Қазақ медицинасы «Қазақ емшілігі», «Халық емшілігі» деп те аталып жүр. Қазақ емшілігі ˗ қазақ халқының атадан балаға жеткен асыл қазынасы. Қазақ халқы ежелгі сақ, ғұн, түркі дәуірінен бері қарай өзінің байырғы емдеу жолдарымен денсаулығы мықты, рухы үстем батыр халық болып келгені белгілі. Олай болса олардың адам ағзасын сау-саламат ұстау жолы мен өзіндік өмір сүру ортасы, емшілік өнерінің болғандығын ешкім жоққа шығара алмайды.
Халқымызда сақталған пішпешілік өнерінің жарыққа шығу тарихы сонау жыл санауымыздан бұрын қолдана бастағаны туралы да деректер бар. Грек тарихшысы Страбонның «География» атты еңбегінің 7-томында сақтардың бие сүтінен қымыз ашытқаны мен жылқыларды пішкені туралы мәлімет келтірілген. Демек, қымызды сусын, әрі ем ретінде пайдаланудың да тарихы тым ұзақ болды деген сөз. Ал пішпе өнеріне келсек, қазақ халқының пішпешілік өнері аталық малдарды жуасытып бағу, жұмысқа салу жақтарында өте маңызды болған. Аталарымыз мал пішудің «қысқаштап пішу», «байлап пішу», «жабық пішу», «ашық пішу», «тарту», «үзіп пішу», «қарып пішу» сияқты пішу тәсілдерін тапқырлап, оны қазірге дейін мал шаруашылығында кең көлемде қолданды, әрі қазақ пішпешілік өнерінің ерекшелігімен және артықшылығымен қазіргі заман мал дәрігерлік хирургия ғылымында «қазақша пішу» – деген атпен маңызды орын иеленді. Ерте заманнан тартып мал пішуді еркін меңгерген халықтың адам ағзасына қатысты да түрлі оталарға барғанын болжауға болады. Қазақ халқының тұтас өмірі төрт түлік малға тікелей байланысты болғандықтан, қазақ медицинасының бір тамырын мал дәрігерлігімен қатарласа қараудың еш әбестігі жоқ. Бәрімізде малды ауылда өстік. Малына ем-дом жасай білген халықтың адам дәрігерлігінің де ақсамайтыны шындық. Айталық, мал ауруларын емдеуде қазақтардың ең көп қолданғаны – қан алып емдеу. Мұнда пышақтың ұшы, қандауыр сияқты саймандармен сәйкес орындардан қан алынады. Мысалы, сіреспеде мойын күре тамырынан мол қан алынады, жылқы қара өкпесі, зорығы, өкпе ыстық жөтелінде тұс жаны тамырынан қан алынады, аяққа қан түскенде, аяқтардың жіліншігінің ішкі тамырынан қан алынады, жолаушы жол жүріп келе жатып, аты тұйықсыз іші ауырса, қамшы сабын мұрынына жүгіртіп қан шығарады немесе танауындағы шершеуіне қандауыр (пышақ) шаншып қан алынады. Қой-ешкі сияқты ұсақ малға құрғақ жөтел тисе, құлағының ұшын қиып (тіліп) қан алынады. т. б. Шабақтап емдеу – көп қолданылатын тәсілдің бірі. Әсіресе, жылқы малына көп қолданылады, қазақ «жылқыға пышақ…» дейді. Шынында жылқының сақауын шабақтап, артынан жас баланың несебін, немесе тұзды сумен жуып қойса, арқасына жауыр, жаман түйме сияқты ісік, шығулар шыққанда, шабақтап қойса, оңай сауығып кетеді. Бұлардан сырт, біз шаншып емдеу, ыстық өткізіп емдеу, бұлаулап емдеу, балшық-шым тартып емдеу, суытып емдеу, ыстап емдеу, шөп дәрі тартып емдеу, шар дәрі ішкізіп емдеу, тотияйын көміп емдеу, тотияйын атып емдеу, мұрнынан дәрі үрлеп пышқыртып емдеу, өкпе құртын кеңірдекті тесіп мүсәтір қойып, күшала салып емдеу, көтен ішекке қол салып қатқан тезекті (құмалақ, өркен, тоңғақ) алу, ішті айдату сияқты көптеген емдеу өнерлері мен тәсілдерін