«Tugurulhan.kz» тарихи-танымдық порталы

Аймақ шежіресіндегі ақтаңдақтар

Авторы tugurulhan.kz
880 қаралым

Қазіргі кезде елімізде Отан тарихын зерделеуге айрықша маңыз беріліп отырылғаны мәлім. Оған Елбасының “Мәңгілік ел” идеясы, “Тарих толқынында” атты еңбегінің негізінде қабылданған “Халық тарих толқынында” бағдарламасы, қолданбалы ғылыми-зерттеулерге арналған “Ғылыми қазына” бағдарламасы, 2015 жылы халықаралық деңгейде аталып өтілген Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойы қозғау салды десек, қателеспейміз. Осындай айтулы іс-шараларға мемлекеттік деңгейде назар аударылып, қомақты қаражаттың бөлінуі өз нәтижесін беруде. Атап айтсақ, соңғы жылдары Отан тарихының беймәлім тұстары ашыла бастады. Алыс, жақын шетелдердің мұрағат және кітапхана қорлары ақтарылып, тарихымызға қатысты талай құнды дүниелер елімізге әкелініп, ғылыми айналымға қосылуда. Осылай тәуелсіздіктің арқасында тарихымыздың бұрын бұрмаланып айтылмай келген, зерделенбей жатқан тұстарын қайта жаңғыртуға мүмкіндік туды.

Дегенмен, тарих ғылымындағы осындай жетістіктермен қатар, зерттелуі кенже қалған мәселелер де жоқ емес. Әсіресе, мұның өңірлер, ғылыми тілмен айтқанда, аймақтану мәселесіне тікелей қатысы бар. Қызылжар өңірінің тарихында да зерттеушілерді қызықтыратын тұстар баршылық. Біз бүгін өңірдің этникалық және этногенез тарихына, дәлірек айтсақ, автохонды қазақ халқына қатысты мәселелерді сөз етпекпіз.

Бұрынырақ жарық көрген еңбектерді сараласақ, ежелгі және ортағасырлық кезеңдегі өлкедегі этникалық процестер жайлы мәліметтер жан-жақты келтірілгенімен, кейінгі орта ғасырлардағы, нақтырақ айтсақ, моңғол шапқыншылығынан кейін бұл өңірде қоныстанған және өмір сүрген қазақ халқының негізін салуға тікелей атсалысқан ру-тайпалар жайында мәліметтер бұлыңғырланып кетеді. Қазақ хандығы кезеңіндегі дәстүрлі қазақ қоғамының қалыптасуымен потестарлы көшпелі жүйе негізінде өмір сүрген жергілікті халықтың әлеуметтік жағдайы, қоғамдық-саяси құрылымы, тұрмыс-тіршілігі, мәдени дамуы, жалпы этникалық және этногенез мәселелері жайында тым жұпыны жазылған. Тіпті, кей еңбектерден бекініс салынғанға дейін бұл жерде адамзаттың ізі болмағандай, тек бекіністің негізі құрылғаннан кейін тіршілік жанданғандай әсер аласың.

