«Tugurulhan.kz» тарихи-танымдық порталы

Базардағы оқиға

Авторы tugurulhan.kz
927 қаралым

(Әңгіме)

 Күннің қызылы сөнсе де, қызуы қайта қоймаған шақ. Аптап ыстық ауаны тұншықтырып тұр. Қинала жыбырлаған ескі автобус ыңырана келіп базар алдындағы аялдамаға тоқтағанда жердің шаңы көтеріліп барып басылды. Есік сарт етіп ашылып, сығылысып тұрған іштегі адамдар жанталаса сыртқа шықты. Ізінше бір қауым ел топырлап ішке кіре бастады.

Ол кішкентай сөмкесін басынан жоғары тік көтеріп, сығылысқан адамдардың арасынан қысыла өтіп, сыртқа әрең шықты.

Базардың төңірегі – ығы-жығы, аялдаманың маңы – қаптаған адам. Күнде көріп түрлеріне көзі үйір болып қалған саудагер әйелдердің саңғырлаған дауысына жатаған асханалардың ашық терезесінен естілген ащы музыка әуені қосылып, айналаны беймаза күйге бөлеп тұр.

Ол аялдамадан шеткерек шығып сөмкесінен қол телефонын алды, ешкім, ештеңе жазбапты. Сығырайыңқы көзімен айналасына сақтана қарады да, телефонын қайта сөмкесіне сүңгітіп, мойнына ілді. Сұқ саусағымен маңдайының терін сылып, сығырайыңқы көзін бір-екі уқалады да базарға қарай жүріп кетті.

Базардың шығыс жақ шетіндегі жеміс-жидек, көкөніс сататын қатарды аралап керек жарағын алды. Әйелі жазып берген ұзын-сонар тізім таусылар емес. Негізгі-негізгілерін алған соң тізім жазылған қағазды умаждап қалтасына салды да, қайтуға қамданды. Банан сатып тұрған екі әйелдің қасынан өтіп бара жатқаны сол еді:

– Ойбай, мынаны қара, масқара, – деді, әлгі әйелдердің біреуі.

Құлағын жұлып әкетердей қатты естілген дыбыстан селт ете қалды. «Мені қайдан таниды?» деген таңданыспен жанына бұрылып қарады. Етжеңді қара келіншек тершіген маңдайын қолының сыртымен сүртіп, желкесіне қарай жылжыған қызғылт жаулығын одан ары сырып тастап, қасындағы жұқалтаң сары келіншекке телефонынан әлденені көрсетіп жатыр. Ол банан алатын сыңай танытып екі әйелге жақындай түсті. Бірақ олар алдында тұрған адамды сезер емес.

– Әй, қатын, мынаны қара. Бұл жолы дауысы әлгіндегіден де қатқыл естілді. – Қазақстандағы барлық мектептерде 2 сыныптан бастап қытай тілі сабағы оқытылады екен, Президент Қытайға барған сапарында жарлыққа қол қойыпты, міне видеосы.

Оның денесі шымыр ете түсті.

Жұқалтаң сары келіншек тосын хабарға елең етіп, мойнын созып, етжеңді келіншектің телефонына үңілді. Жұп-жұқа еріндері жымырылып, сарғыш жанарына үрей ұялай қалды.

Етжеңді қара келіншек желкесіне сырылған жаулығын алдыға қарай жұлқа тартты да, айналасына алақтап, дауыстап сөйледі:

– Әй, естідіңдер ме?! Қазақстандағы барлық мектептерде 2 сыныптан бастап қытай тілі сабағы өтіледі екен. Президент Қытайға барған сапарында жарлыққа қол қойыпты. Сенбесеңдер, міне видеосы, ватсаптан келді.

Жақын жерде зат сүйрейтін қоларбасына сүйеніп тұрған ұзын бойлы арық қара жігіт жылдам аттап екі әйелдің қасына таяды. Қара келіншек мұны азырқанып, тағы кімдер келеді дегендей төңірегіне алақтап қарап, әлгіндегі сөзін айнытпай қайталады. Аяқ жақтағы жатаған асханадан шелек көтеріп бір әйел шықты. Шелегін шайқалақтатып арықтың жағасына әкелді де, ішіндегі жуындыны қотарып төкті. Содан соң баяу басып етжеңді әйелдің қасына келді.

Ол шегіншектеп шетке қарай шықты.

Жиналғандар жан-жақтан мойындарын созып етжеңді әйелдің телефонына үңілді. Жұқалтаң әйелдің жұп-жұқа ерні одан бетер жымырылып, жанарындағы үрей ұлғая түсті. Ұзын бойлы арық қара жігіт қабағын шытты. Жуынды төгуге шыққан әйелдің бет-әлпетінен ештеңе байқалмады. Сағызын таусап шайнап қамсыз тұр.

Жиналғандарға қараған сайын оның тұла бойы шымырлап ұйып, жерге тартып барады.

