардың шығармалары осы исламдық ағартушылықты ұстанған Марал ишан Бабаның, одан кейінгі ахун-ұстаздардың ықпалымен қалыптасты, халықтың көңіліне ұялады. Әрине, бұл арада қазақ әдебиеті тарихындағы орны туралы Мағжан Жұмабаевтың, Мұхтар Әуезовтің бағалауларына ие болған Базар жырау Оңдасұлының мынадай өлең жолдары есімізге түседі:
Мына шолақ дүниеден,
Әулие өлмес дер едім:
Отқа салса күймеген,
Залымдықтың өмірі,
Бір шарпуы тимеген.
Арамды көңілі сүймеген.
Дін мұсылман баласын
Кереметпен билеген;
Сахар тұрып жылаған,
Хақтан медет сұраған.
Ол ерлердің тағаты.
Құдайына ұнаған:
Баба түкті шашты Әзиз,
Ер Сейітпенбет, Мағзаман,
Марал ишан, софы Әзиз,
Солардан да өткен сұм дүние!
(Базар жырау. Шығармалары. –
Алматы: Жазушы,
1986. – 200 б.; 74-б.).
Марал Баба Құрманұлының Қазақ тарихындағы ұстаздық-ағартушылық, қайраткерлік қызметі халықтың көңіліне ұялағандықтан, ақындардың жырларында да бейнеленуде. Қазақтың белгілі ақындары Сейітжан ахун Бекшентайұлының «Марал ишанға айтқан ғазалы», Серікбай Оспановтың «Марал ишан», Баянғали Әлімжановтың «Марал ишанның аманаты», сонымен бірге аймақтарына белгілі қаламгерлер Жолбарыс қажы Баязидтің «Дала елінің әулиесі», Нұртай Түктіғұловтың «Аруақты әулиелер бар екен», Бақытжан Алдиярдың «Бірінші жыр – тәу ету», «Екінші жыр – иман келтіру», Үрліхан Өндібаеваның «Бабаға тағзым», Сейітмұрат Ембергеновтің «Тағзым» және т.б. туындылары бар. Өлеңдерде діни-исламдық дүниетаным ұстанымымен қазақ халқы ұрпақтарына адамгершілік-имандылық қуатымен жігерлендіру, азаматтық-отаншылдық рухпен өмір сүру бағдарын ұғындырған Марал Бабаның гуманистік тұлғасы бейнеленген.
Ақын Сейфолла Оспановтың «Марал ишан» атты тарихнамалық-танымдық поэмасының құрылысында лирикалық қаһарман – автордың толғаныстарымен ел тарихында сақталған көрнекті тұлғалар тағылымын, Марал Бабаның ататек-әулет негізін дерекбаянмен жырлаған. Қалмақ басқыншыларының Қазақ еліне жасаған өрескел озбырлығынан қарымта қайтаруға аттанған қазақ батырларының ерліктері жырланған. Қалмақ қонтайшысын уәжді сөздерімен жеңген қазақ жігіттерінің малдың басы Қаракөктің ізіне ерген қалың жылқыны алып қайтқаны, қалмақтың екі қызын айттырып, одан кейінгі ұрпақтар тағдыры айтылған:
…Осындай аңыз елде қалған екен,
Дей алман: «Аңыз түбі жалған екен!»
Қалмақтың екі қызын, тойын жасап,
Абылай, бірін Құрман алған екен.
Өткен іс, еткен сырды ел ашады,
Жыр етсе, келмес сөздің неге сәні?!
Үлкен қыз дүниеге Қасымды әкеп,
Наурызбай, туған одан Кенесары.
Жауына, бөтенге де санамапты,
Бабалар сол қыздарды бағалапты.
Құрманнан, ал, кішісі үш ұл туған
Қазаққа Арал, Құлжа, Марал атты…
(Қасиетті Марал ишан. – Қызылорда: «Тұмар», 2005. – 224 б.; 180-бет).
