Рахымжан Отарбаев өзінің шығармашылығы арқылы бүгінгі қазақ әңгімесі қалай болуы керек деген сұраққа жауап берген жазушы. Ол қазақы тәлім-тәрбие аясында өскен, дәстүрлі қазақ ұғымын санасына сіңіре білген суреткер. Жазушы шығармаларынан ауыл өмірінің лебі есіп тұратыны содан.
Суреткер табиғат пен рухани үндестікті жан-тәнімен құптайды да, шығармаларын сол табиғат пен адамның үндестігі негізінде жазады. Рахымжан Отарбаев өлген сөзді тірілтіп, ұмытылған тіркестерге жан бітіріп, ескірген оралымдарды қайта жаңғыртады. Таптаурын жолды айналып өтіп, өзінше сүрлеу салады. Абайша айтқанда, «Сөз өнері дертпен тең» деген айықпас азапқа өзін біржола байлап берген жазушы. Яғни қазақ қара сөзінің ерікті тұтқыны. Қазақтың көрнекті қаламгерімен Алматыға келгенінде әңгімелесудің сәті болып еді.
– Аға, алғашқы сұрақты Хемингуэйдің «Жазушы болу үшін талантпен қоса бақытсыз балалық керек» дегенінен бастасам. Айып етпессіз. Бір әңгімеңізде «қиналған кезімде балалық шағыма ойша жиі ораламын. Көңілсіздеу болса да. Естелік еміп жұбанамын» дегенсіз.
– Иә, Каспий теңізінің қуысында, Қошалақ құмының уысында өстік қой. Әкем Қасымғали бір қауым елдің ұйытқысы еді. Аталарымыз байдың тұқымы деп тәркіленіп Қалмақ қыры, Дағыстан елінде жүргенде көп оқи алмай қалған. Өмір бойы мал бақты. Анам Шәмсия Дәулетқызы ақжарқын, ақыл-есті кісі болыпты. Бекежан деген інім, Райса деген қарындасым жастай шетінеді. Ал, анам су білмейтін қырдың қызы. 26 жасында өзен тасығанда суға кеткен. Сөйтіп, мен бес жасымда жетім қалғанмын.
Нағашы шешем Ұлжан жалғыз басы жеке үй боп құм ортасында тұрды. Өзі де, малы да құдықтан су ішеді. Маңында ел жоқ. Анам қайтыс болған соң әкем қолына алғысы келген, көшпеді. Дәулет атамның шаңырағын жыққысы келмеген шығар. Сол нағашы шешеме 3-сынып бітірген соң түйеге мініп, алма апарып бердім. Бір айдан соң барсам, жаз мезгілі ғой, шіріп кетпесін, келесі келгенде өзі жер деп әлгі алмаларды бөліп-бөліп тұздап қойыпты. Көрмеген таңсық асы.
Сол шағылдары шыққан күнмен сары алтындай балқитын иен дала. Жалғыз үй. Бірге ойнайтын баланың жоқтығы әрі жастай жабысқан мұң мені қияли ғып жіберді-ау деймін. Қозы-лақ, қой қайырып жүргенмен, ойым өзге әлемде, оңаша аралда өмір сүріп жататын. Тіпті, басы бүтін десе де болғандай. Кейін ойласам, қорқынышты. Сол қиялмен жасаған аралдардан қайтпай қалуым да мүмкін еді ғой. Бәлкім, мені жалғыздықтан құтқарған да солар шығар. Сол оңаша ой қуу, өзіме-өзім күбірлеп сөйлеу, шалықтап күлу әлі күнге жалғасып келеді.
– Бала күніңізде тағы қандай ерекше жайт есіңізде қалды?
– Өз әжем Гүлбағила өлеңді төгіп отыратын адам еді, жарықтық. Атам болса, ескілікті әңгіменің кеніші. Әлі есімде, мектептен келіп, Махамбеттің өлеңін жаттап отырсам, әжемнің «Қой, ол оныкі емес. Үкімет те шатаса береді-ау. Біздің шешелеріміздің ханға наразы боп айтқаны ғой», – десін. Содан өзі сабақтап әкетсін:
Шыға алмаған далаға-ай,
Міне, алмаған алаға-ай,
Атаңа нәлет Жәңгір хан,
Оқытам деп баланы
Көзінен тізіп айдады-ау,
Орынбор деген қалаға-ай!