жаратты. Осының бәрін бүгінгі адамзат медицинасына қатар қойып қарасақ, көптеген жақтардан желілес, сабақтастығы анық көрінеді. Демек, төрт түлігінің қыр-сырын толық меңгерген ата-бабаларымыз бүкіл тірлігінде өз өмірлерін аман сақтаудың да сан түрлі әдіс-амалын қарастыра білген. Қазірге дейін сақталған қазақы салт-дәстүрдің тұла бойы да тазалық, спорт, адам ағзасын қорғау сынды хикметтерге толы. Тарихи деректерге негізделгенде, жаңа эрадан бұрынғы 460 жылдан 373 жылдарға дейін сақ тайпасы арасында жасап, халыққа «Ұлықпан Хакім» деген атпен танылған ұлы ғалым – Гипократ емшілік өнерін жетілдіре келіп, шипагерлік жөнінде қыруар шығарма жазған деседі. Оның «Гипократ шығармалары жинағы» атты кітабы араб тіліне аударылып, сол кездегі Орта Азия медицинасының негізгі назариясын қалыптастырған екен. Бұл назария от, ауа, су, топырақ сынды төрт ұлы затты тиянақ етіп, сырқат, сырқат себепкері, оның алдын алу, кезіге қалған сырқатты анықтау, сырқат сипатына қарай ем істету, емге қолданылатын дәрі, дәрінің шипашағы (рецепті) секілді негізгі ғылыми жүйені баяндап, оны іс жүзінде қолданып, сан-санақсыз адамды сырқаттан айықтырған. Кейінгі кездегі (өткен ғасырлардағы) қазақ сахарасында болған шипагерлер әлде кімге ем істеткенде «Менің қолым емес, Ұлықпан Хакімнің қолы», «Менің емім емес, Ұлықпан Хакімнің емі», – деп «біссімілласын» емші атасының есімімен бастап, оны «емнің иесі мен киесі» ретінде еске алатын болған.
Қытай тарихшысы Сымациянь «Сақ тайпалары соғыста жараланғандарды емдейтіндерді «жарықшы, қарықшы, таңғышы», – деп атайтындығын жазған. Ежелгі Ясы, Тараз, Отырар сынды қазақ қалаларының ауыз суды тазартатын сүзгі құбырларды пайдаланғанын еске алсақ, мәдениет тарихымызбен бірге денсаулық саласының да дамығанын айқын аңғарамыз. Қазақ даласынан табылған VІ-VІІ ғасырлардағы адам қаңқасынан сүйекке жасалған күрделі операциялардың іздері байқалған. Әлемдік білім мен мәдениеттің екінші ұстазы атанған ұлы ғалым –Әбунасыр-Әль-Фараби 870 жылы Қаңлы, Қыпшақ, Қоңыраттар мекені – Түрік халықтарының Сырдария бойындағы орталық қаласы Отырарда туылып, 80 жыл өмір кешіріп, 950 жылы дүние салған. Ұлы ғалым басқа ғылыми жасампаздықтарына қоса медицинада үлкен үлес қосып, қазақ халық шипагерлігін мол назариялық негіз және қолданылмалы анықтамалық әдістермен қамдап, оның өркендеуіне кең жол ашты. Оның бұл назариясы оқулық етіліп, Еуропа дәрігерлік ғылымына негіз жаратып берді. Әл-Фарабидің медицина саласында «адам ағзалары жөніндегі Аристотельмен алшақтығы жөнінде Галенге қарсы жазылған зерттеме», «темперамент туралы» деген еңбектер жазғаны белгілі. Онда негізінен медицинаның назариялық мәселелеріне тоқталып, медицина өнерінің мән-мағынасына тереңдей үңіледі. Әл-Фарабидің артынан ілесе шығып, жолын қуған шәкірттерінің ішінде Орта Азияның ұлы ғалымы Әбу-Али-Ибн-Синаның есімін алдымен ауызға алуға болады. Фарабидің бұл шәкірті кейін келе дүниеге танылған әйгілі ғалым, үлкен дәрігер болып жетілді. Оның дүние медицинасына қосқан үлесі ерекше зор, өмірінде 16 томдық шығарма жазып, мұның ішінде жүз мың әріптен асқан «Медицина ережесі» атты өкілдік шығармасы алуан