(«Омбының Алаш дәптеріндегі» А.Байтұрсынұлы өлеңдерін оқығанда туған ой)
Алаштанушы Дихан Қамзабекұлы құрастырған «Омбының Алаш дәптерін» оқып отырып, бұрын да таныс, бірақ бұл кітапқа оқшау берілген Ахметтің бір топ өлеңіне зер салдым. Біреу бір нәрсені дәптеріне көшіру үшін де, белгілі талғаммен, оймен көшіреді ғой. Өлеңдер 1932 жылы көшірілген. Сол кездегі Кеңес саясатын еске алғанда, халықтың жан жүрегіндегі қалауы, бас бостандығы, ел мен жердің күйі қалай еді? – деген ойлар бірден басыңызға келеді. Ендеше, Ахмет аңсаған азаттық, еркіндік немесе бас бостандығы жырларының талай жүректі шымырлатқандығында, жылатқандығында шүбә жоқ. Осы ойлармен «Дәптерге» қайта үңіліп, Ахаңның қолтаңбаларының иіріміне бойладым. Әуелі, «Қасқыр мен қозы» мысалы берілген. А.Байтұрсынұлының өзге жұрттардан аударған дүниесін аударма ретінде қарау қиын. Себебі, оны өз жүрек қалауымен мүлдемге қазақша сайратады. И.А. Крыловтың мысалындағы қасқыр қазақша ұлып, қозы қазақша маңырайды. Ахаң көп теперіш, қуғын, түрме көрген адам. Былай қарағанда жазықсыз «қозы». Ал оны қудалаған қорқау қоғам, орыстық отарлық саясат – қасқыр. Сөйтіп, өлеңді өзгеше, түрлендіріп, «өз мүддесіне» бағындырушы автор да, оны көшірушіде – қасқырға наразы. Жұрттың бәрі білетіндей мысалда бұлақ суының басындағы қасқыр, бұлақтың аяғындағы қозыны «суды лайладың» деп кінәлайды. Ана байқұс қанша ақталып, шырылдаса да, қасқыр пәтуа іздеп, оны құтылдырмас сылтаулармен аранын ашады. Қозының бейшаралық халі, өзін арашаламақ болғаны – Ахметтің жан айқайы:
Қозы айтты: «Қасқыр тақсыр, тоқта азырақ,
Тергеңіз, кінәм болса, әділ бірақ.
…. Сіз түгіл, өзгеге жоқ қиянатым,
Не шара, жеткен болса бүгін қазам?!»
… «Нансаңыз, ағам да жоқ, інім де жоқ,
Уа, ғайыры нашарлықтан мінім де жоқ.
Нақақтан мені, тақсыр, күйдіресіз,
Жауыздық сізге ойлаған күнім де жоқ».
… «Тақсыр-ай, еш жазығым жоқ қой менің,
Жәбір ғой біреу үшін күйдіргенің!» Ахметтің жан жаласы «қозы» болып шырылдайды. Алайда қасқыр – қоғам, орыстық өктемдік одан тырнағын тартпайды:
«Бекер ме, – Қасқыр айтты, – менің сөзім,
Білесің жалғаншы деп кімді өзің?
Әкеңді алдыңдағы танимысың,
Бәлем, сен байқап қара, ашып көзің!
… Ит болсын, қойшың болсын, қожаң болсын,
Жауыздық ойлайсыңдар бәрің маған!
… «Үндеме! Жетер! Қазір мұрсатым жоқ
Тұруға ақ-қараңды тергеп сенің.
Алыпсың жаман әдет қарсыласып,
Сенімен тұрам ба мен мылжыңдасып.
Айтайын, білгің келсе, Қозым, саған:
Кінәң сол – жегім кеп тұр, қарным ашып!»
Қасқыр – отарлық жүйе осылайша өз айтқанын орындады.
Орманға Қасқыр кетті Қозыны алып,
Белгілі етер ісі алып барып.
Осындай жазықсызды жазғыратын
Әр жерде күштілерде бар ғой қалып.
