Өмірде өзі таңдаған мамандықтың махаббатына бөленіп, сол саладан рахат табатын жандар аз емес. Ал кітап әлемінің падишасындай болған кітапханашылардың жан-дүниесі, табиғаты, сөздің құдіретін түсіне білетін қасиеті тіпті ерекше. Бұл кісілердің ерекшелігі кітаптың киесінен болса керек. Осы салада өте ұзақ жыл, жарты ғасырға жуық еңбек етіп келе жатқан Қазақ ұлттық Қыздар педагогикалық университеті Ғылыми кітапханасының директоры Бақытжамал БАҒАШАРОВА сондай жанның бірі.
– Бақытжамал Тельманқызы, сіз таңдаған мамандық туралы көбіне қыздарға қолайлы, тек кітап оқып қана отырасың деген ұғым қалыптасқан. Сіз осы мамандықты сүйіп таңдадыңыз ба?
– Әрине, әр мамандықтың өзіндік сыры мен қыры болады. Күні бүгінге дейін кітапханашылар туралы қыста жылы жерде, жазда салқын жерде кітап оқып, демалып отырасың деген ұғымның бары рас. Ал шындап келгенде, тіптен олай емес. Жалпы, мен оқу бітірген соң бұл саланы емес, ауылшаруашылығын көркейтсем екен деген едім. Сөйтіп, Алматыға келіп, агроном мамандығына құжат тапсырдым. Таңдаған оқуыма түсіп, студент атанып, қала өміріне үйреніп шыға келдім. Бір жылдай оқыған соң, жәйлап жан-жағыма қарай бастадым. Сөйтсем, төңірегім түгел жігіттер, қыз балаға қол емес екенін ұғындым. Оның үстіне, химия пәні де маған оңайға түспей жүр еді. Содан «есім барда елімді табайын» деп Қыздар институтына келдім. Мұндағы бір ерекшелік 75 қыз қабылдайды екен. Алғашында тарихқа тапсырмақшы болып бір оқталдым, сөйтсем онда тек 25 қыз ғана қабылдайтын болып шықты. «Әй, осы мамандықта химия жоқ-ау» деп кітапханашы мамандығын таңдадым. Жолым болып, сол жолы да оқуға түсіп кеттім. Содан Қыздар институтының Кітапханашы және библиография факультетінің Кітапханашы және библиограф мамандығы бойынша 1981 жылы бітіріп шықтым. Ол кезде бұл мамандықты әрі қарай тереңдетіп, жалғастыруға еш мүмкіндік болмады. Тек педагогика саласына ғана баруға болатын еді. Ақыры ауылға барып, мұғалім болуды шештім. Екі жыл тарих пәнінен мұғалім болдым. Тұрмысқа да шықтым. Содан Алматыға қайта қайтып, осы қарашаңырақ ҚызПИ-ге келдім. Оқу ордасының түлегі екенімді біледі, бірден кітапханаға жұмысқа қабылдады. Ол кезде 1993 жылы Күләш Құнантаеваның ректор болып тұрған тұсы. Менің мына отырған орнымда 49 жыл директор болған Раушан Бақытнәйтиева деген апайымды мен өмір бойы ұстазым деп басымды иіп келемін. Мені көбіне сол кісіден кейінгі екінші директор деп атайды. Сол 1983 жылдың күзінен күні бүгінге дейін кітапхана саласында жемісті еңбек етіп келе жатырмын. Әрине, бірден басшы болып келе қойған жоқпын. Бел-белестен өттім. Алғашында библиограф болып қабылдансам, аға библиограф болдым, сосын сектор меңгерушісі деген кезеңдерден өттім.
