Қажығұмар Шабданұлы – Жазушы, ақын, драматург. Қытай қазақтары жазба әдебиетінің негізін қалаған тұлғалардың бірі.
1925 жылы қазіргі Шығыс Қазақстан облысының Таңсық елді мекенінде дүниеге келген. 1930 жылдардың басында Қазақстанды жайлаған ашаршылықтан бас сауғалап, ата-анасымен Шығыс Түркістанның Дөрбілжін ауданына ауып барған. 1940 жылы Дөрбілжін қаласындағы орталау мектепті бітірген. 1941-1945 жылдар Үрімжі қаласындағы (Шығыс Түркістан) педагогикалық училищеде оқыған. 1944 жылы Үрімжіде оқып жүрген кезінде ұлттық азшылықтар көтерілісіне байланысы бар деген айыптаумен Қытай билік орындары тарабынан қудаланып абақтыға түскен. 1946-1951 жылдар Дөрбілжін орта мектебінде мұғалім болып жұмыс істеген. Жергілікті халықтардың мәдени-ағарту көтерілісі кезеңінде Дөрбілжіндегі «Қазақ-қырғыз ұйымын» басқарған. 1952 жылы қызмет бабымен Үрімжі қаласына шақырылып әуелі «Одақ» журналының, кейін «Шұғыла» журналының бас редакторы болды. 1958 жылы «оңшыл», «солшыл» деген саяси айыптаулармен бас бостандығынан айырылып сотталған. Кесілген жазасын Такламакан шөліндегі Тарым лагерінде өтеп, сол абақтыда 22 жылдай мерзімді өткереді. 1980 жылы. жазасын өтеп әрі ақталып бостандыққа шығады. 1986 жылы. желтоқсанында ұлттық дербестікті көздейтін «Үміт» атты партия құрды және Қазақстанның астыртын ұйымдарымен байланыс жасады деген айыптаулармен, шетел жансызы деген желеумен 15 жылға бас бостандығынан айырылып жазаланады. Жаза мерзімін Үрімжі қаласының № 1 түрмесінде өткізіп, 2000 жаза мерзімі аяқтап бостандыққа шыққан. Алайда, 2000 жылдан 2005 жылға дейін Шәуешек қаласында (Шығыс Түркістан) үй қамауы мен полиция қадағалауында, яғни «мырза қамақта» болған. Қытай үкіметі тарабынан саяси себептерге байланысты заңсыз қудаланғаны үшін Қ.Ш. қамауда отырған кезде Лондон қаласында штаб-пәтері орналасқан адам құқығын қорғау «Халықаралық рақымшылық» («Amnesty International») ұйымы оны «ар тұтқыны» деп танып, Қытайдың құзыретті ресми орындарынан ол кісіге байланысты әділ тергеу мен ашық сот жүргізуін жүйелі түрде талап еткен.
Шығармалары
1943 жылы «Сол үшін» деген тұңғыш өлеңі сол кезде ШҰАР-дағы «Малшы» газетінде жарияланады.
1950 жылы «Біздің үй» поэмасы және басқа өлеңдер мен дастандары баспа бетін көреді.
1956 жылы «Бақыт жолында» повесі басылып шығады.
1978-1986 жылдар аралығында Қ.Ш.-ның көптеген шығармалары жазылып жарық көреді, оның ішінде «Өгейлер» романы (1985 жылы) «Тарбағатай» журналында жарияланады.
Қ.Ш.-ның ерекше шығармасы – «Қылмыс» атты алты томнан (кітаптан) тұратын романы. «Шынжаң халық баспасы» жағынан 1982 жылы «Қылмыс» романының 1-томы, 1986 жылы 2-томы жарық көрген. 3-томы баспадан жинап алынған.
«Қылмыстың» бірінші кітабы кейін Қазақстанда да басылады (Шабданұлы Қ. Қылмыс. Бірінші кітап. Алматы: Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы, 2004).
Кейіннен аталған ұйым жағынан (2009 жылы) «Қылмыстың» 6 томдығы тұтастай жарық көрді.