Қасқырдың зорлық болды еткен ісі…(27-29 беттер). Шын мәнінде, Ахмет өз шерін, айтпағын осы мысалды қазақша сөйлету арқылы жеткізді. Осы арада, сәл шегініс жасап, Ахаңның өмірінен бірер үзік оқиық. 1905 жылы Патшалық ресейде болған көтеріліс қазақ оқығандарының жүрегіне де азаттық алауын жағады. Осы кезде Әлихан Бөкейханов Омбыда жүрседе, Ахаңмен, Міржақыппен хабарласып тұратын. Патшаның, Ішкі істер министрлігіне, және аймақтық губернатор атына жазылып, он екі мың адам қол қойған әйгілі петиция Омбыдағы Ә.Бөкейхановқа жеткізіледі. Семей уезінің жандармериясының бастығы Осовскийдің губернаторға жеткізген деректері бойынша Ә.Бөкейханов ол петицияны пошта арқылы Петерборға жіберген. Семей уезінің тыңшылары петиция жазғандардың сары ізіне шөп салып, 1907 жыл А.Байтұрсынов, Ж.Ақбаев және тағы бірнеше адамды күдікті ретінде қамауға алған. Ахаңа тергеушілердің күштеуімен «петиция жазуға қатысы бар» деп жала жабылады. Өзгеден бұрын өз жақындарының ұстап бергеніне жаны күйеді:
Не жазып ем,
Құдай-ау, мен қазаққа,
Мүбтала ғып салғандай бұл азапқа?!
Адамшылық есебіне кірісіп,
Қолы жетсін дегендік пе азатқа?
Жөн көрсеттім қазақ деген намысқа,
Жол сілтедім жақын емес, алысқа.
«Өзге жұрттар өрге қадам басқанда,
Дедім, – сен де қатарыңнан қалыспа!»
… Асықпаңдар!
Артымызда қазы бар,
Тергеп талай, сүйектерің қазылар.
Пайғамбарды сатып отыр тілла алған,
Яһудамен бірге аттарың жазылар.
Қинамайды абақтыға жапқаны,
Қиын емес дарға асқаны, атқаны.
Маған ауыр осылардың бәрінен
Өз ауылымның иттері үріп, қапқаны, – деп күңіренеді Ахаң.
Қамақтан босағаннан кейін де Семей уезінің жандармериясының тұрақты аңдуында болған А.Байтұрсыновты 1909 жылы 1 шілдеде «сепаратистік үгіт насихат жүргізді» деп тағы түрмеге қамаған. Мұнда сотсыз, үкімсіз, нақақтан нақақ 8 ай бойы азап-қорлық көреді.
Абақтыда жатқанда Ахаң Хаққа бас ұрып:
Иа, Құдайым, аққа жақ,
Өзіңе аян, мен нақақ.
Аққа деген сөзімнің,
Абыройын ашпай жап.
Аят пенен хадисте,
Адал ниет ақ іске.
Жаңылмасам, жоқ еді-ау –
«Жаза тартсын!» деген бап.
Мені ұстатып айдатып,
Зығырданым қайнатып,
Масайрасып мәз болып,
Күлгендерді өзің тап.
Бұл өлеңде Ахаңның өзінің жазықсыздығын әрі өзін жаламен ұстап беріп мәз болған жақындарына жаны аши, назалана тіл қатады. Туысқандарының, қазақтың адасқаны – Алаштың адасқаны ғой, оны тура жолға сала көр деп қан жылайды:
Аз күндікке алданып,
Аз нәрсеге жалданып,
Адасқанын Алаштың,
Түзу жолға түсір, хақ.
Жақыныңнан жау шығып,
Мақұл сөзден дау шығып,
Иттер тістеп тонымнан,
Дұшман ұстап қолымнан,
Маған тосу болған шақ.
… Құнсыз болып еріміз,
Жесір болып жеріміз,
Мал менікі дей алмай,
Жан менікі дей алмай,
Итке де, құсқа азық ек.
Кен болар деп балшықты,
Көл болар деп шалшықты,
Біз үмітпен қазып ек.
Дәреті жоқ аяқтар,
Қорсылдаған саяқтар.
Бұлғамасын тасыңды,
Қасиетті басыңды.
Дегеніміз болмаса,
Қазаққа не жазып ек,
Байлаттырған қолымды,
Бөгелттірген жолымды,
Жақыным бар, жатым бар… (32-34 беттер).