Кеңес Одағы ыдыраған кезде кітапхана саласында ана тіліндегі мамандардың жетіспеушілігі қатты байқалды. Оқу ордасының басшылары мені Кітапхана және библиография кафедрасына аға оқытушы қызметіне шақырды. Бірден келісім бердім. Өйткені, өз тіліміздегі мамандардың ауадай қажет екендігін өзім көріп, біліп жүргендіктен көз жұмып қарай алмадым. Әрине, алғашында қиындықтар болды. Сол кезде маған бағыт берген, мені жетелеген ұстазым, марқұм Күләш Ғазизқызының көп шапағатын, тәрбиесін көрдім. Сол кісінің мектебінен өттім десем де болады. Қиындығына шыңдалып, енді төселдім-ау деген кезімде мені Т.Рысқұлов атындағы экономикалық университетінің (атақты Нархоз) ғылыми кітапханасына басшылық етуге шақырды. Барлық жиған тәжірибиемді, кітап оқуға деген қызығушылық, балаларды кітап оқуға ынталандыру дейсіз бе, әйтеуір осы салаға аянбай тер төгуге тура келді. Оның үстіне институт басшысы Нұрғали Мамыровтың өзі бір мың болғыр кісі ғой. Кітапханаға кітап алу керек десек қаржы-қаражаттан аянып қалмайтын. Студенттердің білім алып, жан-жақты болып шығуына көмегі тиетін кітаптарды, әдістемеліктерді көбірек алуға кеңес беріп отыратын. Мен қай мекемеде басшы болсам да, ұстаздық қызметімнен бір сәтке де қол үзбедім. Кітапхана және библиография кафедрасындағы оқытушылық қызметімді жалғастырып жүре бердім.
Қызмет деген мәңгілік емес қой. Түрлі орталарда, талай тұлға болған азаматтармен қызметтес, әріптес болдым. Оның бәрі менің өмірімдегі бір сәулелі кезеңдер десем де болады. Сондай ақылгөй кісілердің айтқан әңгімелерін қазір еске алып отырсам, үлкен бір тарих екен ғой.
Қазақ технологиясының қара шаңырағы атанған атақты АТУ-дың да ғылыми кітапханасына басшылық еттім. Оқу ордасының басшысы Құралбек Құлажановтың талапшылдығы, өте жауапкершілігі менің бұл салада жемісті еңбек етуіме септігін тигізіп қана қойған жоқ, кітаптың қажеттілік екендігін ұғынуыма да өз әсерін тигізді. Ең алдымен, әрбір кітапты қолға алып, оның не туралы жазылғанын білуің керек. Өйткені, оқырманның тапсырысы, яғни сұрап тұрған кітабы не туралы екенін алдымен өзің білуің шарт.
Кітапханашы тек оқырманның сұраған кітабын тауып беріп қана қоймайды. Өзі де сол кітаптың маңызы туралы да білуі керек. Бұл мамандықтың қызығы да, қиындығы да осында жатыр.
– Өзіңіз қазір басшылық етіп отырған оқу ордасына келгеніңізге де біраз уақыт болып қалды-ау?
– Иә, біраз уақыт болды. Қазақ қыздарының шамшырағына айналған бұл оқу ордасының менің өмірімдегі алар орны тіпті ерекше. Студенттік жылдарымның куәсі болды. Талай қазақтың марқасқаларымен болған оқу ордасында өткен кештерден қалмайтын едік. Өзімнің нәсібіме айналған кәсібімнің де нағыз майталман маманы болып шығуыма осы шаңырақтан алған тәрбием мен білімімнің көп әсері тигенін айтуға тиіспін. Әлгіде айтып кеткенімдей, бірде менің үлкен ұстазым болған Раушан апамыз зейнеткерлікке шығып, ол кісінің орнына лайықты кісі іздей бастайды. Сол кезде қазақтың дара қызы, биік адамгершілік иесі, бүгінде сенатор Динар Жүсіпәліқызы оншақты адамның түйіндемесін саралай келе, конкурс арқылы мені лайық көріпті. Міне, жеті жылға жуық осы оқу ордасының кітапханасына басшылық етіп отырмын. Алғашқы келген сәтімде күрделі жөндеуден өтіп, кең сарайдай сәулеті келіскен кітапхана ғимаратының сыртқы келбеті ғана емес, ішкі мазмұнының да өте бай екендігін байқадым. Заманауи жаңашылдыққа ұмтылған, уақыт көшінен кітап патшалығы да қалыспай ілесіп келе жатқандығын көрдім. Оқу ордасында жаңа технология, жаңа инновацияға көшу мақсатында электронды ресурстар орталығын аштық. «Сандық Қазақстанға» көшу мәселесін де жалғастырып жатырмыз. Ғылыми кітапхана университетіміздің ақпараттық, білім беру интеллектуалды орталығы ретінде сапалы білім беріп қана қоймай, жоғары білікті мамандар даярлауға белсенді ықпал етіп, барлық бағдарламаларға сәйкес жинақталған өзінің кітап қорымен қоса заманауи ақпараттық электронды ресурстармен де қызмет етіп отыр.
