Болат Бопайұлы
ҚР Жазушылар Одағының, ҚР Журналистика Одағының мүшесі, Қазақ ұлттық салт- дәстүр, әдет- ғұрып академиясының академигі, этнограф жазушы
Қазақ жаңа туылған баланы жеті күн өтіп, кіндігі түскен соң, бесікке салу салтын өткізеді. Баланың кіндігі түспей тұрып, баланы бесікке салмайды. Кіндігі түспеген баланы бесікке салса, өмірі қысқа болады, тіршілігіне қауіп төнеді, бақытсыз болып қалады деп ырым етеді. Кіндік – баланың жанды жері. Кіндікке суық тисе, бала аурушаң болады. Бала кіндігі түскен соң үш күн өткізіп барып, баланы бесікке салу тойын жасайды. Бесік тойға ауыл әйелдерін шақырады. (Брынғы заманда ер адамдар бесік тойға қатынаспайды). Тойға келген әйелдер балаға арнап әр түрлі сылдырмақ- ты ойыншық, киім-кешек әкеледі. Әдемі күміс табаққа тәтті бауырсақ, құрт-ірімшік және күміс теңге араластырып, бесік той құтты болсын деп шашу шаша келеді. Жаңа бесікке тіл көзден қалас болсын деп, қасиетті кітап Құран кәрімнен дұғалар жаздырып, тұмар әкеп тағады. Қазақтың байырғы салтын ұстанып, үкі қауырсынын қадайды. Қыран құстың тұяғын, жыртқыш аңдардың тырнағын, көкжалдың тісін, кірпінің тікенін бесікке әкеліп байлайды. Ұл баланың бесігі басына – пышақ, қыз баланың бесігі басына – қайшы, екеуіне де сары ала қамшы қояды. Сөйтсе, балаға тіл тимейді, көз сұғы болмайды, қастық өтпейді, жадылық жетпейді деп қарайды. Осы нәрселер көзге көрінбейтін әлдеқан- дай қаракүштердің зиянынан сақтайды деп сенген. Бұл ислам діні кіруден бұрынғы шамандық дәуірдегі сенімдердің сарқыты деп қаралған. Бірақ қазақтың салт-дәс- түріне мықтап енгендіктен әлі күні пайдаланып келеді. Бесік тойда бесікті баланың кіндік анасы әкеледі. Бесікке қатысты, көрпе-жастық, аяқбау,қолбау, тартпа бау,шүмек-түбек, бесік жамылғы, бесік тор, бесікке тағатын үкі қауырсыны және балаға жеті қабат киім-кешек, алғашқы ит жейдесін түгел баланың бесікке салу анасы әкеледі. Бұл – ырымды жол. Өйткені, бала мінезі бесікке салған анасына тартады деген ұғым бар. Осы нәрселердің біреуі кем болса, бала мінезі тар болады деп қарайды. Ауыл аналары тойға толық жиналған соң, баланы бесікке салудан бұрын бесікті адыраспан, арша сияқты шөптерді отқа тұтатып, оның алауымен, түтінімен бесікті аластайды. Жын-жыбыр, құрт-құмырсқа, тағы басқа зиянды нәрселерден тазалайды. Осылай еткенде бесікті аңдып, күзетіп тұрған көзге көрінбейтін қара күштер от алауынан қашады деп ойлайды. Бесікті аластағанда «алас-алас, пәледен қалас» деп жеті рет айтады. Зіркіреп зікір салады. Сонда бесік те, үй іші де бөгде ойдағы адам да түгел тазарады деп сенеді. Қазақ аналарының бесікті осылай тазартуының да өзіндік үлкен рухтық мәні, сенімдік жолы бар. Біріншіден, арша, адыраспан – қасиетті шөп. Ол жазылмас, жетпіс екі түрлі ауруға ем болады деп қаралады. Оның хош иісі бесіктегі бөтен, жағымсыз иістерді жояды. Харам нәрселерді аластайды. Ұшпа тозаңдарды өртейді. Екіншіден, Нұх пайғамбар соғыста жүргенде садақ оғы қадалып, оның қаны тамған жерге Алла тағала арша мен адыраспанды шығарған деген рауаят бар. Бүгінгі медициналық ғылымда жүз градустық ыстықта, яғни қайнаған суда өлмеген микробтар адыраспанның хош иісінен өледі деген дәлел бар. Қазақта «Адыраспан – адыраспан тұрған жерге сірә