Кейін зерделей жүріп білсем, Жәңгір өз мектебін бітірген шәкірттерді Орынбордың Неплюев кадет корпусына оқуға түсірген ғой. Мұхамбет Салық Бабажанов, Мақаш Бекмұхамбетов, Өтешқали Атаниязов… Иә, бұл өзі мұсылманша, орысша хат таныған сауатты, баласы Нұрсұлтанды Орынбордағы оқуға кіргізем деп талаптанған Махамбеттің аузынан төгілер өлең емес-ті. Несін айтасыз, Жәңгір ханның екі дүниеде бағы ашылмады ғой. Елге жасаған жария жақсылықтың жаңғырығы кейде жамандық боп оралатынын қайтерсің. Исі қазақ баласы оқысын, ілгері өркениетке ерсін деп еді… Шешелерімізден естіген қарғысы әлгі.
– КазГУ-ге неге оқуға түспедіңіз? Оралда студент атанып, Иманғали Тасмағамбетовпен құлын-тайдай тебісіп өсіпсіз.
– Әжем көзтаса еткісі келмей, алыстағы Алматы тұрмақ, іргедегі Орал қаласына әрең жіберді. «Жұрттың өзіңдей баласы оқудан құлап келіп жатыр. Менің қарғам да енді көп кешікпес» деп отырғанда тілекке қарсы оқуға ілініп кеткенімді айтсаңшы!
Иә, Иманғали қолына гитарасын алып, сырлы сазды құлпыртып отыратын. Орысшаға жүйрік. Тіл тапқыш. Бекзат еді. Бірғаным Әйтімова бірер курс жоғары оқитын. Жандарбек Кәкішевтің ағалығын көп көрдік. Қызуы басылмайтын, қызығы қашырмайтын қайран жастық. Құрманғазының «Сарыарқа» күйіндей жұлқынған аста-төк, ақжарма кезең ол. Ол кезде оларды болашақ Премьер-министр, елші, сенатор, ал өзімді сөз терген жаман қатын құсап жазушы болам деп ойладым ба?
– Ел-жұртпен жете таныстым. Сонда олар «ағаң текті әулеттің тұқымы ғой. Жез қармақтай иілсе де, сынбайтыны содан» десті. Осы сөздің сырын аша кетсеңіз?
– Көктен түскен жоқпыз, жерден өнген жоқпыз. Арғы атамыз… Беріден қозғасам, Естайға соқпай кете алмаймын. Батырлығы мен билігі тең түсіпті. Байлығының өзі әлі аңыз. Әулие деп әлі күнге басына кісі түнейді.
Ол заманда түркімендер теңіз жағасын жайлапты. Атамыз сол Жәуміт руының атақты бекзадасының қызы бай таңдап жатыр екен. Батырлығы мен байлығы асқан жігітке тием депті деген хабар естиді. Көрші жұртқа барып, аламанда атам қандай ерлік көрсеткені бүгінде ел есінде жоқ. Есесіне қалың малына деп үш мың бас ақсарбас қойды санап беріпті. Сөйтіп, Қарашаш әжемізді алған. «Адам баласында мұндай сұлу жаратылысты көрмедік. Ақтығы сондай, ішкен асы тамағынан көрініп өтетін», – деседі ел-жұрт. Біз сол әжемізден тараймыз. Жеті мүшеме деп жеті ұлттан әйел алған атамнан тараған мол ұрпақ қазірде аман-есен ғұмыр кешіп жатыр. Ата-бабаның жаманы жоқ қой, інім. Солардан болымсыз боп туған біз болмасақ…
Сырым батыр Нұралы ханды шауып, ел іші бүлінген шақ екен. Нұралы бас бағып, елден қашқанда бәйбішесі Жұмсақханым мен кішкене екі ұлы Бөкей мен Шығайды атамның үйіне жасырған. Артынан қуғын салып дігірлеп Сырым жетеді. Бірақ сойқан салуға бата алмапты.
