(тарихи эссе, басы)
Аңыз түбі – ақиқат
Шыңғыс хан заманында әлемді алақанында ойнатқан алып патшалықтың ежекесі (атасы), пірі атанған Мұңлық ата Шырқаұлы мен оның баласы Көкше әулие туралы және Тұғырыл хан мен олардың қатынасына байланысты ғажайып хикая аңыз бізге «Салиха – Сәмен» жыры арқылы жеткені мәлім. Ал осы аңызды кезінде Құнанбай қажы Өскенбайұлының да майын тамызып айтатыны адамды қайран қалдырады. Сол аңыздарды қуа-қуа ақыры ақиқаты жазба дерекке тиянақтап, қазақтың «Аңыздың түбі – ақиқат» деген аталы сөзінің даналығына бас иіп, бар ынтамызбен мойынсал боп отырмыз. Жыр «Моңғолдың ескілікті тұрмысында, Есүкей батыр ханның тұрғысында» деп басталғанына қарағанда уақиға сол Есүкей заманында туылған. Ал «Бір Табы Жұрат дейтін ел атасы, жайлауы ұлан тауда жаятасы» деген жыр жолдары уақиғаның туылған орнының Алтайдың күнгей беті–қазіргі Өр Алтайдың Жаятас өңірі екендігін аңғартады. «Ұлан тау» деп отырғаны «Ұлұқ тау» болар. Өйткені ол кездегі жазба деректерде: «Шыңғысхан ұлұқ таудан асып, наймандарға шабуыл жасады» деген сөздер кезігеді. Ал Есүкей баһадүр хан дәуірінде монғолдар бұл өңірде болмаған, оны дәлелдейтін, яғни Есүкейдің Алтайдың күнгей бетін мекендегені жөніндегі жазба деректі кезіктіре алмадық. Біздің межемізше, осы өңірді ілгерінді-кейінді (сол дәуірдің алды-артында) мекендеген керей немесе найман хандығының құзырында туылған уақиға болуы мүмкін. «Қақ жарып ұзын аққан екі өзен бар, айтатын егуге деп монғол оны» деген өлең жолдары қазіргі «Қос Шіңгіл» деп аталатын өзендерді меңзесе керек.
Иә, сонымен екі ғашық «Белгілі Жая деген бір қиын тас, сескенбей иендегі жан бара алмас» деп есептеген бекініске барып, бас сауғалайды. Амал нешік, қатыгез ханның сайлауыттары осы жерде жұбы жарасқан қос ғашықтың үстінен түсіп, балғын махаббатты қыршынынан қияды, Сәменді өлімші етіп, сол жерге тастап, Салиханы ендігәрі күйеуге тимейтін етіп, үкім жариялайды. Осылайша, өлімші халде жатқан Сәменді аты Сайынбурыл кісінеп келіп, иіскепғ бойына қуат, денесіне дәрмен береді. Есін жиған Сәмен, ғашықтықтың ауыр дертін тартады:
Сәменге қайғылы күн қатты батты.
Сол тауда қапалықпен бес жыл жатты.
Бабама «Көкше әулие» барайын деп.
Бір күні ұстап мінді бурыл атты.
Ол тұста Көкше дейтін әулие бар,
Мамаржа жатқан жері бір үлкен ғар,
Мекендеп тұрған жері Тянь-Шань тауы,
Мұңлылар әр кез барып қылатын зар…
Сәмен батыр осылайша ай жүріп, бейнет тартып, Боғдының Мамаржа деген ғар үңгірінде тұратын Көкше әулиеге жүгінеді. Ұзын бойлы, аққұбаша, жауған қардай ағарған сақал-шашы бар, киімсіз, тыр жалаңаш адамның өзіне дәт айта келген Сәменге берген жауабы жырда былай делінеді:
Cәменді көзін ашып көрді байқап,
Сөйледі бір сілкіні, басын шайқап:
Ол қызды тәңірі саған бұйырған жоқ,
Бекерге тентірепсің бейнет айдап,
Астыңда бар ма сенің Сайынбурыл,
Міндің бе ренжітпей жақсы жайлап?
