Қазақ ежелдің ежелінен өзін еркін, тәуелсіз санаған халық. Біздің тарихи жазбалар бетінен таныған дәуірімізбен қарағанда сонау сақ, ғұн, оғыз, үйсін замандарынан түркі одағы болып жалғасқан алтын
арқауымыздың бәрінен де ерліктің өшпеген отын көреміз.
«Күлтегін» жырында кезігетін түркінің басын біріктіріп, қуатты мемлекет орнатқан Бумын қаған мен Істеме қаған рухы барынша айқын көрініс береді:
Адам баласы үстіне ата-тегім
Бумын қаған, Істеме қаған отырған
Отырып түрік халқының
Ел-жұртын қалыптастырған,
Төрт бұрыштың бəрі дұшпан екен,
Сарбаздарымен аттанып,
Төрт бұрыштағы халықты
Көп алған, бəрін бейбіт еткен, иелік еткен.
Бастыны еңкейткен, тізеліні бүктірткен.
Осылайша бас имейтін түркі рухы ерлік дабылын қағудан жаңылған жоқ.
«Тоныкөк» жырында:
Бүкіл түркі халқына
Қарулы жау келтірмедім,
Атты əскер жолатпадым.
…Еліміз қайта ел болды
Халқымыз қайта халық болды, – дегеніндей түркі елінің бас бостандығы мен елдігін нығайту жолындағы Тоныкөктің ақыл-парасаты тілге тиек етіліп, ерлік ескерткіші мәңгілікке қалды. Түркінің бір бұтағы – қазақтар да ежелгі дәстүріне езуінен енші беріп, қызыл тіл құдіреті арқылы азат жырларын асыл рухына арқау етіп отырды. Асан қайғыдай абыз бабамыздан көрініс табатын тентек, ноқтасыз жырлар желмаяға мініп жердің бетін кезсе, Бұқар бабамыз бұрқақты жырларымен ерлікті ұран қылды. Сол, айналайын, Бұхар екең бүгінгі біздер қолтығымызға кіргізуге асық болып отырған шүршіттер (қытайлар) мен «өгей ағамыз» орыстар және оның қатері жайында да ерте бастан-ақ алаңдап еді:
Шүршіт жатыр Арқада,
Барын көлдің басында.
Егін салып қасында,
Ақылы жоқ сал қазақ
Атын сатты кəпірге.
Ылау атын мінген соң,
Күнін, түнін бір етіп,
Бір күн жетер сол кəпір.
Жаушылыққа шығар ол,
Елшілікке барар ол,
Түрі момын болар ол.
Құлан қайда семірсе,
Жанын сонда төгер ол.
Егер шүршіт келмесін,
Егер шүршіт келсе бір,
Қабырғаңды күйретіп,
Жон-жұмыңнан сөгер ол!
Бұл жолдарды Бұхар бабамыз кешегілер үшін емес, дәл бүгінгі біздерге қадағалап, қапысын тауып, «ірге жаудың» қатерін дөп басып ескертіп отыр. Және де қатерді еткерту арқылы басқаларды ерлікке шақырған ежелгі Күлтегін, Тоныкөк дәстүрімен:
Мұсылманның баласы,
Сірə, бір кеңес құрыңыз,
Бір ауызды болыңыз…,
Өлетұғын тай үшін,
Қалатұғын сай үшін
Қылмаңдар жанжал-ерегес, – деп бірлік-береке, бір ауыздылық, болашақ жайында ұлағатты үн қатты. Бұхар бастаған топтың қанды қайнатар, ауыздық бермес асқақ үні Ақтамберді, Үмбетей жыраулармен жалғасын тапты. Ақтамберді:
Жауды шаптым ту байлап,
Шепті бұздым айқайлап.
Дұшпаннан көрген қорлықтан,
Жалынды жүрек, қан қайнап,
Ел-жұртымды қорғайлап,
Өлімге жүрміз бас байлап, – деп жырласа, Үмбетей Қабанбай мен Бөгенбайды жырға қосып:
Жалаң қия жерлерден,
Жазбай түсіп түлкі алған,
Білге жуан бүркіттің
Тегеуріндей Бөгенбай…
Ауыр қол жидырып алдырдың,
Қалмаққа ойран салдырдың,
Қабанбай мен Бөгенбай, – деп толғапты.
Түркі ерлігі қазақ болмысында Жиембет, Тəтіқара, Марқасқа, Досқожа, Шернияз, Базар, Мұрат, Нысанбай, Күдері, Ығылман, Нарманбет, Шортанбай, Əбубəкір, Дулат, т.б сияқты ақын-жыраулармен өзінің өлместігін көрсетіп отырды. Солардың көрнекті өкілдерінен Шортанбай – орыс отаршылдығына қарсы:
Нысапсыз екен бұл кəпір,
Жеріңді алды, малды алды,
…
Арқадан дəурен кеткен соң,
Қуғындап орыс жеткен соң…
…
Осы күнде заманның
Осылайша болып тұр.