– Әй, Естай, сен болдың, амал не?! Әйтпесе, бөрінің екі бөлтірігін құртатын едім, – деп ат басын кері бұрған. Сол Бөкейден Жәңгір хан, ал, Шығайдан дәулескер күйші Дәулеткерей тарайды ғой…
– Мерейлі жасқа толғаныңызда Атырау облысы халықаралық дәрежеде салтанат өткізді. Оған көптеген шетелдерден мәртебелі меймандар қатысты. Ал, «Парасат» орденімен марапатталғаныңызда Қанішкен жері биыл үлкен той жасады. Құтты болсын, аға!
– Ол қасиетті топырақтан Әбу ата, Жұмекен, Зейнолла Серікқалиев сынды әдебиетіміздің үлкен тұлғалары шыққан ғой. Біз деген… Солардың басып кеткен ізіне тати ма екенбіз? Елге рахмет! Аз еңбегімізді әуелете көтеріп жатады. Үлкен көл жағасына әдемі киіз үйлер тігіп, ел-жұрт боп қарсы алысты. Көкорай шалғын. Аяқ астың Бұхар кілеміндей былқылдайды. Көлде аққу жүзеді, балық шоршып ойнайды. Көп қызықтың соңында сол көлді «Рахымжан көлі» деп атасты. Картаға белгілесті. Байтұрсыновша айтсам, ел «өз балам» десті.
Енді бала да «елім» деуі керек қой. Бір ой көптен көкейімде жүрген. Сол Еділ-Жайық ортасында туып-өскен, елге нұрын шашқан тұлғаларға үлкен ескерткіш-тақта орнатсам деймін. Өз қаражатыма. Бейбарыс сұлтаннан бастап, Зейнолла Серікқалиевке дейінгі жетпіс-сексен жәдігердің есімін алтын әріптермен әдіптесем. Кітаптан жеріп, компьютермен өскен ұрпақтың санасына ең болмаса аты-жөндері сіңе берер еді ғой.
– Алматыға, әдеби ортаға қай жылы келіп едіңіз?
– Ананың құрсағына сыйғанмен, ауылдың құшағына сыя алмадық. 1981 жылы пойызға өрмелеп мініп, Алматы астық. Шіркін, ол кезгі Алматы қандай еді! Сол жазиралы мекен жатсынбай бауырына басты. Жалпы, Жетісудың топырағы алтын ғой. Азаматтарының алды кең. Бәйбішелері биязы. Алма жүзі алаулап, аш белі солқылдап тұрған қыздары. Жаны жомарт, жүрегі жұмсақ ұлдары ше?! Ғұмыр бойы қарыздармыз.
Жазушылар одағы әулиелердің мекеніндей көрінетін. Алтын жұлдызы кеудесінде жарқырап, әр сөзінің буынын былқылдатып тұратын Ғабит аға, Қарғалыдан трамвайға мініп жететін қарапайым да қамқор Ғабиден Мұстафин, айналасына алтын шуақ шашатын Мәриям Хәкімжанова, бұйра шашы басына түркіменнің сеңсең бөркін киіп алғандай көрінетін Әбу Сәрсенбаев, ақ бас бурадай желкілдеп келетін Тахауи Ахтанов, ақ қайыңнан ойғандай сымбатты Жұбан Молдағалиев, балбал тастай мызғымас Әкім Тарази, несін айтасыз, өңшең нұр-сипаты бөлек тұлғалар-ды. Ботатірсек біздер әрқайсысының алдын торғай адым кесіп өтпей, екі-үш бүктетіліп сәлем беріп жатамыз.
Олардың шабысуы да, табысуы да бөлек еді ғой.