түрлі науқастардың пайда болу себебін, ауру белгісін, нақтамасын (диагнозын) және емдеу жолдарын жан-жақты түсіндірген туынды. Бұл кітап кейін батыс медицинасының назариялық негізі болған. ХІІ ғасырда көп тілге аударылып, әлемнің әр түкпіріне тараған. Әбу Синаның «Канон» деген кітабы 400 жыл бойы Еуропаның медицина оқулығы ретінде есептеліп келді. Жүсіп Баласағұни да айтулы ақын, ұлы ойшыл болумен бірге ғұлама шипагер болған екен, оның «Құтты білік» атты кітабы көне түрік жазуымен жазылып, орта ғасырдағы түркі тіл жүйесіне жататын ұлттардың қоғамы, тарихы, саяси, ғылым деңгейі, әдебиеті, мәдениеті, оқу-ағартуы, көркемөнері, медицинасы және мақал-мәтелдері жақтарынан көп дерек беретін мол қазыналы, шоқтықты шығарма болып есептеледі. Тарихи кезеңдерге көз жібергенде XVII-XVIII ғасырларда орыс офицері, географ Н.Рычков, дәрігер С.Большой, XIX ғасырда генерал-майор В.Броневский, саяхатшы А.Левшин, штаб лекері С.Яроцкий, әскери дәрігер А.Ягмин және қазақтың ғалымы Ш.Уәлиханов тағы басқа да саяхатшылардың қазақ халық шипагерліктерінің ұлттық ерекшеліктері туралы жазған қол-жазбалары да талай дүниенің бетін ашады.
Қытай қазақтарының емшілік өнері көбінесе қытай, тибет, моңғол, дұңған емшіліктерімен қатар дамып отырған. Қазақтар мен моңғолдардың «ем», «емші» сөзінің ортақ болуының өзі көп нәрсені аңғартса керек. Шаман дәуірінен жалғасқан емшіліктің айқын бір белгісі бақсы-балгерлерден де байқалады. «Моңғолдың құпия шежіресінде» Шыңғысханның керейлерден бақсы-балгерлер ұстағаны жазылған. Шыңғыс хикаясы төңірегіндегі «Моңғолдың құпия шежіресі», «Алтын шежіре» сынды тарихи деректемелерде ауырған, жараланған адамдарға қолданылатын емдеу амалдары да баяндалып отырады. Қазіргі Қытай территориясын мекендеген халықтар ішінде моңғол халқының өз медицинасы, тибет халқының өз медицинасы (тибет емшілігі), ұйғыр халқының өз медицинасы болды. Олардың ежелдің ежелінен қазақтармен қатарлас, ежелгі түркі даласында қоныстас болған тайпалық тегі бір тарихын ескерсек, аталған халықтардың емшілік өнері де бір-біріне өте жақын, етене келеді. Даму, толысу жағынан да бірін-бірі толықтырып, кемелдендіріп, тәжірибелік алмасуларды қабылдап өсіп, жетіліп отырған. Соңғы жылдары бұған бүкіл «Шығыс медицинасының» оң ықпалдары қосылып, қазынамыз толықты, байыды. Қазақ емшілігіндегі қара үзген шипагер – Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы 1388 жылы туылып, өмірінің соңына дейін емшілікпен айналысқан. 1466 жылы Әз-Жәнібек ханның тапсыруымен «Шипагерлік баян» атты кесек шығарма жазуға кірісіп, 1473 жылдары шығарманы жазып болғанда, жаудың ордағы жасаған тұтқиыл шабуылынан Жәнібек хан қаза тауып, қара үзген шипагер ғалым Ақ Ордадан қашып, туған мекенін табады. Осыдан соңғы өмірі жөнінде ғалым:
– … Тіссіз шопандай жасым қалды….. Өткен іс өтті, өлер шақ таяды, мезгілсіз шақырған шақырауықтай дестір таңдай тұрлауы болып осы жазылды. Бұл соңғылыққа үлгі болар. Олайы, білімнің тіккеуікпен құдық қазғандай қиын екеніне көзі осыны оқыған соң жетіп те қалар…, – деп жазады. Ғалым тағы:
Ой дүние-ай! Іске аспады арманым, қараң қалды,
Шың басына шығарда арандалды.
