Шынжаң қазақтарының Гималай асқан қаралы көшінің алды-артында не бір қанды оқиғалар болды. Дүниенің биік жотасында талай боздақтың басы қалды. Сондай шаһиттік ғұмырдың иесінің бірі – Тәкіман батыр. Ұлт азаттығы жолында жанын шүберекке түйіп, халқы үшін қан кешкен Қалибек, Тәкімандар есімі тарихта қатарынан ауызға алынады. Шынжаң қазақтары тарихы жағдайында Оспан, Қалибек, Тәкіман сынды ірі тұлғалар қызылдарға қарсы оқ атқан адам есептеліп, бүгінгі қытай қоғамы оларды ауызға алудан қорқады немесе ауызға алуға тыйым салады. Дегенменде өз кезінде өткен күндер белгісін хатқа түсірген қаламгерлердің болғанын да жоққа шығармаймыз. Шынжаң жағындағы қарт сарбаз, қарымды қаламгер Қожай Доқасұлы өзінің көрген-білгендері арқылы талай дүниені қағазға таңбалап кеткен белгілі тұлғаның бірі. Тәкіман батыр хақында да сол кісінің жазбаларында біраз тарихи оқиғалар қамтылған. Қ.Доқасұлының «Офицердің қойын дәптерінен» деп аталатын кітабының «Жетінші атты полктің қысқаша тарихы» атты бөліміне назар аударсақ біраз сырға қанығамыз. Аталған бөлімді автор зейнеткер қарт, көне жауынгер Байжұма Берікболұлының айтқан әңгімесі негізінде баяндайды. Енді сол баянға кезек берейік:
«Жетінші атты полк – 1945 жылы маусым айында Нылқыда құрылған. Полк үш эскадроннан құралған. 350 әскері бар. Полк командирі – Қазықан Манасбаев, орынбасары – Қанапия, комиссары – Сәрсенбек Әбішұлы. Бұл полктің құрылу тарихы: 1945 жылы сәуір айынан бастап Сауан ауданының Нұрбай, Қалибек, Тәкіман, семіз Хамза, бала Хамза сияқты азаматтары Алтай мен Іледе болып жатқан қарулы күрестің хабарын естіп, ішкі жақтан ұйымдасып, Гоминдаңға қарсы көтеріліске дайындалып жатқанда, Майтаудағы Гомиңдаң әскерлерінің ішіндегі қазақ- ұйғыр болып 13 әскер – Сопахунның бастауымен Гоминдаңнан бөлініп, Нұрбайға келіп, Ілеге баратын жолды сұрайды. Нұрбай – өзінің інісі Мұқамадиді Ілеге жол бастауға қосып береді. Бұл хабарды Гоминдаң жансыздар арқылы естиді. Сонымен Гоминдаң жағы Нұрбайды үкіметке қарсы адам деп танып, оның ауылын қоршауға алады. Нұрбай батырлықпен қаруын көтеріп қарсы шығады, бірақ оқ тиіп құрбан болады. Гоминдаң әскерлері Нұрбайдың жетпіс жастағы анасын, төрт жастағы ұлын қинап өлтіріп, отыз жеті адамын тұтқынға алады. Бұл оқиға Сауандағы Қызыл өзен қазақтарының Гоминдаңға деген өшпенділігін қозғайды. Гоминдаң әскерлері Нұрбайды өлтіргеннен кейін, көп өтпей алпыс жастағы Қабдолланы, оның екі ұл, бір қызын жөне немере келінімен қосып атып тастайды. 1945 жылы мамыр айынан бастап халық ұйымдасып, Гоминдаң үкіметінің сол арада тұрған әскерлеріне шабуыл жасайды. Жау әскерінің біразының көзін жояды. Ел азаматтарынан – Абдулла, Мүтәліп деген кісілер құрбан болады. Тауға қарай шегінген ел азаматтары, қаптаған қалың әскерге он шақты мылтықпенен төтеп бере алмайтынын біліп, семіз Хамза, бала Хамза, Зайкен, Бейсенбай, Төлегендерді Ілеге жіберіп, Шығыс Түркістан үкіметінен Сауан халқын қорғау үшін көмек сұрайды. Құлжадағы әскери штаб қызу қарсы алып, бес адамға оғымен бес мылтық және бір пардан әскери киім кигізіп қайтарады. Сонымен бірге