«Tugurulhan.kz» тарихи-танымдық порталы

Бұқара Тышқанбаевтың Шынжаң әдебиетіндегі іздері

Авторы tugurul
816 қаралым

              Бұқара Тышқанбаев есімі әдебиетіміз бен мәдениіетімізге әбден таныс. Біз бұл мақаламызда ол кісінің тұтас өмірі мен шығармашылығы туралы тоқталмақшымыз. Жалпы қазақ әдебиетін алып бәйтерек десек, оның басқа елде өсіп, өркен жайған бұтақтарының бірі Шынжаң қазақ әдебиеті. Сол Шынжаң қазақ әдебиеттің қалыптсуына игі ықпалын жасаған тұлғалар қатарында Бұқара Тышқанбаев есімі де аталады. Әсіресе, ондағы жазба әдебиет өркендерінің қалыптасуы мен алғашқы гүлденіп-көркейген дәуірі саналатын 1940-1955 жылдар Бұқара өмірінің жалынды жастық шағы мен шығармашылық жолындағы мол ізденісті кезеңіне тура келеді.

Бұқара Тышқанбаев 1920 жылы 12 сәуірде Жәркент уезіне қарасты «Тоғызбұлақ» ауылында (қазіргі Алматы облысы, Ұйғыр ауданы) дүниеге келген. 1930 жылы он жасында әке-шешесімен бірге Қытайдың Іле өңіріне – Құлжа қаласына өтеді. 1934 жылдан кейінгі Шың Шысайдың халықты оқу-ағартуға, мәдениетке үндеуі аз ұлттарға тиімділік әкеліп, Бұқара 1935-1938 жылдар мұғалім болып, ауылда бала оқытады. 1938-1942 жылдар Үрімжідегі мұғалімдер семинарынан білімін жетілдіреді. Дәл осы кезден бастап, Б.Тышқанбаев шығармашылық жолға түседі. Сол жылдары жазған  алғашқы өлең, мақала, очерктері «Шыңжаң» газетінде жарық көре бастайды. 1942 жылы Құлжа қаласына келіп, шығармашылық жұмысын жалғастырады. Алайда, елін сүйген жалынды жас гоминдаңшыл қытайлардың назарына ілігіп, түрмеге қамалады. 1944 жылы қарашада Құлжа қаласында Шығыс Түркістан Республикасының құрылуы оны да бостандыққа шығарып, шығармашылығына жол ашады. Төңкерістің бас штабы Бұқараға жаңа газет ісімен айналысуды жүктейді. Сөйтіп,  жас республиканың орган газеті «Төңкеріс таңында» редактор болып қызмет атқарады. Газет жұмысы мен мәдени орта оның өсуіне мол мүмкіндіктер береді. Шығармашылықта жемісті еңбектер етіп, көптеген туындыларын өмірге әкеледі. 1950 жылдарға келгенде Шынжаң мәдениет минстрінің орынбасары, ШҰАР жазушылар одағы төрағасының орынбасары сынды лауазымды қызметтерге тартылады. Құлжадан Үрімжіге ауысуына байланысты шығармашылық жолындағы еңбектері де ерекше көзге түсе бастайды. Шынжаң қазақ жазба әдебиетінің алғашқы өкілдерімен бірге ел әдебиетіне еңбек етудің даңғыл жолына түседі. Шынжаңда жарық көрген қытайдағы аз ұлттар әдебиеті тарихына арналған желілес кітаптың «Қазақ әдебиетінің тарихы» атты томында Б.Тышқанбаевтың еңбектері де аталады.  «XX ғасырдың 50 жылдары қытайдағы қазақтардың осы заман әдебиетінің көктем маусымы. Осы маусым басталған кездегі әдебиетіміздің және поэзиямыздың алғашқы қарлығашатары: Бұқара Тышқанбаев, Құрманәлі Оспанов, Қажығұмар Шабданұлы, Рахметолла Әпшеұлы, Мағаз Разданұлы, Нұрсапа Аманжолов, Қаусылхан Қозыбаев, Оразақын Асқаров, Құлмұхан Ахметұлы, Ахмет Жүнісұлы, Шарғын, Әлғазы, Сағдолла Нұралин, Аяған Әділхан, Зәкен Болтаев, Күнгей Мұқажан, Елубек Байтоқов, Бұлантай Досжанин, т.б»(1. 11 бет). Жоғарыда аты аталған аға буындар жаңа заман тақырыбын жырлаудың да бастамашылары болды. Осы жылдары жазылған Бұқара Тышқанбаевтың «Өмір сыры», «Тамаша» (ән тексті), Құрманәлі Оспановтың «Күркешеден күллі әлемге», Мағаз Разданұлының «Дауыл» өлеңдері сол кездегі» поэзиямыздың пролотарлық төңкерісті, жаңа заманды жырлаған үздік туындылары есептеледі(2. 11-12 бет). Мұндағы Б.Тышқанбаевтың «Тамаша» әніндегі «Тамаша өмір тамаша, шалқиды көңіл жаңаша» деген сөздері  ән қанатымен аспандап қалмастан, халықтың аузындағы мәтелдей болып, жүректен жүрекке жетеді. Әдебиет сүйер қауым, өнер сүйер қауым Бұқара есіміне кеңінен таныс болады. Бұқарының проза, поэзия, драммада қатарынан құлаш сермеуі, өзінің өлмес туындылары арқылы жарқ етіп көзге түсуі оны әдеби ортаның майталман тұлғасына айналдырады. Шынжаңдағы «Қазақ әдебиетінің тарихы»: «Бұл кездегі прозамыздың өкілдері: Бұқара Тышқанбаев, Қажығұмар Шабданұлы, Рахметолла Әпшеұлы, Ахмет Жүнісұлы, Күнгей Мұқажанұлы, Қаусылхан Қозыбаев, Бұлантай Досжанин»(3.18 бет) – деп жазады.