Романның арқауы – Қазақ даласына Кеңес өкіметінің орнауынан басталып, 1930-1940 жж. Шығыс Түркістандағы ұлттық азшылықтардың азаттық қозғалысына дейін тарихи және күнделікті оқиғаларды баяндайды. Шығарманың тілі уытты саяси әжуа мен мысқылға толы.
1989 жылы «Пана» романы. Бұл шығарманың негізгі кейіпкері – Шығыс Түркістан қазақтары ұлт-азаттық қозғалысының қаhарманы Зуқа батыр Сәбитұлы болып табылады. Жазушы романды түрмеде жазып бітірді. «Пана» романы Қазақстанда жарық көрді (Қар.: Шабданұлы Қ. Пана. Алматы: Көркем, 2004).
«Қылмыс» қалай туды?
Қажығұмар Шабданұлының «Қылмысы» бақандай алты кітап. Қытайда Шынжаң халық баспасы жағынан І томы 1982 жылы, ІІ томы 1985 жылы жарық көрген. ІІІ томы 1986 жылдың соңында басылып-таратылып жатқанқа жинап алынған. Қазақстанда Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы жағынан 2004 жылы «Пана» атты тарихи романы жарық көрсе, 2005 жылы «Қылмыстың» бірінші кітабы басылым көрді. 2009 жылы Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы жағынан бұрынғы басылып шыққан бірінші томды құрамына алып 6 томдық еңбек болып тұтастай жарық көрді. 2000 жылы Қ. Шабданұлына «Қылмыс» роман-эпопеясы үшін Қазақстан жазушылар одағының халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығы берілді.
Роман-эпопеяның жазылған тарихи жағдайына келсек, 1966 жылы бүкіл Қытайда «Мәдениет төңкерісі» аталған кері бағыттағы қозғалыстың болғандығы көпке мәлім. Мұнда нақақ жала жабу барынша етек алып, қазақ зиялыларына «ұлтшыл», «халық жауы», «шетке байланған» дегендей ат қойылып, айдар тағылды. Қажығұмар Шабданұлы да осы жаланың құрбаны болып, 1967 жылы түрмеге түсті. Оның «көзге шыққан сүйелдей» болуының да өзіндік себептері бар.
Қажығұмар 1925 жылы бұрынғы Семей облысының Ақсуат ауданының Таңсық деген жерінде туған. 1931-1932 жылғы қуғын-сүргін және аштық кезеңінде отбасы мүшелері іркес-тіркес Қытайдың Тарбағатайына қашып өткен болатын.
Романның жазылу жайы – «Кірісу» атты алғы сөз негізінде жазылған алғашқы бөлімінен-ақ айқын көрініп тұр. Жазушы және шығарма туралы түсінігімізді тереңдету үшін сол бөлімнен үзінділер келтіре кетейік:
«1968 жылдың басы.
Темір қақпақ пен шәугімдей шойын құлып шарқ-шұрқ ете түсті. Қап-қараңғы терең ұрада жатқан мен елеңдеп басымды көтеріп алдым. Жүрегімде әлде небір шойын темірге соғылып, шақылдап кеткендей болды. Тұла бойымды түршіктірген қатер мен күдіктің мұздай суық желі сумаң қақты…
Сөйтіп, шошына қарадым. Қақпақты ашқан бас тергеуші Хұңуыйбеңнің өзі екен. Құдыққа түсе сала:
– Жаздың ба? – деп арс ете түсті.
– Нені айтасыз, тергеушім? – деп сыпайы ғана қарсы сұрақ қойдым.
– Нені?!.. Қылмысыңды деймін!.. Ойлан, толық жаз деп тапсырмап па едім саған!.. Құйрығыңа етік тұмсығы тимесе ұмыта қалатын неме екенсің, ә, сен!
– Жоқ, ұмытқаным жоқ, тергеушім. Өмірбақи ұмытпаймында. Бірақ алдыңғы күнгімен он алты рет жаздым ғой, жасырып қалған ештеңем жоқ.