оларға жәрдем беру үшін, 350 адамнан ұйымдасқан Қазықан, Қанапия, Сәрсенбек, Жолдас сияқты басшылардың қолбасшылығында бір жасақ аттандырылады. Сол отрядтың хатшысы – Байжұма болыпты. Партизандар Қызыл өзенге келіп – Манас, Сауан қазақтарының қарулы көтерілісімен бірлесе соғыс жүргізіп, жеңіске жетеді. Кейін келе жетінші полк болып құрылады». Байжұма әңгімесін осылайша тізбектеген Қожай Доқасұлы осыдан кейін жетінші полктың құрылу барысына тоқталады. Байжұманың ерлікке бел буған батырлығы мен батылдығы тілге тиек етіле келе оның әңгісін одан ары жалғайды: «…Әлмисақтан бері адам баласы аяқ баспаған бір тарғыл таудың күнгей бетіне келгенімізде екі Хамза: «Ендігі жолды өзіміз білеміз. Сізге рахмет. Аулыңызға қайтыңыз!», – деп жол бастаған монғол қарияға жетектегі аттың бірін беріп, жолға салды. Хабарымызды естіп, қарамызды көре сала – Қалибек, Тәкімандар да келіп жетті. Қалибек, Тәкімандар біздің келгенімізге ерекше қуанды. Ылғи да ересек, сақа жауынгерлердің, біздің ұстаған құралдарымызды көріп, тіпті де қуанған Қалибек: – Құтқарушыларымыз, бір күн кешіксеңіздер біздің жаумен соғысатын оғымыз таусылатын еді. Жау әскері қазір артымыздан өкшелей қуып келеді. Қалың ел, кәрі-жас демей жаудың оғына жем болып қырылар едік. Сіздер кешіксеңіздер, жанымызды қолтықтап, малымызды тастап, жаяу-жалпы тау асып, Қызай елінен баспана тілеп баруды да ойластырдық. Бақытымыз бар екен. Алла ел-жұрттың көз жасын көріпті, сіздер енді әлденіп алып, жау әскерін оқпен қарсы алуларыңызды өтінемін, – деді. Қалибектің ұсынысы бойынша партизан басшылары өзара ақылдасты. Шабуылға шығу бұйрығын алған соң, бет алдымыздағы тауда атыс болып жатқан майданға барып, Қызылөзен елінің партизандарымен бірлесіп атыстық. Біздің алдымыздан шыққан жау әскерінің бір тобы, бізді бұрыннан бері атысып, жеңіліп, шегініп, тау саталап жүрген жергілікті партизандар деп қате межеледі білем. Тайсалмай келе жатқан еді. Оларға Жұмаділ пулеметтің бір дискі отын төгіп жібергенде, жаудың алдыңғы легі жапырылып түсті. Оқтан құтылғаны тым-тырақай қашты. Екі топтың жауынгерлері жау әскерлеріне оқ жаудырғанда, жер күңіреніп, көк шайқалғандай, тау жаңғырып, жаудың есі шығып, шетінуге мәжбүр болды. Қалибек, Тәкіман, бала Хамза жауға төтеп беріп, қан қарызына батқан жауыздардан кек қайтарып, жеңіске қолы жетеріне көздері жетіп, өздері білетін жер жағдайын пайдаланып, жауды өкшелей қуып, тұйықтарға қамап, көбін жайратып салды. Тәкіман құралайды көзге ататын мерген екен. Сол жолы жиырма бес оқпен жау әскерінің жиырмадан астамының көзін жоғалтты. Дәл сол шайқаста біз жаудың бір ротасын жойдық. Сай-сайда, бұталар арасында өліп жатқан жау әскерінің сексенге жуық мылтығы мен оғын олжаға алдық». Қ.Доқасұлы Байжұманың Қалибек, Тәкімандармен бірге жауға атойлаған алғашқы шайқасын осылай бейнелейді. Соның ішінде Тәкіманға ерекше тоқталып: «Тәкіман құралайды көзге ататын мерген екен. Сол жолы жиырма бес оқпен жау әскерінің жиырмадан астамының көзін жоғалтты» деп айрықша атайды. Осыдан кейінгі алты шайқастың да жеңісті шерумен өткенін баяндайды.