Мұсылманды бұл күнде
Орыс кəпір жеңіп тұр, – деп толғаса, Дулат:
Батыстан патша түнегі,
Жеріңе келіп түнеді.
Жоныңнан таспа тіледі,
Дулат оны біледі, – деп қамыға, қан жылаған болатын.
Ал, онан кейінгі жерде түркі тегінен бастау алып, Асан Қайғы, Қазтуған, Шалкиіз, Доспамбет, Жиембет, Марғасқа жыраулардың поэзиясына сусындап, «Қырымның қырық батыры», «Ер Тарғын», «Қамбар батыр» жырларын жаттап өскен Махамбет Өтемісовтың марқасқа жырлары, Сырым Датов, Исатай Тайманұлы рухы кейінгі буынға жалғасты. Бұл үрдіс өзінің алтын өзегін сақтай отырып, Ыбырай Алтынсарин (1841-1889), Абай Құнанбаев (1845-1904), Шоқан Уəлиханов (1835-1865) заманына келгенде халқының көзін білім-ғылыммен ашып, өзгелермен өнер арқылы теңесу идеясымен өзгеше жол таңдады. 1916 жылдың алды-артында Жамбыл, Иса Дəукебаев, Біржан Берденов, Омар Шипин, Күдері, Сартай, Сəт Есенбаев сияқты ақындар сол бостандық, азаттық, тәуелсіздік рухын өздері таңдаған өзгеше жолдан қарастырды. Ал олардан басқа Алаш туы астына жиналған бір топ азуын айға білеп, тарих сахнасына өзге қырынан келді. Ескіні жақтаған, жаңаны толық танып білген, жүрегін ұлтына ұя, білімге қойма қылған сол текті топтың айтары да ашық болды. Қазақ халқының бір туар ұлдары Ахмет Байтұрсынов, Мағжан Жұмабаев, Міржақып Дулатов, Әлихан Бөкейханов, Мұстафа Шоқай сынды шоғырлы жұлдыздар легі Алаш аспанына жарқырай көтерілді. Отаршылдыққа, құлдыққа қарсы, тәуелсіз азаттығын аңсаған аңғарлы топтың атойшыл үні естілді. «Оян, қазақ!» деп алты алашқа жар салған Міржақып Дулатов (1885-1937) соның жарқын мысалдарының бірі. «Оян, қазақ!» деген мақаласында Міржақыптың өзі: «Оқушыларға мағлұм, «Оян, қазақ!» атты өлең кітабымды ескі үкімет шам көріп, «қазақ оянып кетеді» деп қорқып, 1911 жылы мені сотқа берді, сол себепті жыл жарымнан артық абақтыда жатып шықтым. «Оян, қазақ!» тарамасын деп үкімет үкім салды» – деген екен. Солайша Дулатов:
Оян, қазақ, көзіңді аш көтер басты,
Қараңғыда өткізбей бекер жасты.
Жер кетті, дін нашарлап, хал һарам боп,
Қазағым енді жату жарамасты, – деп
халқына адал жүрегін ақ байрақ етті. Елім деп еңіреп, халқым деп қабырғасы сөгілді. Оның замандасы Сұлтанмахмұт Торайғыров (1893-1920):
Қараңғы қазақ көгіне
Өрмелеп шығып күн болам.
Қараңғылықтың кегіне,
Күн болмағанда кім болам?
Мұз қатқан елдің жүрегіне
Жылытуға мен кірермін, – деп жырласа, Мағжан Жұмабаев (1893-1938):
Қыран құстың қос қанаты қырқылды,
Күндей күшті күркіреген ел тынды.
Асқар Алтай – алтын ана есте жоқ,
Батыр хандар, асқан жандар ұмытылды, – деп жазды.
