Біздің балалық дәуірімізде тек қана қытай әдебиеті оқытылатын еді. Сол себепті бастауыш сыныптарда қазақ әдебиеті туралы ештеңе білмейтінбіз деп айтуға әбден болатын. Алайда әкелерімізден, ауыл қарттарынан, әжелерден дегендей ертегі-аңыздарға елітіп, Абай есіміне де ерте қанықтық.
Әсіресе, әкемнің аузынан үнемі «Абай айтыпты» деген сөздерді жиі еститінбіз. Мысалы:
Әсемпаз болма әр неге,
Өнерпаз болсаң арқалан.
Сенде бір кірпіш дүниеге,
Кетігін тапта бар қалан.
Немесе:
Ақырын жүріп анық бас,
Еңбегің кетпес далаға,
Ұстаздық қылған жалықпас,
Үйретуден балаға.
Және:
Ақыл мен қайрат жол табар,
Қашқанға да қуғанға….», – дегендерді алғаш рет әке аузынан жаттадық.
Кейін ойласам күллі қазақтың мақтанына айналған Абай сәулесінің біздің ауылға кеңінен түсуінің бірнеше тарихи негізі бар екен.
Біріншіден, біздің керейдің шежіреші қарттары Абайды атақты керей Жәнібек батырдың жиені қылып айтады. Абайдың арғы атасы Ырғызбай Жәнібекке күйеу бала, яғни оның туған қарындасы Ермек тобықтының жігітіне, сонау Ырғыз өзені бойында жүргенде туған Ырғызбайға қосылып, Өскенбайды дүниеге әкелгені, одан Құнанбай, одан Абай болып жалғасып жататыны тарихи шындық. Ер Жәнібектің жалғыз қызы Әймен де Ыбырай Алтынсариннің әжесі, яғни Балғожа бидің бәйбішесі болған. Осы себептерге байланысты Абайдың өзі де: «жігіт тағайына тартып тумаушы ма еді» деп айтыпты деп, қарттарымыз әрі батыр әрі шешен ер Жәнібектің суырып салмалық бір тегін Абайдан тапқандай болатын. Абайдың әкесі Құнанбайдың Өр Алтайдағы абақ керей арасында болып қайтқанын да үлкен аңызбен айтушы еді. Құнайбай есімін аға сұлтандықпен емес, «аға баласы» деп қадірлеп, құрметтейтін. Жиен ретінде де бүйрегі бұрылып тұратын.
Екіншіден, Құнанбай ауылымен болған құдандалық және басқа да байланыстар. Өтеу бабамыздың дәурендеп тұрған шағында баласы Шомақ та пысық, атқа мінер азаматтың бірі болып, оған Құнанбай ауылының бір қызына құдаласып, оны келін қылып алады. Сол Шомақтан туған Тұрғамбай ашамайлы ерге мінетін болғанда ата-анасы оны нағашыларына ертіп барады. Төркіндеп келген қызды күтіп алған Құнанбай қажы «жиеніме ат мінгізіп қайтарамын» деп екі құлағы қап-қара мөлдір ақбоз ат сыйлап, оған көксауыр былғарымен шыбарланып қапталған, бұршақ басты шегемен алды-артқы қастарына алтын жалатып, жез қаптаған ер салып қайтарады. Қазір сол ер Алтайдың Шірікши деген жерінде Тұрғамбайдың немересі Өмірбек Баймұхаметұлының үйінде сақтаулы. Құнанбай қажы мен Алтайдағы Мәметек төре(Мәми бейсінің қайын атасы) арасында да бір-бірін сынап, сыйласқан қызықты хикаялар бар. Базарқұл Ешен қажы (шын аты Мәсалима) Жұртбайұлы үшінші реткі қажылық сапарынан қайтып келе жатып, 1904 жылдар шамасы Қарқаралыда қайтыс болып, уақыттық сол жерге аманат жерленеді. 1905 жылы Қанапия бейсі, Нұртаза қажы, есіркеп Құрманхан Бозайұлы секілді адамдар Ешен қажының басына күмбез орнатып қайтады. Олар қайтар жолында Абайға ас беріп жатқан Құнанбай ауылын соғып, Айгерім мен ақынның ұрпақтарына көңіл айтып, құран оқиды. Жоғарыдағы қарым-қатынастардан қалса, біздің ауыл Кеңес өкіметі орнағаннан кейін ғана қазіргі Шығыс Қазақстан обылысының Зайсан ауданынан Қытайға қарай ауғандықтан, оған дейін Абай өнегесін қабылдаудың шекаралық шектемесіне ұшыраған жоқ.
Үшіншіден, Әзімбай Бердешұлы, Зят Шәкерімұлы бастаған Құнанбай ауылының адамдарының 1931 жылы Қытайға қашып өтіп, Алтайға ат басын тіреуі де сол дәуірдегі Алтай әдебиеті мен мәдениетіне белгілі ықпал еттті. Әкемнің ағасы Бидахмет Мұқайұлы ол кісілердің оқиғасын жыр қылып айтып отыратын.
Төртіншіден, әкем Шәкен Мұқайұлы болсын, оның ағалары Бидахмет, Қызыр бәрі де «кітапты жастанып оқиды» дегендей білімге құмар жандар болды. Әкем: «армиядағы кезімде кітапты өте көп оқыдым. Көбі Кеңестер одағынан келген әдебиеттер еді» дейтін әңгімелерінде. Онысы 1957 жылға дейінгі Қытай-Кеңес Одағы арасындағы әртүрлі байланыстың тереңдеуі, әсіресе, мәдениет алмасу, әдебиеттік қарым-қатынастарға байланысты Қазақстан жазушылары шығармаларының Шынжаңға көбірек жетіп тұрғанын меңзегені еді.
Осылайша күллі Қазаққа мақтаныш болған Абай рухы Қытай қоғамы есік терезесін тарс бекітіп алған «төңкеріс» заманында да біздің ауылда шам- шырағын сөндірген жоқ.
Жәди Шәкенұлы
Жазушы, академик
ABAI.KZ