«Tugurulhan.kz» тарихи-танымдық порталы
АҒАЛАРДЫҢ АҢЫЗЫ

Алыстап кеттің, Әз аға!

Әзілхан Нұршайықов!

Ақ түтек боранда үлкен тауды, оның орманын ықтасын еткен жанның жылылық құшағында болатыны сияқты асқаралы ағалармен бірге жүру, олардың кеңесін тыңдаудың үлкен бақыт екенін көп адам кеш аңғарады. Әз ағамен бірге өткен күндерді ойласам, олда сондай бір тәтті шақтар екен.

2007 жылдың сәуір айында қазақтың жоңғарларға қарсы соғыс кезіндегі әйгілі батырларының бірі Ержәнібек Бердәулетұлының есімін ұлықтауға байланысты Шығыс Қазақстанға арнайы сапармен шығатын болдық. Үш адам – Тұрсынбек Кәкішев, Әзілхан Нұршайықов және мен. Ағаларымды ұшаққа отырғызып, өз көлігіммен жермен барып, алдарынан күтіп алдым.

Сексеннің сеңгіріне шыққан екі қартты қатарынан алып жүргеніме бір жағы қуансам, бір жағынан шаршатып аламын ба деген ішкі қорқынышымда жоқ емес-ті. Сондықтанда жатса-тұрса қастарынан екі елі айрылмай қызмет етумен болдым. Алайда аз күндік сапарда олар мененде ширақылық танытты.

Шығыс сапарында Өскеменнен шығатын «Дидар» газетінде, облыс әкімі Жәнібек Кәрібжановтың қабылдауында, Жарма ауданы әкімшілігінде, Жарманың Ортабұлағындағы Ер Жәнібек мазарының басында болдық. Ара-арасында қонаққа шақырушылар да аз болған жоқ. Соның бәрінде аузы әзілден босамайтын ағаларым барған жерін ақ жарқын күлкіге тоғытып жүрді.

Бірге жүріп етің үйренгесін кейде қайдағы қалжыңдарға барамыз. Әз ағамыз баяғыда осы Жармаға келгенде бетінде әжімнен сау тамтығы жоқ шүйкедей кемпірдің өзін бас салғаны туралы бір хикаяны ұзақ жыр ғып айтады. Кемпірді жас күнінде жақсы көрген қыздарының бірі қылып шығарады. Қанша қайталап айтса да шаршатпай, жалықтырмай әңгімелейді. Ішек-сілеміз қатады. Тұрсынбек ағамыздың өзі де күнде естіп жүрген әңгімесі болсада көзінен жас аққанша күледі. «Махаббат қызық мол жылдар» арқылы күллі қазаққа танымал Әзілханын ел мен жері де еш бөтенсінбейді. Осыдан кейін «жақсының жүрген жері рулы елдей» деген ежелгі ел сөзіне тіпті де сенесің. Әз ағаммен оңаша қалған бір әредікте:

– Аға, шыныңызды айтыңызшы, қазіргі кезде қыздарды жақсы көру қолыңыздан келе ме. Әлде, адам баяғы балалық базарына ғана тамсанып, кәрілікке мойын ұсынып отыра бере ме? – деймін мен.

– Жүрек қартаймайды. Жастарда жақсы көрген қыздарды құшқысы келетін албырт сезім болатыны секілді, қартайғанда да жүрегің жақын тартқан сұлуларды тым құрығанда құшақтап қойғың келеді. Бірақ жасы ұлғайған адам соның бәрін мүлдемге жасырып ұстайды, әдептен аттағысы келмейді, – дейді ағам еш сыр жасырмай.

Осылайша бір апталық уақытымыз қас-қаққанша өте шықты. Сапарымыздың естелігі ретінде жүрген жеріміздің барлығын суретке алып отырдық.

Алматыға оралғасын «бір күндік жолдасқа мың күндік сәлем» ретінде ағаларымды ауылға дәмге шақырдым. Олар еш бәлсініп жатпай-ақ бірден келісім берді.

