Дәлелхан Мешелұлы 1930 жылы қазіргі Фукуаң ауданында туған. Дәлелханның нағашылары да атақты ел ішінде аты шыққан балуан болған екен.
Нағашы атасы Әби Алмасқажыұлы жетпіс төрт жасында құйға түскен көк құнанды суырып алған деседі. Шешесінің ағалары Асыл, Қожа деген жігіттерде өз тұсының қарулы, айтулы азаматтары болыпты.
Дәлелхан 7 жасқа шыққан жылы Мешел Қажыбала деген оқымысты молланы Шимугуден Сыңгу өзенінің жағасындағы өз тұрағына арнайы алдырып дөңбек үй салып беріп мектеп аштырады. Қажыбала молда да өз тұсының балуаны аталған мықты адам еді. Оның үстіне дін оқуына да жүйрік болатын. Ол кісінің бір әдеті демалыс аралығында балаларды бір-бірімен күрестіру еді. Дәлелхан дін оқуына кіріп беріле үйренуімен бірге демалыс аралығындағы күрестерде де басқаларды жығып көзге түсе береді. Қажыбала балуанның ықыласы түсіп, бір жағынан дін оқуына баулыса, енді бір жағынан балуандықтың түрлі қағидаларын үйрете бастайды, 8 жастағы Дәлелхан болса өзінен үлкен 14-15 жас шамасындағы балаларды да жыға бастайды. 13 жасқа шыққанда асау құлынды тоқты ұстағандай тірсегінен тарта ұстап баса байлап жүрді. Сөйтіп, Қажыбала молла балуанның 8 жылдық дін оқуы мен балуанға жаттықтыруы бойынан күш тасқындатып, жанарынан ұшқын шашқан бала жігіттің бойына ақыл жақтанда, қайрат жақтанда мол несібе сыйлайды. Өзі тұстас оқығандардың маңдайы болып көрінумен бірге өз айналасындағыларды түгел жыға бастады.
1947 жылы күзде Фукаң ауданның Ташан деген жерінде Фукаң, Сандоба, Үрімжі үш аудан шақырылған үлкен той болып жатты. Бұл тойға кезінде Моңголияның үш аймағын ағалаған 32-33 жас шамасындағы семізше, аппақ денесі сазандай, орта бойлы, сарқасқа балуан жігіт келіп, жарыс майданына шықты. Бірақ атағы Алатаудай болған, оған үш ауданнан ешкім шыға алмады. Бүкіл ел намысын, ру намысын ойлаған қариялар тобы ауыл арасында атағы шыға бастаған бала жігіт Дәлелханды «ұстазың шақырып жатыр», – деп шақыртады. Бірақ Дәлелхан оларға: «мен болсам қабырғам қатпаған баламын, мына дәумен қалай алысамын», – деп тартынады.
Оған үлкендер жағы болмай барлығы қолын жайып: «Сен қалайда жығасың», – деп сақалдары дірілдеп, көздеріне жас алуға барады. Сонда бала жігіт Дәлелхан: «Болды күрессем күресейін, бірақ бұрын мұндай жарысқа түсіп көрмедім, маған біреу қосып беріңдер, алдымен сол күрессін, одан кейін мен күресейін», – дейді. Шалдар жағы «әмин», – деп батасын берісіп Дәлелханнан 3 жас үлкен Сәдуақас деген жігітті қосып береді. Екеуін мінгестіріп апарып майданға түсіреді. Сәдуақасты әдейі екінші балуанмен күресуге түсіреді, ол жығылып қалады, Сәдуақастың жығылғанын көрген Дәлелхан ызаға булыға өзін тоқтата алмай әлгі балуанға тұра жүгіреді. Сонда төрешілер: «Сен күресетін балуан ол емес, мынау», – деп манағы Моңғолиядан келген бас балуанды нұсқайды.
