«Tugurulhan.kz» тарихи-танымдық порталы

«МОНҒОЛША-ҚАЗАҚША СӨЗДІК» ЖӘНЕ ТҮБІРІ ОРТАҚ МОҢҒОЛ-ҚАЗАҚ СӨЗДЕРІ

Әлемнің әр түкпіріне тарыдай шашылған қазақтар арасында не бір ғұлама ғалымдар өтті. Соның бірі – моңғолиялық қазақ ғалымы Базылхан Бұқатұлы.

2012 жылы Қарағандыға барған жолсапарымда қолыма «Монгол-казах толь» («Моңғолша-қазақша сөздік», Улаанбатаар-Өлгий-1984 жыл) түсті. Моңғолиядан келген көрнекті емші Мизан Сахарияұлынан аттай қалап алдым. 40 мыңға жуық сөз кірген, 888 беттен тұратын аса ірі энциклопедиялық том. Көкейімді тескен көп сауалдың жауабын содан іздедім.

Моңғолияның Баян-өлгий аймағында өмір сүрген,  тілші ғалым, Моңғолия Ғылым академиясының бірініші дәрежелі сыйлығының лауреаты, Моңғолияға еңбек сіңірген қайраткер, филология ғылымдарының докторы, профессор  Базылхан Бұқатұлы  1932 жылы  9 мамырда Моңғолия  Баян-Өлгийде туған. Саналы өмірін тіл біліміне арнаған майталман ғалымның көптеген теориялық еңбектері Америка, Қытай, Жапония, Ресей секілді елдерде жарық көріп, зерттеушілер тарапынан зор құрметке ие болыпты. Ол туралы Ц.Дамдинсурэн, Н.А.Баскаков, Т.Д.Санжеев, Хуа, Е.Жанпейісов, Қ.Салғараұлы секілді белгілі ғалымдар салмақты пікір білдірген екен.

Профессор Б.Бұқатұлы арғы төркіні ғасырлар қойнауына кететін қазақ пен моңғол тілінің салыстырмалы тарихын тыңнан түрен салып  ұзақ жылдар бойы зерттеген, кеңірек айтқанда түрік-моңғол тілдерінің туыстық тамырын ғылыми тұрғыдан шынайы тексерген  бірден бір алтайст ғалым болған. «Моңғолша-қазақша сөздігінің» жарық көруі – жанкешті ғалымның ұзақ жылғы төгілген терінің жемісі ғана емес, тілтану ғылымына қосылған сүбелі үлес еді. Б.Бұқатұлының «Моңғол-қазақ тілдерінің салыстырмалы тарихи грамматикасы» (1973 жыл), «Қазақ және моңғол тілінің синтаксисі» (1988 жыл), «Қазіргі моңғол тілінің академиялық грамматикасы» (1993 жыл), «Көне түрік жазба ескерткіштері тілінің морфологиялық құрылымы» (1984 жыл) секілді алпыстан астам іргелі зерттеу еңбектері, сонымен бірге жоғары оқу орындары мен қазақ мектептеріне жазған тілге арналған  жиырмадай оқулықтары бар.

Түркі-моңғол, моңғол-қазақ сөздеріне қатысты туындаған әдебиеттік, тілдік сауалдарға «Монгол-казах толь» – «Моңғолша-қазақша сөздік»-тен көптеген жауап табылады.

Ол хақында автор Моңғолия ғылым академиясының ғылыми қызметкері болып жүрген кезін еске алып: «бастықтарымыз жағдайымызға таныссын деп, Бас хатшы Цеденбалды шақырған екен. Бір күні келді. Біздердің қандай саланы зерттейтінімізді, мамандығымызды сұрап шетімізден танысып шықты. Кезек маған келгенде бастықтар қатарласып, «Бұл қазақ азаматы бір-екі жылдың ішінде «Монғолша-қазақша» сөздік жасаймын деп, еңбектеніп жатыр» деді. Марқұм Секең: «Бұл дегенің жақсы дүние емес пе. Сен жігіт осы жолдан тайма! Болашақта монғол мен қазақтың тілін тоғыстыратын қайраткер бол!» деп, батасын берді.