Ауыл дегенім – Жамбыл ауданының Ақсеңгір ауылындағы үлкен шаңырағымызды ұстап отырған інім Сайболаттың үйі. Шешемізде сонда.

Шақыру уақытының 2007 жылдың 5 мамырына белгіленуінің де өзіндік құпиясы бар. Дәл осы күні шешем Фариза Мәлкенқызы алпыс бес жасқа шықса, өзім қырыққа толамын.

«Бітер істің басына, жақсы келер қасына» дегендей, кезекті қонағасының үсітіне Шынжаң радиосында жұмыс атқаратын жолдас жігіт, ақын Жеңісхан Нүсіпұлы да бала-шағасымен келе қалды. Досым Қанат Байтоллаұлы да бірге болды. Сөйтіп шағын да болса мәре-сәре той өтті. Тағы да тойдың қызығы – кәдімгі Әзілхан Нұршайықов! Ауылды жатырқағаны былай тұрсын, қызық әңгімемен баршаны өзіне баурады. Емін-жарқын ағытылып шешемнің қолынан да ұстап үлгерді. Әзілге келіндер араласып: «апамызды сізге бермейміз» деп соқтығады. «Өзі бір жақсы адам екен» деп Әз ағам жабысатындай ыңғай танытады. Отырғандар қыран-топан күлкіге шомылады. Әз ағам әзілдің соңында:

– Менің ең үлкен құрметтейтінім аналар, одан кейін дәрігер. Анадан үлкен Тәңірім жоқ, дәрігерден үлкен періштем жоқ, – деп өз ойын түйіндейтін. Сексеннің сеңгіріндегі қос ағам ақ баталарын да аямады. Суретке түсеміз деп сүйреушілердің де көңілін қалдырмады. Ән мен өлеңде өз кезегін ешкімге бермей думанды асырды.

Біздің ауылда, Алатау баурайында осы ғасырдың алғашқы жылдарында осындай да осындай бір оқиғалар  болып еді.

Кейін, яғни 2009 жылдың қыркүйегінде Шығыс Қазақстанның Жарма ауданында Ержәнібек бабамыздың басына үлкен ескерткіш қоюымызға байланысты Әз ағамен екінші мәрте Шығыста болдық. Бұрынғы облыс әкімінің орнына келген Бердібек Сапарбаев мырза ескерткіштің ашылуына қатысып, өз кезегінде Әзілхан ағаға сөз берді. Әз ағам өткен күндерге бір қайырылып:

– Осыдан екі жарым жылдың алдында облыс әкіміне кіріп, кейіннен екінші келмеймін ғой деп ойлап едім. Ақыры арманымыз жүзеге асып бабамыздың басын көтеріп тәубеге келіп отырмыз… , – деген мазмұнда ақтарыла сөйледі.

Әз ағаның әңгімесінің төркінінде жатқаны – бұрынғы әкім Жәнібек Кәрібжановтың Ер Жәнібекке қатысты өтінішімізді жерге қалдырды деген өкпе-назы еді.

Соны айтқан Әз ағама ас үстінде басқа бата сұрадым. Киіз үйде малдас құрып отырған ағамыз батадан соң екі рет еңкейіп басқа қол жеткізе алмады. Мен:

– Әз, аға, басты алуға қолыңыздың жетпей жатқанына қарағанда шал болайын дегесіз бе? – деп әзілдедім. Әз ағам сүйіне шиқылдап, екі иығы солқылдап ұзақ күлді.

– Тоқсанға келген адамға айтқанын қарашы, – деп қолына алған бастың құлағын маған ұсынды. Тұрсынбек Кәкішев, Уақап Қыдырхан, Жұмаділ Маман, Талаш секілді дастарқандас кісілер де жамырай күлісті.

Алатау мен Алтайдың арасын аңызға толтырған Әз ағамның хикаясы осылай жалғасушы еді. Қайран, Әз аға!

Қызықтың қырманынына қызыл дән үйген, қара сөздің қаймағын қалқып, майын шелдеген қазақтың әйгілі жазушысының артындағы көп аңыздың көлеңкесінде осындайда күндер өткен.