Алдына жетіп келген бала жігітті адам ғұрлы көрмеген әлгі сарқасқа балуан қолын топырақпен жуып жай қозғала түрегеліп, кердеңдей жақындайды, жақындайды да сап ете түсіп Дәлелханның қолынан сілке тартып қалады, бірақ бала жігіттің табаны қозғалмайды. Бұл күйден секем алған әлгі балуан әлгіндей емес ұтылып шабуылдайтын бейне аңғартып абайлаңқырап аңдысады. Әрі бала жігітке алдырмаудың қамын жасап төрт тағандай еңкейіп, қарсы жағынан осал мүмкіндік қарастырады. Алайда бала жігіттің көз ілеспес жылдамдықпен желкеден тартып қалар дегені ойына да кірмепті.
Дәлелхан бір тартып қалғанда зор күшке шақ келе алмай екпетінен жер қаба түсті. Үстіне қаршығадай қона кеткен бала балуанға ызаланған әлгі дәу оны көтере тұрып кетті. Ендігі жерде иығына көтере шығарып, жерге ұрудың қамына кіріседі. Аяғы жерден көтеріліп кеткенін аңдаған бала жігіт, қарсы жағымен шеңбектесе жүріп бір аяғын әлгінің қылтасына іліп алады. Ендігі жерде еңкейте басуға ұрынған қарсыластың мықынынан қағып қалып шалқайта сілкігенде әлгі дәу бұрқ ете көкжелкесінен түсті. Сөйтіп үш ауданның бұл тойында бас бәйгені алған Дәлелхан «бала балуан» аталып, ел аузында аңызға айнала берді.
Екінші рет, 1948 жылы Жемсары ауданында Құсайын деген байдың асы беріліп, асқа шақыртумен Жемсары, Фукаң, Мори, Шонжы, Сандоба бес ауданның халқы жүйрік аты мен сығай балуанын әкеліп түгел жиналады. Сойысқа қораға қамалған қойдың өзі 2000, жылқы 500 болып, астың абыройын асыра түседі. Қатарлай тігілген 200 кигіз үйдің өзі бір шағын қалашықпен парапар болады. Сойылған ұсақ малдың қанша екенінде есеп аз, жылқының өзінен 250 бас сойылады. Бәйгеге 160 тан астам ат қосылып, алдыңғы атқа бір қысырақ, бір түйе, бір ат, бір жамбы тігіледі.
Бірінші балуанмен күресуге Дәлелхан шығарылады, аққасқа ат мініп ортаға шыққан Құрман деген кісі Дәлелханды мінгестіре майданға апарғанда оны күтіп отырған 26-27 жастар шамасындағы семізше ақсары балуан жігіт орнынан түрегеле бұған жақындайды. Сол қолын алдымен жұмсаған Дәлелхан қарсыласының оң жақ мықын белбеуінен ұстай тартқанда, ол сол қолымен Дәлелханның оң жақ санынан шиыршықтап тартып қалады да, балағы айырылып кетеді, оң қолымен жыртылған балағын ұстаған Дәлелханды үйіріп лақтыру қамына кірісіп тырбанған. Әлгі балуан қозғалта алмайды, сол сәтте Қаби бастатқан ел адамдары «Қаптағай, Қаптағай!», – деп ұрандай жөнеледі, еті қызып, аузынан ақ көбік төгілген бала жігіт, айғайдың көтерілуімен қарсыласын әуелгі ұстаған сол жақ мықынынан көтере тартып, алдына әкеледі де, оң қолмен бөксесінен көтере қағып иығынан асыра тастайды. Алып денелі әлгі балуан бала жігіттің иығынан аса барып, шаң қауып түседі, сөйтіп бала балуан екінші реткі күресінде де ел көзіне түсіп ендігі жерде ресми: «Дәлелхан балуан» атала бастайды. Кейін ата–мекені Алтайға келіп Көктоғай ауданын мекен етеді ел арасындағы талайды жыққан күрестерін есепке алмағанда балуанның үшінші реткі жарысқа түсуі 1952 жылы қазанда Сарсүмбе қаласында болады.