… Монғол тілінің фонетикасын, синтаксисін, морфологиясын, сөздік қорын зерттеп үлкен оқулық жасадық. Осының авторларының бірі болдым. Одан кейін алдымен «Қазақша-монғолша» сөздік құрастыруға кірістім… Осындағы түбір сөздер бірдей келіп тұр. Монғол тілінің түп төркіні қазақ тіл құрамынан шыққан деген ой түйдім. Әрі онымды ашық айта бастадым. Содан жаман монғолдар жақтырмады. Қуып шықты» дейді. Ғалым моңғол-қазақ тілі бір түркілік түбірден шықты дегені үшін, академиядан қуылады. Ғалым одан ары «Моғолдың құпия шежіресіне» тоқтала келіп, сөзін: «бүгінгі біз оқып жүрген «Құпия шежіре» қытай тілінен монғол тіліне аударылған нұсқасы ғой. Әйтпеген де, монғол тілінде жазылды деген ондай кітап жоқ. Ал, қытай тіліндегі түпнұсқасы Пекинде сақтаулы, дейді. Осындағы түп нұсқадағы сөздер қазақ-монғол тілдерінде бірдей. Естуімше Пекиндегі түп нұсқаның көшірмесі Ұланбатырда бар дейді. Өте құпия жағдайда сақталған. Құпиялайтын себебінің өзі күмәнді. Себебі, сондағы сөздердің көбі көне түркі-қазақ сөзі болар деп ойлаймын. «Қазақ-монғол тілдерінің шығу тегі бір дегенді дәлелдеуге 40 жыл ғұмырымды арнадым. Ақыры қазақ және монғол тілдерінің фонетикалық, морфологиялық, синтаксистік, лексикалық жағын салыстыра отырып, «Қазақ және монғол тілдерінің салыстырмалы тарихи грамматикасы» дейтін 2 том еңбек жазып шықтым. Осы кітаптарды оқыған адам сөзсіз мойындайтын болады» деп сабақтайды[1].

Базылхан Бұхатұлының еңбегінің маңыздылығы сол, ол қазақ пен моңғол тілінің тарихи тамырластығын ғылыми тұрғыда дәләлдеген. Мысалы: аталған сөздіктегі сөздерді салыстырып қарайтын болсақ, екі тілдегі 3000 сөздің түбірі бір-біріне ұқсаса,  1500 сөздің қазақ пен моңғол тіліндегі түбірі ортақ болып шығады. Түбірі бір сөздерден туындаған сөздердің санының өзі 24 мың шамасында. Ал түбірі бірдей болмаса да аталуындағы дыбыстық үндестік, ұқсастық, бір бейнелеу тәсілі жағынан жақын сөздер де аз емес. Демек, ежелгі түркіге тән 60 пайыздық ұқсастық бар дегенге саяды.

Тарих ғылымдарының докторы, көрнекті ғалым Зардыхан Қинаятұлы да Б.Бұқатұлының идеясымен ұқсас пкірлерін айтады: ««Құпия тарихтың» («Моңғолдың құпия шежіресі» – ред) сөйлем құрылымында ежелгі түрік-моңғолдық стилистикасы бекем сақталған. Мысалға төмендегі сөйлемді келтіріп көрейік. Керейдің Ван ханы бірде анда (ант-су ішіскен достық) жолын бұзғанына өкініп, Тэмужинге былай деді « … аи сойилук кэ үнэ-эчэ-какачаку-йу трендэчэ какачаба хирижэку үйилэдэсэ хиричэба би, кэ’эн дура алжа’ ат үгэлэрүн эдэ’ э кө’ ч – бэн үжэжү мави сэткиэсу энэ мэтү чису-бан гаргакдасу кэ’ эн андагажу шихи куру’ ун-у’ ан толи онубчи китукан-бар катгажу чисун чубури’ лужу үчү’ үкэн дактаитур кижу кө’ үн-е мину өк кэ’ эуж улэба» («Құпия тарихтың» ежелгі нұсқасы. 178 бап – З.Қ) сөйлемінің жаңаша мағынасы мынадай: «Қап, әттегенай, жақсы ұлымнан қол үзіп, араға жік салдым мен» деп өкініп, ендігәрі мұндайға барсам қасық қаным суша ақсын дегенді білдіріп, саусағын пышақпен тіліп, аққан қанын бас бармақтай ыдысқа құйып, «мұны да ұлыма (Тэмужинге  – ред) беріңдер» деп сәлем жолдады»[2]. Егер шежіре алғаш қытай тілінде жазылып, соңынан моңғол тіліне аударылса, онда жоғарыда келтірілген моңғол-түрік тілінің XI-XIII ғасырдағы сөйлемдік құрылымы бойынша алынбаған болар еді. Біз осы жайлы сараптай келіп, «Құпия тарих» алғаш түрік-моңғол тілінде ұйғыр жазуымен жазылып, кейін Құбылайдың Юань әулеті орда тарихшыларының күшімен қытай тіліне аударылып, реттелген деген қорытындыға келеміз. Өйткені Құбылайдың тұсында ата-баба тарихына үлкен мән берілді және бұл істің басында қытайлық ғұламалар тұрды.