«Қошалақтан отыз жылдан соң қолына қалам ұстаған бір бала келді», – деп Жұмекен ағам қуанды. Шерхан аға қызметке алды. Фариза апа алғашқы әңгімелерімді журналына жариялады. Мұхтар аға (Шаханов) пәтер алып берді. Олжас Сүлейменов қиналып жүргенімді естіп, үйіне ертіп барып, қолыма мың сом ақша ұстатты. Ол кезде екі жылқының бағасы! Несіпбек Дәутаев соғым сойып әкелді. Мұхадес Есламғалиев пен Мереке Құлкенов туған ағамдай қамқорлады. Міне, солардың арқасында тентек бураның өркеш жүніндей шашым үрпиіп, ел қатарына қосылдым да кеттім. Аштықта жеген құйқаның дәмін неге ұмытайын!?
Сол Алматы, сол тұлғалар… Қасында жүріп қағындық, алыстап кеттік, сағындық. Қайтерсің.
– Қазақ әдебиетінің классигі Әбдіжәміл Нұрпейісов: «Қазірде Рахымжаннан асқан стилист жазушы жоқ. Түбі осы жетістігі кемшілігіне де айналып кетуі ғажап емес. Тым әуес боп кетті» деп еді. Әдебиетте кімдерді үлгі тұттыңыз?
– Әдебиеттегі екі ұстазымның өнегесі мен үшін ерекше. Бірі – Әбіш аға Кекілбаев. Сөздің құнарын, бояуын шығармаларынан қанып іштім. Мұндай ғажайып дарын иесі қазақ әдебиетінде, әй, қайдам, енді қайтып тумас. Менің кейбір аталарым тақымы құрғамас конокрад болған. Орынбор мен Тұзтөбенің жылқысын үйірлеп айдап қоймаған. Құйрығын теуіп ойнаған өңшең шу асауды айқаймен қайырып… Пау, шіркін!
– Әбеке, мен сізден сөз көп ұрладым, – деп әзілдеймін ғой ағаны, аталарымның сол қылығын есіне сап.
– Баяғы шалдарың тіпті Еділден де ат жалдап өтіп, кабарда мен балқарды бақыртып, талайын жаяу қалдырып, жер соқтырып кеткен. Тұқымыңда бар ғой. Әйтеуір, сөзімнен айырылсам ештеңе етпес, – деп нұрланады.
Екінші тәу етерім – Әбе Нұрпейісов қой. Өзіне де, өзгеге де соншама қаталдықпен қарайтын мұндай қарау классикті көргенім жоқ. Бәлкім, көріп қалғанымыз бағымыз да шығар?.. Сөзді оңды-солды шашпай, Ай сәулесіндей тамызып-тамызып қана қолдансам, осы ағаның үлгісі.
Әлемнің қырыққа таяу тілінде сөйлеген, қазақтың ғана емес, күллі дүниенің рухани қазынасына айналған «Қан мен тер» мен «Соңғы парыздың» соңғы басылымын алдына алып, сөйлем емес, абзац-абзацты қайшымен қиып лақтырып отырғанын көргенде көзіңнен жас шығып кетеді. Қарау демей көр!
Ілгеріде бір интервьюімде: «Нұрпейісов ойыншықтары көп бала» дегенім бар-ды. Дереу телефон шалды: – Әй, сен мені сынапсың ғой, – деп.
– Ойыншықтарыңыздың көп екені өтірік пе? Әкімдермен ойнайсыз. Министрлермен ойнайсыз. Өз шығармаңызды өзіңіз қысқартып, түзеп-күзеп ойнайсыз. Ал, біз ойыншықтарымыз жоқ, жетім баламыз ғой, – дейін.
– Керемет риза болдым. Бұлай мені ешкім сынаған емес, – деп Әбем рахаттанып кеп күлсін.
– Халқымыздың ноқта ағасы Д.Қонаев кіріптарлыққа тап болған жылдары үйіне барыпсыз. Сұхбат алыпсыз. Ол кісіге кірген-шыққанның бәрі есептеулі кезде қалай тәуекел етіп жүрсіз?