Бас балуанмен түсуге Қапаның Әнуары шығады, Дәлелхан онымен күресуге шыққанда Әнуар төрт тағандай аңдысып алдырмауға қарманады, бірақ күрестегі көз ілінбес жылдамдықпен сол қолымен белбеуден сап беріп ұстайтын әдетіне басқан балуан сол қолымен Әнуардың белбеуінен көтере тартады, бірақ белбеуі бос байланғандықтан тамағына дейін босай көтеріліп, адам көтерілмейді. Дәлелхан болса белбеуді қолына орай көтереді де, оң қолымен мықынынан қағып қана, сол жағына қаймақ жалатып тастай салады. Екі қабырғасынан қабаттап, тартқандықтан, Әнуардың екі қабырғасы сынып кетеді. Балуанның майдандағы бұл күресі не бәрі бірнеше секунд қана жалғасқандықтан көп ел көре алмай арманда қалып шуласады, сол топтың уәкілі генарал Дәлелханның шешесі балуанды қайта күрестіріп қызығын көрсек деген тілегін білдіреді. Қайта майданға шыққан Далелқан балуан қатарлай отырған 10 балуанның ең басындағы бөлек отырған Әнеш балуанмен жарысқа шығады, оны да байырғы әдетімен сол қолымен белбеуден көтере тартып, құйрықтан қағып қалып иығынан асыра тастайды, бұл да қас қағым уақытта ғана болады да, балуан Әнешті лақтыра тастап, алдына жетіп келген атқа қарғып мінгескенде шекесімен жер сүзе түскен Әнештің аяғы енді түсіп бара жатады, Дәлелхан бұл жолы да балуанның бас бәйгесін алады.
1954 жылы мамырдың бірі күні Көктоғай ауданының Сөрті деген жерінде еңбекшілер мейрамын тойлау тойы болады. Онда Талғат деген жігітпен күресіп, оны көз ілестірмес жылдамдықпен жеңіп тастайды. Оны жыққан заманда бір жігіт мінгестіріп топқа қарай ұрандай шабады. Ел де дүрлігіп айғай шу көтеріледі. Айғай шу шығып, қаны қызса тұла бойы қалшылдап, аузынан ақ көбік төгіліп көзі жасаурап, өзін ұстай алмай қалатын әдеті бар балуан есінен жаңылғандай оң жағына қисайып бара жатады да, оң жақтағы жігіттің үзеңгісінен ұстайды. Үзеңгіліктен ұстаған күйі тарта барып, аяғы жерге тие өзі міңгескен аттың үзеңгілігіне қолын іліндіріп екеуін қатарынан еңіске қарай сүйреп жөнеледі. Аяқтары тәнтіректей артына сүйрелеген екі атты арқан бойы барғанда:
– Ат аяғыңды басты, аяғыңда басты! ‒ дей береді. Сонда барып бойына тығылған теңдессіз күштің алауы қайтып, есін жиған балуан оларды қолынан шығарған екен.
1955 жылы жазғытұрым Қаратүңкеде құрбан айт байланысымен ат бәйге болып, балуан түсіріледі. Шонжы жерінен жағадан көшіп келген Әліп деген балуан бас балуан болып майданға отырады. Қырсыққандай дәл осы кезде Дәлелхан балуанның аттан жығылып жалпақ тасқа түсіп құймышақ сүйегі сызат алып сынған мезгілі еді. Тіпті атқа да міне алмай бейнетті болып жүрген. Үлкендер жағы Дәлелхан күресуге шықсын дегенде ол мән-жайды түсіндіріп бас тартады. Бұл сөз Әліп балуанның құлағына жетсе керек, осы орайды ұстаған ол:
‒ Күрессем Дәлелханмен күресемін. Әйтпесе, күреспей бәйгемді аламын! ‒ деп айғайлайды.
Бұған ел адамдары да амалсыз еді. Осы кезде Дәлелханға сыралғы жиырма шақты жігіт Дәлелхан отырған төбеге қарай өре шауып:
‒ Машан! Машан! Қаптағай! Қаптағай! ‒ деп ұрандай шу көтереді.
