Керей хандарының ғасырдан ғасырға созылған ежелгі әулеті Оң ханмен, Сәнгүнмен бітпейді. Әрқилы тарихи жағдай, әртүрлі кейіпте одан әрі жалғасқан. Оң ханның бірге туған інісі – кейінгі тарихта көбіне-көп Жақағамбу атанатын Керейтай еді ғой. Әуелде Керей ұлысының Таңғұт беттегі бір аймағының әміршісі («Жақағамбу» есімі де осы орайдан туындаған – таңғұт тілінде «Ұлыс бегі»). Бұл Жақағамбу-Керейтай хан-ағасымен бірде тату, бірде қату. Оң хан ең жақын туыстары – әкесінің інілері мен өзінің туған бауырларын түгел өлтіргенде Керейтай аман қалыпты. Кейде сенімге еніп, сырт жауларға қарсы қол бастайды, кейде сезікке ілініп, Найман Бұйрық ханға, немесе Қият Темужін далайханға қашады. Кеңшілік алып қайта оралып, көп ұзамай тағы да жан сауғалайды. Барлық уақытта да жалаң қылыш жалғыз аламан емес, қарауында біршама жұрты бар ханзада. Көбіне-көп Темужінге арқа сүйепті. Темужін ауыр жеңілістен соң қайта серпілген, соңғы тұтқиыл ұрыс қарсаңында және дәп сол бір тұста қандай кепте болғаны турасында атаулы мағлұмат жоқ. Алайда, қапысыз, нақты айту қиын емес. Темужінмен жең ұшынан жалғас болды. Ақырғы аттаныс кезінде әскери көмек бермеген жағдайдың өзінде, Керей ұлысының қаншама жұртын бейтарап ұстап қалды. Жеңіліске ұшыраған Оң ханның өз елінде табан тірей алмай, жадағай қашқынға айналуының бір кілтипаны осы Керейтайға қатысты. Мұның айқын дәлелі – Оң ханды ығыстырып шығарғаннан соң Темужін Керейтайды өзімен теңдес, немесе теңге жақын әмірші деп таниды. Бейнелі түрде айтқанда, «арбаның екінші дәртесі». Бағынышқа түскен керей жұртын біржола тыныштандыру амалы, белгілі дәрежедегі дербестігін сақтауға кепілдік деп бағалар едік. Бәлкім, уақытша айла ғана емес, сол тұстағы шын ниет болуы да. Бұрнада Оң хан – әке, Темужін – бала болды, енді осыған мүлде керісінше: Темужін – аға, Жақағамбу – іні. Әлбетте, қылдан таймаса, үнемі кішілік сақтап, бағыныштан жазбаса. Қайткенде де, шешуші майданнан соңғы, бастапқы екі үлкен құрылым және қаншама қосалқы қауым әлі біржола ұйыспай, бөтендік, жаттық лебі тарқамай тұрған кездегі ұтымды саясат. Темужін одақтастық шартын берік бекіту үшін Оң ханның тұсында орындалмай қалған құдалық жөні – Керей ұлысының ежелгі хандық әулетімен туысу шарасын жүзеге асырады. Жақағамбудың үлкен қызы Әбіке-бикені өз шаңырағына түсіреді, келесі қызы Бектұтмыш-бикені тұңғыш ұлы Жошыға әпереді, ал кіші сіңілі Сұрғақтан-бикені кенже ұлы Төлеге айттырады. Үйлескен үлкен ұлыстың екінші дәрежелі әміршісі ретінде Жақағамбу біржола бекіп қалуға тиіс емес-ті. Керей жұртының байырғы хан әулетінен, ерте ме, кеш пе, дербес билікке ұмтылуы мүмкін. Сондықтан Батыс Найман одағын талқандағаннан кейін, Ұлы Құрылтай алдында, шамасы 1205 жылы Жақағамбудың да кезегі келеді. Төңірегі түгел қирап біткен, енді Темужінге бағыныштан бөтен шарасы жоқ ханзада, бүлік шығарды, бөлініп кетті деген көпе-көрнеу жалаға қалыпты. Шамалы ғана жасақпен арнайы аттандырылған Жүршедай-ноян Жақағамбуды алдаусыратып, оқшау шығарып алып, қапелімде қолға түсіреді де, Темужіннің босағасына жеткізбей, өлтіріп жібереді. Озбыр істі мүлтіксіз атқарған Жүршедай мәртебе алып, мадақ естиді. Енді біржола біріккен ұлыс ішінде ешқандай жік шықпайды деген сөз.