Қазақтың Әзілханымен өткен азғана күндер уақыт өткен сайын өз қымбатын асырып, алыстап барады. Жай ғана алыстап бара жатқан жоқ, сағынышымен биіктеп, көк зеңгірде Алатау асқарында, Арқа төсінде қалықтап  барады. Жазушының өр тұлғасымен бірге қазақтың ғарышына қанат қағып барады.

Жатқан жеріңіз жаннат, топырағыңыз торқа болып, Аллатағала арғы дүниенің шапағатын арнасын, Сізге!

 

Тұманбайдың бұлағы

Әдебиет атты ұзақ көште талмай шауып, өзінің жанын төл өнеріне адалдықпен арнағаны сияқты, арын да тап-таза сақтап жарқыраған күйі сөніп кету бақыты қазақтың Тұмашына – Тұманбай Молдағалиевқа бұйырды…

Алматы сынды ірі қалада жүрсекте Тұманбай ағамызбен талай бас қосуда бірге болдық. Соның ішінде арғы беттен келген ақын азамат Ауыт Мұқибекұлын «тондыбала» етіп алуы Тұмаш ағамен алыстан келген ағайынның арасын тіпті де жақындатса керек. Ата жұртына жасқана қадам аттап, ағалардың қабағынан жылылық күтетін әр бір пенде өз жоғын тапқан адамын сондай ыстық көреді ғой. Тұманбайдай ірі ақынның алыстан келген бауырларын басынан сипап, оларға жүрегінен орын беруі, тіпті жеңгемізбен бірге той-томалағына дейін бас сұғып ақ тілегін ақтаруы үлкен азаматтық еді. Бүгінде кеудесін керіп мен-мен деген қаламгердің қолынан келмес бір ерлікті Тұмаш аға солай жасаған болатын…

Қазақтың Тұманбайы әрі ірі, әрі кіші, қарапайым ғана жан еді. Біз ол кісінің «болдым-толдым, шаршадым-шалдықтым» дегенін де еш уақытта естіген де көрген де емеспіз. Бәріненде әдебиетке, өзінен кейінгі бота-тайлақтарға жауапкершілікпен қарайтын ар тазалығы мен ағалық сипаты айнадай жарқырап тұратын.

Баяғыда Еркін Ібітанов ағамыз М.Мақатаев туралы бір оқиғалы өлең жазған-ды. Соның ішінде Мұқағалидың «Тұмаш, Тұмаш» деп шақырғанына «Әттең, Тұмаш, бесінші боп ермеді» дейтін жолдар болушы еді. Онда бізге «ақеділ ақынға ілеспей қойған Тұмаш ағамыз қандай адам?» деген көлеңкелі ойлар келетұғын. Енді ойласақ, өнерден өзгеге, өлеңнен өзгеге селт еткісі келмейтін сабырлы ақын қашанда өзінінің салиқалы ойларын салмақтап, саф алтыннан сарай салып өмірден тап-таза кеткісі келгені екен-ау. «Ит құйрығын бұлғаса еріп кетем» деп жырлаған Мұқаңа Тұмаштың ермей қалуының да ерсілігі болмапты.

Өзі сүйіп өткен Алатаудың асқаралы төсінен қайнап шыққан мөп-мөлдір қайнардай – Тұманбайдың тұмасы да қазақ даласына, өзінің жазирасына қарай тұнықтығынан жазбаған күйі шапқылай ағып барады. Енді ол Тұманбайдың бұлағы. Замзамның суындай тазалығымен тамсантатын тұп-тұнық ағыс туған өлкесінде тулай жөңкіледі.

Сол бұлақтан қанып ішкен құстар тағы да сызылтып ән салады.

«Құстар, құстар сызылтып ән салады»…

 

Қадырдың бір күні

2005 жылдың 29 желтоқсаны.  «Қазақ əдебиеті» бас редакторының орынбасары, ақын Ғалым Жайлыбай ағамыз қоңырау шалды: «Қадыр ағаң қаламақысын жумақшы, бізге жақсы машина, сенімді серік, қаламгер іні керек. Бəрін сенің басыңнан тауып тұрмын».