Айғайға қызынған балуан қаңтардағы бурадай қалшылдап, аузынан ақ көбік бұрқырап, өзін тоқтата алмай, манағы өзі күреспеймін деген ел адамдарына «күреспесем болмас» деп рұқсат сұрайды. Үлкендер «өзің мертігіп жүр екенсің, тәуекелмен барған екенсің жығып қайт», – деп ықылас беріп аттандырады. Атқа түзу отыра алмайтын болған соң балуан ат үстіне жүрелей отырып майданға барады.
Зор денелі, семіз қара Әліп балуан Дәлелхан барысымен қолын топырақпен жуып орнынан түрегеледі. Дәлелхан бұрынғы күрес әдеті бойынша алдымен сол қолын жұмсап белбеуден ұстамақ болғанда Әліп балуан оң қолымен білегінен шап беріп ұстай алады. Дәлелхан қолын өзіне қарай сілке тартқанда Әліп алдына жетіп келеді де енді екі қолымен Дәлелханның сол қолынан ұстай алады, енді оң қолын іске салған Дәлелхан Әліптің кіндік белбеуінен ұстай тартады. Әліп енді Дәлелханның сол қолын қоя беріп, оң қолына жармасады. Дәлелхан босаған сол қолымен мықын белбеуден ұстап тарта көтереді. Әліптің денесі жерден көтеріле бергенде, мертіккен құймышағы кілт етіп, қарсыласын сәл босатып алған балуан «уһ!» деп аз уақыт қаңқиып тұрып қалады. Қарсыласы осы орайдан пайдаланып кескектеген аюша шыр айналып шабуыл жасайды. Бірақ қатты ауырсынған балуан тұнжырай түйіліп, сол қолмен Әліпті босатпаған қалпында, оң қолымен тізесін таяна аз дем алып, сәл ес жиғандай болды. Онан соң күштің түсер салмағын оң жағына аунату үшін, белбеуден ұстаған сол қолды оң қолға жөткейді де, жылдамдықпен оң қолмен белбеуден көтере тартып, сол қолмен қылтадан көтере қағады. Алып денелі Әліп балуан оң жақ иығынан аса көлденеңдеп барып былш ете түседі. Арқасын жусан сойып түседі. Ал жыққан балуанына қарап бірге міне түскенді қойып илігіп көрмеген Дәкең, осы жолы сәл еңкейіп барып өзін түзеп алады.
Сөйтіп 24-25 жасқа шығар шықпастан-ақ, өз төңірегін ағалатқан Дәлелхан балуанға ендігі жерде ешкім шықпайды. Той-томалақ, астарда, күреспей бәйге алып жүреді.
Жастай балуандығы төңірегіне жайылған Дәлелханның жарыс майдандарынан сыртқы қарулығы жайлы әңгімелер көп шертіледі.
1951 жылы күзде Нәзір тәйжінің шауып тістеп, тебетін «ақ аю» аталған құр семіз айғырына Жұбай, Кәрімхан деген екі жігіттің шалма арқаны түсіп, екеуіне күш бермей ылдиға қарай тартып, екі арқанды алып кетті. Олар Дәкеңе «арқанды алып берші!» – деп жылқыны өрге қарата айдап алдынан өткізеді. Жылқы өте бергенде арқаннан шап беріп ұстай алған Дәкең сілке тартқанда айғыр қайырыла бұрылып, еңіске шаба жөнеледі. Сонда Дәкең сол қолы арқанда, оң қолды мықынға тіреп аяғына бір тасты тиянақ ете тартқанда айғырдың мойыны артқа қайырылып жығылып түседі. Арқанды ыспалай барып, орнынан тұрғызып шапшуға мұрса бермей құлағынан басқан күйі, арқанды алып жүгендеп береді.