Мұндағы «құнсыз болып еріміз» – өзін және Алашты, «жесір болып жеріміз» – деп қазақ даласын айтады. «Итке де, құсқа азық ек», «дәреті жоқ аяқтар, қорсылдаған саяқтар» – имансыз орыс отаршылдарын меңзейді. Ал, осы жолда күресіп жүрген бізді, мені «бұлғамасын тасыңды, қасиетті басыңды» деп шыр-пыр болып жүргеннен басқа жазығы жоқ жанды «қолын байлап, жолын кесіп» не істедіңдер? – деп шерленеді. «Омбының алаш дәптеріндегі» бір өлең осы. 1910 жылы Семей уездік соты А.Байтұрсыновтың ісін қарап, оны он алты жылға жер аудару туралы үкім шығарған. Семей сотының үкімі шыққан кезде А.Байтұрсынұлы анасына «Абақтыдан» атты хатын жазады. Тағы да «Омбы дәптерін» оқиық:
Қымбаттым, дұғагөйім, қамқор анам,
Арнап хат жазайын деп алдым қалам.
Сізді онда, бізді мұнда аман сақтап,
Көруге жазғай еді Хақ тағалам.
Көре алмай өтірікші болып әбден,
Семейдің түрмесінде отыр балаң.
Мал ұрлап, кісі өлтірген жазасы жоқ,
Үкімет ол зорлыққа не дүр шараң.
Анасына мұң шаққан Ахаң тағы да: «Мал ұрлап, кісі өлтірген жазасы жоқ, Үкімет ол зорлыққа не дүр шараң» дейді. Нақақ адамды орыстық үкіметтің зорлықпен ұстағанын айтады.
Әуелде Лауқұл-Мақпұз жазбапты Алла,
Тағдырда бұл орынды көрмесіме.
Тайпалған талай жорға, талай тұлпар,
Тағдырдың кез болып тұр кермесіне.
Қаңбақпен салмағың тең бұл бір заман,
Ғилаж жоқ жел айдаса ермесіңе. (35-36 бет).
«Талай ерлер ұшыраған тағдыр сынағы, Алланың басқа салғанынан қашып құтылмақ жоқ. Заман солай – әділетсіз, қайтеміз, көтереміз» – деп анасына жұбаныш сыйлайды. Сот үкімінен кейін Ахмет Байтұрсынов айдауда болатын жері ретінде Орынборды таңдайды. 1917 жылғы төңкеріске дейін сонда болады. 1913 жылы 1 ақпан күні Орынбор қаласында «Қазақ» газетін шығарады. Газеттің өзекті қызметі қазақтың ел, жер тарихы мен тағдыры болды. Тіпті орыстық отарлыққа қарсы шығу мәселелері мен бірге «Қазақ қалай ел болады» деген тақырыпты да көтереді. Жергілікті үкімет «Қазақ» газетінде жазылған осындай мәселелерді «сепаратистік» деп 1914 жылы газеттің бас редакторы А.Байтұрсыновты тағы да тұтқындайды. Араға аз уақыт салып, газет оқырмандарының жинаған үш мың сомдық көмегімен түрмеден босайды. Бұл Патшалық орыс отаршылығы тұсындағы Ахмет Байтұрсыновтың соңғы рет түрмеде отыруы еді. Өз ғұмырындағы ең үлкен зорлық, ең үлкен қорлық біраз жылдан кейін Кеңес үкіметі тұсында болатынын Ахаң ол кезде сезбеді.