Ағымдағы оқу жылының өзінде алдымызға көптеген мәселелер қойған едік. Ең негізгі басшылыққа алып отырған бағыттарына тоқтала кеткенім жөн шығар. Ғылыми кітапхананың ең басты бағыты кітап қорын оқу үдерісіне қажетті әдебиеттермен толықтырып, оларды Рабис бағдарламасының базасына енгізу, нақты санын анықтап, жоғы болса түгендеу. Сонымен қатар, оқырмандардың ақпаратқа еркін қолжетімді болуын қадағалап, сапалы қызмет көрсету, университетті кітаппен қамтамасыз ету. Сонымен қатар, оқырмандарға қызмет көрсету үшін факультеттермен, кафедралармен тығыз жұмыс жүргіземіз. Бүгінде оқырманға қызмет көрсетудің форматтары әр түрлі. Оқу залына келген әрбір оқырман өз бетімен сөрелерден қажетті ақпараттарды ала алады. Сирек кездесетін, аз даналы кітаптарды «түнгі абономент» ретінде алып кетіп оқуына да мүмкіндік жасалған. Электронды құжат алмасу, кітапхана сайты, электронды каталог, электронды мақалалар картотекасы туралы мәліметтерді де табуға болады.
– Кітапхананың жалпы қоры қанша? Студенттердің мерзімді басылымдарға деген сұранысы қалай?
– Бүгінгі таңда кітап қорында 1 058 491 кітап болса, оның 943 238-і мемлекеттік тілде. Осы көрсеткіштің өзі оқимын деген жасқа жасалып отырған мол мүмкіндікті көрсетеді. Ғылыми кітапхана қорын «Атамұра», «Мектеп», «Фолиант», «Жазушы», «Бастау», «Елорда», «Таймс», «Академкнига», «Қазақ университеті», «Ақнұр», «Медет», «Экономика», «Рауан», «Эрудит», «Педагогикалық шеберлік орталығы», «Тіл білімі институты», «Алматыкітап», «Қарасай», «Macmіllan», т.б. баспалармен тікелей келісім-шарт бойынша мемлекеттік сатып алу жүйесі арқылы және сыйға тартылған кітаптармен, оқу ордасының оқытушыларының оқу-әдістемелік құралдарымен толықтырып отырамыз. Аталмыш оқу жылының өзінде кітап қорына 259 аталым бойынша 2197 кітап сыйға тартылды. Сонымен қатар, жыл сайын 292-ден астам түрлі газет-журналдарды жаздырып аламыз. Осының барлығы қыздарымызға жасалып жатқан жағдай емес пе? Қазіргі университетіміздің басшысы осы оқу ордасының түлегі Гауһар Төремұратқызы педагогика ғылымының докторы. Халқымызда «Жас келсе іске» деген сөз бар ғой. Өте білімді, білікті кісі. Кітапхананың жұмысын қадағалап, басты назарға алып отыр. Біздің тарапымыздан жасалған барлық ұсыныс-пікірлерімізді, талаптарымызды мүлт жібермей, орындап отырады. Соның бір көрінісі 2014 жылы республикалық үлкен конференция өткіздік. Сол жиында бұл салаға әлі де мамандардың қажет екендігін баса көрсеттік. Кітапхананың мақсаты оқырманға қызмет етумен шектелмесе керек. Түрлі танымдық кештер, белгілі қоғам қайраткерлерімен кездесулер өткізіп отырамыз. Мәселен, жазушы Б.Нұржекеұлы, ақын М.Райымбекұлы, ақындар Ғ.Жайлыбай, С.Қалиев, сонымен қатар жас ақын-жазушылардың тұсаукесерлерін өткізіп, қыздарымыздың рухани әлемін де байытып жатамыз. Мұндағы ойымыз болашақ ана атанар қыздарымыз өз өмірлеріне үлгі болатын тәлім-тәрбие алса дейміз.