          Әрине, 1949 жылы коммунистік жаңа қытай үкіметінің билікке шығуы, әдебиет-көркем өнердің барлық бағыты сол жаңа үкіметтің жырын жырлауға бағытталғаны, тіпті шарт ретінде қабылданатыны шындық. Сондықтан да сол тұстың озық қаламгерлеріне ортақ болған қызыл партияны жырлау дәстүрін айналып өтуге ешкімнің де мүмкіндігі жоқ еді. Б.Тышқанбаев та ел азатттығының алғашқы жылдарындағы «Қызыл жалау» өлеңінде:

Жұлдызды қызыл жалауым,

Қақты жалын қанатын.

Социалды өмірдің,

Соқтырмаққа сағатын, – деп жырлады. Сол кездегі саясаттың сойылын соғу тек қана қытай қазақ әдебиетінде емес, Кеңес одағы және оның ықпалындағы барлық елдердің әдебиетінде қалыптасқан ортақ үрдіс болатын. Социализм туының желбіреп, Жамбыл Жабаев рухының сөнбеген шағы. Бұқара Тышқанбаевтың замандас қаламдастары мен ізін басқан ізбасарларынан: «Омарғазы Айтанұлы «Октябрь құрдасы», Мақатан Шәріпханұлы «Азат қызға», Нұрсапа Аманжолов «Уақыт маршалы», Серік Қапшықбаев «Мен октябрь жерінің азаматы», Қабдеш Жүмәділов «Коммунистік партиям» өлеңдерінде және басқалар да сол мезгіл ойының өзегіндегі активал тақырыптарды жырлаудан бастап, әрқайсысы өздерінің әр түрлі шығармашылық өрістерін ашқан» кез еді(4. 13 бет). Бұл дәстүр қытай қоғамындағы әдебиеттің әр жанырында: «барлық гүл шешек атсын, жалпы жарыса үн қатсын!» дейтін ұранды бағытпен ұпайын түгендеп тұрды. «Ең алдымен Бұқара Тышқанбаев ұйғырлар қоныстанған райондарда жүргізілген жер реформасын тақырып еткен «Таламаттың кесірі» атты әңгіме жазды. Өйткені қазақ халқының басым көп сандысы мал шаруашылғымен шұғылданғандықтан, қазақ халқы қоныстанған райондарда жер реформасы терең жүрілмеген. «Таламаттың кесірі» әңгімесінде помещик әрі қазы Үсейіннің кедей диқандарды езіп-қанаған қылмыстары әшкереленіп, кедей диқан Елахұнның көне қоғамда тартқан азабы суреттеледі. Соңында, мемлекет азат болып, жер реформасы жүргізіледі. Зорекер помещик Үсейін жанышталады – қолға алынады. Елахұн егістік жерге, мал-мүлікке ие болып, еңсе көтереді»(5. 20 бет). 1950 жылдардың басы мен орта мезгілінде Кеңестік Қазақстан мен Шынжаң арасындағы барлық байланыстар мен қарым-қатынастар екі елдегі қазақтардың мәдениет, әдебиет алмасуларына да тамаша орайлар жаратты. Қазақстан қаламгерінің шығармалары Шынжаң жағына еркін жетіп тұрды. Тіпті қаламгерлердің де өзара барыс-келісіне де есік ашық еді. «Алыптар тобындағы» Сəбит Мұқанов 1956 жылы Қытай жерінде болып, ондағы қазақтардың əдебиеті мен мəдениетіне барынша көңіл аударады. Оны Сəбеңнің «Алыптың адымдары» атты очерктер жинағынан айқын көре аламыз. Сол сапарында Сәбеңнің алдынан шығып, оны Шынжаң әдебиетімен, ел мен жердің қыр-сырымен таныстырған жол бастаушы тұлға – Бұқара Тышқанбаев болады. Бұл жайлар хақында С.Мұқановтың «Алыптың адымдары» еңбегінде егжей-тегжейлі баяндалады. «Біз Үрімжі қаласында бірнеше күн болып, жалпы ұйғыр автономиялық ауданының, оның орталығы – Үрімшінің экономика және мәдениет жағдайларымен тағы да біраз таныстық та, соңғы күнімізді «Бұланбай» аталалатын өзеннің жағасындағы қалың тоғайдың ішінде, Шынжаңның мәдениет қызмепткерлерімен сауық-сайранда өткізіп, ертеңіне, июльдің 12-сі күні, Үрімшіден Құлжаға автомашинамен аттандық. Менің қасымда, Шынжаңдағы белгілі қазақ жазушысы Бұқара Тышқанбаев пен оның жұбайы – Сара ерді. Сара – жоғарыда өлеңі мысалға келтірілген ақын Таңжарық Жолдыұлының туған қызы екен. Жасы отызға жаңа кірген, ортадан биік балуан денелі, сыпайы қоңыр өңді, қалың толқынды қара шашы бар, жатық