Шыңғыс ханның Бөрте, Есулін мен Есугеннен соңғы төртінші әйелі, құрметті қатын Әбіке-бикенің хан ордасындағы ғұмыры да тым ұзақ болмайды. Сірә, әкесі Жақағамбудың қазаға ұшыраған шамасы. Шыңғыс хан Әбіке-бикені тым тәуір көрген екен дейді. Алайда, қасына алып қонған бір жолы, әлденендей жаман түс көріп, түн ортасында шошып ояныпты. Жарық жақтырады. Содан соң Әбіке-бикеге айтыпты: «Мен саған үнемі оңынан қарадым, сенен де ешқандай жарамсыз мінез көрмедім. Бірақ әлгінде өзгеше бір түс көрдім. Көк Тәңірісі мына сенен айрылыс, басқа біреуге тарту қыл деген жарлық берді. Маған ренжіме…» – депті. «Сыртта кім бар?» – деп шақырады. Сол бір түндегі қарауыл бастығы – Кәктай-ноян екен. «Мен!» – деп дауыстайды. Шыңғыс хан ішке кіргізеді. «Саған мына құрметті қатынды сыйға тартамын», – дейді. Кәктай-ноян шошып кетіпті. Шыңғыс хан оның көңілін жайлап: «Қорықпай-ақ қой, шынын айтып тұрмын», – дейді. Содан соң Әбіке-бикеге айтыпты: «Енді басыңдағы ақ орда, үй-оғлан – жасауылың, қызметші, қоңсы-қолаң, қазына-байлығың, қоралы қой, үйір-үйір жылқымен – түгел сенікі. Маған естелік ретінде қымыз ішіп жүрген алтын кесеңді берсең болғаны…» – депті. Әбіке-бикенің еншісі ретінде осының бәрін Кәктай-ноянға сыйлады дейді. Тек әлгі алтын кесе мен дастарқан мәзірін қамдайтын бір қызметшісін ғана қалап алыпты. Хан қатыны болған Әбіке-бикенің бұдан былайғы ғұмыр кешуі де мағлұм. Ендігі күйеуі Кәктай-ноян Шыңғыс хан тұсында белгілі қолбасы; бұдан кейін де ұлыстағы ұлық кісілердің бірі – жауланған Терістік Қытай тарабында өкім құрған. Әбіке-бике Өкетай-қаған дүниеден өткен 1241 жылы әлі тірі. Төленің зайыбы, өзінің туған сіңілісі – болашақ ұлы хандардың анасы Сұрғақтан-бикенің ордасына арнайы шақыртумен қонаққа келіп, ұзағынан аялдап, сейіліп кетеді екен. Қаған сарайында да айрықша сыйлы, туған ұлдарының бірі Өкетай қағанның ғұзырында, бауыршы ұлық қызметін атқарған. Жақағамбу-Керейтайдың екінші қызы Бектұтмыш-бике, Рәшид-әд-Диннің айтуынша, Жошыға жас кезінде атастырылған екен, бас бәйбіше болды дейді. Жошы ханның ұзын саны қырықтан астам ұл перзенті болғаны мәлім. Қоңырат қыздарынан туған Орда мен Бату ханнан өзгелерінің аналары атап айтылмайды. Жақағамбудың қызы – Жошының бірінші қатыны деп білсек, әуелгі екі ұлға тетелес, кейінде Алтын Орда тағында