Монғолдан Шыңғыс деген ұл туады,
Жаратқан тәңір оны саған арнап,
Бурылды сол Шыңғысқа бағыштаймын,
Сен жаяу Ұланға бар тамаша айлап…
Сонымен Көкше әулие бурылға қарап, қол бұлғайды, жануар кісінеп, ғар үңгірге шауып кіріп кетеді. Аралықта нажағай шыртылдап, дауылды боран тұрады, ғар үңгірдің есігі жабылып, әулие бірден ғайып болады, Сәмен батыр зар еңіреп, иен далада жаяу қалады… Аңыз бойынша талдағанда, Көкше әулие – Шыңғыс ханнан бұрынырақ, Есүкей, Тұғырыл ханмен қатар жасаған адам, Шыңғыс ханның дүниеге келетінін алдын ала болжағанәрі оның әлемнің билеушісі болатынын күні бұрын сезген, қағанның басына бақ, астына тақ беріп, мінетін атына дейін дайындаған жарылқаушы ретінде айтылады. Ал жазба дерек бойынша, ғұлама ғалым Әлкей Марғұлан өзінің «Ежелгі жыр-аңыздар» деген еңбегінде ортағасырлық әйгілі Рашид-ад-Диннен (1247-1318) нақыл келтіріп, былай деп жазады: «Шыңғыс хан Орта Азияға аттанарда оның қасында атақты екі ұлы бақсы болады. Біреуі Мұңлық, ол – асқан кемеңгер, ойшыл қарт, енді бірі – оның баласы Көкше, халық оны «Төбе тәңірі» деп атаған.Екеуі де керей тайпасынан, Уаң мен Тұғырылдың жақын адамы, екеуінің де керемет иесі бар… Керейлердің атақты жырауы Төбе тәңірі (шын аты Көкше тәңірі) Шыңғыс ханға кеңес беруші болған. Атақты бақсы жасырын сырды айыра білетін керемет иесі саналған. Өзін «Мен тәңірінің өзімен тілдесемін, көкке шығып жүремін» деп дәріптеген ол Шыңғыс ханның ордасында отырып: «Сен дүние жүзін билейсің» деп сәуегейлік жасаған делінеді. Қыстың суық айларында Төбе тәңірі Керулен өзенінің мұзына тыржалаңаш жатқанда оның денесінің жылуынан мұз еріп, буы аспанға көтерілген дейді.
Ал «Монғолдың құпия шежіресі» мен «Көкжал» романында бұл есімдер «Мүңілік», «Меңілік» немесе «Тептеңгір» деген аттармен айтылады. «Көкжал» романында Мүңілік Шыңғыс ханның өгей әкесі ретінде аталады. Есүкей баһадүр өлген соң, улун (ұлан) бәйбіше осы адамға тиген. Романда Шыңғыс хан жетім қалған соң, Мүңілік әке орнына әке ретінде оны қоңырат еліне ертіп апарып, Тай шешеннің қызын әпергендігі, сондай-ақ Шыңғыс дәурендеген кезде Мүңілік ақсақалдар алқасы құрамында ақылшы болғаны айтылады. Сонымен бірге бұл кітапта «Тептеңгір Мәңгіліктің үлкен ұлы еді, ол бақсылық құрды, Шыңғыс хан деген атты әуелі сол қойды» делінген («Көкжал» 174-175-беттер). Бірақ «Моңғолдың құпия шежіресінде» де, «Көкжалда» да оның қай тайпадан екендігі айтылмайды. Қазақстанның әдебиеттанушы ғалымы Сәкен Сейфуллин өзінің «Ескілікті дін салтынан туған өлең-жырлар, тақпақтар» деген еңбегінде былай деп жазады: «Теміршыңға (Темучинді солай атаған болар, – З.