Сөйтіп, аталған бөлімді қорытындылай келе: «1945 жылы қыркүйектің 18-і күні Сауан ауданы азат болды. Ауданның әкімдігіне – Калибек, орынбасарлығына – Дәулет, сақшы бастығы – Тәкіман болды. Қалибек, Тәкімандар гоминдаң керітартпашыларына қарсы карулы күрес жүргізіп, құрбандық беріп, жеңісті қолға келтіруде үлес қосты» деген қорытынды жасайды. Хасан Оралтай «Елім-айлап өткен өмір» кітабында (34-35-беттер) «Кездейсоқ келген көмек» деген атпен өздерінің Қызылөзен бойындағы қытайларға қарсы күресіне Шығыс түркістандық 60 адамның көмекке келгенін жазады. Әрі жеңіске жеткен соғыс жайының соңын: «Басында Әлихан төре болған Шығыс Түркістан үкіметі Қалибекке артқы бетінде араб әрпімен жазылған «істықләлиәт (тәуелсіздік) деген жазуы бар ай-жұлдызды алтын медал берді. Қалибектен басқа Қызылөзен көтерілісіне қатысып ерекше көзге түскен ішінде Тәкіман, Бақтияр, Мөрдіхан бар 11 кісіге де Қалибектің ұсынысына сай ай-жұлдызды күміс медаль берілді» деп түйіндеп, жорғарыда баяндалған жайлардың дұрыстығын көрсетеді. Қызылөзен соғысындағы Тәкіманның батыр ретінде ерекше көзге түсуін ешкім де жоққа шығармайды. Хасан Оралтай өз жазбаларында Тәкіманды Қалибектің сенімді серігі ретінде суреттейді. Аталған еңбегінің 58-бетінде: «Тәкіман батырдың жау қоршауын жарып шығуы», «Қытайлардың Тәкіман батырды тұтқындауы» дейтін арнайы тақырыптар бар. Онда Тәкіманның Кеңес ықпалындағы Шығыс Түркістандықтардың шабуылына ұшырап, қиын жағдайда қарсы жағын қансыратып, өзін де, елін де құтқарған ерекше еңбегі тілге тиек етіледі. Кеңестік күштердің қолшоқпарына айналған Шығыс Түркістан атын жамылған үш аймақшылар Қалибек, Оспан, Тәкімандарды жау санайтын еді. Сондықтан да оларды құртуға бар күніш салды.
«Үш Аймақ әскерлері бұдан кейін барлық күшін Тәкіман батырды қолға түсіруге жұмсады. Тәкіман батырға көмек жіберуге тырысқан Қалибек хакімге қытай үкіметі кедергі жасады. Қытай үкіметі 1946 жылы Үрімжіде жасалған келісім шартына сай: екі жақ бір-біріне шабуылдамауы тиіс, сіздердің Манас өзенінің шығысынан өтіп барып Тәкіманға көмектесуіңіз, қытай жақтан жасалған шабуыл боп есептеледі – деді. Манас өзенінің шығысына өткен Қалибектің елі Тәкімандардың тағдырынан бейхабар болып, өте бір қынжылысты да, шарасыз жағдайда тұрғанда, 1948-жылдың ақпан айының ішінде, сол маңдағы жердің жағдайын жақсы білетін жұртшылықты таңырқатқан: «Тәкіман батыр бастаған ел Жушай дарасын басып, Жыланды асуын асып, Дазмияудың басынан айналып, Қарабұғытыдан Манас өзенінің шығысына өтіпті…» – деген хабар келіп түсті. Бұл – аталған жерлерді жақсы білетін жергілікті халық үшін американдықтардың айға барып қонғандығы сияқты таңырқарлық ерекше оқиға болды». Х.