Сондықтан біз «Моңғолдың құпия тарихын» ежелгі түрік-моңғол жазылымы ретінде қараймыз» дейді[3].

«Моңғолдың құпия шежіресінің» қазақ тілінде біз білетін үш аударма нұсқасы бар. Біріншісі – Моңғолиялық қазақ қаламгері Мағауия Сұлтанияұлының аудармасы, алғаш 1979 жылы Өлгейде басылған, кейіннен толлықтырылған нұсқасы 2009 жылы Алматыда «Өнер баспасынан» жарық көрді. 2006 жылы  Алматыда «Дайк-Пресс» баспасынан шыққан «Қазақстан тарихы туралы моңғол деректемелерінің» I томына Нәпіл Базылханұлының аударма, түсініктерімен кірген.

Үшінші нұсқасы – қытайда 2005 жылы сәуірде шыққан екінші басылымының алғы сөзінде: «Біздің қарауымызша бұл кітап – жалғыз моңғол халқының ғана шежіресі емес. Моңғол халқымен бірге жасап келген, кейін оған бағынышты болған түркі тілдес тайпалардың және басқа да халықтардың Шыңғыс заманындағы және оның алды-артындағы тарихынан нақты да мол дерек беретін кітап; жүйеден қазақ ұлтын құраған ежелгі ру-тайпалардың (керейлердің, наймандардың, меркіттердің, қаңлылардың, қоңыраттардың, жалайырлардың, қыпшақтардың, т.б.) тарихы жөніндегі мәліметке толы ортақ қамбалы қазына, асыл мұра» деген жолдар бар[4].

««Құпия тарих» 282 баптан тұрады. Олардың 166 бабы моңғолдардың өз тарихына арналған. Мұнда Тэмужин – Шыңғыс ханның 22 атасының тарихи шежіресі таратылған және оның өзінің туғанынан бастап дүние салғанға дейінгі 66 жылғы өмірінің басты оқыиғалары қамтылған. «Құпия тарихта» ІХ-ХІІІ ғасырда моңғол үстіртін мекен еткен түркі тайпаларының қарым-қатынастарына қатысты 97 бап берілген. Оның ішінде керейттерге қатысты – 21, татарларға қатысты – 18, наймандарға қатысты – 13, қоңыраттарға қатысты – 10, жалайырлардың тарихи шежірелеріне қатысты – 8 бап берілген. Меркіт пен Онгуттардың әр қайсысына қатысты – 9 баптан бар»[5].

Моңғол ғалымы Ц. Дамдинсүрэн «Моңғолдың құпия шежіресі» кітабының алғысөзінде шежіренің «көне моңғол тілінде» жазылғандығы және қазіргі моңғолдар ол тілді мүлдем ұмытқандығы туралы айтады.

Я. Шмидт, А.М. Позднеев, В.Я. Владимир­цов, ХІІ-ХІІІ ғасырлардағы көне моңғол әдеби тілінің негізі сол кездердегі іргелі ұлыстар – керей­лер мен наймандардың тілі деген болжам айтқан. Н. Поппе, Э. Хейниш, Г.Д. Санжеев және т.б. ғалымдар қолдады. Н. Поппе былай дейді: «Жазба моңғол тілі алдымен керейттердің жазуы ретінде қалыптасты және кейін бүкіл Шыңғыс хан импери­ясында басымдыққа ие болды[6].