мінезді Бұқара, бірнеше әңгімелер мен өлеңдер жинағын жариялаған, қытай кинодраматурігіне (атын ұмыттым) қосылып, «Қасен-Жәмила» атты фильм жасаған, Шынжаңдағы қазақ жазушыларының кеуде тұсынан орын алатын адамның бірі. Өзі ол кезде Қытай жазушылар одағының Шынжаңдағы бөлімінде председательдің орынбасары боп қызмет атқарады. Бұқара қазақтың «өткелектен өтті» дейтін жігітінің бірі. Жасының аздығына қарамай, жалпы Қытай тұрмысынан да, Шынжаң тұрмысынан да, ондағы қазақ тұрмысынан да көрген-білгендері көп. Сөйте тұра, аузы сараң жігіт, – әлденелерді өзің қазбалай сұрап жетектеп әкетпесең, өз бетімен сурылып сөйлей қоймайды. Ал кеңескен сөзге байсалды да, байыпты да, әрбір әңгімесін орнықты айтады, дәмді ғып айтады. Мінезі салмақты Сара, қазақ әдебін сақтап, өзінен сұрамаған сөзге араласпай, тыңдап қана отырады. Сөйлескен сөзіне ол да орнықты, ақылды адам» (6. 336-337 беттер). С.Мұқановтың қырағы көзінен Б.Тышқанбаевтың бітім-болмысы қағыс қалмайды. Шын мәнінде сол тұстағы әлемдегі алпауыт ел – Кеңес Одағының мүйізі қарағайдай жазушыларының бірінің  бұлайша тоқталуы Бұқараға деген үлкен құрмет пен шынайы баға болатын. Жай ғана қызмет бабындағы біреу болса, С.Мұқановтың назарына бұлайша ілікпес еді. Сәбең сапар барысында Бұқара Тышқанбаев арқылы Таңжарық Жолдыұлы, Әсет Найманбаев, Әсейін Жақсылықұлы секілді тұлғалар есіміне де толығынан қанық болады. Әсіресе, Таңжарық өлеңдерін сүйіп, тұщынып тыңдайды. Бұқара Сәбеңе Таңжарықтың өлеңін оқып бергенде, Сараның «осыдан тоғыз жыл бұрын опат болған әкесінің абақтыда жатқан ауыр халін де, одан құтылған қуанышын да есіне түсіргендей, жылап тұрғанын да» жазады. (7. 346 бет). Сәбеңнің қаламына іліккен «Қасен-Жәмила» фильмі туралы сөз болғанда, «Қазақ әдебиетінің тарихында» мынадай жолдар бар: «… Осы жеті жылда (1950-1957 – ред) осы заман драмматургиямыздың алғашқы үлгілері есептеліп отырған және бұдан кейін де есептеле беретін бір шоғыр үлкенді-кішілі сахналық шығармалар туды. Олар – Бұқара Тышқанбаев пен Уаң Юху бірлесіп жазған «Қасен-Жәмила» кино сценарийі, Асқар Татанайұлының «Құлдықтан құтылғандар» пьесасы, Рахметолла Әпшеұлының «Құпия құдалық» және Қаусылхан Қозыбаевтың «Шағылған төсек» комедиясы. «Қасен-Жәмила» сценарийі – ел азаттығының алды-артын артқы көрініс, қазақ қыздарының маххабат еркіндігіне қол жеткізу жолындағы күресін негізгі тақырып еткен шығарма. Сценарийдің жанр тіліндегі нұсқасын Жоу Ынлай зұңли (ҚХР Премер минстрі – ред) өзі оқып бекіткен. Лентаға түсірген соң  «Қасен-Жәмила» фильмі елдің іші-сыртында күшті аңыз қозғап, көрермендердің қызу қарсы алуына бөленген»(8.  33  бет). Осылайша, 1953-1954 жылдары Шыңжаңда тұңғыш рет «Қасен-Жәмила» фильмі сәтті жасалған еді. Күні бүгінге дейін Шынжаңдағы қазақ киносы сөз болғанда, ең алдымен ауызға түсетіні осы «Қасен-Жәмила» фильмі. Кинодағы басты рөл – Қасен образын сомдаған Абылай Түгелбаев 2007 жылы «Үш қиян» баспасынан шыққан «Өмір естеліктері» деген кітабында «Қасен-Жәмила» киносының түсірілуі жайындағы естеліктерін баяндай келіп: «…1953 жылы сәуір айында Үрімжінің актерлік жайлауында (түсіру алаңы) киноның сыртқы көрінісі түсіріліп, тамыз айында Шаңхайға барып, ішкі көріністері түсірілді. Сөйтіп кино түсіру жұмысы сәтімен аяқталды. 1954 жылы наурыздың ортасында Пекиннің қабылдауынан өткен «Қасен – Жәмила» фильмі Шаңхайдағы он екі мың орындық кинотаетрда үш рет қойылды. 1954-1955 жылдардан бастап фильм шетелдерде сатылып алынып, көрсетіле бастады»(9) деген дерек айтады.