Оралтайдың бейнелеп отырғаны Қызылөзеннің басындағы Қайыңды, Жушай, Жыланды сынды аса қиын, аң ғана өтетін құз-қия, күдірден Тәкіман батыр бүтін ауылды – «қатын-баланы, тіпті, түйе мен жылқы, сиырды да өткізген. Олар мәңгі-бақи ерімейтін ақ қар мен көк мұздың үстіне текемет, туырлық жайып өткен. Құз жартасты қиялардан көлікті арқанмен тартып шығарған» (Хасан Оралтай «Елім-айлап өткен өмір», Алматы, «Білім» 2005 жыл. 59 бет). «Тәкіман батыр бастаған сол елдің «Үш аймақ» әскерлерімен қарсыласқан соғысы өте қанды қырғын болған. Қорқыс өзенін өрлей қашқанда, оларды қуған «Үш аймақ» әскерлері Қайыңды сайының басындағы асуда Тәкіман батыр сарбаздарының батыл қарсылық көрсетуіне тап болады. Сол жерде «Үш аймақ» жағынан көп әскер қырылады. Өкінішке орай, олардың бәрі дерлік жас қазақ жігіттері еді. Яғни қашқан да, қуған да қазақ-ты. Орыс қолбасылар Алтайда Оспан батырға қарсы қазақ әскерлерін апарып арандатып, кейін: «Оспан батыр наймандарды қырды» – деп жалған пропаганда жасағанындай, Еренқабырға төсіндегі Қызылөзен мен Ұлужан –Бортынкедегі Қалибек, Тәкімандарға да қазақтарды айдап салған-ды. Қайыңдыдағы соғыста Тәкіман батырдың жақын серіктерінен Бәйзек бар бірқатар кісі оққа ұшқан. Бірақ, «Үш аймақ» жағының шығыны мол болған. Оны олар кейін шегінгенде соғыс майданында қалған оққа ұшқан әскер сүйегі аңғартқан. Сол өңірдегі ел «Тәкіман әскер қырған» деп те атайтын жерде және Қайындыда өздері соғыс кезінде өлтіруге мәжбүр болған «Үш аймақ» әскерлерінің жаназасын оқып, жерлеу де Нұрмұхаммет Атамбайұлы және Тәкімандарға нәсіп болған-ды (Тәкіманның молдалығы да бар-ды»)… «Тәкіман Үш Аймақ үкіметі бір қуыршақ оның артындағы орыс біздің жауымыз. Ол – қытайдың да жауы, онда оған неге шабуылдамасқа!?» (Хасан Оралтай «Елім-айлап өткен өмір», Алматы, «Білім» 2005 жыл. 60 бет) деп өздерін құртуға ниеттенген Шығыс Түркістаншылдарға батыл қарсы тұрады. Бұл арада Оспан, Қалибек идеясындай Тәкіманның да кеңестік қызылдар туындатып отырған зұлматтарды анық аңғарғанын көреміз. Осындай азат ойлы болғандыығ үшін Тәкіман қытайларға да жақпаса керек. «1948 жылдың жазында қытай үкіметі Тәкіманды кенетген қолға алып қамады. Оны әкем мен қазақтың Үрімжідегі игі жақсылары қытай түрмесінен әрең құтқарды», – деп жазады Х.Оралтай. (Хасан Оралтай «Елім-айлап өткен өмір», Алматы, «Білім» 2005 жыл. 60 бет). Қытай жерінде орнаған қызыл үкіметтің жаулығы мен қуғыны ұлт оғландарының басына ауыр қатер төндіреді. Қалибек, Хамза, Тәкіман бастаған топ ақыры шет жұртқа жан сауғалауға мәжбүр болады. Осы жайлар сөз болғанда Уақит Халелұлы өз естелігінде: «1949 жылы тамызда Сауан әкімі Қалибек, оның серіктері Такыман, Сәду, Ахмет секілді адамдар Шонжыдағы Оспанды іздеп барып, сырт мемлекетке шығып жан бағуды айтады. Оспан: «елді-жерді тастап шетелге шығып кетуді қаламаймын. Құдайдың басқа салғанын жерімде көрмекпін!» дейді. Қалибектер Оспан ауылында төрт-бес күн тұрып, Оспанның ой-пікіріне наразы болып еліне қайтады» деп жазды. (Ж.Шәкенұлы құрастырған «Оспан» кітабы, Алматы, Тұран, 2010 жыл). Х.