Өтейбойдақ қойыпты атымды әкем,
Жаман ат, жаман ырым мазамды алды.
Қалмады ұрпақ Өтейбойдақ аяндалды,
Мені өшірмес «Шипалық баян» қалды.
Бұда менің ұрпағым жөн білгенге,
Қағазбенен жалғасқан аян қалды, – деп күңіренеді.
XV ғасырда жазылған сол құнды еңбек, 1995 жылы Қытайда жарық көрген қазақ дәрігерлігінің жазба тарихына үлкен мұра болып қосылды. «Шипагерлік баяннан» шипалық қасиеті бар емдік дәрілер шұбыртқысының өзі 1108 түрден асатынын еске алсақ (оның 60 неше түрі металл-металлоид, 728 түрі өсімдік, 318 түрі жан-жануар), бұл шығарманың әлемдік медицинамен үндестік тауып жатқандығына ешкім де шүбаланбас деп ойлаймын. «Шипагерлік баянда» шипалық қасиеті бар 1108 түрлі дәрілер шұбыртқысы және адам пендесінің негізінен сыртқы тұлғалық бітіс аталымдарынан 430-ға тарта атау (қазіргі барлары) жазылған. Бұдан сырт, онда 1050 түрлі дәрі аты, 4577 шипашақта (рецепте) болған екен.
Қысқасы, «Шипагерлік баян» ˗ тіл, мәдениет, тарих, философия, психология, астрономия, этнография, этика, эстетика ғылымдарын бір ғана медицина ғылымы үшін іскерлікпен қызмет еттіре білген құнды қазына саналады.
Қытай қазақтарындағы қазақ емшілігін зерттеу үшін 1992 жылы Іле Қазақ автономиялы облыстық қазақ дәрігерлік қоғамы арнайы құрылып, Іле, Алтай, Тарбағатай аймақтарынан оның бөлімшелері ашылған еді.
Алтай аймағында арнайы «қазақ емханасы» ашылып, қазақ емшілігін зерттеу және оны іс жүзінде қолдануы барған сайын тереңдей түсті. Алтай Қазақ емханасының орталық еткен мамандар мен зерттеушілер Қазақ медицинасының негізі болатын барлық кітаптар мен еңбектерді «Шипагерлік баян» және басқа да халық арасындағы емшілік еңбектерді жүйеге келтіріп, Қазақ медицинасы жайында «Алты тұғырлы негіздеме» атты еңбек жасап шықты. Сол жинақталған жүйелі зерттеу негізінде, Қазақ медицинасының орта техникум мамандарын оқытатын оқулықтарды жазды. Шыңжаң медицина университетінде Асия Бейсенбайқызы сынды мықты ғалымдар бас болып, университет жанынан ашылған «Қазақ медицинасы кафедерасын» құрып, Қазақ дәрігерлеріне арналған университеттік білім беруге арналған оқулықтарды жазып, пайдалануға ұсынды.
Жоғарыдағы бастама жер-жерде жалғасын тауып, ерекше қолдауларға ие болды. Жемсары ауданында Жүніс Смағұлұлы ашқан қазақша емдеу орталығы және ол жазған «қазақ емшілігі мен дәрігерлігі» атты кітапта қазақ емшілік өнерінің атадан балаға жалғасуына өзіндік үлес қосты. Бұл үрдіс Іле, Тарбағатай аймақ орталықтарында, аудан орталықтарында да жалпыласып, «Қазақ емханалары» мен «Қазақ ауруханалары» салына бастады. Жекелеме медициналық орталықтар бой көтерді. Кейбір мемлекеттік ауруханалардың ішінен «Қазақ медицина бөлімі» ашылды. Жер-жерде Қазақ медицинасы негізінде жұмыс істейтін мамандар тобы қалыптасты. «Алтай медициналық колледжі» жанынан «Қазақ медицинасы факультеті» құрылып, Қазақ медицинасының мамандарын даярлауды қолға алды. 2011 жылдан бастап Шыңжаң медицина университетінен «Қазақ медицинасы кафедерасы» ашылып, жоғары дәрежелі қазақ медицинасы мамандарын дайындап жатыр. Қазір оқу орындарын бітірген түлектердің өзінен қазақ медицинасының орта және жоғары білім алушыларға сабақ беретін ұстаздар тобы қалыптасып үлгерді. Қазақ медицинасының дәрі-дәрмегін өндіретін, зерттеу-сынақтан өткізу зерттеу орталықтары қалыптасып, «Шыңжаң Қазақ дәрі-дәрмек зерттеу орталығы», ШҰАР бойынша «Қазақ медицинасын зерттеу ғылыми қоғамы» құрылды. Мемлекеттік емханалардан «жазылмайды, өледі» деп шығарылып тасталған кейбір ауыр науқастардың қазақ емкөстерінің қолынан жазылып кеткендерін өз көзімізбен көрдік.