– Намыс та! Бір күні қолыма Рауль Мир-Хайдаров деген жазушының «Двойник китайского императора» деген Мәскеуден шыққан кітабы түссін. Оқып, таңға көз ілмедім. Қонаев пен Шараф Рашидовтың дымын қоймай жамандапты. Жұрттың бәрі Колбинның алдында баталы құлдай бәйпең қағып жүрген кез ғой. Қонаевтың үйінің жанынан жұлдыздай ағып жөнеледі…
Ой арқалап Жазушылар одағына келе жатыр ем. Көшенің қарсы бетінен Асқар Тоқпанов ағам айқайлайды.
– Әй, Жайықтың үкілібас қамысындай боп қайда кетіп барасың? – деп. Ерен туған тұлға! Тентек шалға қолтығымдағы кітапты көрсетіп, мұңымды шағайын. Димаш ағаның үй телефонын сұрайын. Жақын көретін інісі-тін.
Асекем алдымен көзін ойнатып, сосын бір парашют дем шығаратындай боп танауын делдитті. Басындағы татар тақиясының сынық сүйем желпіншегін олай бір, былай бір былғады. Зәрені ұшырды. Ақыры Раульды алты қырдан асырып, Рахымжанды қурайдай ғып құшағына алды. Сұрағанымды берді.
Димаш ағамен жүздесіп, сұхбат құрғаным үзіп-жұлынып баспасөз бетін көрген. Бұл әуезді бөлек сыр. Кейіннен кеңінен бір келістіріп жазсам деймін. Шерлі көкірек боп отырған ұлы тұлғаның шерткен шежіресі, Майлықожаның термесін төгілдіре толғағаны, алаң көңілі әлі күнге санамда сәулеленеді. Қоңырау таққан құба нардай боп тұрған ағамен қоштасып жатып: – Ешкімді қабылдамай қойғансыз. Маған неге кеңшілік жасадыңыз? – дейін.
– Кеше телефоннан «Аман болсақ алтын аяқтан әлі де су ішерміз», – дедің. Сол сөзің үшін!
Жақсы жоғалып табылса, жаман сүйінші сұрауға жарамай қалған кез еді-ау ол!
Айтпақшы, жақында Ақтөбе қаласынан сол Р.Мир-Хайдаровты жолықтырдым. Мартөк ауданында туып-өсіпті. Лаң боп тиген сол кітабын есіне салып ем. Тіл қатпады. Көзіне сақиналанып жас келді.
Айтпақшы, Қапшағайда тұратын құдамыз қалаға Қонаев аты берілсе деп өмір бойы армандаумен келеді…
– Мемлекеттік сыйлыққа екі мәрте ұсынылып, шығармаңыздың бағы жанбады. Себебі неде?
– Қайдан білейін. Ұсынған да, құлатқан да өздері. Мен болсам, кедейдің кербезі құсап жатып алдым. Ол үшін айғыр шабысқа түсіп жүгіруің керек екен. Елуге тарта комиссия мүшесінің әрқайсысының есігінен сығалап, жарапазан айтуың керек екен. Бұл неткен қорлық?!
Сосын менің алдымда қалам қуаты мықты Б.Нұржеке-ұлы, С.Елубаев, Т.Нұрмағамбетов, С.Сматаев, Қ.Сәрсекеев, М.Байғұтов, Н.Дәутаев, Д.Әшімханов сынды ағаларым бар ғой. Олар неге сыйлық алмауға тиісті?
Батырлық жырда Мафия деген сақау қатынның «Әдіре қалсын ділдәсі, денім сау боп жүрейін» дейтіні бар ғой. Мына заманда ең ұлы сөз сол ма деп қалдым…
– Пьесаларыңыз қазақ, қырғыз театрларында жиі сахналануда. М.Әуезов театры «Бейбарыс сұлтан» тарихи драмасын ағылшын тілінде де ойнады. Бұл – бұрын-соңды қазақ театры тарихында болмаған оқиға.