Оралтай өз жазбаларында Тәкіманның батыр ғана емес, аса сауатты болғаны туралы да жазады. Өзі тураы айтқан бір сұхбатында: «Біз тұратын Еренқабырғаның бөктерінде маңдымды мектеп болған емес. Манас пен Қорқыс өзендері арасындағы елде 1940 жылдардың басында қазіргі Нужаңзыда бір бастауыш мектеп ашылған-ды. Алғашында оған Іле жақтың жігіті руы қызай Раушан деген кісі мұғалім болды. Кейін отызыншы жылдардың басында Қазақстан жақтан қашып келген, орыс тілін бәлетін Байбала, одан кейін Абақ Керейдің Көнсадақ руынан Тәкіман молла мұғалім болды. Он екі жасыма дейін мен сол бастауыш мектепте оқыдым» дейді. Жоғарыдағы деректерде де ескіше-жаңаша сауатты болғаны, шаһит болғандарға жаназа шығарғаны сөз болады. Мейлі жаумен болған соғыстарда, мейлі Такламаканды кесіп, Гималайға асуда болсын Тәкіман батыр Қалибек Хакіммен бірге сан қиындықты бұзып өтіп, өздерінің қол астындағы халқын зұлматтан аман алып шығу жолында жан аямай күреседі. Гималай жонына шыққаннан кейін Тәкіман бастаған бір топ азамат аңға шығып кетеді. Тәкіманға оқиятта ыс тиіп қайтыс болады. Осы жайлар сөз болғанда ағайын арасына алалық өрбіткен кейбір адамдар Тәкіман өлімін Қалибекке артқысы келсе керек. Ол жайында Қалибек Хакімнің немересі, Халықаралық саясаттану ғылымының докторы Мариям Хакім Әпетай Мұқарапұлының «Киелі көш» кітабындағы деректерді сынай келіп: «Кітаптың 597 бетінде: «Қалибектің елі Гас көлінде» дейтін бөлім, 684 бетінде «азаттық армияның Гаске келіп, Қалибектің қашып батысқа тартуы» дейтін бөлім, 699 бетінде «Қалибектен бөлініп қалған бір бөлім елдің жағдайы» атты бөлімдер бар. Мұнда автор Қалибек Хакімді де өте жағымсыз адам ретінде бейнелейді. Осы бөлімдерде ел аузындағы өсек-аяңдарды дәйекке келтірген автор Такыманның өліміне Қалибекті кінәлі ретінде көрсеткісі келеді. Әрі «Қалибек Такыманның әйелі Мүлияны Тибеттің сары жонында неке оқытып әйелдікке алады» (Әпетай Мұқарапұлы «Киелі көш». Ұлттар баспасы, Бейжің. 2012 жыл. 695 бет) деген дерек айтады. Енді бір сөзінде автор Мүлияны Тибет жонында өлді дейді. Шын мәнінде Кашмирге келгеннен кейін үш баламен тұрмыстың тақаршылығын көрген Мүлия анамыздың өзіне «кімге тиюді өзің таңда» деп басына ерік бергенде өзіне жақын-жанашыр болып келген Қалибек атамыздың етегінен ұстаған екен. Тибеттің жонында өлген Такыманның бәйбішесі Шөкен деген кісі болатын. Мүлия тәтеміздің қолында «тәте» деп өстік. Өте бір аяулы жан болатын» дейді. (Ж.Шәкенұлы, Ш.Абділұлы құрастырған «Ел бастаған Елісхан», 58-бет. Алматы, «Palitra Press» баспасы, 2018 жыл).
Тағдырдың тарғалаң күндерін бастан кешкен Тәкіман қысқа ғана ғұмыр кешсе де, тарих бетінде өзінің адамдық, азаматтық, батырлық болмысымен қалды. Оның өмірі хақында жазушы Жақсылық Сәмитұлы тарихи көркем шығарма жазды.
Пайдаланылған әдебиеттер:
Қожай Доқасұлы «Офицердің қойын дәптерінен», Бейжің, Ұлттар баспасы. 1996 жыл.
Хасан Оралтай «Елім-айлап өткен өмір», Алматы, «Білім» 2005 жыл.34,35,58,60 беттер).
Ж.Шәкенұлы құрастырған «Оспан» кітабы, Алматы, Тұран, 2010 жыл.
Әпетай Мұқарапұлы «Киелі көш». Ұлттар баспасы, Бейжің. 2012 жыл.
Ж.Шәкенұлы, Ш.Әбділұлы құрастырған «Ел бастаған Елісхан», 58-бет. Алматы, «Palitra Press» баспасы, 2018 жыл.
Жәди Шәкенұлы
Жазушы,
академик