Осы мәселені ғылыми тұрғыдан қарастырсақ, бұл өңірде адамдар сонау тас ғасырында пайда болған. Белгілі археолог ғалым В. Зайберт энелит дәуірінде Ботай деген атпен ғылымға белгілі мәдениеттің болғандығын дәлелдеген (“Ботайская культура”, “Атбасарская культура” книги-альбома “Ботай – у истоков степной цивилизации”, т.б.). Сақтардың және басқа тайпалардың орналасуын арнайы зерттеген қазақ ғалымдарының ішінен Ә. Марғұлан, М.Қадырбаев, К.Ақышев сынды археологияның майталмандары б.з.б. VІІ-ІV ғасырлардағы Қазақстан аумағындағы бірқатар тайпалар мен тайпалық топтарды былайша орналастырады: “оңтүстікте бұлар тиграхауда – сақтар, грек деректемелеріндегі массагеттер солар мен дахтар (дайлар); батыста савроматтар (ежелгі аорстар), орталық және солтүстік аудандарда – исседондар, солтүстік-шығыста – аримаспылар”. (Қазақстан тарихы. Көне заманнан бүгінге дейін. Алматы. Атамұра, 1996. Т. 1. 86-б.). Ғалымдардың бұл ғылыми тұжырымынан туындайтын негізгі қағида қазақ халқының негізін қалаған ру-тайпалар Қазақстан жерінде сонау ежелгі дәуірлерден өмір сүрген. Мұндай үдеріс Қазақстанның солтүстік өңірінде де байқалады. Зерттеушілердің пайымдауынша, бұлардың бәрі ру-тайпалық бөлімшелер ретінде тілі жағынан туыс, мәдениеті жағынан жақын сақ және кейінгі түркітілдес тайпалардың заңды мұрагерлері, этникалық-мәдени бірегейлігін жалғастырушы қыпшақ, арғын, керей, уақ тайпалары болған. Моңғол шапқыншылығынан кейін Сібір хандығының этникалық құрамы көптеген қазақ ұлтының негізін құраған тайпалардан тұрғанын ескере отырып, Сібір хандығының тарихы Қазақстан тарихының құрамдас бір бөлігі екендігіне еш күмән келтіруге болмайды.

Мәселен, бұл туралы талай ғылыми еңбектер жазған Орта жүздің ру-тайпалық құрамын зерттеуші ғалым М.Мұқанов Солтүстік Қазақстан және Батыс Сібір жеріне алғаш керей тайпаларының қоныстануын ХІІІ ғасырдың басындағы тарихи оқиғалармен байланыстырады (Муканов М.С., Этнический состав и расселение казахов Среднего жуза. Алма-Ата. Наука, 1974. 200-с.) Бұл мәселені тілге тиек еткен көбіне Ресей ғалымдары, соның ішінде жаңа кезеңнің көрнекті зерттеушілерінің бірі Н.Аристов Моңғолия жерінен Қазақстанның солтүстік-шығыс аймақтарына арғын, найман, керей, меркіт тайпаларының жаппай қоныстануын былайша сипаттайды: “…Шыңғысхан әскерінен жеңіліс тапқаннан кейін, Моңғолияның түркітілдес тайпалары өздері тұрған жерінен жағрафиялық бағытта батысқа қарай ығыса бастады: алдында наймандар, меркіттер, соңында керейлер. Бұл жағдай аталмыш тайпалардың қырғыз-қазақ даласына таралуына ықпалын тигізді” (Аристов Н.А., Заметки об этническом составе тюркских племен и народностей и сведения об их численности. СПб, 1897. 182-с.).

Осы мәселеде ойымыз дәлелді болу үшін бірқатар орыс жылнамаларындағы деректерді салыстырмалы түрде қарауды жөн көрдік. Мәселен, ХVІІ ғасырдың басында құрастырылған “Строгановтың сібір жылнамасы” атты деректік материал бертін жазылғанымен, өткен кезеңнің оқиғалары жайында құнды мәліметтер береді. Бұл жылнамада керейдің билеушісі Ван ханның (Тоғұрыл – А.И.) Шыңғысханның қудалауынан ығысып, қазіргі Ресейдің Түмен қаласының жеріне орныққаны туралы мынадай нақты мәлімет келтіріледі: “…Шыңғыс, Ван ханның ұлы Тайбұғаны жібер, қай жерде тұрғысы келеді, сол жерде тұрақтасын. Ол Тұра өзенінің бойына келіп, қала тұрғызды, оны Чимгий деп атады, қазір ол жерде Түмен деп аталатын христиан қаласы орналасқан”, – деп атап көрсетеді (Андреев А., Строгановы. Энциклопедическое издание. М. 2000. 592-с.).

Осыған ұқсас мәліметтер 1836 жылы Сібір метрополитінің дьякы Савва Есипов құрастырған “Есиповтың сібір жылнамасында” кездеседі. Дегенмен, аталмыш жазба деректе алдыңғысымен салыстырғанда бір ерекшелік байқадық. Онда Көшімнің “Қазақ ордасынан” шыққандығы былай сипатталады: “…Қазақ ордасының даласынан Көшім хан көп әскерімен келді”. Осы үзінді қазақтардың бұл өңірмен тек байланыс жасап қана қоймай, Солтүстік Қазақстан мен Батыс Сібірдің оңтүстігінде өмір сүргендігін дәлелдейді. Бұл пікірлер Ресей зерттеушілерінің еңбектерінде де ғылыми негізде пайымдалған.