Ел аңыздарына қарағанда қазіргі Қытай аумағына қарасты Іле өңірінде өткен Мүсірбай емші, Алтай өңірінде өткен Шәкер емші Ғалымұлы, Емілбай емші Қалдыбайұлы, Тарбағатайдың Сауан жерінде өткен Аман емші талай рет ажалға арашашы бола білген. Ш.Ғалымұлы арғы атасы Мүсәлімнен тартып, ұлы Нұрғалан, немерелері Нұрлан, Еркінге дейін жалғасқан емшілік өнер адамдары Шәкер операциядан алған қатерлі ісік өспесін бөлшектеп, оның ішкі қабатында қылдай тамыршаны байқап «қылтамақ», – деген ат қойып, бұл атау қазірге дейін ауру түрі ретінде аталады. Олар адам өмірін құтқарудың сан түрлі тетігін игеріп, шипагерлік, дәрішілік, сынықшылық, операция сынды емдеу тәсілімен көптеген адамдарды ажал аузынан құтқара білген. Емілбайдың сынықшылық өнеріндегі Тердікбайұлы Әбікей мен Қапанайларға сынған жілік сүйегі орнына ботаның жіліншік сүйегін салуы, ана құрсағындағы өлген баланы қынап арқылы іштен операция жасап, боршалап алғаны сынды аңызға белгісіз ақиқаттар әлі күнге дейін айтылады. Мұндай өнерді меңгерген осы өңірде Батырбай есімді әрі емші, әрі оташы кісі болып, сынған сүйектің орнына ол да жас ботаның сүйегін салып мертіккен талай жанды сауықтырған екен.
Қытайдағы қазақтар арасында оташылық өнері көрнекті дәрежеде дамып, күні бүгінге дейін аталған аймақтарда қазақ оташылдық өнерінің мұрагерлері аз емес. Қазақ оташылары адамның, малдың әрқандай орынның ұсақталып (үгітіліп) сынған сүйектерін сипалау, басу, қысу, итеру сияқты әдістермен орнына түсіріп, шабақ ағаштармен ғана таңып сақина салады. Әсіресе, сүйегі үгітіліп сынған адамның кем сүйегінің орнына, ботаның сүйегін көшіріп салып сауықтыру, қате, қисық, теріс біткен сүйектерді түрлі әдістермен жібітіп, ажыратып, қайта таңу сияқты ерекше өнерлері де қазіргі дейін ел арасында аңыз болып айтылады. Қазақ шипагерлері, емшілері ертеден сол бір өздері жасаған ортадан, табиғат құшағынан табиғи дәрі-дәрмек өнімдерін тауып кәдеге жарата білген. Мұның ішінде өсімдік дәрі түрлері өте көп болды. Мысалы, ақ жұмыр, қарандыз, жүрек шөп, көк төбет, рауағаш, киелі ермен, күшала, адыраспан, у қорғасын, жалбыз, жолжелкен, мия тамырлары мен дәндері, тас қынасы, әр түрлі шөптер, т.б. неше мыңдаған пайдалы емдік қасиеті бар дәрілік өсімдіктерді ертеден пайдалана білген. Ал хайуандардан ˗ айран-іркіт, сүт, қымыз, сарымай, құрт-ірімшік, қой майы, жылқы майы, мал қаны, мал жыны, аю майы, құрқылтай ұясы, борсық майы қатарлылардан пайдалана білді. Жәндіктерден – жылан, кесіртке, құрбақа, шылаушын, бүйі, шаян, ала күлік, ара, қоңыз сияқтыларды емдікке пайдалана білді. Химиялық дәрілерден – алмас, тотияйын, күкірт, ашутас, сахар, сынап, сыр, дәнекер, т. б. дәрі жасап пайдаланып, түрлі ауруларды емдеді. Бұлардан басқа ағаштардан, дала жемістерінен де дәрі-дәрмек тауып пайдалана білді. Қазақ тарихын көп зерттеген қытайлық ғалым Су Бихай қазақ халқының мал анатомиясы мен физиологиясы жағындағы білімдерін бағалай келіп: «Қазақ халқы ұзақ уақыт мал бағу барысында, малда үнемі кезігетін аурулар мен маусымдық ауруларды толық иеледі. Оның үстіне үнемі мал соятындықтан, малдың дене түзілімі, мүшелері және оның физиологиялық қызметі жақтарындағы мол білімдер мен емдеу техникаларын жаратты» деген екен.