                  «Қасен-Жәмила» фильміндегі Жәмиланың рөлін КСРО халық әртісі Фәрида Шәріпова сомдаған екен. Аса көрнекті өнер шеберінің сахнадағы жолы сол арғы бетте-ақ басталып кетіпті. Бұл туралы Абылай Түгелбаев аталған естелік кітабында актерлік курсқа талданғандар қатарында «әйелдер бөлімінен хансуша (қытайша – ред) аудармашы Фәрида Шәріпқызы болды» деп жазады. «Қасен-Жәмила» киносында Қасен есімді кедей жігіт Жәмила есімді шаруа қызына ғашық болады. Екеуі көңілдері жарасып, кешікпей сөз байласады. Бір реткі жиын-тойда көзі түскен бай баласы қызды тоқалдыққа айттырып алмақ болады. Малқұмар қыз әкесі бұл ұсынысты теріс көрмейді. Бай баласына бермек болады. Қиын жағдайға дөп келген қос ғашық шарасыздан тауға қашады. Біраз уақыт сондағы бір жарлы шаруаның қолында тұрады. Көп өтпей қытайдың гоминдаң әскерін бастаған бай баласының қуғыншысы келіп, екеуін қолға түсіреді. Қасен мен Жәмила ебін тауып, жау қолынан сытылып шығады. Олжаға түскен бір мылтықты ала кетеді. Қайта барып тау аңғарына бекініп, сонда аң аулап күн кешеді. Қысқа қарай Жәмиланың өтініші бойынша ел шетіне жақындап қонады. Өздерінің жұрт арасына аңыз боп тарап кеткенін құлақтары шалады. Айы-күні толған жас келіншек босанады. Балаға «Махаббат» деп ат қояды. Сол кезде қырсық қайта шалады – жер-көкті тіміскілеп жүрген Жүніс байдың шабарманы Дадай тау арасындағы лашықты түтінінен байқап қалып, тауып алады. Екеуінің сәбилерін далаға тастап, өздерін байлап әкеп, түрмеге қамайды. Түрмеде талайдан бері тұтқында отырған төңкерісшілер бар еді. Солармен бірлесіп бір күні сыртқа қашып шығады. Жолда «Үш аймақ ұлттық армиясымен» кездеседі. Армиядағы бала кезгі таныстарымен жолыққан Қасен әскер қатарына өтеді. Бұл кезде Жәмила жау қолында еді. Арада көп өтпей Қасен ауылын азат ету шайқасына қатысады. Жәмиламен сонда кездесіп, екеуі бірге Дадайды өлтіріп, балаларының кегін алады. Сол тұстағы саяси жағдайға бейімделіп жасалған киноның ұзын ырғасы осылай. Ал енді, тақырыбымыз Б.Тышқанбаев және оның Шынжаңдағы шығармашылық іздері төңірегінде болғандықтан аталған фильмнің прототиптеріне де қысқаша тоқтала кетейік. Аталған оқиғаның негізі Өр Алтайдың Шіңгіл жерінде болған. «Қасен мен Жәмиланың прототиптері – Ахмет пен Бағия. Жүнісбай мен Патшабектің прототиптері – Уатхан мен Қабылхан… Кино фильмдегі кейіпкерлердің прототиптерінің  бәрі де Шіңгілдегі құл молқы деп аталатын рудың ішіндегі Шәкей дейтін бір шағын атаның ұрпақтары…Бағияның шешесі Нүриламен Ахмет, Уатхан үшеуі бірге туысады. Ал Қабылхан мен Бағия бірі ұлдан, бірі қыздан туған шөбере туыс» (10. 183-184 беттер). Шынайы өмірдегі уақыт көрсеткіші бойынша айтқанда Ахмет үйленгеннен кейін, Қабылхан мен Бағия да үйленген. Арада бірнеше жыл өткенде Ахмет өз әйелін тастап, Бағиямен көңіл қосады. Бағия да күйеуін тастап Ахметпен қашады. «1946 жылдың күзіне тура келген бұл жайсыз оқиғаға айрандай ұйып, алаңсыз жатқан ел-жұрттың бәрі наразы болады. Өйткені Ахмет пен Бағияның екеуі де некелі әрі екі жақтың да әке-шешелері, туыс-туғандары өздерін іштеріне ала отырып, сөйлесіп келісіп некелендірген… Осы себептерден оларды Уатхан ғана емес, ауыл-аймақ болып қуғындады… Осыдан соң Ахмет пен Бағия бірнеше жыл сергелдең тұрмыс кешіреді…»(11. 