отырған Берке хан осы Бектұтмыштан туды деп шамалауға мүмкін. Қайткенде де манағы қырық ұл және соншама қыз, шамасы сексен-тоқсан баланың ішінде Оң ханның жиендері болмады деп айту қиын. Аталмыш Сұрғақтан-бике Шыңғыс ханның кенже ұлы Төленің бас бәйбішесі, ең сүйікті жары болған. Көркі мен ақылына мінезі мен саясаты теңдей екен. Әуел бастан-ақ абыройлы ғана емес, аса құрметті, айрықша беделді. Шыңғыс хан 1226 жылы, өзінің ең соңғы, Таңғұт жорығына аттанар қарсаңда Сұрғақтан-бикеге шешек шығып, қатты ауырып жатыр екен, Төле әкесінен сұранып, әйелінің жанында бөгеліп қалады – темір тәртіп, соғыс жағдайындағы төтенше кеңшілік, өзгеше оқиға. Ақыры, бірер апта бөгеліп барып, қатерлі дерттің райы қайтқаннан кейін ғана аттанады. Ауырып тұрған Сұрғақтанның бетін қорасан дағы шалып, бұрынғы көркінен айрылған екен. Алайда, беделі мен салмағына нұқсан келмепті. Түпкі нәтиже, Шыңғыс хан әулетінің тарихында атақты Бөртеден кейінгі қасиетті екінші әйел саналады. Сұрғақтан-бике Шыңғыс ханнан кейінгі заман – Өкетай қаған ордасында да әспетті, сыйлы болған, Күйік қаған кезінде де абыройы жоғары екен. 1246 жылы ел астанасы Қарақорымда болған Плано Карпини Сұрғақтан (Сероктан) қатынның бүкіл Татар қауымында императордың (бұл ретте Күйік хан, М.М.) анасынан кейінгі ең ықпалды әйел екендігін атап жазады. Сұрғақтан-бике әсіресе Күйік қағаннан соңғы аумалы-төкпелі кезеңде бүкіл Еке Моғұл ұлысының саяси-әлеуметтік өмірінде айрықша қызмет атқарған. Көреген ақыл парасаты, қатесіз, терең саясаты арқасында Төле әулетін Жошы әулетімен берік одаққа келтіріп, үлкен ұлы Мөңкені қаған дәрежесіне жеткізеді. (Осыдан соң көп ұзамай, 1252 жылы дүниеден өтіпті.) Сұрғақтан-қатынның екінші ұлы Құбылай – Мөңкеден кейінгі ұлы қаған және Юань әулетін негіздеген Қытай императоры. Үшінші ұл Құлағу – Иранды жаулаған, Алғы Азиядағы Елхан ұлысын ұйыстырушы. Кенже ұл Арық-Бұқа – ол да ұлы қаған болып жарияланған, ата жұртының ұйықты ордасын сақтап қалу жолында күрескен, Шыңғыс хан өсиетіне ең адал мұрагердің бірі. Қарап тұрсақ, ежелгі Керей ұлысының ержүрек, даңқты хандарының қыздан тараған әулеті әлденеше ғасыр бойы жарым дүниеге өкім құрған екен. Әйткенмен… ең үлкен қызметі ақыр түбінде өзінің туған халқының мерейінен тыс, жат жұрттардың игілігіне айналғанын көреміз.