– «Ештеңем жоқ?» көзіңе саусағымды тығып тұрып, жазып берермін мен саған! Үстіңе күніне қанша мәселе түсіп жатқанын білмейсің, ә, сен! …
– Мен саған айтып қояйын, – деп бас тергеуші сөзін жалғастырды. – Қылмысыңның бір түйірін де тапсырмадың сен әлі, қыл аяғы өзіңнің қап-қара өмірбаяныңды да жасырып жатырсың! …Мен саған айтып қояйын, ендігі сенің тірі құтылу жолың біреу ғана. Ол – өз қылмысыңды толық жазып тапсыру ғана. Тіршілік керек пе өзіңе?!
– Әрине… Мүмкін болса… Керек қой! – деп жымия қарадым. – Егер мүмкін болмаса, сіздерді әурелеудің жөні жоқ та… Бұрынғы жазғандарым дело қапшықтарыңызға лайықтап, ықшам жазылған, мәселенің тоқ етер түйіні ғана еді. Егер жаза берсем қамқорлық етіп тіршілік бере беретін болсаңыздар, жаза берейін. Дүниеде қылмыс деген көп қой. Мен елуден артығырақ жас жасаған адаммын. Демек қылмысқа қатынасқаныма жарым ғасыр болды. Бұл уақыт өту барысындағы өз көзіммен көрген, қолыммен істеген қылмысымның бәрін-ақ жазайын. ..Қылмыс тапсыру керек болған соң бәрін-ақ тапсырайын. Бірақ, жазу үшін қол керек. Мына шойын қыспағыңызды алып, қолымды босатыңыз! Жазу үшін көзге жарық та керек. Жарығырақ бөлмеге орналастырыңыз!…
– Сен қылмысыңның бірін қалдырмай жазасың, ә! Егер… қылмысыңды ең басынан бастап уақыты, өтілген орны, өтілу ахуалы, кім-кімдер көрген… анық жазасың!
– Мап-мақұл! Қылмыскер әкем көзін ашқаннан бастап өткізген қылмысын, өз көзімді ашқаннан бергі қылмысымды бірін қалдырмай көз алдыңыздан кино картинасындай тізіп өткізейін!..(І том «Кірісу»-ден)
Міне, Қажекеңнің «Қылмысы» осылай басталған.
«Мәденитет төңкерісі» аталған зобалаң аяқтағаннан кейінгі 1978 жылғы оңалу дәуіріне байланысты көптеген адамдар түрмеден босатылды. Жазықсыздардың атақ абыройы мен еңбек ақысы да қалпына келтірілді. Осы қатарда түрмеден босаған Қ.Шабданұлы бостандыққа шығып, әдеби ортаға қайта араласты. Түрмеден босағанда барлық қолжазбалары өзіне тапсырылып берілді. Мүмкін Қажекең түрмеге отырмаса «Қылмыс» жазылмас па еді, қайтер еді?!
Көп томдық романның ендігі жалғасы бостандықта жазылды.
Ал осыдан кейін араға он жылдай уақыт салып, Қажекеңді қайта «ұшық» шалды. Бұл жолы 15 жылға кесілді. Алайда:
Алтын сірә жез болмас,
Отқа салып ертсеңде.
Асыл жібек бөз болмас,
Аяққа шұлғау етсеңде, – дегендей болды.
Қажығұмар аңызы тағы да дабырасымен жалғасып жатты. «Қажекең соңғы түрмесінде кәртейгені сол жасарып алыпты» деп пыш-пыштады жұрт.
Еңсесін түсірмеген нар тұлға:
– Осы реткі отырған түрмем жайлылау болды. Түрменің ішкі газетінде редактор болдым. Қалам, қағаздан таршылық көрмедім. Біраз нәрсе тындырып алдым, – дейтін көрінеді амандаса барушыларға. Жазушының «Пана» романы осы «жайлы» жерде яғный 1988-1989 жылдары Үрімжі бірінші түрмесінде жазылған(Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы жағынан 2004 жылы шыққан «Пана» романының соңғы беттеріне қараңыз). Жазушы бұл романының бір бөлімін сыртқа парақтап шығарып отырған.