С.) Шыңғыс деген атты берген – әйгілі көкше бақсы. Көкше: «Темір шын енді ұлы хан болуы керек, көк тәңірінің маған берген жарлығы бойынша Темір шыңның аты енді Шың-құсхан болды» деген. Көкше ақбоз атөа мініп, өр түні «көкке ұшып барам, көк тәңірден хабар алып тұрмын…» дейді екен. Көкше бақсыны жұрт «Тәңір бұты» дейтін, «Тәңір бұты деген – тәңір суреті деген сөз». «Төбе тәңірі», «Тептеңгір», «Тәңір бұты» деген сөздердің негізі бір екендігі, айналып келгенде кәдімгі Көкше әулие екендігі, оның өз дәуірінде бүкіл ғажам, Сартауыл – Орта Азия өңірінде асқақ абыройға ие адам болғандығы өз-өзінен түсінікті. Ол күндерде мейлі керей, мейлі найман, мейлі монғолдар болсын, бәрі дерлік шаман дінінің ықпалында еді. Олар көкке (тәңірге) табынады, бөріні, маралды пір тұтады, бақсыны сол тәңірдің елшісі деп біледі. Әлкей Марғұланның жазуынша, керейлер ғұндар сияқты маралды пір тұтады екен. Тұғырыл ханның шешесі батыр адам болған, ел билеген, оны түні бойы алпауыт бөрілер қорғап шығады екен. Ал монғолдар да өздерінің тегін маралдан таратады, Марылғуа туралы аңыз соны меңзейді. Олай болса сол кезде бүкіл сахара халқы тәңірді, сол тәңірдің елшісі бақсыны пір тұтуы, бәрінің де Көкше әулие сияқты асқақ абыройға ие бақсыларға сиынуы табиғи. Мұңлық пен Көкше әулие әсілінде Марғұз хан мен Тұғырыл ханның бақсылары болса керек. Рашид-ад-Дин бұларды Тұғырыл ханның жақын адамдары деп есептеген. Кейін Шыңғыстың бағы көтерілетін шақта солай ауған болуы да мүмкін. Бақсылардың әдетте дала кезіп, тау-таудың басында, өзенді өңірде, ну ормандарда жүретіні қазақ халқына мәлім. Сол себепті де бізде «бақсыны байым деме, бұқаны малым деме» деген аталы сөз бар. Олай болса, сол кездегі сахара халқынығ ортақ пірі Көкше әулиенің Боғданың ғар үңгірлерін өзіне өзіне тұрақ қылуы, әулие тұрған жерді тәуап қылатын төкілген, тасаттық беретін жай санап, мұқым елге киелі орын ретінде танылуы әбден мүмкін. Сәмен батырдың сонау алыстан ат өксітіп, айшылық жол басып келуі осы межемізді растайды. «Боғда» сөзі де осы Көкше әулиеге қатысты шыққан сияқты. «Монғолдың құпия шежіресінде» жалайыр Жамуханың аузынан Шыңғыс ханға: «Қадірлі-Боғдам ұғарсыз, анда болған едік қой, жаңылмаған шығарсыз» деген сөз айтылады, «Боғда» сөзіне «Тәңір жаратқан» деген түсінік беріледі. Олай болса, Көкше әулие «Тәңір жаратқан жан». Ол тұрған тау «Тәңір тауы», ол тұрған көл «Тәңір көлі». Ал өзі «Төбе тәңірі» немесе «Тәңір бұты». Демек, «Тәңір тау» – Көкше әулиенің символы, баламасы. Әулие атамыз ақбоз атына мініп, міне, осы арадан көкке көтеріліп, тәңірмен тілдесіп, елінің болашағына болжал жасаған уағызын осы арадан таратқан болуы мүмкін. Ол күндерде бақсының рөлі төтенше жоғары болған, соғыстың сәтті-сәтсіз болар, жорыққа аттанудың қажетті-қажетсіздігін көбірек солар белгілеп отырған. Кейде бақсылар аспаннан найзағай түсіріп, дауылды боран соқтырып, қарсы жақты жеңуге көмектескен… Шыңғыс заманында мұндай міндеттерді көбірек қазақ тайпаларынан шыққан бақсылар орындап отырған. Көне жазбаларда найман ханының өзі де бақсы екендігі айтылады. Бірақ Шыңғыспен болған соғыста қарсы жаққа соқтырған дауылды бораны айналып келіп, өзін жамсатқан екен. Ғалым Әуелбек Қоңыратбаев: «Оғыз-қыпшақ ұлысы және шамандық мәдениетт» деген