Қазақ сынды ірі ұлт өзінің ұлт болып кемеліне келген шағында «Көшпенділер» сынды фильмімен дүниені дүр сілкіндіруі керек еді, олай болмады. Барға қанағат ететін баяғы қазақилығымызға бассақ: «Бұған да тәуба» деп шүкіршілікпен қарауымыз әбден орынды сияқты. Оның да жөні бар шығар. Жалпы ұлттық рухты тұлғалауда көтерген тақырыбы жағынан қарағанда, жаман да емес – өзегі жақсы. Бірақ біздің айтпағымыз екінің бірі лепірте жөнелетіндей бос мадақтау емес, кемістігімізге кері бұрылып көптің көмейіндегі ақиқатты айту. Фильмде бір ғана арқау бар делінсе, ол – ұлттық рух, ол – отаншылдық. Сол өзекті ойдың туын көтерушісі – Абылай. Ендеше, жұрт бірден Абылайға қарайды. Аңызы мен ақиқатын алтын бәйтеректей бағалайтын алты алаш Абылай тұлғасына ізетпен бас иеді, оны ешқашан төмендеткісі келмейді. Сондықтанда Абылай жыры екі ғасыр жырланса да көнерген жоқ. Халық екі жүз елу жылдың алдында өмір сүрген Абылай бейнесін көкіректерінде қалай сомдаса көркем шығармалардан да соны іздейді. Олай болса бұған жауап бере алды ма? Шығарма шындығына қарағанда Абылай жасаған дәуір Ислам дінінің қазақтарға барынша кең тараған кезі. Ал Исламнан ілгері ІХ-Х ғасырлардан бұрын шамандық үлгінің қазақтарға әсері аз болмады. Күні бүгінге дейін сарқыншағы жойылған жоқ. Алайда Абылай туралы аңыздар мен хисса-дастандарға үңілсек, Исламды одағай қарамайды – Аллаға мінәжат етіп отыруды ұмытпайды. Абылай заманында Ислам ықпалы жоғары болды. Абылайдың алды-артындағы хандардың (Абылай да ішінде) сүйегінің рухани орталығымыз, дін діңгегіміз – Түркістан түбінде жатуы соның мысалы. Фильмде Абылай дүниеге келуден ілгері сәуегей бейнесі көрінеді. Бір қызығы қазақтан бір сәуегей шыққаны сияқты жоңғарларда да сондай сәуегей – бақсы бар. Екеуінің жоруы да ұқсас. Бұл Шыңғыс хан дәуірінде болса шындыққа жақындар еді. Ал Абылай заманында Буддизм мен Исламның ұқсастығы шығарма шырайын ашып тұрған жоқ.
Қазақ сәуегейінің: «досы сүйінетін, дұшпаны күйінетін ұл болсын» деп тілек тілеуін де түсіне алмайсыз. Досы сүйінсін, ал дұшпаны күйінгені қалай? Мұны «жауың жанашырлық істесін» деген мүсіркеу дегеніміз жөн бе?
Жоңғар бақсысы хан ордасына «масқара, масқара!» деп баса көктеп кіреді. Қазақ тіліндегі «масқара» сөзі – ұятқа қалды, күлкілі болды дегенді білдіреді. Ендеше, Галдан Цэрэннің қызы үйінде отырып екіқабат болып қалғандай «масқара, масқара» деуі күлкіңізді келтіреді. Алматылықтардың ауыз екі сөзінде айтатын диалектіндегі «масқара» сөзін фильмге келсе-келмес қолдануымыз нағыз масқараның өзі болған. Фильмде мейлі қазақ ханының болсын, мейлі жоңғар ханының болсын хан ордасының айбаты жоқ. Кәдімгі қара билердің үйі сияқты, біреу кіріп біреу шығып жатады. Ханмен қатарласып жүру, орданың алдында ойнақ салу оларға түк емес. Ел жадындағы ескі әңгімелерде далалық сахара заңы бойынша хан ордасының маңынан мал жүргізбейді. Орданың төбесі көрінген жерден қонақтың алдынан шығатын ат ұстаушылары болады. Бірі ханға құрмет, екіншіден тазалық жағы да бар. Арғысын айтпағанның өзінде сол Абылайдың шөбере, шөпшектерінің ауылына атпен тіке келгендерді «үйді бастырдың» деп айыпқа жығатын әдет Өр Алтай жерінде бертінге дейін жалғасқан. Бұдан біз қазақ хандарының ордасы мен Галдан Цэрэн ордасының ұсқынсыздығын байқаймыз. Тіпті жоңғарлардың хан ордасының кішкентай жыра ішінде болғаны «масқара»-ның үлкені!. Хан ордасы беті ашық белесте, қорғанысқа қолайлы тау қойнауында болса бір сәрі. Ағашы жоқ жерде желден ықтап жаман жыраны паналаған қараша лашықтай қуысқа тығылуы «масқара» емей, немене?! Сәуегей енді бірде сәби Абылайды көтеріп оның әкесінің ордасына кіреді. Есіктен кіре бере «амансыз ба» деп амандасады. Қазақ қай кезде де есіктен кіре бере «Ассалаумағалейкум» деген сәлеммен кіреді. Үйде кісі болса сәлемді алады. Кісі болмаса оны «Шаңыраққа сәлем» деп атайды.Абылайдың балалық шағында бағанағы сәуегей енді тәрбиешіге өзгереді. Ол қалың баланы ағашқа тәу еткізеді. Осының бәрін көріп отырып тағы да мұсылмандығымыз есімізге түсіп, «мұнысы несі?» деп қынжыла күбірлейміз. Ағашқа, аруаққа тәу етсін-ақ, алдына Алла есімін қосуы керек еді ғой! Абылай бейнесін жасаудағы ендігі бір сәтсіздік оның ғашықтық хикаясы. Бұл хикая көрерменді баурау үшін белгілі мәні бар шығар. Бірақ Абылай тұлғасын сомдауға айрықша көмек көрсете алмаған. Бала Абылай кішкентай қызға тесіле қарайды. Қыз: «Маған неге қарайсың» деп махаббатқа тіленіп тұрғандай болады. Бұл қолдан жасалған, өмірге сәйкес келе бермейтін жасанды қиыстыру екені анық көрініп тұр.