Поэмада Марал Бабаның 1880 жылы Қайранкөлде дүниеге келгені, анасымен бірге Ақмешіт атырабына барғаны, Құланбай ишанның оны тәрбиелегені, қызына үйлендіріп, оқуға медресеге жібергені, Жалаңаяқ әулиеден білім алғаны, оқымысты болғаны, халықтың қамқоршысы, емшісі, тәрбиешісі болған қызметі де тарихи-поэтикалық жыр баянымен өрнектелген:
…Ем-домы, елдің қамы бір алаңы,
Маралға іздеп кеп ел қаралады.
Баталы, дуалы ауыз, аруақты,
Атағы алысқа енді таралады.
Тамыршы талай елді таңғылады,
Ошақта өшкен отты жандырады.
Өзінің туған жері Қызылжар мен,
Әулиекөлге мешіт салдырады.
Маралмен еріп елге бақыт келді,
Емі оның мұңайғанға шаттық берді.
Аштырып Қостанайда медресе,
Шығарды тәрбиелеп шәкірттерді.
Жоқ ешбір талыққан да, жалыққан да,
«Мен де бір жасаймын, – деп, –
халық барда!»
Қолұшын берді ашыққан мүсәпірге,
Қамқор боп тарыққанға, зарыққанға.
(«Қасиетті Марал ишан», 183-бет).
Белгілі ақын Баянғали Әлімжановтың «Марал ишанның аманаты» атты тарихи жырбаянында Марал Бабаның қазақ тарихындағы күрескерлік-қайраткерлік ісінің қазіргі және болашақ ұрпақтарға өнеге-ұлағаты айтылған. Халықтың ортасындағы ұстаздық, емшілік қызметімен («Өнеге қуат беріп өреніне, аластап албастыны аруағымен, жын-шайтан шалығынан емдеді де, жөнге сап адасқанды, хақ жолында халқына нұрын шашып жүргенінде») танымал тұлғаның отарлық езгіден қазақты құтқару үшін халықты ғазауат көтерілісіне бастаған көсемдік тұлғасымен патшаға қаһарлы хат жолдауы да қайраткер тұлға тағылымын даралайды:
…Ұран сап жер-жаһанға Марал ишан,
Рухани көсем болған ғазауатқа!
Жан-жағын тоймай жалмап,
тасынғасын,
Қор тұтып, қазақ елін басынғасын.
«Жүзбе-жүз ақ патшаға
жолықтыр!» деп,
Хат жазды жандаралға ашынғасын.
«Қазақтың қаймағына салдың қасық,
Орман, көл, жердің бәрін алдың басып.
Көнбегенге зеңбірек зіркілдетіп,
Зорлық қып, момын елдің қанын шашып.
Құдай білер берерін бақты кімге,
Жетерміз ертең біз де жақсы күнге.
Құнарлы жерге түскен дән өседі,
Жатпайды алмас қанжар қап түбінде!
(Әлімжанов Б. Аңыз бен аспан: Өлеңдер. – Алматы: «Қазақ тарихы», 2010. – 104 б.; 61-62-бб.).
Қазақстандағы Ислам діні қалыптасуының тарихи-мәдени негіздерін құрайтын негізгі арна – Марал ишан Баба Құрманұлы дәстүріндегі арғы-бергі тарихымыздағы көрнекті тұлғалар жолы.
Орта ғасырлардағы бергі Азия, Африка, Еуропа, Америка, Австралия құрлықтарына кеңінен таралып, Жаратушы Алланың құдіретін, Құран Кәрімнің шындығын, Мұхаммед пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) қызметін ұлықтаған дүниежүзі мұсылмандарының діни-ағартушылық, қайраткерлік-күрескерлік ұстанымдары ұрпақтардың адамгершілік-имандылық тұғырнамасын нығайтуда.