еңбегінде былай деп жазады: «1220 жылы Өгедей хан Қытайға жорық жасайды. Жорыққа Төленің әскерлері құмды өңірмен жүргендіктен, ашығып, адам мүрдесін жеуге дейін барады, со бетінен арып-ашыққан әскер Қарамөрін жағасындағы Хмшұн қаласын қоршауға алады. Бірақ жеңіліп қайта қашуға мәжбүр болады, бұлардың соңына түскен қуғыншылар өте басым болғандықтан, Төленің әскері түгелдей құруға айналады. Осындай қиын жағдайда Төле сиқырлы Қаңлы деген бақсысын шақырып, күн жайлатып, үртіс үш күн қарлы жаңбыр жаудырады. Сонымен қуғыншылар үсініп, қырылады да, Алтын хан әскері жеңіліс тауып, Өгедей, Төле бүкіл патшалықты өзіне қаратады…». Осындай жанама деректер арқылы да Шыңғыс ханның жеңістен-жеңіске жетуінде Мұңлық, Көкше әулие, Есей бұқа, Кетбұға сияқты бақсы-жыраулардың зор рөл атқарғандығын байқауға болады. Бұл арада найман Есей бұқа туралы Рашид-ад-Дин: «Төбе тәңірімен қатар шыққан ұлы бақсыныңң бірі – Есей бұқа Өгедей заманына дейін жасады, бұл ұлысқа тәрбие беруші – өзі ғалым, өзі ұстаз, өзі жырау. XIII ғасырдың 30-жылдары ол әбден қартайып, әр жерге күймеге отырып барып жүрді. Оның туып-өскен жері осы күнгі Алакөлдің төңірегі…» деп жазған. Көкше әулиенің соңғы өлімі Тұғырыл ханның өлімі сияқты қатыгез хан Шыңғыстың өзінен болады. Бұл туралы Рашид-ад-Дин де жазған, «Көкжал» романында да солай айтылады. Ал «Алтын шежіреде» оның өлімі орда құпияларының ашылуына барып тиянақтайды. Біз әулие атамыздың ежелгі мекені Боғданың күнгей-теріскейіндегі іздеріне де азды-көпті сұрау салып көрдік. Күнгей бетінде қазіргі күнде Мөрікті деп аталатын жерде ғаламат ғар-үңгір бар деседі көргендер. Бұл үңгірдің ішінде не бар, не жоғын әлі күнге дейін ешкім білмейтін тәрізді. Бәлкім, әулиенің мекен қылған ғар үңгірі осы болар. Ал теріскей бетінде – Боғда көлі жағында Мичуан ауданының Теректі ауылы Діңгек қыстағын қазақтар мекендейтін көрінеді. Ол жерде «Әулие бастау» деп аталатын бастау бар екен. Сонымен бірге, бұл жерде бұрынырақта бір күмбез болғаны туралы аңыз бар екен. Бұл да бәлкім, сол ежелгі керей хандығы мен әулие атамыздан қалған із болса керек. Тағы бір дерек: Боғда көлінен өрлеп, Боғда шоқысына баратын тіремені біздің жергілікті ұйғыр туыстарымыз «Төпетерғожам» деп атап, сол жерге барып, тауап қылып қайтатын көрінеді, бұл сөз ежелгі түркі халықтарының Көкше әулиені «Тәптәңгір» деп атағандығын көз алдыға елестетеді. Бәлкім, ұйғырлар ислам дінін қабылдаған соң, «Тәптәңгір» сөзі «Төпетерғожам» болып өзгерген болар. Мұңлық ата Шырқаұлы ежелгі керейіттердің қоңқайт руынан. Бұл арадағы «т» жұрнағы «лар, лер, дар, дер» рөлін атқаратын көрінеді. Сонда ол керейлер, қоңқайлар болып шығады. Кейін келе қоңқайт «қоңқамар» болып өзгерген. Әбілғазының түсіндіруінше «қоң» – үлкен, «қамар» – мұрын деген сөз екен. Сонда ол «қоңқақ мұрындылар» немесе «үлкен тұмсақтылар» болып шығады. Өйткені, Қоңқамар мұрыны үлкен адам екен. Мұңлықтың екі әйелінен жеті