Қазақ жүздері Ресей империясының құрамына қосылғаннан кейін өлкені жан-жақты зерттеу мақсатында экспедициялар ұйымдастырылғаны белгілі. Соның бірі Сібір жеріне жасақталған академиялық экспедиция (1733-1743 жж.). Осы экспедицияның мүшесі болған атақты орыс зерттеушісі Г.Миллер (1705-1783 жж.) тарихи, археологиялық, этнографиялық зерттеу жұмыстарының нәтижесінде 1750 жылы “Сібір тарихы” атты еңбек жазды. Бүгін сол еңбекті парақтай отырсақ, осы өңір туралы, тіпті, кейінгі авторлар қозғамаған мәселелер келтірілгендігіне көз жеткіземіз. Сондықтан бұл еңбекті іргелі зерттеулердің қатарына жатқызамыз. Автор оны жазу барысында мұрағат деректеріндегі ресми құжаттарды пайдалана отырып, бұл өңірдің тарихына қатысты маңызды мәліметтер келтіреді. Г.Миллердің осы еңбегін кейін С.Бахрушин, А.Андреев, Э.Масанов сияқты зерттеуші ғалымдар жоғары бағалап, оны тіл маманы, этнограф, тарихшы деп атап өткен болатын.

Сібір тарихын зерттеген Г.Миллер осы өңірді мекендеген жергілікті халықтар туралы құнды ақпарат келтіреді. Ғалым қолда бар мәліметтерді зерделей келе Батыс-Сібірде ең ірі этникалық-саяси құрылымдардың бірі Орта Ертіс, Тобыл, Есіл мен Тура аумағындағы түркітілдес тайпалардың бірлестігінің болғандығын, онда керейлердің басты рөл атқарғандығын атап көрсетті. Автор деректерге және халық аңыздарына сүйене отырып, бұл бірлестіктің қалыптасу кезеңін ХІІІ ғасырға жатқызады. Автордың пікірінше, олардың бәрі Тура өзеніне қазақ даласынан келген Батыс-Сібір жерін иеленген және Чинги-Тура немесе Чимги-Тура қаласын (Түмен қаласы) салған. Ол жерді Тайбұғаның ұрпақтары иемденгенін, ал Тайбұға тұқымынан соңғы билеуші Сейтақ (Сейд-Ахмед – А.И.) болғанын атап өтеді (Миллер Г.Ф., История Сибири. Т.1. Москва. Восточная литература, 1999. 190-191-с.).

Осыған орай, Г. Миллер өзінің “Сібір тарихы” атты туындысында Сібірдің оңтүстік батыс және Солтүстік Қазақстан жерлерін билеген Тайбұға әулеті туралы үш бірдей мәлімет бере отырып, Тайбұғаны Қазақ ордасының ханы Мамықтың немесе Ван ханның (Тоғұрыл – А.И.) ұлы деп көрсетеді. Жергілікті халықтар қазіргі қазақ ұлтының құрамындағы қыпшақ, найман, арғын, керей, т.б. ру-тайпалары болғаны жайында қажетті деректер келтірілген. Ойымыз дәлелді болу үшін деректерді жеке-жеке бергенді жөн көрдік.

Мәселен, бірінші мәліметте: “Есіл өзенінің Ертіске құятын саласында көп жылдан бері Ноғай хандары тегінен шыққан бір татар князі мекендеген делінген, оның есімі – Ван хан. Ол Ертіс, Тобыл өзендеріндегі аймақтарды мекендеген жергілікті халықтармен бірге, Туре татарлары осы Ван ханға бағынған. Бірде Ван ханға бағынған тайпаларының бір өкілі Чинги бас көтеріп, өзінің басшысы ханды өлтіріп, билікті қолына алады. Ал өлтірілген ханның кәмелетке толмаған ұлы Тайбұға қашып құтылып, қаңғып жүріп, көптеген жерлерден пана іздейді. Күндердің күнінде Чинги Тайбұғаның мекендеген жерін біліп қойып, оны шақыртып алып қамқор болатына уәде беріп, өзіне қаратып алғаны айтылады. Кейін Чинги Тайбұғаға Тур өзенінің маңынан жер беріп, сол маңда қала салып, қаланың атын Чинги Тура (қазіргі Түмен қаласы) деп қойғаны туралы айтылады” (Миллер Г.Ф., История Сибири. Т. 1. Москва. Восточная литература, 1999. 184-с.)