Отаршылдыққа ашық наразылық танытқан осы тотың бел ортасында елінің азаттық таңы үшін күрескен Алаш арыстарының бірі Жүсіпбек Аймауытов та (1894-1938) болды. Ал, халықты кеңестік кезеңнің білім-ғылымымен азат етсем, өзгемен теңестірсем деп өзегі өрт болған ақынның бірі – Сəкен Сейфуллин (1894-1938) еді. Сөйтіп бағы аз, баяны қысқа кеңестік кезеңнің кедейлерді жарылқаған «кең қолтықтығы» арқылы халқына жарқын жол нұсқауды ойлады. Сәкенге ғана емес, ұлт болашағын партиядан іздеу, социялистік жолды даңғыл санау сынды сан қаламгерге «қызыл өлең» сыйлаған сол бір қулығына құрық бойламайтын сұрқия кезеңдегі ақындарға ілесіп, сан мыңдаған оқырман адасты. Алғашқы буынның қанды ізін басып есейген ендігі бір топ, кеңестік кезеңге «қолбала» болып отырып-ақ өз үнімен, халқының қайғы-зарын, елінің ертеңін жырлауға «еппен» кірісті. Шоғыры молаң сол топта М.Мақатаев, Ж.Нəжмеденов, Т.Айбергенов, Қ.Мырзалиев, Ғ.Қайырбеков, Т.Молдағалиев, І.Мəмбетов, С.Жиенбаев, Ə.Тəжібаев, Ғ.Орманов, С.Мəуленов, Қ.Шаңғытбаев, Қ.Аманжолов, Ж.Молдағалиев сынды дүлділдер бар еді. Олар «Алаш» деп ұрандап, оққа кеудесін керіп, басын «бақытсыздыққа» байламағанымен халқының жүрегінен табылды. Көбі ашық ойға бармасада «бүркеу» өлеңін жамылшы етіп, ой астарлылығы арқылы жоғалтқан азаттықтарын аңсап есейді. Сол бақытты – бүгінгі тәуелсіздікті көргендері де, көрмей көз жұмғандары да көп болды. Осыдан кейінгі ұлттық рухтың алаулап, жалаулап жанған кезеңі 1986 жылдың алды-арты еді. Ызғары күшті желтоқсан қозғалысы жер жаңғырықтырды. Талай көкірекке көмілген тәуелсідік шоғы үрленіп, азат ойлардың алауы маздай жанды. Жұмыкен мен Шәмші «Менің Қазақстанымды» көтеріп, қазақ жастарының кеудесіне от жақты. Қайрат Рұсқылбеков, Ербол Сыпатаев, Лəззат Асанова т.б. бастаған өңкей өрімдей жас елінің ертеңгі еркіндігі үшін шыбын жанын шытқа түйіп, қыршынынан қиылды. Тәуелсіздік дабылы қағылды. Отырардың ойран болған жұртынан түркінің «сарқынын тауып ішкен» Алпамыс ақын – Мұхтар Шаханов «Желтоқсанның мұзға жаққа алауын» былайша жыр етті:
Желтоқсанда шындық жырын шырқаймын деп шарқ ұрдың,
Желтоқсанда егеменді ел болсам деп талпындың.
Кеудеңде əлі сызы жатыр сол кездегі салқынның,
Айналайын, жас қайратым, жас өркені халқымның!
Өсер елдің қай сəтте де бірлік болмақ қалауы,
Лаула, лаула желтоқсанның мұзға жаққан алауы.
Өздеріңдей өр намысты жас өркені бар елдің
Ешқашанда еңкеюге тиісті емес жалауы!
Махамбеттің «Қызғыш құсынша» қазақ аспанында шыр-шыр еткен Есенғали Раушановтың «Қара бауыр қасқалдағының» үні де бір төңкерістен кем болмады. Осылайша қаймағы қалың қазақ әдебиетінің мәйегі қай күннен бастап-ақ ерлік, тәуелсіздік ұғымымен егіз өмір сүрді. Түркі тастарына қашалған бөрі рухы даламызда жосылып, алтын топшы болат қыранымыз қиянға самғады. Ежелден енеміздің сүтімен сүйегімізге сіңген ақ уыз – еркіндік, тәуелсіздік ұғымы аңыздан ақиқатқа айналды. Ендігі жерде тәуелсіздікті аңсау емес, оның тұғырын бекемдеп, туын аспандату Алашшылыдар мұраты болып жалғасты. Алла Тағала қазаққа шексіз бақыт берді. Сол бақыт тәуелсіздік таңымен бірге қазақ елін айдай әлемге танытты. Елдің бағына, жердің бағына Нұрсұлтандай ұл шығып, қабырғасы сетіненген ежелгі елді бүтіндеп, жаңа мемлекет етті.
Сөйтіп, қазақтың алтын ғасыры туып, ел егемендігін қайта қолына алған 1991 жылдан кейінгі туған жырлардың дүбірі қамаудан босаған арғымақтар шабысынан бір кем соқпады. Қазақтың даласын нұр, қаласын жыр кернеп, елдің үні еркін шықты. Күлтегін, Тоныкөк бастаған бабалар рухы бас көтеріп, көгенсіз жырлар көгілдір аспанға жамырады. Ұлттық рух ұранды үнімен асқақтай түсті. Түркілік сарынды түп тамыр еткен тәуелсіздік жыры тұла бойымызды қыздырып қобыздың үніне, домбыраның күйіне қанат бітірді. Тәуелсіз елдегі бақытты қазақтар өз мемлекетінің қожасына айналды. Осы байтақ даланың парызы мен қарызын келешек ұрпаққа аманаттау сынды ауыр міндет арқалаған біздер өткен күндердің елесін ойлаған сайын Аллаға, тәуелсіздікке тәу ете отырып өз жүгіміздің ауырлығын тіпті де сезіне түсеміз. «Мәңгілік елдің» бақыты мен тәуелсіздігі де мәңгілік болғай!
Пайдаланған әдебиеттер:
«Күлтегін», «Тоныкөк» жырлары
Бұхар, Ақтамберді, Үмбетей жырлары
Шортанбай, Дулат жырлары
Міржақып Дулатов, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Мағжан Жұмабаев, Мұхтар Шаханов өлеңдері
Жәди Шәкенұлы
Жазушы-академик