185 бет).   Осыдан кейінгі оқиға желісі фильмдегіге мүлдем сәйкес келмесе де, негізінен жақындау келетін тұстары көп. Екеуі ақырында қашып жүріп «үш аймақ» әскерінің қолына түседі. Бұл кезде Бағияның күйеуі Қабылхан да олардан күдерін үзіп, басқа біреумен үйленіп кетеді. Уатхан да жалғасты қуғындауын тоқтатып, әңгіме ескіре келе ел есінен де көтеріле бастайды. Өмірдегі Уатхан бейнесі фильмдегі бай, шонжар таптың қатыгез өкіліне мүлдем ұқсамайды. Ел мен жерге аса қадырлы, инабатты, абыройлы адам болған. Әрине, көркем шығарма – өмірдің өз көшірмесі емес. Коммунистік жүйеге бағынған социализм дәуірінің қажеті үшін жасалған бай мен кедей, әлді мен әлсіз арасында болатын талас-тартыс қажеттілігі үшін аталған оқиғадағы өмір шындығы өзгертіліп, көркем шығарма түсіне енген. Жалпы, «Қасен-Жәмила» киносы сол кездегі саясат үшін де, көркемөнер үшін де үлкен сілкініс тудырған. Бұқара Тышқанбаев есімінің халыққа тіпті де кеңінен таралуына фильмінің де ерекше ықпалы болған. Б.Тышқанбаев 1956 жылы Шынжаң мәдениет делегациясының басқарушысы ретінде Советтік Орта Азия және Қазақстан Республикаларында болады. Қазақтың әйгілі жазушылары М.Әуезов, С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов сынды тұлғалармен жақыннан пікірлесіп, қазақ әдебиетінің қыр-сырымен тереңдей танысады. Б.Тышқанбаев шығармалары туған халқының әр түрлі саяси-әлеуметтік жағдайын, тыныс-тіршілігін, қуанышы мен қайғысын, туған жер келбетін шеберлікпен кескіндейді. Оның Шынжаңда әдебиеттің әр жанырына түрен салып, жемісті еңбек етуі өзінен кейін жетіліп келе жатқан жас буынға да өнеге-үлгі болады. Сол тұстағы Шынжаң қазақ әдебиетінің ең шырқау биікке шыққан алғашқы кезеңдерін Бұқара Тышқанбаевсыз елестету мүмкін емес еді. 1957 жылдан кейін Кеңес одағы мен Қытайдың арасы бұзылды. Екі ел мәдениетінің ошағына алтын көпір болғандар «ұлтшыл, оңшыл» сынды нысанаға ілігіп, жаланың құрбаны болды. Бұл «боран» қазақы қаны тасып тұрған, қарымды қаламгер Бұқараның басына да құйын үйірді. Ол қолға алынып, жаза лагеріне жөнелтілді. Өткен күндерді еске алғанда, жары Сара Таңжарыққызы баспасөзге берген сұхбатында былай деп еске алады: «Бұқара Тұрфан құмындағы еңбекпен түзеу лагерінен 1960 жылы ғана босап келді. Сөйтті де Үрімшіде бақылауда жүрді. Бұған да шүкір дедік. Өйткені түрмеде емес үйде, алыста емес көз алдымызда ғой əйтеуір. 1962 жылы жергілікті үкіметке білдірмей Шыңжаң астанасындағы Кеңес өкіліне барып жолықтық. Мақсат – Қазақстанға өтіп кету. Ол кездегі консул Байғарин деген иманжүзді қазақ жігіті еді. Жағдайымызды бірден түсінді. Сөйтті де біз өтініш бергеннен кейінгі алты күннің ішінде бүкіл құжаттарымызды қолымызға сақадай сай етіп ұстатып, Қорғас шекарасынан өтіп жатқан ұлы көштің алдыңғы легінен бір-ақ шығарды…