баспан» деген тәмсіл бар. Өйткені адыраспанның құрамында белгілі дә- режеде у болған. Баяғы қазақ аңшылары қолында құрал болмаған кезде адыраспанның уын алып, оны етке құйып, арыстан, қасқыр, түлкі сияқты жыртқыш аңдарға «шырға» етіп тастағанда, оны жеген жыртқыш аңдар , жеген жерде сеспей қатады екен. Ал бесікті адыраспанның иісімен аластағанда бесік қана емес, оның хош иісінен бүкіл үйдегі, тіпті адам демінен тараған әртүрлі микробтар жойылады деседі. Адыраспан мен аршадан жын қорқады, пәле жуымайды. Бір көне аңызда «Бәрін оңғарсам да, аршаны оңғара алмадым, адыраспанды баса алмадым» депті шайтан. Аршаның жап-жасыл боп тұруы, қарағайдың жасылдығы Әбу Хаят суы төгілгендіктен. Балаға соның күші, рухы беріледі деп ырым еткендіктен. Үшіншіден, шайтан оттың жалынынан жаралған. Ол оттан қорқады. Қараңғы жерде алагеуім кезде өмір сүреді. Лас жерді, дәретхана, моншахананы мекен етеді. Күл төккен жерді, күресінді азық етеді. Жас сәби балалардың иісіне қызығады. Олар әлсіз болғандықтан, оны басынады, соны төңіректейді деп ұйғарады да , бесікті алаулатып, отпен, аршамен, адыраспанмен аластайды. Қазақ – тазалық пен тәртіпке ерекше мән берген халық. Осы айтып отырғандардың барлығы ертегі сияқты әншейін сөз болып көрінгенмен, өткен ғасырдағы ата- бабалардан, асыл әжелерден үзбей жалғасып келген мықты, жетелі салт пен дәстүріміздің бірі. Тіпті, оның арғысы Зұлқарнайын Ескендір патшадан бастау алады. Бір аңызда Зұлқарнайын Ескендір патша Алладан намаз соңында: «Мың жас ғұмыр бер», – деп күні- түні тілей беріпті. Бір күні Алла тағала Зұлқарнайын патшаға Қызыр пайғамбарды жіберіпті. Қызыр пайғамбар ақсақалды ата бейнесіне кіріп, Зұлқарнайынның қасына келген екен. Сосын Алланың әмірімен Қызыр пайғамбар Зұлқарнайынды көкке алып ұшып, Қап тауының түбіне, Ніл дариясының көзіне әкеледі. Ніл дариясының қасында мөлдіреп ағып жатқан бір бұлақ суын көрсетеді. Зұлқарнайынға бір торсық су алып береді. «Осы суды қазір ішпе. Үйіңе бір күндік жол қалғанда ұйықта. Ұйқың қанған соң суды қанып іш. Сонда мың жасайсың. Осыдан кейін бұл суды көксемейтін боласың», – деп тапсырады. Бұл су «өлмес су» еді. Тарих- та бұл суды «Әбілхаят суы» деп атап жүр. Қызыр пайғамбар Зұлқарнайынды қайтадан көкке алып ұшады да, үйіне бір күндік жол қалатын жердегі орманның қасына келіп түсіреді. Өзі ғайып болады. Зұлқарнайынның ұйқысы келіп, торсығын ағаш басына іліп қояды да, тастай қатып ұйықтап қалады. Ұйқыдан оянса, торсық тесіліп қалған. Суын бір нәрсе ішіп кеткен. Тамшылары қарағай мен аршаға тамған. Бұл су сол «Әбілхаят суы» еді. Оны құзғын ішіп, мың жасайтын болыпты. Қарағай мен аршаға төгіліп, олар мәңгі жап- жасыл болып тұратын болып қалыпты. Қазақтың қара өлеңінде «Кім бар дейсің құзғындай мың жасаған» деген өлең жолы бар. Қазақ қарағай мен аршаны жастықтың. өлмес рухтың, өміршең күштің бейнесіне балауы, жаңа үйге кіргенде, қоныс аударғанда, баланы бесікке салғанда, ауырып сырқап қалғанда аршамен аластауы осыдан қалған. Дәрет алатын құманға аршаны салып қойса, дәрет суы таза болады. Онымен дәрет алған адамның тілегі қабыл болады, жұқпалы тері ауруларынан халас болады, беті- қолын жуса қартаймайды, әжім түспейді, жүзі нұрлы болады деп сенеді. Ал адыраспан – Ұлықпан хакім тапқан шипалы шөп дәрі. Аңызда айтылуынша, адыраспанның өлтірмейтін харам нәрсесі жоқ. Адыраспан тұрған жерге шайтан жоламайды деп аршаны, адыраспанды үйге іліп қоятыны да содан. Қазақ баланы бесікке салудан ілгері ” бесік ана” қолына бір табақ тәтті бауырсақ, құрт, ірімшік және оған күміс теңге қосып араластырып, бесіктің түбек салатын тесігінен «Тышты ма, тышты ма, тышты ма?» деп уыстап төгеді. Оны тойға келген әйелдер мен балалар бөлісіп жеп, жырғап қалады. Бұл да бесік тойының үлкен жоралғыларының бірі. Мұны қазақ халқы «тыштырма» деп атайды. Баланы кейде қырқын сақтайды, қырық күн өтсін деп қырық күннен кейін бесікке салатын әдет те бар. Ондайда қырқы мен бесік той рәсімдері қатар өтеліп жатады. Мұндайда алдымен баланың қарын шашын, сүт тырнағын алады. Баланың аталарының бірі қарын шашын алса, аналараның бірі сүт тырнағын алады. Бұл екеуі де үлкен ырымды кәделер саналады. Баланың қырық күндік «қарын шашын» ер адам алады, әйел адам алмайды. Егер әйел адам шаш алса, бала өсекші болып кетеді, есейгенде ез болады. Егер қыз бала болса , жолы тосылады , бой жеткенде марқа қыз болып отырып қалды деп ырым етеді. Баланың шашын алғанда оған ер адамның ақ көйлегін қояды не ақ орамал жаяды. Алған шашты көйлекке орап, атасына береді. Жол күйінше атасы жейдені алып қарын шашты ақ шүберекке түйіп, тұмар етіп баланың бесігіне байлап кетеді. Тырнақ алған анаға да жаулық не көйлек қояды. Баланың тырнағын алып болып, оны бір ақ шүберекке орап, бәйтеректің не жеміс ағашының түбіне көмеді. Көйлекті өзі киеді. Шашты ер адамның алғаны – мінезі ершікеш болсын дегені. Тырнақты әйел адамның алғаны – мінезі жайдары, қолы епті болсын дегені. Қырқынан шыққан баланың ит көйлегін де дәл осы күні шеше- ді. Баланы қырық қасық шілде суына шомылдырады. Шомылдыратын суға күміс не мыс теңгелер салады. Әйелдерге, қыздарға тән жүзік алқа қосады. Бұрынғы замандарда қырық әйелге қырық қасық су құйдыратын да болған. Қазір үш, бес, жеті әйел қырық қасық суды құйып шомылдыра беретін болды. Бұл қырық қасық судың өзіндік ырымды жолы бар. Ұл баланы қырық күнге толтырмай, отыз жеті не отыз тоғыз күнде қырқынан шығарады. Қыз баланы қырық бір күнде қырқынан шығарады. Қырық күнге арналып қырық қасық су құюы бала бақытты болсын, ғұмырлы болсын, мол ырзықты болсын, денсаулықты болсын, қырықтың бірі Қыдыр қолдап жүрсін деген ырымды нанымнан туған. Баланың қырық күн иісі сіңген ит көйлегін шешіп алғаннан кейін оған тәтті нәрселер түйіп, бір күшіктің мойнына байлап жібереді. Балалар оны қуып жүріп, ұстап алады да, тәтті тағамдарды жейді. Көйлекті баланың анасына әкеліп береді. Ит мойнына байланғандықтан бұл көйлектің аты «ит көйлек» немесе «ит жейде» деп аталған. Бұрынғы заманда қазекең алыс жолға шыққанда, дау- шарға барғанда баланың ит көйлегін қойындарына салып, тұмар ретінде ала баратын болған. Сөйтсе, дауда жеңеді, жолдан аман оралады. Өйткені жас сәбиді жақсылық періштесі қырық күн күтті, қолдады, қасында зікір айтып отырды деген ұғым бар. Осы жол-жоралғылар түгел өтеліп болған соң барып, баланы бесікке бөлейді. Баланың қол аяғын түп-түзу етіп таңады. Сосын баланы туған анасына емізуге береді. Бала бесікке салынып болған соң, баланың кіндік