Етжеңді келіншек бұларға да қанағат етпей, шай сатып жүрген тапалдау семіз қара әйелді шақырды. Ол арбасын итере түсіп жиналған адамдарға таяды да, жолында тұрған арбаны көріп айғай салды. Ұзын бойлы қара жігіт әлденені қимағандай артына қарағыштап, арбасына қарай жүгірді. Тапалдау семіз әйел келген бойда:

– Ақ шай ма, қара шай ма? – деді. Етжеңді әйел:

– Қас қарайғанда шайы несі? Онан да мына жаңалыққа қара, – деп телефон ұстаған қолын соза беріп еді:

– Өй, өңкей еріккендер. Шай алмасаң, неменеге шақырасың, босқа әурелеп? – деп, бұлқан-талқан болып бұрыла бастады. Етжеңді келіншек те қарап қалмады:

– Әй, не болды сонша шабынып, шайыңды күнде алып жүрміз ғой. Алдымен қандай жаңалық екенін есті. Қазақстанда 2 сыныптан бастап қытай тілі сабағы өтілетін болыпты, – деді сөзінің аяғын жұтып. Ашуы әлі басылмаған шай сатушы әйел:

– Маған десе үнді тілі өтілсін – деді де, арбасын салдырлата итеріп жүріп кетті.

Ұзын бойлы арық қара жігіт арбасына сүйеніп әлі тұр. Жуынды төге шыққан әйел асханасына кіріп кетті. Етжеңді қара келіншек оны енді көрді. Көрді де, «банан аласыз ба, арзан банан, кешкі базар, арзандатып беремін», – дей жөнелді. Ұлына екі банан алды да, жолына түсті.

Қыр желкесінен «Қазақстандағы барлық мектептерде…» деп саңқылдаған дауыс естілді. Бүкіл тұла бойына шымырлап жайылған белгісіз бір сезім жүрегін шым еткізіп қарып алды. Жеңіл күрсінді.

Артынып-тартынып аялдамаға әрең жетті. Айнала қараңғы тартып, көз байланып қалыпты. Тыныс тарылтатын қапырық ауа базардан шыққан күлімсі иіске қосылып қолқаны қауып тұр.

«Апырай, әлгі әйел не деп тантып тұр?» деп өз-өзіне күбірледі. Сөйтті де, сөзімді біреу естіп қойған жоқ па дегендей сығырайған көзін үлкенірек ашып айналасына ұрлана қарады.

Қинала жыбырлаған ескі автобус аялдамаға келіп солқ етіп тоқтады. Ішінен ешкім түспеді. Сырттан біраз адам бірін-бірі итеріп асығыс кірді. Автобус екі-үш рет ұмтылып барып орнынан әрең қозғалды.

Ол есікке шегеленіп қалғандай орнынан қозғала алмады. Жоғарғы жақтағы тұтқаға жармасқан оң қолы қарысып қалды. Сол колына ұстаған заттары автобус ырғалған сайын ауырлай түсіп, иығына дейін солқылдап сыздап барады. Етжеңді келіншектің сөзі құлағының түбінен естілгендей болды. Бір-біріне мінгесіп, қысылысып тұрған адамдарға «сіздер ештеңе естіген жоқсыздар ма?» деген сұраулы көзбен қарады. Қаракөлеңкелеу автобустың ішінде оның абыржулы кескініне ешкім мән берген жоқ. Артқы жақта екі жігіт телефон шұқылап отыр. «Ә, бұлар да әлгі видеоны көріп отыр ау?» деп ойлады. Бірақ өлеусіреген жарықтан жүздерін анық байқай алмады.

Автобус солқ етіп тоқтады. Есік сарт етіп ашылды. Кімнің қай жерден түсетінін анық білетін кондуктор бала оны сыртқа қарай итеріп жіберді. Өзі де секіруге дайын тұр еді, кондуктор қаттырақ итеріп жіберді ме, сүріне жаздап, бойын тіктеп алды. Автобус сәл баяулап барып жұлқына қозғалды. Арт жағындағы көздей қызыл шырақтан қою түтіні анық көрінді.

Айнала тастай қараңғы. Заттарын жерге қойып, ұйыған екі қолын кезек-кезек сілкіді. Мойнындағы сөмкесінің сипалап сыдырмасын ашып телефонын алды. Жарығын жақты. Жердегі заттарын жиыстырып үйіне қарай жүрді. Телефонының беті жылт етіп ватсабына хат келді. Нараулау кейіппен «Бажалар» деген топты ашты. «Үлкен бажамыз тағы да уағыз жіберген шығар» деп өзіне-өзі күбірледі. Жоқ, «Қазақстандағы барлық мектептерде…» деп басталатын тіркеме мәтіні бар видео келіп тұр. Жүрегі зу ете қалды. Дереу жолдың жиегіне шығып тоқтады да, заттарын жерге қойып телефонына қайта үңілді. Қазақстан Президенті сырты қызыл матамен тысталған шағын папканы ашып, әлде бірдеңелерді баптап жазып, қолын қойды да, қасындағы көмекшісіне ұстатты. Ол мұны жүрегі атқалақтап әрең көріп шықты. «Әлгі әйелдің сандырағы рас екен» деді еріні дірілдеп. Видеоны көшіріп алып бірнеше топқа жіберді. Жердегі затын асығыс алды да, үйіне қарай жүгірді. Тас қараңғыда телефонының жарығы жарқ-жұрқ етіп, аяғының дыбысы сырт-сырт естіліп аялдамадан ұзап барады…

P.S. Етжеңді келіншектің ватсабынан көріп, самбырлап базардағыларға жеткізгені, оның «Бажалар» дейтін топтан жүрегі атқалақтап көргені – Қазақстан Президентінің Қытайға барған сапарындағы Қытай компартиясын бірдеңе жылдық мерейтойымен құттықтап, сырты қызыл матамен қапталған папкаға тілегін жазған сәті еді.

Жақсылық ҚАЗЫМҰРАТҰЛЫ

“Қазақ әдебиеті” газеті

Ұқсас жазбалар