Қашсаң құтылмайтын осы уəжбен Ғалымның «қақпанын» қуана басып, Қадырға қолым жетті. Алматыда жиі мәжілістес болып жүрсекте аман-сәлемнен аса алмайтын едік.

Бізге Жəркен Бөдеш ағамыз қосылып, төртеу болдық. Дастарқан, монша, қызу кеңес – бір күндік жолдасқа мың күндік рух сыйлады. Аңыз кейіпкерінің адамды жатырқамас ақ көңілділігі, əзілі, шаршамас, шалдықпас сергектігі кісіні қызықтырады. Көз алдымнан Алатаудай Қадырды емес, шəкене ғана бойы бар, езуінен күлкі кетпейтін қатпа қара жігіт ағасын тауып, мəз болып мен жүрмін. Талай-талай тəтті əңгімелерді

айтысып, қарымжысы мол қалжыңмен еркін көсілдік. Тіпті оның əйгілі Мырзалиев екенін мүлдемге ұмытып, сөз таластыруға дейін бардым. Айналасынан жаттанды сөз бен қолпаштауларды көп естіп, құлағы жауыр болған ақын «ауылбайшалап» айтылған,

Алтайдың ар жағынан келген əзілге айызы қана рахаттанды. Қаланың емес, даланың тірі хикаясын сағынғаны шығар.

Сондағы əңгімелерден батып бара жатқан күнге телміріп, өрмек тоқып отырған бір кемпірдің аңызын айтып бергені есімде.

– Күнбатыстан көрінген біреуді «өрмегіммен бірге тоқып жібердім» деп сол кемпір айтқандай, мен де сені өрмегіммен бірге тоқып алдым, – дейді балаша желпініп.

Кешкісін Қадыр ақынды «Таусамалы» ауылындағы үйіне жеткіздіп қойдым. Ел аузындағы: «Қадыр үйге жүр деп айпайды» деген де рас сияқты, ағам қуана қол бұлғап қала берпді.

Осыдан кейінгі кездесулерде ағамыздың ыстық құшағы маған айқара ашылып жүрді. Бірақ екінші мəрте дəл сондағыдай емен-жарқын шүйіркелесудің сəті түспеді.

Сол бір күнді еске алған сайын, тағы бір кеңесуді күтіп, қасында жүріп-ақ сағынышқа матайтын ақыннан енді, міне, 2011 жылдың қаңтарында мəңгі-мəңгіге айырылып отырмыз.

Көз алдыма батар күнге телміріп, өрмек тоқып отырған кемпір келеді. Өрмек қып-қызыл кеш шапағымен боялған. Өрмектің бетінде – күннің соңғы алауы мен құлаған көлеңке сұлбасы.

Күн неге батып барады? Батар күнді тоқтатар тылсым құдіретті іздеп, бар дауысыммен айғайлағым келді.

– Қадыр, Қа-дыр а-ға-а-а!

Ақын туралы соңғы аңыз қазақтың ұлы ақыны Қадырдың бейнесін бүкіл Жер – Ана дала өз өрмегіне тоқып жатқанымен аяқтайды. Таулар алыстаған сайын биіктей береді.

 

Өтежанның жұлдызы

2009 жылдың желтоқсан айының алғашқы күндерінің бірі. Сəлем сəті түсіп, ақын Өтежан Нұрғалиевтің үйіне бас сұқтым. Аты Алатаудай болғанмен, құжырасы күңгірт ақынның кітапханасы бірден қызықтырды. Сөрелер майысып тұр. Көзімді көп кітапқа сатып, ебін тауып бағасына қарай отырып, бірнешеуіне қол жеткіздім.