Жаркенттен бізді осы жақтағы туысымыз Сейдəлім Тəнекеев деген партия-кеңес қызметкері қарсы алды. Ол кісінің ақылымен мен бала-шағама ие болып, сол Панфилов ауданындағы Қоңырөлең ауылындағы мектепте сабақ беруге қалдым да Бұқара Алматыға барып жеке өзі қызмет істеуге кетті. Ағаларыңның кейін айтқан əңгімесі ғой, сол сапардағы жұмыс арасында уақыт тауып, Сəбеңе жолығыпты. Ақсақал жазушы оны құшақ жая қарсы алған. Ғабит Мүсірепов пен Ғабиден Мұстафинге ертіп апарып: «Ел-жер деп келді ғой. Көмектесейік», – дейді. Ақыры үш қария бірігіп жүріп көп кешікпей қалалық атқару комитетінен бір бөлмелі үй алып бергіздіріпті. Ал 1964 жылы, иə, сол жылы тағы да Сəбең, Ғабең жəне Сафуан Шаймерденов бас болып, Интернационал көшесіндегі жаңадан пайдалануға берілгелі жатқан үйден үш бөлмелі пəтердің кілтін ұстатты. Жақсылық деп осыны айтар болар, сірə. Сондықтан да бұл кісілерге деген менің алғысым шексіз!»(12).