«Қастерлі шежіреде» Оң ханның жалғыз-ақ баласы айғақталады – Сәнгүн. (Тума есімі – Нилқа. Сәнгүн – Оң ханның Ордасына қатысты Шүржен елшілері берген есім сияқты, қытай тілінде «мырза бала», яғни шора. Тәрізі, жас кезіндегі пәруайсыз, ерке-тентек мінезіне орай аталған. Тарихи әдебиетте – Нилқа-Сәнгүн, көбіне-көп тек қана Сәнгүн.) Ұзақ заман – отыз жылдан астам ел билеген, қаншама қатын, құмасы бар Оң ханның ұлдары да, қыздары да бірталай болуы күмәнсіз. «Жинақты тауарихта» Сәнгүнге тетелес тағы бір ұл – Айқу (Айқұш, Айғұр) аталған. Бұрынғы жайы, кейінгі пешенесі беймәлім. Бұл Айқудың қызы Тоғыз-қатын Құлағу ханның бас бәйбішесі болған, Иранның кейінгі елхандар әулеті осы Тоғыз-қатыннан таралады. «Жинақты тауарихтың» тағы бір қалтарысында Сәнгүннің ұлы Тұсан-Бұқа («Қастерлі шежіреде» Тұсаха) жүр. Темужіннің тұңғыш перзенті Қожын-бикемен атастырылған екен. Яғни, аралық ашылар шамада кәмелетке толар-толмас жеткін. Бұдан соңғы тағдыры белгісіз. Бәлкім, кейінде Қылыш-Қараның қолына түсіп, Шыңғыс ханға тапсырылған – осы Тұсан-Бұқа болуы да мүмкін. Оң ханның осындай дерексіз, басқа да ұрпақтары қалуы табиғи жағдай.
Десе де, ежелгі қаракөк тұқымның еркек кіндікті тұяғы Сәнгүнмен және Керейтаймен бітпеген екен. Оң ханның «Жинақты тауарих» пен «Қастерлі шежіреде» арнайы аталмайтын ұлдарының бірі, бәлкім, немересі Тайбұға (Тай-Бұқа), сірә, кейінгі Найман одағы жеңіліске ұшырағаннан соң, азды-көпті жасағымен Батыс өлкеге қарай қашып, Ібір-Сібірден бір-ақ шығады. Ертістің етегі, Есіл мен Тобыл аңғарын жайлаған жергілікті түрік нәсілді, фин-угор текті ру-тайпаларды бағынышқа түсіріп, Сібір хандығын негіздепті. Арада жиырма жыл өткенде Хорезмді, одан жалғас бүкіл Шығыс Дәштіні ғұзырына келтірген Шыңғыс ханның дүмпуін алыстан сезінген Тайбұға қол қусырып, әлем әміршісінің дәргейіне барады. Қыран құс пен ұлпа елтірі, арғымақ аттарын алға тартып, кеңшілік сұрайды, мәңгілік бағыныш білдіреді. Қапияда айрылысқан Оң ханның өліп, тірілген ұрпағын көргенде Шыңғыс хан рақымы ғана түспеген, мейлінше мейірленген сияқты. Тайбұға әулетіне Ібір-Сібірді біржола билеп тұруға өкілет береді, үлкен ұлыс ішіндегі мәртебелі иелік, хандық емес, бектік, соған орай Сібірдегі Оң хан ұрпақтары алдағы уақытта бек атануға тиіс екен. Енді Оң ханың ұрпақтары Еке Ұлыстан соңғы Алтын Орда дәуірінің ұзына бойында байтақ Сібірде билік құрады. Екі ғасырдан астам ұзақ заман. Алтын Орданың ыдырау кезеңінде Жошы-Шибан нәсілімен тайталас басталады. Әуелде Шибан әулеті жеңіске жетеді, одан соң Тайбұға тұқымы қайтадан орнайды, одан соң тағы да аударыспақ; бұл қырқыстың ең соңғы өкілдері – Көшім хан мен Сейдақ (Сейіт-Ахмет) бек болды. Сібір хандығының Орыс патшалығына айтарлықтай қарсылық көрсете алмай, тезінен құлауының бір себебі осы, екі әулеттің елді тоздырған жүз жылдық күресі болатын. Көшімнің ғұмыр кешуі белгілі. 