ұлы болған, бұлар «жеті қоңқамар» атанған, үлкені әулие атанған Көкше, екінші ұлы – Арла, үшінші ұлы – Келкет (Келкет – кекеш деген сөз, тегі тілінің мүкісі болса керек), кейін бұл әулет тұтасынан монғол тобына қосылған. Түркі тобында көп аталатын Арлат, Келекет тайпалары да осы әулеттердің ұрпақтары… Біздің елдегі Көкше әулие және Салиха–Сәменге қатысты аңыз Тарбағатайдағы Мамырбек төренің ауылынан тараған деген сөз бар. 1914-1934 жылдары Майлы жайыр еліне үкірдай болған Қызыр Мамырбекұлы (1894-1934) бұл аңызды Әсет ақынға айтып беріп, сонан оны Әсет қисаластырған екен. Ал енді Арқадағы Құнанбай қажының ауылына тараған аңызға ден қоялық.Бұрынғы найман құх (найман тауы), кейін Шыңғыс тауы атанған жерде Шыңғыс ханның жуан қарағайдан салынған, мұнарасы биік, сегіз сарай ордасы болған. Бұл сарайдың тозығы жеткендегі қаңқасын Құнанбайдың бабалары көрген. Құнанбайдың айтуынша, Шыңғыс хан мұнараның биік басына шығып, алдағы күндері не істейтіндігі жөнінде толғаныс жасайды екен. Кейде ол бақсылармен бірге отырып, жеті-сегіз күн далаға шықпай, көк тәңірге табынып, болашағына болжау жасатады екен… Осы деректерге қарағанда, Арқа өңіріндегі Көкше таудың сол бір әулие атамыз Көкшемен қатысы болуы ғажап емес. Осы сияқты көптеген аңыздар мен хикаяларды өзінің «Күнделіктер мен хаттар» деген бағалы түсіріп кеткен адам поляк жазушысы А.Янушкевич (1803-1856), 1832 жылы қазақ сахарасына жер аударылып келіп, осында 15 жылдық ғұмырын өткізіп, қазақ тілін жетік меңгерген. Ол 1846 жылы Аягөз, Үржар, Тарбағатай өңірін аралап барып, Құнанбаймен бір жыл бірге болады. Құнанбайдың шежіреге жүйріктігіне, Шыңғыс дәуіріндегі Домбауыл мен Добасоқыр хикаяларына, қазақ тарихына, тұрмыс-салтына қатысты деректерді мол білетініне тәнті бола жаза келіп, оны Рашид-ад-Диннің жазбалары арқылы дәлелдейді: «Шыңғыс таудағы ордада Темучинге күш берген атақты екі бақсы болады, оның бірі – Мұңлы ежеке (керей), оған Шыңғыс шешесін беріп, әрдайым онымен бірге тұрды. Екіншісі Көкше бақсы, керейлер оны «Төбе тәңірі» деп атаған. Бұлар Шыңғыс ханға болжал айтып, болашақтың жасырын сырларын шешетін. Бұл екеуімен қатар Темучиннің ең жақын көргені, білгіш Отчегін деген адам болған. Қаған қай жерге барса, сол жерге сарай салғызып, құрылыс ісімен шұғылданатын…».
Демек, аңыздың ақиқатқа тірелер жері осындай жазба деректер арқылы дәлелденіп отыр. Дегенмен мың жылдың алдында болған тарих қойнауындағы сұрапыл тартыстардың бізге табы басылып, танабы тарылып келіп, тәлтіректеп әрең жеткен жайы бар. Сонымен бірге, тарихтағы Керейт хандығының күйреуі сол хандықтың ірі тұлғалары Тұғырыл мен Көкше әулиенің ақырғы тағдыры монғол хандығының көркеюімен тығыз қабысып, сабақтасып жатқандығы себепті бұл хикаяларымызда Керейт хандығы мен Тұғырыл хан өмірінің ішкі қойнауына сол сабақтастықты сақтай отырып, үңілуді жөн көрдік.
Зейнолла Сәнікұлы
“Тұғырыл хан” тарихи эссесінен алынды
(жалғасы бар)