1952 жылы 8-ші айда бір топ жігіт 6 жылқыны қуалап, қамалап ұстамақ болып жүреді, мұны көріп тұрған Дәлелхан оларға қалжың шыны аралас:
‒ Мұны неге қудыңдар, соймақ болсаңдар қолмен неге ұстап алмайсыңдар? – дейді. Сонда жігіттерде шытына қалып:
‒ Қолмен қайтіп ұстайды екенбіз, мықты болсаң өзің ұсташы!, – деп шу көтереді. Сол маңда жігіттерді қызықтап отырған Абдырахман, Әділқан және Құрман деген кісілер:
‒ Әй жігіттер егер Дәлелхан қолмен ұстап алса алдына тізерлеп құл боласыңдар, ұстай алмаса сендерге тізерлеп басын иіп айтқандарыңа көніп, айдағандарыңа жүрсін! – дейді. Бір жағы қызық үшін, бір жағы жігіттердің қызынысқан орайында, Дәлелханның күшін бір байқап қалмақ болып.
Жігіттерде қасақана шу асау күрең бесті биені көрсетеді. Қарағайдың арасына байланған аттың далдасына жасырынған Дәлелхан, екі қарағайдың арасынан шұбыртып айдаңдар дейді, баршаның көзі мына болғалы тұрған қызықты бағып, жылқыны бірден шұбыртып өткізеді. Күрең бесті өте бергенде тасадан жолбарысша атылған Дәлелханның оң қолы шоқтықтан ұстай тартқанда сол қолы кекілден ұстап үлгіріп тік секірген биені алдына лақша тартып әкеледі. Оң қолымен мойынды баса орай иектің астынан күшпен тартқанда бие шалқасынан жығылады. Оң қолдағы иекті сол қолмен ұстап, шалқайта тартқанда төрт аяғы бостықта тыпырлаған бие оған кішігірім тоқтыдай сезіледі. Жауырынын тіземен нығарлай басып тұрып, оң жақ етік қонышындағы пышақты суырып алып, биенің тамағынан орып жібереді. Төрт аяғы ербеңдей қорқыраған биені тапжылтпай басып отырып жаны шыққанда барып балуан үстінен тұрады. Манағы ақсақалдар разы болып жігіттерді Дәлелханның алдына қатарлай жүгіндіріп:
– Айтылған сөз атқан оқ, кеселді өздерің таптыңдар, енді Дәкей не қылсада соған көндігіп, айдағанына жүресіңдер! ‒ деп зілсіз әзіл бұйрығын тастап оны арқаға қағады.
1954 жылы жазғытұрым Бурылтоғай өзенінің бойындағы Дүренің бас жағында Қарабұлғын деген жерде ел қыстаудан көшіп өзеннің тау жағына өтіп отырғанда Дәлелхан үйінің үлкен ақ атаны қыстаудағы шөпке тартып кетеді де соңынан қуа шыққан Дәлелхан терек кесіп бұтап жатқан бірнеше адамнан атанның жылымға түсіп кеткенін естіп тізгін ұшымен жетеді.
Әлгілердің меңзеген жерінде өзен ортасында жылымда ақ атан алды арты мұз, суда қылқылдап тұр екен. Олай-бұлай малтаған болғанымен, алды арты мұзға тіреп тұрған атанды басқалай шығарудың ебін таппаған Дәлелхан қанжығасындағы арқанды алып мойнына шалма тастайды. Бірақ шалмадан тартқанның өнімі болмайтындығына көзі жетеді де, арқанның ұшын өзен жағасындағы терекке байлап арқанды ыспалап отырып атан түскен мұздың шетіне келеді. Арқаннан тартқанмен түйе қылқынады. Арқанды қоя беріп өркештен тартқанмен мұз ойылса түйені қойып өзі де жылымға түседі. Осыны ойлаған Дәлелхан арқанды түйенің мойнына күрмеп байлайды да сол қолмен арқанмен қоса мойын шудасынан уыстап, оң колмен алдыңғы өркештен ұстап лоқыта тартады. Бір тартқанда атанның бүйірі мұздан шығады, екінші тартқанда мұздың үстіне шығады. Мұздың үстіне шыққаннан кейін тулақтай сүйреп жарты арқан бойы жағаға шығарады да, екі өркешінен итере шөгеріп тұрғызып алады. Үстіндегі суын сілкілеп дүр-дүр еткен атанды бұйдалап үйіне тартады.