А.Байтұрсынов 1917 жылғы ақпан төңкерісінен кейін, Қазақ съезін шақырып, Алаш партиясын құру туралы идея көтеріп, Алаш партиясының бағдарламасын жазғандардың бірі. Бұл партия бағдарламасы қараша айында «Қазақ» газетінде жарияланды. Алашқа Патшалық орыс үкіметінен қайыр болмай, қазан төңкерісі арқылы үкімет «болшебектердің» қолына өткенде А.Байтұрсынов Қазақ автономиясын осы Кеңес үкіметінен алуға бел буады. 1919 жылы наурызда Ә. Жангелдин бастаған он бір адаммен бірге А.Байтұрсынов Мәскеуге барып, Ленинмен, және Ұлт істері жөніндегі комиссар Сталинмен Қазақ автономиясын құру туралы келіссөзді тура төрт ай бойы, яғни шілде айына дейін жүргізіп, олардың Қырғыз автономиясын құру туралы шешімін шығартады. Қазақ автономиясын құру комиссиясының мүшесі болып тағайындалған А.Байтұрсынов Қазақ автономиясының шекарасын, республикалық статусының жобаларын жазумен айналысады. Соның негізінде 1920 жылы А.Байтұрсынов көрсеткен территориялар негізінде Қазақ (Қырғыз) автономиясының құрылғаны туралы Жарлыққа Ленин қол қояды. А.Байтұрсынов сонымен бірге Алаш қайраткерлеріне кешірім жасау туралы Кеңес билігіне өтініш жазып, қысқа уақытқа болса да өтінішін орындатады. Кеңес өкіметі тұсындағы қуғын патшалық империя кезіндегі қуғыннан асып түсіп, қанды қырғынға жалғасты. Алаш қайраткерлерін түрмеге жаба бастады. М.Дулатов, Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов 1929 жылы тұтқындалып, түрмеге жабылды. Ахмет Байтұрсынов Бутырка түрмесінде үш жыл отырып, содан соң Архангелге ұзақ жылға каторгаға айдалды. Халықаралық Қызыл Крест арқылы М. Горькийдің әйелі Е. П. Пешкованың жәрдемімен кесімді мерзімі бітпей, 1934 жылы босанып, әуелі Батыс- Сібір өлкесіне, кейінірек Алматыға оралады. Бірақ, еш мекеме Ахаңды қызметке қабылдамаған. Тек бір орыс дәрігерінің қамқорлығына ілігіп, санитар болып жұмыс істеген А.Байтұрсыновты НКВД 1937 жылы күзде қайта тұтқындаған. 1937 жылы НКВД үштігінің шешімімен қараша айында 66 жасында атылып кетті.
Сөйтіп, А.Байтұрсынұлы өзінің саналы ғұмырын халыққа аянбай қызмет етумен және отарлық – ақтар мен қызылдардың түрмесін «кезек қыдырумен» өткізді. «Омбы» дәптеріндегі «Жанға көңілім қалып тұр» өлеңіндегі:
Жанға көңілім қалып тұр,
Жан бұл күйге салып тұр.
Тәнге көңіл қалып тұр,
Тән шыдамай арып тұр.
Жұртқа көңіл қалып тұр,
Жұрт жалғанға нанып тұр.
Өтірік өрлеп күшейіп,
Шын жеңіліп талып тұр.
… Жау білегін сыбанып,
Пышағын қайрап жанып тұр.
Сауысқан, қарға, қарақұс,
Жемтік аңдып бағып тұр.
Пәле деген аңдушы,
Аяғымнан алып тұр.
Жала деген төбеті,
Балтырымнан қауып тұр.
… Жаны ашыған жақынның,
Жас көзінен ағып тұр.
Айрыламыз амал жоқ,
Қылышын жерге шауып тұр, (34-35 бет) – дегендері көңілді толқытқан көп шерінің бірі еді.
«Ініме» өлеңіндегі:
«Сүйікті меллатыңа болам десең,
Нашардың көбірек же қамын, інім» (36 бет) – дегені үлкен өсиет сияқты.
Уақыт ұзарған сайын халқы өзіне қызмет еткен ұлдарын өгейлеткен өткенгісіне өзегі өртене отырып, оның іздерін алтынға балайды. Ардақтайды, өнегелі өмір үлгісі етеді. Оны Ахаң сынды ерлер тірісінде-ақ білді, айтты:
Тән көмілер, көмілмес еткен ісім,
Ойлайтындар мен емес бір күнгісін.
Жұрт ұқпаса ұқпасын жабықпаймын,
Ел бір күншіл, менікі ертеңгі үшін, – деп кеудесін оққа төсеп, ақтық сапарына алаңсыз кете барды. Рухы шаһиттікпен бейішке ұшты. «Омбының Алаш дәптерін» оқи отырып, бізде біраз ойларға омбыладық. А.Байтұрсынұлының қара басының қамы үшін емес, еліне, жеріне азаттық, еркіндікті зарыға күткен асау жүрегінің әміріне құлақ түріп, өзегіміз өртенді. Алаштың асыл қиықтарының артында қалған ел мен жер парызының ендігі ауыр жүгі біздің мойнымызға артылғанын тағы бір мәрте тереңдей ұғынып, абыздың таудай тұлғасына тарыдай басымызды идік.
Пайдаланылған әдебиеттер:
«Омбының Алаш дәптері», құраст: Д.Қамзабекұлы. Алматы, «Жазушы» баспасы, 2013 жыл.
А.Байтұрсынұлы шығармалары мен өмірбаяны туралы Уикипедия деректері.
Жәди Шәкенұлы
Жазушы-академик