Жалпы, кітапхананың жағдайы заманауи талапқа толығымен сай деп айта аламын. Жыл сайын 20-22 млн.-ға жуық қаржыға қажетті кітаптарды аламыз. Қордағы кітаптың жартысы электронды нұсқаға көшірілген. Оқырмандарымыздың сұранысын толығырақ қамтамасыз ету мақсатында жоғары оқу оқырмандарының кітапханаларымен де электронды ресурстарды пайдалану үшін келісім-шарт жасап, тығыз байланыстамыз. Қазір көбіне «кітап оқылмай жатыр, жастар кітап оқымайды» деп даурығамыз ғой. Біздің студенттер кітап оқиды.
Оқылатын кітап болса іздеп жүріп оқиды. Сұраныс өте жоғары. Мерзімді баспасөзді де біздің студенттеріміз жібермей жүріп, оқып отырады. Сондықтан кітаптың оқылуы, мерзімді баспасөзге сұраныс жағынан ұятты емеспіз. Сөз реті келгенде кітапханашыларымыздың жүргізіп жатқан жұмыстарына тоқтала кетсем жөн шығар.
Мәселен, «Кәсібім келешегім мақтан тұтар», «Туған жерге тағзым», «100 оқулық» сияқты жас ұрпақ үшін аса маңызды іс-шараларды насихаттауда да кітапханашылардың атқарып отырған жұмыстары шаш-етектен. Еліміздің туризмін дамыту да ең өзекті мәселелердің бірі. Бұл ретте кітапхана қызметкерлері Алматы облысының тарихи орындарын студенттерімізге таныстыруда көп еңбек етті. Осы тұрғыда Майра Әкімжанова, Нәзира Әлмекеева сынды қызметкерлеріміздің көп іс тындырып жүргенін айта кеткен жөн.
Елбасымыз жастарымыздың жарқын болашағы үшін, олардың бәсекеге қабілетті, білімді болуы үшін жүргізіп отырған саясатының бір көрінісі дүние жүзінің ең озық оқулықтарын өзіміздің ана тіліне аудару мәселесі. Ағылшын тілінен тікелей ана тіліне аударылған оқулықтардың тұсаукесерін өткізіп, қызу насихаттауға кірісіп кеттік. Дәл қазір осындай оқулықтардың 58 данасын алдық.
– Заман талабына сай кітапханашылардың біліктілігін арттыру жолында қандай жұмыстар атқарып отырсыздар?
– Дұрыс айтасыз, бұл да аса маңызды мәселе. Қазіргі ұшқыр уақыт пен заман талабы өте ауқымды. Баяғыдағыдай оқырман сұраған кітапты тауып бере салатын кездің уақыты әлдеқашан өткен. Сондықтан қызметкерлерімізді шет елдердегі, өз еліміздің ірі қалаларында өтетін конференцияларға, семинар, тренингтерге жиі жіберіп, тәжірибе алмасып отырамыз.
Мәселен, өз басым 2014 жылы Чехия мемлекетіне барып, біліктілігімді жетілдіріп қайттым. Прагада кітапхана саласына қатысты өзекті мәселелерді он күн бойы талқыладық. Биылғы жылы Греция мемлекетінің Афина қаласында өткен Кітапханалық қауымдастықтар мен мекемелердің Халықаралық федерациясы (ИФЛА) конегресіне қатыстым. Ол жердегі басқосу «Кітапханалардағы өзгерістерге арналған диалог» деп аталды. Қарап отырсам, дүние жүзіне ортақ мәселе – балаларды қалай смартфон, гаджет, ұялы телефоннан алшақтатып, кітап оқуға деген қызығушылығын ояту екен. Балаларға тәрбие беру, оны мектептен бастау сияқты үлкен мәселе төңірегінде әңгіме өрбіттік.