«Моңғолдың құпия шежіресін» қытай, моңғол тілдеріндегі нұсқаларымен салыстыра аударып, одан түркілік болмыс іздеген зерттеуші, ғалым Тілеуберді Әбенейұлы бірнеше нұсқаны салғастыра келіп, моңғол тілді аудармасы хақында: ««Моңғолша баламаның» өзіне келсек: қанша бұрмалауға ұшырағанына қарамастан, онда түріктік атаулар мен жеке сөздер, тіпті, сөйлем жүлгелері әлі де сақталып қалған. сөйтіп, үш мәтінді салыстыра қарастырғанда ақиқи түпнұсқаның-түріктік түпнұсқаның мазмұнына анағұрлым жақындай түсеміз. яғыни, осынау  ұлы дестірдің толықтай таза күйдегі түрік халқының тарихы екені айдай анық болады»[7] деген пікір айтады. 

Т.Әбенайұлы «Моңғолдың құпия шежіресін» – «Шыңғыс-қағанның қузауыры» деген атпен салыстырмалы түрде қайта аударып, бұрмаланған, түсіп қалған, түсініксіздік танытқан сөздер мен мәтіндерге нақты тоқталады. Әрі «әуелгі түп нұсқа түркі тілінде жазылған» деген көзқарасын қайталайды.

«Шыңғыс-Қағанның қузауыры» («Моң­ғол­­дың құпия шежіресі») атты кітәпте түркілік, әсіресе, қазақи сөздер тұнып тұр. Мысалы: олар тұрақты нысанды түрегеп тұрып күзететін қарауылды «тұрғақ» (тұрқақ) деп; белгілі аумақты жаяу кезіп жүріп бақылайтын күзетшіні «кезік» деп; ордаға кірушілерді қадағалайтын, бір-біріне қарама-қарсы тұрып, ортасынан өткізетін (өткелді кешіп өткендей) қорғау­шы топты «кешіктен» (кечіктен) деп; тек есікке жауапты қадағалаушыны «есіктен» деп; орданы кептей қоршап тұратын түнгі күзетші жасақты «кептеуіл» (кептеуүл) деп; орда төңірегін атпен торуылдап жүретін жасақты «торғауыт» деп; жалпы қорғау қызметіне жауапты әмбебап қосынды «қоршы» (қорчы) деп атаған. Осы әскери терминдер бүгінгі қазаққа да түсінікті[8].

Тарихшы ғалымдардың қай-қайсысы болмасын, түркі-моңғол, моңғол-түркі ұғымдарын бір-бірінен байланыссыз қарай алмайды. «Шыңғыс құрған мемлекет құрамына моңғол-түркінің әр түрлі тайпалары кіргенімен, өзара даму деңгейі бір, тілі ортақ болды. Мемлекеттің мәдени тұғыры мен әлеуметтік құрылымы Көне Түрік қағанаттарының мұрасын толық қабылдады»[9].

Өздерін кейде моңғол, кейде түркі, кейде керейт санап жүрген, Алтайдың байырғы тұрғындарының бірі болған «Көкмоншақ (туа, тва) тайпасының тілі – қыпшақ оғыз тіліне, Алтай тіл жүйесінің түркі тіл жүйесіне жатады. Жазуы мұңғұлдың құдыма жазуы. Шаруашылығы, мәдениеті, ғұрып-әдеті, салт-санасы, діні басқа мұңғұлдарға ұқсас. Шынжаң мұңғұлдары ертеректе шаман дініне сенген, XVI ғасырда лама дінін қабылдаған»[10].

Рашид ад-дин еңбегінде баяндалатын Керей мемлекетінің құрамында Керейт, Қырқын, Қоңқайт (Тоңқат), Сақайт, Тобаут, Албат, Қарақин секілді тайпалар болғанын, сөз соңындағы «т» әрпі әдетте көптік жалғауды білдіретінін де білеміз.

М.Тынышбайұлы осындағы Сақайттан бүгінгі сақаларды (якуттарды), тубауттардан туба жұрттарының атауын көріп, оларды бір кездегі ірі Керей мемлекетінен бөлшектенген елдер болуы кәміл деген болжамды ортаға тартады. Бұл пікірді профессор С.Аманжоловтың «Тоңқатты» тубалардың құрамындағы «Тоңқат», Орхон-Енесай жазбаларында «Құрыққан» түрінде кездесетін «Қарақинді» якуттың қазіргі «Құрыққан» тайпасымен байланыстыруы одан әрі дамытады[11].