Бір жолы екі жолдасымен жол жүріп келе жатқанда біреуі атын батпаққа құлатып алып, шығара алмай қояды. Дәлелхан оған нар сексеуіл алғызып арқанға буып аяғының астына тастады да, бауырынан құйға батқан аттың шаты мен мойнынан екі арқанды қабаттап өткізіп алып, лоқытып– лоқытып суырып алып, әудем жерге сүйреп апарып тастайды.
1954 жылы маусым кезі. Дәлелханның қасында Ағылшын деген қайын ағасы, Зейнолла деген ағасы бар, үшеуі аңға шығады. Олар Көктоғайдың Күрті ауылының Қадыраты сайының жалына шығып аң кезіктіре алмайды. Дәлелхан ағасы мен қайын ағасына «Қарашоқыға шығып теректің ішіндегі бастауға барып дем алайықта, кешке жақын шығайық», – дейді. Бірақ олар: «Сен бастауға бара бер, біз артынан барайық», – дейді. Дәлелхан жалғыз, қарағайлы қапталды өрлеп жағалап Қарашоқының күнгейіне қабырғалап шықпақ болып бір кішкене белегірді аса берсе алдында төрт аю тұрыпты. Аңдаусыз келе жатқан Дәлелханның аты тік секіргенде, Бестары бір жаққа, өзі бір жаққа ұшып кетеді. Бір балалы аю, екі құнан аю екен. Арқан бойы алдына келіп түскен адамға құнан аюдың бірі тап береді. Енді тұра берген Дәлелханды бас салмақ болып екі алдыңғы аяғын жұмсағанда орнынан тұра екі қолымен қарсылық көрсеткен оның мақталы барқыт шапанының екі жеңі аюдың қолында кетеді де, тұяғы білегін қып-қызыл қылып сойып түседі. Орнынан тұра келген Дәлелхан аю екінші рет ұмтылғанда, аюдан бұрын қимылдап аюдың алдыңғы аяғынан ұстап қайыра сілкіп қалады. Аю екпетінен сүріне түскен орайда ту сыртынан міне түсіп, екі құлағынан баса ұстап, тұмсығын жерге төпештейді. Бірақ елең құрлы көрмеген аю Дәлелханды көтере орнынан тұрып кетеді. Тұқырта басып, басын жерге жалғасты үш рет төпештейді. Бірақ аю оны тағыда көтеріп тұрып кетеді.
Дәлелхан бір жағы әлгі қалған аюлар қаптап кетеме деген қорқынышта болып, солай жалтақтаумен болады. Бір тәуірі балалы аю қалың бұтаның арасына кіріп кетеді де әлгі құнан аюдың бірі сол жердегі қарағайдың басына өрмелеп шығып кетеді. Аюдың беті өзіне қараса алдыңғы аяғы мен аузының оңдырмайтынын біліп онымен алысқан Дәкең ендігі жерде оны ары қаратқан күйі екі құлағынан тік көтеріп алады. Жерден көтеріліп төрт аяғы тыпырлап қалған аю, дәрменсіз қалады. Дәкең аюмен сүт сүт пісірім алысқан болса керек, ерін бауырына алып қашып бара жатқан атын көрген ағасы мен қайын ағасы да жетеді. Олар келе аюды құлағынан көтеріп тұрған Дәлелханды көріп, жалма-жан: – Атайық па?! – деп айқайлайды. Дәлелхан болса:
‒ Атпаңдар, арқан әкеліп байлап алыңдар! – дейді. Олар арқанды тұзақтап әкеліп төрт аяғы бей-берекет тыпырлап, Дәкеңнің қолында салақтап тұрған аюды байлап алады. Төрт аяғы қойша буылған аю бақыра бастайды да, қарағайдың басындағы әлгі құнан аюдың бірі де өкіре гүрілдеп қарағайдың басынан құдды бір адамға ұқсап шегініп, төмен түсе бастайды. Ағасы мен қайын ағасы тағы да: «атайық!» деседі. Дәлелхан тағы да оларға:
– Тірідей ұстап алайық, – дейді де қарағайдың түбінен төменге қарап қойып түсіп келе жатқан аюды тосады. Аю қарағайдың түбіне таман келіп қарғып түсе бергенде балуан қос қолдап тұрып құлақ шекесінен қағып қалады. Аю екпетінен түседі, осы орайды күткен Дәкең манағы әдіс бойынша ту сыртынан міне түсіп құлақтайды. Тұмсығын жерге түйгіштейді. Бірақ бұл аю әлгі аюдан да жеңіл көтеріп тұрып кетеді де Дәлелхан оны құлағынан көтеріп алады. Ол да аяғы жерден көтерілген соң дәрменсіз тыпырлайды. Ағасы мен қайын ағасы оны да қойша байлап алады.