Қазіргі Қызылорда облысы өңіріндегі Ислам ағартушылығы қайраткерлері Абд ул-Жалил бабтың (Хорасан ата) (2007), Марал ишан Баба Құрманұлының (2005), (2010 ж.), (Саттарұлы С. Абд ул-Жалил баб (Хорасан ата). – Алматы: РИИЦ-Азия, 2007. – 520 б.; «Сыр еліндегі діни-ағартушылық ой-сана. – Алматы: Орхон, 2010. – 240 б.) туралы мерейтойлық іс-шараларының өткізілуі – ұлттық және жалпы адамзаттық рухани құндылықтарды ұлықтаудың көрсеткіштері. Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасы ұйымдастырған діни өлеңдер мүшәйрасының өткізілуі, «Аллаға мадақ» тақырыбымен жеке кітап болып жарық көрген мүшәйраның таңдаулы өлеңдері – санасы оянған жаңа ұрпақтың үні (Аллаға мадақ: Таңдаулы діни өлеңдер. – Алматы: Көкжиек, 2010. – 256 б.).
Қазақ тарихындағы рухани құндылықтар жүйесіндегі тарихи тұлғаларымызды (Арыстан Баб, Бекет ата, Марал ишан, Есабыз әулие, Қара хан, Хорасан ата, Оқшы ата, Қорқыт ата, Райымбек батыр, Мәшһүр Жүсіп, Хакім Абай, Шәкәрім қажы және т.б.) ұлықтау арқылы адамгершілік-имандылық қуатын нығайтамыз.
Қазақ поэзиясында орта ғасырлардан бері үздіксіз жырланып келе жатқан діни-исламдық дүниетаныммен жырлау дәстүрі қазіргі тәуелсіз Қазақстанның жаңа әдебиетінде соны серпінмен жалғасуда. Бұл орайда Есенбай Дүйсенбайұлының «Пешене» (2005), Серік Ақсұңқарұлының «Адам Ата – Хауа Ана» (2000), Дәулетбек Байтұрсынұлының «Ләтипа лүпілі» (2010), Серік Қалиевтің «Қөзайым» (2007), «Иманым менің – жиғаным» (2007) кітаптарындағы туындылардың діни-исламдық дүниетаным ұстанымдарымен жырланғанын айтамыз.
Қазақстандағы Ислам діні қалыптасуының тарихи-мәдени негіздерін құрайтын исламдық сәулет өнері дәстүрімен салынған ғимарат ескерткіштер (кесенелер, мешіт-медреселер), оқу-ағарту, тәлім-тәрбие жүйесі, ауызша және жазбаша поэзия жанрларындағы шығармашылық дәстүр, т.б. – бәрі де халқымыздың әлемдік өркениет кеңiстiгiндегi даналық тұғырнамасын айқындайды.
Демек, Марал ишан Бабамыз – қазақ сөз өнері алыптарының да үлгі тұтқан пірлерінің бірі. Халықтың ортасындағы жеке адамдардың, қалың жұртшылықтың мүдделеріне өзінің шамасы жеткенінше жәрдемін жасаған Әулие Бабаның фәнидегі жақсылықтары бақидағы қолдаулары арқылы да мәңгілік жалғасып келеді. Сондықтан бүгінгі және болашақтағы қазақ ұлтының ұрпақтары Марал ишан Бабаға мәңгілік мінәжат жасайды.
Қармақшы өңірі – Түркі жұртының абызы Қорқыт ата, ағартушы-қайраткер Марал ишан Баба дәстүрлері үздіксіз жалғасқан қасиетті атамекеніміз. Марал Бабаның баласы – Қалқай ишанның, немерелері Тобағабыл ишанның, Оспан ишанның, Мамырбай ишанның, Алдажар ишанның, Әбдірахман мақсұмның баласы Әмит ишанның және олардың ұрпақтары Қауыс ишанның, Ысқақ ишанның халық ортасында жасаған имандылық-адамгершілік тәлім-тәрбиесін уағыздаған қызметтері ұрпақтан-ұрпаққа жетіп отыр. Ал Марал Баба секілді өмір сүрген сол өңірдегі Иманәлі есімді оқымысты әулиені де Ислам ағартушылығы дәстүрі аясында бағалай аламыз.