Олай болса бағзы замандардан бері түпкі таза болмысын сақтап қалған көкмоншақ аталып отырған туалардың тілінің – қыпшақ оғыз тіліне, Алтай тіл жүйесінің түркі тіл жүйесіне жатуы ежелгі керей жұртының тілінен анық хабар береді.

Твалардан қалса, Алтайдың ескі тұрғыны болған,  «Алтай жерін мекендейтін хакастар – качиндер және бельтирлер деп бөлінеді. Біз бүгін олардың Тәңірісіне қалай құрбандық шалатынын айтсақ, олар да киелі ақ қайыңның ғана түбінде құрбандық шалады екен. Оған тек ер адамдар қатысып, құрбандыққа тек ғана еркек тоқты ғана шалынып, ол ақ түсті, басы, немесе бір шекесі қара болуы шарт көрінеді»[12]. Мұндағы ғұрып-әдеттер де біздегі тәңірлік нышандардан қалған салт-дәстүрлік белгілермен тіпті де ұқсас.

Ә.Марғұланның айтуынша, Кеңес ғалымы Б.К.Козлов Оң ханның екінші астана қаласы Борысқатар өзені бойындағы Қара-Хотоның жұртын қазып зерттеген. Оңдағы христиан дініне табынатын шіркеу абаттардан қағазға, жібекке орхон үйғыр, сирия жазуымен жазылған жазулар көп табылган… Оларды түркі тілінде, сирия тілінде жазған… Керейлер ғұн (һүн) эдеті бойынша бұғы-маралды ерекше қадірлеп, оған табынып жүрген… Алтай, Жоңғар даласында, Енисейде жоғарыда көрсетілгендей орхон жазуы бар құлпы тастар кездеседі, олардың көбін жазған керей мен оңғыттар (уақтар) … Керейлерден қалған орхон жазуы бар құлпы тас Биук-тұран өзенінің бойында тұр. Оған: «Алтын ілгек кісені білімге бұғұндым» (Алтын ілгекті кісені беліме буындым) деп жазылған[13].

Қазақ-моңғол сөздерінің кейінгі ара-қатынасының ұлғаюына діндік, тілдік айырма көп ықпал етті. Атап айқанда қазақ тіліне болған исламның ықпалындағы араб сөздері, парсы сөздері бізді де «аздап шұбарласа», бұдда дініне бас иген моңғолдар тибет және басқа да халықтарға бүйрек бұрып, байырғы тілдерінен айырыла бастады. Дегенменде әдебиеттерден көрінгеніндей түркі тілінің таза түбірі моңғолдардан көрі қазақтарда көбірек сақталғаны байқалады.

Ал кейбір қазақ тілінде қолданыстан қала бастаған түркілік сөздердің моңғол тілінде әліге дейін қолданылуы да бар. Айталық, «ғар» (гар) сөзі. Моңғолша делініп жүрген ескі түркі баламасы «қол» мағынасын береді[14]. Қазақшада: «қарына тартпағанның…», «қары талды», «қарымы азайды» сынды баламалы сөздерде ғана қалды.

Моңғол-түркі дәуірінің алды-артындағы жер аты, кісі аты, киіз үй, мал атаулары бәрі де ортақ түркі тілінен сол қалпын бұзбай кейінгіге қалған. «Моңғол адамдарының есімі ретінде кездесетін «Тұғырыл», «Білге», «Алтын» сияқты жекелеген көне тарихи сөздердің моңғол тіліне енуі ерте заманда орын алып, қатысты дәуірде бұл терминдер түркі және моңғол тілдерінің ортақ сөз қорында сақталып келген»[15].