1598 жылы түнекке батты. Ал Оң ханның ұрпағы Сейдақ бек одан он жыл бұрын, Тобыл қамалында, аяр опасыздық нәтижесінде, қазақ сұлтаны Ораз-Мұхамедпен бірге тұтқынға түсіп, Мәскеуге жеткізілген. Сейдақтың бұдан соңғы тағдыры туралы дерек жоқ. Керей хандарының әулеті Сейдақпен де бітпепті. Оң ханның Бас ордасындағы ойраннан соң, Арсалаң деген бір ұлы аман қалған екен. Тәрізі, жас бала. Кеңшілік жасалады, бәлкім, Өгелін-ананың баурындағы асыранды ұлдар қатарында, немесе жақын алпауыттардың шаңырағында тәрбиеленген көп мүскіндердің бірі ретінде өсіп-жетеді. Кейінде Арсалаңға торғауыт жасағының тізгіні тапсырылған. Бұл таңдама қосын әуелде Оң ханның торғауыт әскері негізінде құрылыпты – күзет гвардиясы, хан қарауылы. Бастапқы құрамы керей болса, Шыңғыс ханның тұсында оған найман мен меркіт жауынгерлері қосылады, уақыт оза келе басқа да ру, тайпа өкілдерімен молығады. Кейін, Еке Ұлыс ыдырағаннан соңғы кезеңде торғауыт жасағы дербес қауымға айналған, этникалық құрамы да мүлде жаңарып, моңғол текті рулардың үлес салмағы басым түседі. Ақыры, қалмақтың торғауыт тайпасы болып шыққан. Оң хан Арсалаң ұрпақтары барлық уақытта торғауыт билігін ұстайды. Кейін, ХҮІІ ғасырдың алғашқы ширегінде Дүрбін-Ойраттан бөліне көшіп, Сары-Арқаның солтүстігін көктей өтіп, Жайықтан аттаған, Ноғай Ордасы мен Башқұрт ұлысын талқандап, Еділ бойына қанат жайған қуатты торғауыт тайпасын бастап келген екпінді Хо-Өрлік тайшы баяғы Оң ханның тоғызыншы ұрпағы болатын. Еділдегі Қалмақ хандығында билік құрған атақты Аюке, одан соңғы Моншақ хандар, ең соңы, 1771 жылы Жоңғарға беттеген Торғауыт көшін бастаған Үбашы хан бәрі де осы ежелгі әулеттен. Еділдегі Торғауыт-қалмақ хандығымен қатар, Ішкі Моңғол тарабы, Көкө-нор төңірегінде торғауыттың үлкен шеруден тыс қалған тағы бір тармақтары бар екен. Олар да Оң хан Арсалаң ұрпақтарының ғұзырында болған. Кейін хандық та, билік те жойылды. Алайда, Оң ханның ежелгі әулеті мүлде құрып кетпеген, қатардағы қарашы ретінде қалмақ жұртының құрамына сіңген. Бүгінде із-тозы жоқ.
Оң хан әулетінің ғасырдан ғасырға өткен қилы тағдыры – адамзат шеруі, халықтар тоғысына қатысты біршама мағлұмат берсе керек. Сонымен қатар, нәсіл-тек, абзал, асыл тұқым турасындағы халық ұғымын жаңғыртады. «Қасқа айғырдың баласы қасқа туады», – деген қазақ. «Қасқа тумаса да төбел туады», – деп үстейді. Сол қасқа мен төбел өз үйірінен алыстап кетсе, жат қана емес, жау болып шығуы да мүмкін екен. Арыдағы Қытай императоры Құбылай мен Дала қағандары Арық-Бұқа, Қайду арасындағы қырық жылдық қырғынды айтпағанда, кейінгі, одан ауқымы өлшеусіз кеміс Торғауыт–Қазақ соғыстарының өзі ұлттық арқаудың алмасуы қаншама апат әкелерінің нақты айғағы болып табылады.
Дайындаған Жұмабай Мәдібайұлы
Жазушы Мұхтар Мағауинның «Шыңғыхан» романнан алынды.
kerey.kz