– Сен білесің бе? Əдебиетте ұстаз да, шəкірт те жоқ. Ұстазың болса, өлдің. Абайдың тұл болғаны сол. Шəкəрім де оған ұқсаған жоқ. Кітабым шықпағалы 20 жылдай болды. Сыйлайтын бірлі-жарым адамдар өліп бітті. Қаратасқа айналып Абай тұр. Құлақ жоқ. Тыңдамайды. Жаулар қалғымайды. Олар менің өлгенімді күтіп отыр. Өлген күні тіріде қия алмайтын бірер ауыз сөзін сыйлап, қайтып тіріліп кетпесін деп таспен бастырып қояды, – бұл Өтежан ағаның алғашқы әңгімедегі менің сауалыма берген жауабы еді.

Арадағы әңгіме ұзаққа созылған. Кейін де «Жас қазақ үні», «Үшқоңыр» газеттерінде сұхбат түрінде де берілген. Сөз арасында ол кісіден:

– Өзіңіз ақиқаттың бəрін айтып отырсыз. Ал осы мəселелер жеке шығармашылығыңызда қалай? – дегенді сұрап қалдым.

– Өзім осының бəрін айғайлап айтқым келсе де, əлсіз ғана жанмын. Қазақтығым қайнап тұрса да, болмысты жеңе алмаймын. Қоғамға керексізбін. Əркім əңгімелескісі келеді. Екінші рет қашады: «Қырт шал» деп қорқады. Сен де екі келмейсің. Қазіргілерге ащы сын емес, мақтасаң жағасың. Мен жақпаймын. Оны өзіңде аңғарып отырсың. Ұғатын құлақ болса, кезіндегі «Афинаның мектебінде» бəрін айтқанмын. Жауларым көп. Құртқысы келеді. Құртатыны – білмеу. Баяғыда жоңғарлардың қолына түскен бір бала аттың қу басын құшақтап: «Сені тұлпардың басы деп кім айтады, мені Толыбай сыншының баласы деп кім айтады» деп зар жылап отырыпты дейтін аңыз бар. Сол баланы жоңғарлар тауып алып ат сынатып, ат бақтырады. Жалғыз-ақ күнде ең жүйрік тұлпарды мініп, жұлдызша ағып еліне келеді. Менің «жоңғарым да», «қазағым да» жоқ, – деп мұңын шаққан ағамыз. Сөзінің соңында:

– Бриллиант деген жылтырақ тас бар. Былай қарасаң, жай ғана тас. Қырласаң, қымбат бағалы асыл. Біздің əдебиетіміз бен тарихымызға да сондай қыр керек. Бірімізді біріміз көтерсек, қазақты көтереміз. Қазақты көтеріп, халқымыздың төрт құбыласын түгендесек ақ жұлдызымыз туады, – дейді.

Сонан бері де талай жыл өтті. Ол кісіні аттанарда ауыз жаппай «мақтаған» қауымы «қара тастың астына бастырып» қойды. Пәни мен бақидың арасы шалғай, үні жетпейді. Алатау мен Арқаның аспанында сам жамыраған сайын, зеңгір көкке телміріп, қазақ ақыны Өтежан Нұрғалиевтің жұлдызын іздеймін.

Аспанда сансыз моншақ жылтырайды. Ағамыз армандап кеткен ақ жұлдыз əлі тумапты. Мен көк аспанға телмірген сайын, шоғырлы жұлдыздар түкпірінен: «Əдебиетте ұстаз да, шəкірт те жоқ!» деген бір үн жаңғырығып, құлағымда күмбірлейді. Иесін таппай дал боламын. Өтежанның жұлдызы…?

 

Кеңесжанның өсиеті

1998-2001 жылдар арасында Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетінің филология факультетінен аспиранттық білім алсам да ғылым кандидатындық еңбек қорғай алмадым.

Кеңсежан Шалқар есімді жазушы ағамыз бар еді, 1960 жылдардың басында арғы беттен асып келген. 1931 жылдары Шәкерім қажы атылғанда қытай асып кеткен Айдынкөл, Шалқар есімді Шұбартау көтерілісшілерінің ұрпағы. Кезінде ақын, күйші, балуан дегендей сегіз қырлы, бір сырлы азамат болғанмен қазіргі тұрмыстың қысымымен сырлы аяқтың сыры көшіп, сыны кеткендей жүдеу көрінетін. Сонда да өзін баяғыдай өр ұстауға тырысатын ақпейіл, ер көңілді жан. Тіпті кейде шайқылау мінез де байқатып қалады.