Моңғолия елінде біраз жыл тұрған, сонда қызмет еткен, ол жердің ой мен қырын көзімен де, көңіл сарайымен де тінтіп шыққан публицист қаламгер Галим Құдайбергенов «Таныс та бейтаныс Моңғолия» кітабында сол даладағы атаулардың дерлік түркі тілінде әліге дейін қаймағы бұзылмай сақталып келгенін айта келіп: «Бүкіл Моңғолия аймағындағы өзендердің, көлдердің, таулардың,, жерлердің түркі тіліндегі атаулары алтын жіппен өрнектегендей әсер қалдыратыны сондықтан. Осы географиялық атаулар жаппай жаңғыртулардан ада күйінде, байырғы көне қалпын сақтап қалған…

Арада бірнеше жүздеген жылдар өткенімен, атауының түркі тілді тамыры сол күйінде. Осы кейбір географиялық атаулардың қазіргі қазақ тіліндегі аудармалық нұсқасы мынадай:

Хэнтэй – Кеңтау – алапты кең тау.

Керулен – Керей елі – керейлер қонысы.

Аргунь – Арғын деген мағынада.

Бәлкім, бұлар Орта жүздегі қазақ рулары – керейлердің, арғындардың арғы тектері болуы да ғажап емес»[16] дейді.

Бұдан басқа «Қара Хорым» (Хар қорым), Қаған, ноен (ноян), нохор (нөкер), нүүр (нұр), отор (отар), жороо (жорға), завсар (жапсар), магнай (маңдай), мөнх (мәңгі), мәч(ин) (мешін), төмөр (темір), туг (ту), намал (түиемел), тэгш (тегіс), тэнгэр (тәңір), хайран (қайран), хайч (ии) (кайшы), хатан (қатын), хөк (көк), хуч (ин) күш), эр (ер, еркек), эрх (ерік), авга (ага), алаг (ала), т.б. сан-санақсыз ортақ атаулар көп.

Шәкерім Құдайбердіұлы «Түрік, қырғыз, қазақ һәм хандар шежіресі» атты еңбегінде қалмақтарды түрік нәсілді – «біздің қазақпен жақын тұқымдас ел» дей келіп: «Оның (қалмақтың – ред) рулары – арғын, найман, қыпшақ, керейт, меркіт, кан, мондус, ара, тотош, шапты, тоншон, алмат, кебек, қоду, пайлағас, айттас, құртты, сақал, телес, айдақ, қырғыз, союн, моңғол, сарт. Тілдері ескі түрікше, бірақ моңғолға көп қарағандықтан мағол тілі қосылған»[17]  дейді.

Ш.Құдайбердіұлының: «тілдері ескі түрікше, бірақ моңғолға көп қарағандықтан мағол тілі қосылған» деген тұжырымы да көп сырды аңғартады.

Түбірінен қарағанда Орхон жазулары, «Моңғолдың құпия шежіресі», Махмұд Қашқаридың «Диуан лұғати ат-түрік» («Түркі сөздерінің жинағы»), Рашид ад-диннің «Жамиғ ат-тауарих» кітабы, Әбілғазы Баһадүрдің «Түрік хандар шежіресі» сынды еңбектерде кездесетін байырғы сөздер және олардағы ой мен оқиғаның бейнелену ерекшеліктері түбі бір ғана әліппені негіз еткені байқалады. Тілдік, діндік наным-сенім жағынан да бүгінгі бізден бөліне алмайды. Кез-келген түркі баласы танып, тамсанып, түсінікті оқиды. Олай болса сол әліппенің таза шәкірттері ретінде бүгінгі мұсылман түркілерін, соның ішінде қазақтарды ерекше атауға болады.

Жалпы сол тұстағы түркі жұртындағы сахаралық көшпенді халықтардың бір ғана ортақ – түркі тілінде болғанын қытай ғалымдары да айғақтайды.

«Қазақ ұлты VI-XI ғасыр аралығында көне түркі жазуын істетті… Таяу заман археологтары моңғолиядағы Орхон өзені аңғарындағы Хошұдсайдамнан «Білгі қаған құлыпптасын» және «Күлтегін құлыптасын» байқады. Моңғолияның солтүстігінен көптеген жазу жазылған тас ескерткіштер тапты. Осы тас ескерткіштердегі жазулар VI-VIII ғасырда орта азиядағы және қазақ даласындағы түркі тілінде сөйлейтін ұлттардың істеткен жазулары, сол кезде батыс түркі хандығының үстемдігіндегі қазақтар да осы жазуларды қолданды… Қазіргі қазақ тілінде бар көптеген сөздерді Орхон-Енисей құлыптасы жазуынан кезіктіруге болады. Айталық: кісі, алтын, күміс, темір, күн, түн, ұлы, көк, азбан, бар, кел, біл. Міне, сонау VIII ғасырда да бұл сөздердің бар екенін, оның үстіне осы негізгі сөздердің басқа түркі тілдес ұлттар тілінде де ортақ екенін көруге болады»[18].