анасы тойға келген бесікке салған аналарға шапан-шақпыт, көйлек-көншек, жол- жоралғы, сый-сыбаға таратады. Бесікке арналған той тағамдарынан дәм беріп аттандырады. Жә, қазақта «Адамның жақсы болмағы салған бесігінен, келіннің жақсы болмағы кірген есігінен» деген тәмсіл сөз бар… Бесікке салынған баланы суық алмайды, ыстық шалмайды. Денсаулығы жақсы болады. Қол-аяғы жұп-жұмыр болып өседі, бойы сындарлы шынардай болады. Көркем келбетті, сұлу шырайлы болып өседі, мінезі майдай, дидары айдай болады деп ырым етеді. Қазақ бесікте тербетіліп өскен баланың артқы-алдыңғы миы, қабылдау түйсігі тез жетіледі. Бесік – балаларға арналған дене жетілдіру құралы. Тазалықтың кепілі, қауіпсіздіктің қорғаны. Тал бесікте жатып өскен бала жер бесікке дейін бақытты болады. Бала бесіктен марқаяды. Бесіктегі бала бес түлейді деп қарайды. Баланың анасы баласын емізіп отырып, бебеу қаққан әлди жырын айтады. Күміс қоңыраулы қоңыр үнімен бесік жырын ақ жауындай төгеді.
Қазақ аналары осы әлди жырымен-ақ баланың мінезін сонау сәби кезінде қалыптастырады. Ақылы мен арын бала құлағына бақыт нұры етіп құяды. Бал тілімен еркелетеді. Ерке жырмен сылаң қақтырады. Бөпем-бөпем, бөпем-ау, Сүп-сүйкімді екен-ау. Ақ бесікте ақ бөпем, Ұйықтап бір жатыр екен-ау. Бесігіңе бөлейін, Еркіңе сенің көнейін. Ақ мамаңды сұрасаң, Аузыңа иіп берейін. Ау ,ақ бөпем, ақ бөпем, Ақ бесікке жат, бөпем. Ақ жұмыртқадай аршыған, Ақ жауқазындай ақ бөпем. Айналайын ақ бөпем, Аймалайын, ақ бөпем, Бармақтай болған түріңнен , Сүйіп бір алсам, ақ бөпем. Ау ,ақ бөпем, ау бөпем, Басыма қонған бақ бөпем. Айдай толған ақ бөпем, Күндей болған ақ бөпем. Шекерімсің, ақ бөпем, Сетерімсің, ақ бөпем. Еркем де сен, ақ бөпем, Серкем де сен, ақ бөпем. Балдан да тәтті ақ бөпем, Жаннан да тәтті ақ бөпем. Сен болған соң өмірде , Жолым да сәтті, ақ бөпем. Бөпем, бөпем, бөпем-ау, Еркелетер көкең-ау. Ақ бесікке бөлеп ап, Шекеңнен иіскер анаң-ау. Бөпем жатқан бесіктен, Мың құт кірсін есіктен. Әлдилеп жыр айтқанда , Пәле шықсын тесіктен. Қозақаным, ақ бөпем, Құлынымсың, ақ бөпем. Ботақаным, ақ бөпем, Қуанамын, нақ бөпем. Жайлы болсын бесігің, Құтты болсын есімің. Қуанышқа әрқашан Ашық болсын есігің. Аспанда ұш, қыраным, Шамдай жанған шырағым. Әлі-ақ өсіп, жетерсің. Бәйгеге қосар пырағым. Ақ бесікке салайын , Ақ тілекті айтайын. Өзіңдей бір еркені, Қайдан іздеп табайын. Сұқ-жадыдан сақтасын, Маңдайға ешкім қақпасын. Нардай болып ер жетіп, Ана сүтін ақтасын. * Ақ бесікке салғаным, – Әжем тілін алғаным. Қол-аяғы оқтаудай, Түзу өссін дегенім. Сары аязда жып-жылы, Тоңбай жатсын дегенім. Шіліңгірінде шілденің Шыжымасын дегенім. Жазды күні жайлауда , Шыбын-шіркей бәрі де , Мазаламасын дегенім. Желді тоқсан болғанда , Жел тимесін дегенім. Саздау жерге қонғанда , Сыз өтпесін дегенім. Көшіп-қонып жүргенде , Атқа өңгерсін дегенім. Тұмар тақсам бесікке Тіл өтпесін дегенім. Арқалық салсам бесікке , Көрпе баспасын дегенім. Түн ұйқысын төрт бөлген Түнде емізген аналар Талықпасын дегенім. Түбек салып астына , Шүмек қойсам үстіне , Таза болсын дегенім. Қоңырау тақсам басына, Ойнап-күлсін дегенім. Қолбау тақсам қасына Түзу өссін дегенім. Аяқ бау таққаным астына Аяғы түзу болсын дегенім. Аластасам аршамен, Исті болсын