Сөйтіп түрмелер арасында ойналған «жасырынбақ» арқылы «Қылмыспен» бірге «Пана» өмірге келген болатын.
Шығарма шырайы – қазақы мысқыл мен удай кекесін
Қазақ әдебиетінің алыстағы ағайын арасындағы азуын айға білеген көкжалы – Қажығұмар Шабданұлының атын асқақтатқан «Қылмыс» романының тілдік жағындағы ерекшеліктерін ескере отырып «қазақы мысқыл, удай кекесініне» азырақ аялдайық.
Романның көркемдік деңгейіне көз салсақ, өмірдің өз шындығы әдебиеттік биікке көтеріліп, шымыр құрылым, айшықты тіл, сықақшылдық шығарма шырайын аша түскен. Әсіресе, әрбір тараулар мен бөлімдердің: «Құдіретті тергеушім, өтірік қоссам, тас төбемнен ұрыңыз!» деп басталып, «Міне, бұл менің қылмысым емей немене» деген тектес ой түйінділерімен аяқталуы жазушыны өзгеден ерекшелендіріп, шығарма шындығы иіріміне тартады.
Тұтас роман бейне бір арқан бойына байланған көгендер сияқты, әр көгеннің өз бұршағы, өз тиегі, өз күрмеуі бар. Бірақ, барлығы бір желінің бойында жатыр. Ол жалған сурет, зорлықты үндестік дегендерден мүлдем аулақ. Өмірдің өзі қандай табиғи болса, шығарма да сол өзекті қуалап оқушысын өмір қайшылықтарына жетелеп отырады.
Роман атының «Қылмыс» болғанындай, жазушы өзінің «қылмысын» әшкерелеу емес, қоғамның, заманның «қылмысын» ажуалы мысқылмен бетіне басып келемеждейді. Онда ХХ ғасырды қамтыған жарты ғасырдың шерлі шежіресі бар.
Иен далада құдыққа құлап өлген «мен»-нің әжесінің тағдырын баяндай келіп: «Әділетті тергеушім, осы үлкен шешемнің өз құрсағынан шыққан балаларын зар қақсатып, ләм демей, рахымсыз ызғарлы күйінде кетуін қарашы, не деген тас бауыр еді! Кішкенелерін есіркемей, тым болмаса маңдайынан ақтық рет бір сипамай, бір жібімей тас болып қатып, панасыз иен құмға тастап кетуін қарашы!.. Неткен рахымсыз қылмыс!» – дейді. Мұндай ащы кекесін шығарманың өн бойынан жиі кездеседі. Жүректі сыздатқан сыз, толғақтай қысқан запыран ғұмыр бәр-бәрі қанды көбіктей бұрқ-бұрқ етіп отырады.
«Тергеушім… Менің қылмысым басқаны қойып, жүгімді ешкіге артуға да жетті. Сол жолғы көп көшуден мүйізі қарағайдай кәрі бөрте жауыр болды. Сол ешкінің аруағын шақырып алып, айғақ етсеңіз, мүйізі көзімді ағызар еді.»
«Сізге керегі – қылмыс. Бұл үшін ел іздеп, шөл кезген иесіз бұралқы иттің делосында болатын қылмыстарды біздің деломызға да қосып жіберсеңіз болғаны. Ондай иттің ыстықта шыжитын майы болмайды. Біздікі сияқты қаны ғана кебеді. Мұрнынан алған демге ол да қанағаттанбай, аузын арандай ашып, тілін салақтата обады. Оның қылмысы да қарынының қай жерінде екенін таба алмайсыз. Қылдырықтай болған бел омыртқасына жасырып, жабыстырып алады да бүктетіле бүлкілдейді. Анда-санда тұмсығын бір көтеріп қойғаны болмаса, ол да басын жерден алмай бүлкілдейді…»
Мұндай тікенді тіркестерден қалса, кейіпкер суретін жасаудағы қазақы мысқыл удай кекесін екінің бірінде ерін ұшынан жебедей атылып жатады.