Енді бірде есейген шағында: «Менің досым саған ғашық» дейді қызға. Қазақтың қыз-жігіттері ғашық болуды ешқашан ашық әңгімеге айналдырмаған, оны барынша бүркеп, ибалы сезімдермен жеткізе білген. Қазақ қыз-жігітіне тән бұл қасиет «Қыз-Жібек» фильмінде өте сәтті шыққан. Бұл, бұл ма, Абылай жоңғар қолына түсіп, одан қызбен бірге қашып келе жатқанда оған: «маған ұнайсың» дейді. Біз тағы да жергілікті диалектіге орын бердік. Екінің бірінде: «ол маған ұнайды» дейтін бүгінгінің сөз саптау тәсілін екі ғасыр ілгергі Абылайға айтқызуымыз тағы да «масқара»-ның көкесі болған жоқ па!? Бұл масқараның ар жағында жатқан тағы бір масқара Жоңғар батыры тоғыз қатынның үстіне тоқалдыққа алған қызды Абылайдың алып қашып биік төбеде сүйісуі болды! Қазақ батырларының ерлігін дәріптемекші болған Абылай мен Ералының бетпердемен сайысқа түсіп, Ералының қапыда өлуі Абылайдың батырлығынан гөрі аңғалдығын ашқандай. Бұдан Жоңғардың жауыздығы емес қазақты қазақ өлтірген ақымақтық көрініп тұрған жоқ па?! Жоғардағы кемістіктер бірде байқалса да бірде байқалмауы мүмкін. Ол көрермен көзіне байланысты нәрсе. Ал жұрттың ортақ өкінішіне келер болсақ, ол сөзіміздің басында айтқан Абылай тұлғасынан аса батырлық пен көрегендік көргісі келген елдің ерекше талғамының сұранысы еді.
Біріншіден, актер Абылай түгіл қазақ болмысын сомдай алмаған. Оның сөйлегені, күлгені, жүріс-тұрысы қазаққа ұқсамайды. Оған қарағанда сәуегей мен Ералы қазақ бейнесіне жақындау.
Екіншіден, актерде батырлыққа тән отты көз, ханға тән кең маңдай, мол күш-қайратқа біткен шымыр дене бітімі жоқ. Абылай бейнесі «Қыз Жібек» фильміндегі Бекежанға да жетпей қалған. Бекежанның көзінде от, көкірегінде кек жатқаны көрінеді. Ал «Көшпенділер»-дегі Абылай өз міндетін ада қылу үшін ғана әрекет жасап жүрген актер бейнесінде қалған. Оның Шәріштің басын алуы да Абылай тұлғасын аша алмаған. Онда да бірде бір жан «Иә, Алла, Алла жар бол» демейді, көпшілік «Әруақ, әруақ» деп шуылдайды. Дін жағынан фильмнің сценариін жазушылар мен жасаушылары Алланы ауызға алғысы келмейтіндей көрінеді.
Қазақ тарихы мен болмысын білмейтін шетелдік көрермендер бір есептен фильмді жылы қабылдауы да мүмкін. Бірақ, біз оларға өз ұлтымыздың өр тұлғасы мен елі жері үшін басын құрбандыққа шалу рухын жоғарғы деңгейде көрсете алдық па десек бірдеме деу қиын. Қытай ұлтының бір ерекшелігі өзінің тарихи фильмінің қай-қайсысында да ұлттық рухын биікке көтеруі жағынан әрқашан құмалағын төрттен қоюдан жаңылған емес. Олардың жай батырларының өзі нағыз жауынгердің бейнесінде сомдалып ерекше көзге түседі. Қытайды білмейтіндер сол батыр бейнесіне қарап-ақ оларды жоғары бағалауға мәжбүр болады. Жоғарыдағы пікірлеріміз «Көшпенділерді» ілікке алғысыз дегенді білдірмейді. Фильмнің сәтті тұстары да көп. Әсіресе, қазақ қолының жеңістік алып, жоңғар қолының ойсырай жеңілуі, Түркістан түбіндегі жеңіс дабылы қазақ қаныңызды қоздырып жүрегіңізді мақтаныш сезіміне бөлейді.
Абылай қазақ тарихындағы аса ірі тұлға. Оны екінің бірінің қол жаулық еткендей келсе-келмес кейіпкер етіп алуы ұлтқа ұлағаттылық әкелмейді. Кешегі ел іргесінің бекемделуі мен бүгінгі егемендігіміздің тамыры бір. Өткен Абылай тұлғасынан бүгінгі қазақ бейнесін көрсету парызы әрқашан жадымызда болғаны жөн.
««Көшпенділер» фильмі көңілден шықты ма» деген атпен
«Түркістан» газетінде және
Өнер әлемі.
2007 жыл, №1-2.-де жарияланған.
Кейіннен «Жалғыздың үні» кітабына кірген.
Пайдаланылған әдебеттер:
Ж.Шәкенұлы «Жалғыздың үні», сын-зерттеу мақалалары мен сыр-сұхбаттары. Алматы, «Ақотау» баспасы, 2010 жыл.
Ілияс Есенберлин «Көшпенділер»
«Көшпенділер» фильмі
Жәди Шәкенұлы
Жазушы-академик