дегенім. Жастық қойғаным басыңа, Басшы болсын дегенім. Бесік тойды өткізсем, Тоцлы болсын дегенім. Әлди жырын айтқаным, Дана болсын дегенім. Ақылы айдай жарқырап, Мінезді болсын дегенім. Халқыңа бас боп патшадай, Көсем болсын дегенім. Ақ маржан жырдан нәр алып, Шешен болсын дегенім. Ары-бері тербетіп, Көп отырсам қасыңда Ұлық болсын дегенім, Көсем болсын дегенім. Бәрін айт та, бірін айт, Өнерлі болсын дегенім, Өмірлі болсын дегенім. * Ау, ақ бөпем, ақ бөпем, Шаңырақ құты – бақ бөпем, Күні-түні тілеп ем, Алла берген һақ бөпем. Бесігің сенің киелі, Туған жерің иелі. Жалпақ жұртың, қазағың, Түгел мұны біледі. Батыр да өскен бесіктен, Балуан да өскен бесіктен. Көсем де өскен бесіктен, Шешен де өскен бесіктен. Дана да өскен бесіктен, Ана да өскен бесіктен. Бала да өскен бесіктен, Залым да өскен бесіктен Төрде тұрған бесікке , Құты қонған есіктен. Күллі қазақ баласы , Бәрі де өскен бесіктен. * Бұл жалғанда бар үш бесік: Ана құрсағы – алтын бесік, Тал бесік – жарық бесік, Қабірлер – қараңғы бесік . Өлгенде жатар ақырғы бесік.. Үшеуінде де бар үш тесік. Ол тесіктер қашанда, Түсірмей сені қоймайды. Уақытын күткен үш тесік. * Айдай болған ақ бөпем, Күн нұрысың нақ бөпем, Осыны ұғып ала ғой, Күтіп тұр сені үш тесік. Өмірден әкетер үш есік. Содан түсіп қалғанша , Иманды бол ар өсіп. Бауыр етім, бақытым, Саған арнап айтарым, Есейгенде ұғып ал, Тағы не деп жазамын. Жұмыртқаны құс еткен, Қар жаудырып қыс еткен. Тамшыдай мәнни суынан , Адам еткен, кісі еткен. Теңіз суын мұз еткен , Жазық жерді құз еткен. Жоқтан барды жаратқан , Әйелді ерге қаратқан. Бір Аллаға мойын бұр. Әлемді түгел жаратқан. Соны білші, қарағым. Бір Алла һақ, шырағым. Өмірімнің жалғасы, Жапырағым, құрағым. Иә, керемет өмір, баянды тірлік, бақытты жол, бақты ұрпақ. Бұл – қазақы өмір, қазақы орта, ақ бесік. Ақ бесікте бөлеулі жатқан ақ бөпе. Оның қасында ақ тілеулі жыр айтқан ақ ана. Ақ ана ақ жайқын жырды ақ жорғадай майпалтып отыр. Бөпесінің болашағына көз жіберіп отыр. Көз жіберіп отырып, қуанышын құс қып бола- шаққа ұшырып отыр. Арқа-жарқа ағынан жарылған, ақ бесікке әлди жыр айтқан, бала құлағына бақыт құйған ақ ана. Ақ бөпесіне емірене иіп, ақ мамасын ақ бөпесіне емізіп отыр. Сезімі жібек сусылындай дір-дір етеді. Көзі боталап, көңілі жоталап, ақ бөпесіне қарайды. Ақ жауқазын бөпе ақ бесікте танауы пышылдап ұйықтап барады. Бұл қандай таңғажайып өмір көрінісі, қандай әдемі, қазақы орта. Мұндай ұлан ғайыр бақытты қазақ балалары мен қазақ аналарының ақ маңдайына туған айдай етіп жазған екен-ау, сірә. Баласына мұндай ағыл- тегіл сөз айту бақыты қазақ анасына бұйырған. Көктем кеудеден көк аршын жыр ұшырған қазақ анасының бойы талдай, ары айдай… Міне, жыр бесігінде тербеліп жәннат сөзден жайнап өскен баланың мінезі қайдан жаман болсын. Оның мінезі мінсіз, кінәратсыз болуы хақ. Қазақта «Ел болам десең, бесігіңді түзе, хан кірсін десең, есігіңді түзе», «Бала тәрбиесі – бесіктен, келін тәрбиесі – есіктен», «Бесік тәрбиесі жаман бала белі бесіктен шықпай жатып азады, есігі жаман келін келмей жатып қашады» дейді. Жә, тарыдай сөзде таудай, нар түйедей ұғым жатыр. Ғасырлық толғаныс жатыр. Суалмас емшекті ой жатыр. Пейіш пейілді, ертең өсер, азамат болар ақ бөпе жатыр.