– Иә, оның рас. Жалпы, он бес пьеса тудырыппын. Әйгілі Асанәлі Әшімов айтып еді: – «Бейбарыс сұлтан» – сен ана ауылға кеткен соң да қырық жыл бойы үзілмей қойылатын пьеса» деп. – Әумин! – деппін. Қуанғаным да. Бұл аса ауыр шығарма. Оны үлкен сахнаға алып шығуға Есмұқан Обаев пен Еркін Жуасбеков, Әлия Бөпежановалар ерекше қамқорлық жасады. Режиссері Ю.Ханынга-Бекназаровтың да еңбегі айта қалардай. Қазақ театр өнерінің осы қатарынан қара үзген қайраткерлерінің есімін әркез мәніжатпен атаймын.
Мұнан өзге «Мұстафа Шоқай», «Бас», «Жәңгір хан», «Сырым батыр», «Абай-сот», «Айна-ғұмыр», «Двоиник», «Нашақор жайлы новелла», т.б. пьесаларым біраз театрларда көрермендермен қауышты. Олардың сыртқы сымбатын, ішкі қымбатын жоймай сахналаған Хұсейін Әмір Темір, Сағызбай Қарабалин, Нұрлан Жұбаниязов, Асылбек Ықсан, Мұқан Томанов, Ұлан Ахметов, Жанат Телтаев сынды сарабдал саңлақ режиссерлермен шығармашылық бірлікте жұмыс істеудің өзі бір бақыт!
Сол «Бейбарыс сұлтанды» Каир, ал «Актриса» деген пьесамды Мәскеудің Н.Гоголь атындағы театры қабылдап, алдағы жылы сахналауға ниет білдіріп отыр.
– Тұстастарыңыз сізді қазақ әңгімесінің классигі деп жатады. Ауқымды шығармаларға неге қалам тартпай жүрсіз?
– Иә, жапырақ тергендей боп әңгімені жиі жазып кеттім. Оқырмандар ықыласпен қабылдады. Лауазымды талай тұлғаның шамына тиетін де сөз айттым-ау, деймін. «Американың ұлттық байлығы», «Жаңғырық», «SOR», «Сатқын», «Алтын балық» боп жалғаса береді. Алқалы жиында мұрыны бомба түскен белдей болған бір көкем: – Рахымжан – халық жауы. Жазған әңгімелерінің бәрі астарлы, арамза. Ұлтымызға қара күйе жағады. Қоясын ақтарады. Бір оңды кейіпкері жоқ. Оны шетел аударады. Сонда жатжұрттықтар біздің ел жайлы не ойлайды? Бұған тоқтам қояйық. Тәртіпке шақырайық, – деп сайрай жөнелсін. Еріксіз күлдім. Абай атам еске түсті. Бұ қазаққа бір ауыз жылы сөзін қимай кетіп еді. Жек көргеннен бе?
Көкелерім-ау, қырт мақтанмен жеткен жеріміз, шыққан биігіміз белгілі еді ғой…
Соңғы жылдары «Шыңғыс ханның көз жасы» деген повесть жаздым. Ұлы хаһанның және Жошының өліміне қатысты бұрын ел айтпаған екі жаңалығым бар. Мазмұндап қайтемін. Оқыған озады.
«Бас» деген романым жарық көргелі жатыр. Махамбет жайлы. Ішінде тірі Махамбет жоқ. Бүгінгі заман көрінісі және Алматы қаласында жоғалып кетіп, 17 жылдан кейін әзер табылған батырдың кәлласы жайлы хикая.
– Кітаптарыңыз ханзу, орыс, ағылшын, араб, француз, итальян, болгар, түрік, украин, қырғыз тілдеріне аударылды. Осы жайында не айтар едіңіз?
– Қазақ руханиятына пияз қабығындай болса да үлес қостым-ау, деймін. Қытайда қос томдығым, Африка құрлығында үлкен жинағым шығып, Мәскеуде дембіл-дембіл басылым көріп, атақты Сорбонна университетінде менің шығармашылығыма арналып лекция оқылғанда, әрине қуандым. Өзім үшін емес, елім үшін! Қазақ деген қыдыр дарыған халықтың сүйегіне сөз біткен ортаңқол жазушысы болғаным үшін!