Жоғарыдағы тілдік ортақтықтар – адамның жаратылыс тегі, өмір сүру ортасы, күнделікті тұрмыс-тіршілік, салт-дәстүрі және оған қатысты құрал-заттар, табиғаттану, аң-құс, жан-жануар, төрт түлік мал, т.б. атаулары сынды жақтардан көп көрінеді. Ал кейінгі дәуірлердегі кірме сөздер мен іс-қимылды бейнелейтін етістіктердегі өзгерістер тілдік айырманы ұлғайта түскен.

Жанды айғақ – «Монғолша-қазақша» сөздіктегі ортақ түбір сөздер түркі-моңғол, қазақ-моңғол, моңғол-керей арасындағы тіл ортақтығының бұлтартпас дәлелі бола алады.

 

Пайдаланған әдебиеттер:

[1] Бекен Қайратұлы. «Базылхан Бұхатұлы: Монғол тілінің түп төркіні түркі тіл құрамынан шыққан» атты сұхбат. https://e-history.kz/kz/publications/view/5539.

[2]  «Монголын нууц товчоо. Улаанбаатар, 1990. 178 бап.

[3]  З.Қинаятұлы «Шыңғыс хан» Алматы, «Арда», 2008 жыл. 9-10 бет.

[4] «Моңғолдың құпия шежіресі». Аударғандар: Уілизың Төребатұлы, Міркамал Жәлелханұлы, Әбдірешит Тойлыбайұлы. «Ұлттар баспасы», Бейжің. 2005 жыл. 2-3 бет.

[5]  З.Қинаятұлы «Шыңғыс хан» Алматы, «Арда», 2008 жыл. 10 бет.

[6]  Поппе Н. «Грамматика письменного монгольского языка». М.-Л., 1937. 13 бет.

[7]  Т.Әбенайұлы ««Құпия шежіренің» құпиясы». «Нұрлы Әлем», Алматы. 2010 жыл.

[8] М.Ысқақбай, «Шыңғыс хан ордасы қай тілде сөйлеген?» «Қазақ әдебиеті». https://massaget.kz/layfstayl/bilim/gumanitarly-ylymdar/tarih/40243.

[9]  Ж.Артықбаев «Қазақстан тарихы», оқулық. Астана: Фолиант. 2013 жыл.132 бет.

[10] Батуа Бидуаұлы (мұңғұл) «Шынжаң мұңғұлдарының шежіресі». «Мұра» журналы, ҚХР ШҰАР, Үрімжі.2006 жылғы 6-сан.

[11] Жарылқап Бейсенбайұлы. «Қазақ шежіресі», «Атамұра», Алматы. 1994 жыл. 60 бет.

[12]  Төреғұл Дәулетов, «Егемен Қазақстан», 27.10.2010 жыл.

[13] Әлкей Марғұлан. «Тамғалы тас жазуы»  «Жұлдыз» журналы, № 1, Алматы, 1988 жыл.

[14]  «Моңғолша-қазақша сөздік», Улаанбатаар-Өлгий-1984 жыл. 121 бет.

[15] Ж.Ошан. «Керей хандығы қытай деректемелерінде»- X-XIII ғасыр. Дайк-Пресс баспасы – ЖШС, 2014 жыл. 62 бет.

[16] Галим Құдайбергенов «Таныс та бейтаныс Монголия», 1-том. Астана-2012 жыл.

223-224 беттер.

[17]  Шәкәрім Құдайбердіұлы. «Шәкәрім» – II том, Алматы «Ел-шежіре» – 2008 жыл.

167 бет.

[18] Су Бихай «Қазақ мәдениетінің тарихы», Шынжаң халық баспасы, Үрімжі.

2005 жыл 293, 294, 295 беттер.

Жәди Шәкенұлы

«Түркілік тек және қазақ тұрғақтары» кітабынан

 

Ұқсас жазбалар