Кітапта келтірілген екінші мәлімет бойынша автор Ремезовтің жылнамасына сүйеніп былай дейді: “Есіл өзенінің Ертіске құятын саласында Он-Сом (Ван хан, Тұғұрыл – А.И.) атты ханның билік құрғаны, мекендеген жердің атауы “Кизыльяр” бұл жердің орталығы Қызыл-Тура қаласы болды және орталық ордасы міндетін атқарды, сонымен қатар Он-Сом (Ван хан, Тұғұрыл – А.И.) ханның Ертішақ есімді мұрагері болғаны айтылады. Ертіс өзенін осы Ертісшақтың есімімен байланыстырады. Ертісшаққа Түмен ханы – Шыңғыс шапқыншылық жасап, Ертісшақты жеңгені көрсетіледі, кейін Есіл өзенінде Саргачиктің билегені және кейбір есіл татарлары өздерін саргачиктер деп атап жүргені туралы айтылады. Бұл аңызда белгілі тарихшы ғалым Мұрат Әбдіров өзінің “Хан Кучум известный неизвестный” атты еңбегінде Саргачикті “Сары-Қасқахан” деп көрсетеді.

Үшінші мәліметте: “Моңғол ханы Шыңғыс Бұхараны бағындырғаннан кейін Есіл, Ертіс, Тобыл, Тур өзендерінің жерлерін Қазақ ордасы немесе қырғыз-қайсақ ордасының ханы Мамық ханның ұлы Тайбұға сұлтанға сенім артып, осы жерлерді басқаруға бергені және кейін бұл аймақтарда Тайбұғаның ұрпақтары билегені туралы айтылады (Миллер Г.Ф., История Сибири. Т.1. Москва. Восточная литература, 1999. 186-с.).

Г.Миллер бұл аңыздарды жіктеп, сараптама жасағаннан кейін үшінші аңызға тоқтала келіп былай дейді: “Мүмкін, Он-Сом (Ван хан, Тұғұрыл – А.И.) және Ертішақ Шыңғысхан кезінде бірі – Сібірді, бірі Ертісті билеген болу керек. Шыңғысханның әскерін жіберіп олардың жерін басып алғаннан кейін, ол жерде қалмай билікті Тайбұғаның тізгініне қалдырып кеткен болу керек” (1, 187-б.). Автордың бұл пікірінен шығатын қорытынды, қазіргі Батыс-Сібір және Қазақстанның солтүстік аймағында керейдің Тайбұға әулеті ертеден билік жүргізген.

Белгілі тарихшы ғалым Аманжол Күзембайұлының “Қазақ және Сібір хандықтарының этносаяси байланыстары” атты мақаласында осы мәселеге қатысты мынадай қызықты мәліметтер келтірілген: “Бүгінде қазақ халқының құрамындағы қалың ел керей жұрты, деректерге қарағанда, Сібір жеріне ХIII ғасырдың алғашқы ширегінде сонау Мұңғұлия жерінен қоныс аударған сияқты. Сібір түркілерінің тарихына арнап “Тобольские губернские ведомости” газетіне мақала жазған Н. Абрамов деген зерттеуші Сібір керейлерін Ван ханның ұрпағы ретінде көрсетеді. Ібір-Сібір ұлысының негізін қалаған жоғарыдағы Әбіл ханның немересі Тайбұға екендігіне дәлел жетерлік” (А.Күзембайұлы, Е.Әбіл, “Сібірдегі керейлер мемлекеті”. Қазақ тарихы, №6, 2015. 13-16-б.).