Сөйтіп екі бірдей аюды тірідей байлап алған Дәлелхандар Көктоғайдың Қату сайындағы ауылдарына әкеліп қарағайға байлап қояды. Ертесі Көктоғайдың аудан қалашығына екі аюды тірідей жетектеп кірген балуан аудандық үкіметке сақшыға тапсырып бермек болады. Ондағы себебі, сол кезде аю қасқыр ату жөнінде үкімет орыны арнаулы бұйрық шығарып, Дәлелхан осының алдында ғана он екі аю атып, үкіметке тапсырған болатын. Осы күні ол іздеп келген үкімет адамдары жоқ болғандықтан, аюды Мажай деген ұстаға береді де, соқыр жармақ дәметпей ауылына қайтады.
Дәлелхан сол тұстарда яғни 1956-1957 жылдар шамасында Көктоғай жайлауының бала Ертіс арасанының басында бір тас көрген. Тасқа Қалман Ақытұлы «Дәлелхан» деп ат ойып жазған ошақ тастың үстіне қойылған бұл төртбұрыш тастың ұзындығы бір құлаштай болып, 400 килограмның айналасында болса керек.
Дәлелхан Мешелұлы «1958 жылғы Өр Алтай көтерілісін ұйымдастырушылардың бірі» деген айыппен қолға алынып, 1959 жылдан 1984 жылға дейін 25 жылдық жаза мерзімін өтеді. 1984 жылы туған ауылына оралып, Көктоғай ауданының Күрті ауылында мал бағумен айналысты.
Ол маған (Ж. Шәкенұлына): «Жас күнімдегі күресулерімде белгілі болсын, егер үстіндегі әлгіндей жылғымен аюмен алысуларда болсын, я ұран көтерілген жерде болсын бойымды теңдессіз күш билеп, өзімді ұстай алмай қаламын. Тұла бойым дірілдеп түсім өзгеріп қол аяғым өзімдікі емес басқа біреудікі құсап аяғым жеңілдеп кетеді. Табаныма серіппе таңғандай жеңілдей көтеріліп тізе еттерім салақтап тұрғандай болады. Аузымнан ақ көбіктің шыққанында білмей қаламын. Ондайда алысқан нәрсемді алмай қойған пенде емеспін, ғұмырымда жауырыным жерге тиіп көрмеді, – деп еді.
Көнеден қалған асылдың сынығындай алып балуан Дәлелханның талай тарғалаң тағдырды басынан кешірсе де жақсы күндерге қол жеткізіп, бала-шағасының қызығын көруі – Алланың бір нығыметі болды.
1998 жылы қан қысымнан жығылып, пәниден бақиға аттанды.
Баласы Бақытхан ата жұртқа оралып, оған Алатау бөктерінен топырақ бұйырды. Немересі Қизат өзінің туған-туыстарымен бірге Алматы облысы Жамбыл ауданы Мыңбай ауылында тұрады.
(Бұл әңгімелер 1994 жылы 13-14 тамызда Дәлелхан Мешелұлының өз аузынан жазып алынған)
Жәди Шәкенұлы
«Тұлпарлар дүбірі» кітабынан