«Кептердің айғырынша басын төмен сала шұлғып, гуілдеп сөйлеген сөзінен…», «әсіресе, гоминьдаңдық мұғалімдер келіп, өтірік күлкіге жари бастаған кезімізде…», «…кең маңдайлы жуан басын сүзеген бұқаша тұқыртып алды».
«Қылмыс» – аянышты тағдырды ащы күлкіге жасырған Шынжаң зиялылараның кешулері. Онда сүйекке түскен таңба, жанға батқан жара – жұдырықтай жұмылып кекпен біленеді.
Өзекті жарып шыққан ардың үні жазушы жүрегінің әмірін жеткізіп, философиялық ой түйіндерімен астасатын тұстары да аз емес. Сондай тіркестерге бір соғып өтсек, төмендегі мысқылдардан көреміз:
«Қасқыр боп келіп түлкіге, түлкі боп келіп қасқырға айнала қоятын құбылмалы жау – ең қиын жау…»
«Дүниеге адам алғаш келгенде күле келеді, қылмыстысы да, қылмыссызы да күле келеді. Одан соң ақырындап қорқу мен қорқыту сатысына өте бастайды…»
«Ең құдіретті жүрек – ана жүрегі, балалары үшін ол жүрек жазадан, қысымнан, қырсықтан, тіпті өлімнен де қорықпайды».
«Жолбарыстың жауыздығы әшкереленген сайын, түлкілердің «жөке-жөкесі» көбейе түседі».
Мұндай тіркестер бүкіл роман бойындағы «тұздық» секілді кездесіп отырады. Жазушы қаламын құдіреттендіретін ерекше ен таңбаның біреуі де осы.
Жалпы алғанда «Қылмыс» роман-эпопеясы Қажығұмар Шабданұлының қалам қарымын көрсететін өкілдік шығармасы болып, шетел қазақтарының, шетел асқан қазақтардың тарихын, өмір кешулерін бейнелеудегі реалистік туынды. Шығарманың көркемдігіне саятын кей тұстары оқушыны бірден таңғалдырып, табындырып кете алмауы да мүмкін. Бірақ, көп бөлімінің түрмеде туғанын ескерсек, тас түрменің түбінде, сыз еденнің үстінде, күңгірт сәуле астында, ешбір жазба материалдарының көмегінсіз, қарауылдың қадала аңдуында жазылғанын ойласақ, жазушының қажымас рухы мен қалам қуатына, бәрін күні бүгінгідей шерте білген ойлау жүйесіне қайран қаласыз. Бұл жағынан қарағанда кемшін тұстарына кешіріммен қарауыңызға тура келеді.
Бірақ бұл туындының тек қана Қажығұмардың «ҚЫЛМЫСЫ» екенін мойындамау мүмкін емес. Жазушының ерекшелігі де, Қажығұмардың Қажығұмарлығы да осында. Бұл жазушы шеберлігі, қаламның құдіреті!
Пайдаланылған әдебиеттер:
Қ.Шабданұлы «Қылмыс» романы І томы Шынжаң халық баспасы, Үрімжі. 1982 жыл.
Қ.Шабданұлы «Қылмыс» романы ІІ томы Шынжаң халық баспасы, Үрімжі. 1985 жыл.
Қ.Шабданұлы «Пана» тарихи роман, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы, Алматы. 2004 жыл.
Ж.Шәкенұлы «Тас түрменің дауысы» мақала, «Қазақ әдебиеті» газеті 2005 жыл 2 желтоқсан.
Ж.Шәкенұлы «Қытайдағы қазақтар» – зерттеулер, Алматы: Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы, 2007 жыл.
Ж.Шәкенұлы «Қытай қазақтарының әдебиеті» Сын-зерттеу мақалалары. Алматы, «Politra Press», 2018 жыл.
Жәди Шәкенұлы
Жазушы-академик