Тайбұға әулетінен кейін бұл өңірде Көшімнің билік құрғаны туралы біршама мәліметтерді ғалымдар ғылыми айналымға енгізіп отыр. Бұл кезеңде қазақ-орыс қатынастарының шиеленісе бастағандығы байқалады. Г. Миллердің «История Сибири» еңбегінде XVI ғасырдың тарихи оқиғалары тізбектеліп, Көшім хандығын Мәскеу мемлекетінің орыс казактары арқылы жаулап алушылық жорықтар жасап, отарлау саясатын жүзеге асыру тарихы анық баяндалған.

Ортағасырлық Орта жүз ру-тайпаларының этникалық және этно-саяси мәселелерін зерттеуші ғалым М.Мұқановтың пікірінше: “Сібірдің Ресейге қосылуына себеп болған XVII ғасырдағы жоңғар шапқыншылығына орай Орта жүз қазақтарының солтүстік-шығыс және солтүстік жерлер территориялары біраз өзгеріп, Тур, Тобыл, Ом жерлерінде көшіп жүрген қазақтың керей тайпасы, оңтүстік Сібірге және Солтүстік Қазақстан жерлеріне ығысуға мәжбүр болды” (Муканов М.С., Этнический состав и расселение казахов Среднего жуза. Алма-Ата. Наука, 1974. 88-с.). Қазақтардың ата-бабалары Батыс-Сібір алқабын ертеден мекендегені туралы кейбір Ресей ғалымдары да жазып жүр, соның ішінде түркітілдес халықтардың этнографиясы мен тарихын зерттеп жүрген тарихшы, ғалым Н.Томилов былай деп жазады: “…Сібірде алғашқы қазақ топтары қашан пайда болды?” – деген сұраққа: “…Ертісте қазақтар мен өзбектердің бірге келуіне себеп болған 1394-1395 жылдардағы мұсылман әскерлерінің арасындағы діни соғыс. Әбілқайыр ханның тұсында (Көшпелі өзбек хандығы) қазақтар Сібір татарлары қоныстанған аймаққа жайғасты. Әбілқайыр Тобылда, Чимги-Турада (Түмен) өзінің бұл аймаққа билігін жүргізді…”, – деген қызықты мәліметтер келтірген (Кабульдинов З.Е., Об автохонном казахском населении Северного Казахстана и Западной Сибири // История борьбы за независимость в Северном Казахстане: Матлы междунар. науч-практ. конф. Алматы. “Қазақ энциклопедиясы”, 2011. 464-б.).

Түйіндей келе, аздаған зерттеуіміздің нәтижесінен шығатын қорытынды қазақтың ру-тайпалары және олардың ата-бабалары Қазақстанның солтүстік аймағын сонау ежелден мекен етіп, кейінгілері (керей, уақ, меркіт) Батыс-Сібірдің оңтүстік бөлігіне кем дегенде XIII ғасырдан қоныстанғанын аңғарамыз. Мұндай құнды мәліметтер бүгінгі күнге дейін жеткен еңбектерден, деректерден алынып отыр. Демек, патшалық Ресейдің қазақ жерлерін отарлау саясатын сонау XVІ ғасырдан бастау керек деген академик М. Қозыбаевтың пікірі орынды болып шығады. Өйткені, қазақ халқының негізін қалаған ру-тайпалардан құралған Батыс-Сібір хандығы патшалық Ресей тарапынан XVІ ғасырдың екінші жартысында жауланды. Бұл көзқарасты белгілі тарихшы ғалым, профессор Ж.Қасымбаев та өз еңбектерінде келтірген болатын. “XVIII ғасырдағы Семей, Өскемен, Железинск сияқты әскери бекіністердің салынуын Ресей өкіметінің сонау XVІ ғасырдан бастап қазақ жерлеріне үлкен қызығушылықпен қарауының, әлеуметтік-экономикалық және саяси дамуымен байланысты терең себептерге негізделгенін…” – атап көрсеткен болатын ол.

Ақмарал Ибраева,

тарих ғылымдарының докторы, М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің профессоры, Қазақстан тарихын зерттеу ғылыми орталығының жетекшісі

// Солтұстік Қазақстан. – 2016. – 21 сәуір

Ұқсас жазбалар