Сол кезде Еуропа елдерінің бұл «аурумен» ауырып, жазылып кеткеніне көзім жетті. Чехияның кез-келген бұрышында, автобус, троллейбус, трамвайларда кітап оқып отырған адамдарды көргенде қатты таңқалдым. Праганың өте ертеден келе жатқан үлкен кітапханасы бар екен. Сол жерге барғанда лық толы кісі, бірде-бір бос орынның жоғын көріп, тіпті қайран қалдым. Толып отыр. Грекияда да осы көрініске тап болдым. Бір қызығы оларда кітапхана 15 күн жұмыс істеп, 15 күн демалады екен. Сосын жазда бүкіл кітапхана демалып, күзде қайта жұмысты бастап кетеді екен. Кітапханалары өте бай, оқырмандары өте көп.
– Кітапханадағы кітаптарды сақтаудың өзіндік тәртібі бар ма? Жалпы, сіздердегі ең «кәрі» кітап қаншада?
– Кітаптарды күтіп, сақтау үшін белгіленген ортақ стандарт бар. Кітапханадағы кітап қорын сақтаудың басты талабы күн түспеу керек. Сосын айына бір мәрте құрғақтай шаңын сүртіп, тазалап отыру керек. Жыртылған кітап беттерін түптеп, желімдеп, жапсырып отыру күнделікті жұмысымыз ғой. Әрине, Кеңес Одағынан бері келе жатқан кітаптардың сапасы өте жоғары. Ондай кітаптарға көп алаңдай бермейміз. Ал бүгінгі қаптап кеткен көп баспадан шыққан өнімдердің сапасы сын көтермейді. Кейде парақтай бастасаңыз-ақ болды кітаптың желімдері ыдырай бастайды.
Біздің міндетіміздің бірі кітаптың оқырманға таза, жып-жинақы болып жетуіне өз үлесімізді қосу. Ертеден келе жатқан көне кітаптар біздің алтын қорымызға жатады. Олардың қатарына 250 дана өте сирек кездесетін сөздіктер жатады. Ең көне «кәрі» кітабымыз 1578 жылы шыққан. Сосын 1675, 1698 жылы шыққан сөздіктер бар. Өте ертеде шыққан Толстойдың, Лермонтовтың, Пушкиннің кітаптары да бар. Оларды біз ерекше күтіммен аялап, әлпештеп дегендей сақтап келеміз.
– Өз отбасыңызда кітап оқыла ма? Немерелеріңіз кітап оқи ма?
– Менің анам кітапханашы болған кісі. Аз ғана уақыт болса да осы кітап патшалығында қызмет етіп, бізді кітап оқуға баулып, кітаптың қадір-қасиетін бойымызға сіңіріп кетті. Кезінде анамыз бізге «орысша білмесең алысқа бармайсың» деп жұп-жұқа орысша кітапшаларды оқытушы еді. Өзім ата мен әженің бауырында өстім. Кезінде атам Бағашар колхозшылардың бүкілодақтың екінші съезіне қатысқан кісі. Ең негізгі тәрбиені атам мен әжемнен алдым. Сол кісілер маған үлкен батырлар жыры деген кітапты оқытқызғанды ұнатушы еді.
Бәлкім, кітапқа деген құмарлығым, махаббатым сол кезде-ақ оянған шығар. Мына қызықты қараңызшы, үш келінім де кітапханашы болып кездесті. Ал Нұрсұлтан, Жәния, Мәди деген немерелерім әлі кішкентай. Сәтін салса, оларды да кітап оқуға үйретемін деп ойлаймын.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен – Рая ЕСКЕНДІР
“Алматы Ақшамы” газеті