Сөз арқауындағы аталған Марал ишан Бабаның және аталған ахун-ұстаздардың дәстүрлі ұлағатын жалғастырған оқымысты дінбасы молдалардың да ағартушылық қызметі Кеңес заманының атеистік насихатына, идеологиялық қыспаққа қарамастан тоқталған жоқ. Халқымыздың Ислам діні қағидалары аясында тәрбиеленуін табанды түрде насихаттаған оқымысты молдаларымыз Есмахан (Ешмағамбет) Қауғаұлын, Шоқпар Ізтілеуұлын, Құндақбай Құпияұлын, Сыдық Уәлиұлын, Әшіман Атаны, Асан мақсұм Алдашбайұлы, Омар мақсұм Алдашбайұлы, Әбдүлмүтәлләп мақсұм Асанұлы және т.б. ондаған қасиетті тұлғаларымызды бүгінгі жаңа ұрпақтың атынан мінәжат сезіммен еске аламыз. Рухтарына бас иеміз. Марал ишан Бабаның және оның Ислам ағартушылығы бағытындағы ұлағатты қызметінің осылайша Алаш аймақтарында, Қармақшы топырағында үзілмей жалғасуының нәтижесінде қазақ халқының ұрпақтары қасиетті дініміздің, ұлттық діліміздің, ата-бабалық салт-дәстүрлеріміздің, тіліміздің қаймағы бұзылмаған мекені болып сақталды. Қазақстандағы Сыр бойы атыраптары – қазіргі жалпы әлемдік өркениет дамуының, ғарыштық-ғаламдық ғажайыптар тоғысуының заманында қазақ ұлтының шынайы келбетін таныта алатын көрнекті мекендер. Ежелгі сақ, ғұн мәдениетінің, түркі өркениетінің, исламдық Шығыс үрдістерінің, қазақтың ұлттық рухани құндылықтарының озық жетістіктері тоғыса тұтасқан қасиетті қазақ Отанының осылайша қалыптасып сақталуы – әулие Марал ишан Бабаның және ол ұстанған ағартушылық дүниетанымның құдіреті. Демек, ұлылар ұлықтаған қасиетті діни Ислам дүниетаным ұстанымы – қазақтың ұлттық мақтанышы, мәңгілік рухани қазынасы.
Қазақстан Республикасының 2011 жылы Ислам конференциясы ұйымына (ИКҰ) төрағалығы – Отанымыздың әлемдік деңгейдегі мәртебелі қызметі.
1969 жылы құрылып, Жарғысы 1972 жылы қабылданған, Сауд Аравиясының Жидда қаласындағы штаб-пәтері бар, 1975 жылдан Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясында ресми мойындалған бұл ұйымның құрамында қазір 56 мұсылман елдері мүше болып отыр. (Қазақстан: Ұлттық энциклопедия. – Алматы: «Қазақ энциклопедиясының» Бас редакциясы. – 2002. – 4-том. – 720 б.; 324-б.).
Дүниежүзі халықтарымен ынтымақтастық байланыстарын нығайтуда Қазақстанның көп ғасырлар тарихындағы Марал Баба Құрманұлы сынды қайраткерлер қазақ халқының материалдық және рухани мәдениет салаларындағы өсіп-өркендеуін, кемелденуін, мәңгілік сақталуы үшін шығармашылық және қоғамдық-әлеуметтік қызметтері арқылы күресті, үлес қосты. Ұлттық рухани құндылықтарымызды ұлықтап, күрескерлік, азаматтық-отаншылдық, өршіл рухы жоғары жаңа ұрпақты қалыптастыру – қасиетті борышымыз. Бұл – Тәуелсіз Қазақстандағы ұлттық тәлім-тәрбие жүйесіндегі біздің берік ұстанымымыз.
Темірхан Тебегенов,
филология ғылымдарының докторы, профессор,
Жамбыл атындағы Халықаралық сыйлықтың лауреаты
«Ана тілі» газеті