Бүгінгі медицинада екінің бірінде тышқанға, маймылға және т.б. тәжірибелік оталар жасап жататынын ескерсек, қазақ халқы малды бағып пайдалану, сойып етін жеу барысында ғана емес, аңшылық өнерінде де өз медицинасына қажетті білімдерді жан-жақтылы жинақтай білген. Сол мол құндылықты адам дәрігерлігі саласында да кеңінен пайдаланып, «қазақ медицинасы» деген атаудың қалыптасуына игі ықпал етті. Бүгіндері қытайда жасап отырған қандастарымыз арасынан суырылып шыққан емшілерден ˗ Шыңғыс Дәлелханұлы, Ебін Әбдікерімұлы, Гүлшан Түсіпбайқызы, Жазира Тоқайқызы, Серік Мағауияұлы, Көкен, Жігер, Мұқият, Тұрсынжан, Әсия, Мұқатбек, т.б. көптеген емші-дәрігерлер бар. Солар және оларға ұстаз, шәкірт болған тарихи тұлғалардың ықпалында қытайдағы қазақтар, миллиардтан астам ханзу халқына «Қытайдағы қазақтардың медицинасы» деген атауды үйретті. Жаңа заман емханаларынан ем қонбаған ханзу ұлты өкілдерінің қазақ емшілігі арқылы сауығып кеткені жайында да нақты мысалдар көп. Қытай мемлекеті сол үшін де қазақ емшілігін сөздіктер мен энциклопедиялық томдарға да кіргізді. Медининалық атау ретінде қабылдады. Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының «Шипагерлік баян» кітабына «1-дәрежелі мемлекеттік таңдаулы ұлттық кітап» сыйлығын берді. Қазақ медицинасына арналған ғылыми конференециялар ұйымдастыру, кітаптар шығару ісін де қолдап, қуаттады. Шыңжаңның жер-жерінде Қазақ ауруханаларын ашуға, зерттеу орталықтарын құруға үкімет қаржылық және рухани жақтан қолдау жасап келді. 2014 жылы Қазақ медицинасы Қытай мемлекетіндегі «Алтыншы ұлттық медицина» болып мемлекеттік тіркеуден өтіп, мемлекеттік толымдылық куәлігін алды.
Бұл мақаламыздың міндеті қазақ медицинасының тамырының тереңде екенін еске салып, оның нақты мысалдары ретінде өзім өскен ортаның қазақ емшілігіне шолу жасау ғана. Сондықтанда күллі қазақ емшілігі болсын, оның өзге жұртта отырған қандастар арасындағы құнды мұралары болсын барлығы әлі де болса тереңдей зерттеуді қажет етеді. Бүгінгі рухани жаңғыру кезеңінде қазақ халық мединицасында да жаңғыртып, жаңартатын бай қазынамыз бар. Дені саудың жаны сау, рухы үстем болады. Рухы үстем жандар ғана ұлтына ұлағатты қызметтер атқара алады.
Қайрат Айдарханұлы
Медицина ғылымының,
Тарих және қоғамдық ғылымдардың академигі,
«Құрмет» орденінің иегері,
«Шипалы емдеу орталығының» директоры
әрі бас дәрігері