Өкінішім де жоқ емес. Айтайын. Кеңес дәуірінен соң қазақ әдебиетінде аударма ісі тоқтады. Тоқтады да тоқырады. Ұлы жазушымыз Әуезовті әлем біледі деп мақтанамыз. Шындығында қазақтан өзге ешкім білмейді. Білсе де кейбір аудармашы, баспагер, азын-аулақ зерттеушісі білер. Өз-өзімізді алдап, арбап қажеті қанша? Ол Әуезовтің немесе «Абай жолының» кінәсі емес.
Тамыз айында Қазан қаласында түркі халықтары әдеби журналдары басшыларының Халықаралық жиыны өтті. Небір келелі мәселелер талқыға түсті. Соның бір сарасы – аударма жайы. Сол талқыда бір қатысушы бәрімізге Пауло Коэльенің, Мураками мен Орхан Памуктің шығармашылығын өнеге етіп көп бәйіт айтсын. Ежіктеп түсіндірсін. Шыдай алмай киліктім. Әңгіме ауанын бұзып-жардым.
– Аталған үшеуі де қатардағы қарапайым жазушы. Суреткер емес, күнделікші. Тәлім алатын ештеңесі жоқ. Өңшең сөз сатқан саудагер. Қазақ боп туса ғасыр халтуршигі деп әлдеқашан қуалап тастар ек, – дейін.
Бірақ олардың өзінен де, елінен де үйренетін нәрсеміз бар. Өйткені, бұлар жазылып жатқан шығармаларының жарнамасын өте мықты ұйымдастырады. Алуан тілде. Сосын мықты баспагерлермен ынтымақты жұмыс жасайды. Мысалы, Мураками кітаптарының аударылымы, таралымы, жарнамасы, болашақта алар сыйлығы, абырой-атағы әрдайым Жапон үкіметінің назарында! Ол үшін қаражатты аямайды. Төгіп отырады. Есесіне, жапон әдебиетін әлем оқырманы біледі. Бағалайды, сүйсінеді.
Бізде ше?.. Кешірерсіз, осының бірі жоқ. Үкімет өз шаруасымен әлек. Ақшаның тілін білгенмен адамның тілін білмейтін бизнесмендерге әдебиет жат. Ал бізде кез келген елдің әдебиетінің маңдайында тұрар марқасқалар аз ба?
– Қандай ұсыныс айтасыз?
– Баяғыда бала асырап алар болса сол үйдің бәйбішесі баланы ырым ғып бұтының астынан өткізіп алады екен. Сонда өгей емес, өзі тапқандай исінген… Үкімет
– бәйбішенің бұты әлеуетті ғой, біз де еңбектеп өтіп шықсақ, өгей деген аттан құтылар ек…
– Республикалық «Ақ Жайық kz» журналын шығарып жатырсыз. Ерекшелігімен ел-жұртты бірден елең еткізді.
– Биыл екі жыл толды. Қазақ журналдарының ішіндегі ең қалың басылым, ол рас. Оның шығуына Атырау облысы әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов тікелей атсалысты. Өзі де өлең жазатын, әрі әнші, әрі күйші осы ерен тұлғаның өнерге, әдебиет пен мәдениетке деген ықыласы еріксіз риза етеді. Орынбасары Шыңғыс Мұқан да мамандығы журналист, алғыстауға тұрар азамат. Қаражаттан тарлық көрмедік. Соның арқасында журналда жарияланған үздік роман, хикаят, әңгіме, өлең, поэма, сын, көсемсөзге деп 2,5 млн. теңге бәйге тіктік. Сонымен бірге, журналдың әр саны исі қазаққа танымал тұлғалар жайлы деректі фильммен қоса таралымға түседі.
– Балаларыңыздың ішінде қаламыңызды ұстап қалар кім бар?
– Ұлым Ермерей өлең жазатын еді. Бизнестің сиқыры арбап жүр. Ал, қызым Қаракөздің алғашқы кітабы Мәскеу баспасынан шыққалы жатыр. Әңгімелерін орыс тілінде жазады. Стилі бөлек, күрделі. Өзі Ирландияда магистратураға түсіп, оқуын жалғастыруда.
– Көп-көп рахмет, аға!