Сол ағамыз жиі қоңыраулатады:

– Әй, бала, не істеп жатырсың. Сендер сәлем бергенді білмейсіңдер. Мен сенің сәлеміңе зәру боп телефон шалып тұрғаным жоқ. Сен мына жұрттан қалып қоймаудың қамын жаса. Анау кандидаттығың не болды? Мыналар қолыңда қағазың болмаса сені адам демейді. Басқаны қой, тезірек қорғап ал. Айтпақшы, жетекшің кім еді? Ана Тұрсынбек, Зұфар ағаларыңнан қайыр бар ма? Әй, оларды білмеймін. Сен олар үшін емес, өзің үшін қорғайсың ғой. Тағы да айтамын, басқалармен теңесу үшін тек қана еңбегіңді тезірек қорғап алуың керек. Ұқтың ба? Тіпті, айтатын ауыз керек болып жатса бізде қарап жатпаспыз. Басқаны қой, тез-тез қорға, алдымен кандидаттық, сосын докторлық, ұқтың ба?!

Осылайша әлде неше қоңыраулатқан ағам да о дүниелік тұрағына аттанып кете барды. Ал, оның өсиеті әлі орындалған жоқ.

Ағамның сол сөзінен кейін де тар көпірлерде талай таяқ жедім: «кандидаттық немесе докторлық қорғап па ең?!» деген сауал алдымнан қара мысықтай кес-кестейді. Білімі маған жетпейтін, бірақ арқалаған атағы «таудай» месқарындардың талайын көрдім. Қуыс кеуделер шіренгіш келе ме қалай, танауының ұшымен қарағысы келеді.           Қысқа жіп, қысқа ғұмыр, өткінші-өкінішті сағат, күн…

 

Қазақтың Нұрғисасы

1998 жылдың мамыр айының соңғы күндерінің бірі болса керек. Ақын Жәркен Бөдешұлымен бірге Алматыдағы Панфиловшылдар паркінің қасынан өтіп бара жатып, жолай әйгілі сазгер Нұрғиса Тілендиев ағамызбен ұшырасып қалдық. Қолын алып амандастық. Сырықтай бойы сәл еңкіш тартқан, қолында таяғы бар. Жүзі жүдеулеу көрінеді. Жәркен аға денсаулық күйін сұрады. Жадырап жауап берді. Көп аялдамадық. Артыма қайрыла қарап оның ұзап бара жатқан тұлғасын қайта шолдым. Санамдағы әйгілі жандардың да жәй ғана қарапайым адамдар қатарында болатынына одан ары көз жеткіздім.

Бұл менің Нұрғисаны бетпе-бет әрі бірінші, әрі соңғы рет көруім болды.

Осы жылдың күзінде сол Нүрекеңді – қазақтың Нұрғисасын М.Әуезов атындағы қазақтың мемлекеттік драма театрында ақтық сапарға аттандырдық. Әйгілі жанның қазасы, жүрек түбінен қопарылған мұңлы әуен ет жүректі пенденің бәріне ауыр тиді. (Менің қасымда Мұрат Ақантайұлы деген жігіт болды).

 

Құстар, құстар сызылтып ән салады,

Сол әнімен тербетеді даланы.

Ал адамдар күліп бастап өмірді

Кетерінде жылай да алмай қалады…

 

Ән мұңмен тербеліп, сырлы, көкіректі сыздатар сиқырымен, өзегіңе от тұтатады. Қазаға жиналған қауымның жыламағаны аз. Қаралы қауымның төбесінде Нұрғиса есімді пенденің мүрдесі де, рухы да бірге қалықтап барады… әрине, сызылтып ән салған құстармен бірге.

Жәди Шәкенұлы

«Тұлпарлар дүбірі» кітабынан

Ұқсас жазбалар