                Сөйтіп, Бұқара Тышқанбаевтың ендігі өмірі өзінің туған өлкесі, ата жұрты қазақ елінде өз жалғасын табады. Осыдан кейінгі 23 жылын еліне қажырлы еңбек етуге арнап, 1985 жылы пәниден бақиға аттанады. Оның Шынжаң қазақ әдебиетіндегі іздері шаң басқан архиптерде жатсада жұрт көңілінен, ұрпақ санасынан өшкен жоқ. Биыл (2020 жылы) ақын, жазушы, драматург, қоғам қайраткері Бұқара Тышқанбаевтың туғанына 100 жыл толып отыр. Біз бұл мақаламызда Б.Тышқанбаевтың Шынжаң қазақ әдебиетіндегі іздеріне үңілу арқылы оның еңбегінің әлі де болса зерттеуді қажет ететіндігін ел есіне салғымыз келді.

Пайдаланылған әдебиеттер:

1, 2, 3, 4, 5, 8. «Қазақ әдебиетінің тарихы» Шынжаң халық баспасы, Үрімжі. 2005 жыл.

6, 7. Сәбит Мұқанов. «Алыптың адымдары»,- Алматы, 1959 жыл.

9. Абылай Түгелбаев «Өмір естеліктері» Алматы, «Үш қиян» баспасы 2007 жыл).

10, 11. Сәйпіл Әштарұлы «Аға сұлтан Құнанбай» кітабынандағы ««Қасен-Жәмила» кино филіміндегі прототиптерге шағын түсінік» мақаласынан. Іле халық баспасы. 2006 жыл.

12. «Таңжарық ақынның ұрпақтары кім?» Сұхбаттасқан: Жанболат Аупбаев. https://massaget.kz/layfstayl/alemtanu/Qazaqstanym/20509/).

 Жәди Шәкенұлы

Жазушы-академик

2020 жыл. 8-9 мамыр.

Астана-Қоянды

Ұқсас жазбалар