Қазақ поэзиясындағы өзіндік орны бар ақындардың бірі – Мұрат Шаймаран. Ердің жасы елуді бағындырып отырған Мұрат ақынның шығармашылық әлеміне көз салсаңыз қазақтың мұңлы тағдырын жиі арқау ететінін аңғарар едіңіз. Сөзіміздің дәлелі ретінде ақынның орда бұзар отызында жазған «Бота» өлеңін көзден кешіріп, оқырмандық түйсік танымымызды қағаз бетіне көшіріп отырмыз.
Түйе баласы бота – мал төлінің ішіндегі сондай бір сүйкімдісі. Мөлдір қара көзі жәудіреп, тірсегі майыса, өркешінің күлтесі желбірей үлпілдеген Ойсылқара төлі жас ботаны қазақ баласы тіл-көз тиеді деп үкілеп, қарақұлақтанғанға шейін жат көзден жасырып, биік дуал, бітеу қорада ұстайтын еді. Сырт көздің сұғанақ сұғынан тасалай қорғаштап, әлпештеген нәзіктіктің, айдай арудың тұнық жанарына балап «ботагөз» дегізген сұлулық символының басынан кешкен қорғансыз, қорлаулы халі туралы өлеңнің басындағы түсінікнама «Үрімжі қаласының сайранбағында көрмеге қойылған бота тұр» деп басталады. Өлеңді оқиық:
Дуға толы бақ іші:
Өтеді жұрт көздерімен танысып,
Әзілдесіп, қағысып,
Шығандайды аспанға бір ән ұшып…
Бірте-бірте буынды ала бастайды,
Қайыршы тартқан скрипка дауысы.
Қылықты қыз көзді арбаған тоқ саны,
Қылмыңдайды жігітіне жабысып.
Сенделіп жүр менің «ағатайым да»
Тағы ішіп…
Оқиға орны Үрімжінің сайранбағындағы қайғысыз-қамсыз қалың нөпірдің алаңсыз күйі. Қылаң ұрып қылмыңдаған сауықшыл-мауықшыл жұрттың арасында сенделіп жүрген «менің ағатайым» – біздіңше, араққа тәуелді болып, шылауына оралған қандастың дәл өзі болар.
Жаныңды елтіп жапырақтар бүр жарған,
Дөкей қала, күнде қызық, күнде арман!
Тек күлуге жаралғандай бар адам,
Сонадайдан езу тарта қараған.
Арсалаңдап,
Азу тісі ақсиып,
Азу емес, қанжар көрдім мен одан.
Бағлан етін бұрқырата қақтаған,
Саудагерің нәпақа алып жатты одан.
Күлкіге мелдектеп, күнде қызық, күнде арманға толы дөкей қаладағы барша адам баласының ой-ниеті бірөңкей жақсылық қайдан болсын. Азу тісін ақсита арсалаңдаған күлкінің ар жағы зұлымдықпен бүркеулі. Қорғансыз халге тап келсе, тап беруге даяр аярлық. Мұхтар Әуезовтің осы бір жағдайды:«Кемпірдің сөзін жалықпай тыңдап отырса да, Ғазизаға қарай қалған пішіндерінде көңілдегі бір алаңдық пен іштеріне жасырынған жат ойдың белгісі көрініп тұр», – деп суреттейтіні бар еді ғой.
Өлеңге тағы оралайық:
«Тағылардың» таңсық асы жомарт тым,
Шұбыртады сілекейін «қонақтың».
Нәрлі тағам бітіргендей жанға алау,
Аңсары ауып қарай берді тауға анау…
«Тағылардың» талғаммен бапталған жеңсік асын талапайлай талмап жатқан «қонақтардың» ішіне ел қонған соң, тұнық тұмалы асқарға назары ауғаны да бекер емес екен. Өлеңнің мазмұнымен астас мына бір жағдайды айта кеткен артық болмас. Жаңа ғасырдың басынан бері алып мемлекетті құс тұмауы әбден әбігерге салғанда, бұл ауру қазақтарға еш жоламаған екен. Зерттеушілер мұның себебін іздестіргенде, ол қазақтар тұтынатын қой майының қасиетінде болып шыққан. Әйгілі «Баспай» қойының даңқы дүрілдеп, мейрамханаларда, көше бойындағы кдәмхана, шайханаларда қой етінен әзірленген қуырдақ, кәуап қарақұрым жұртың сүйікті асына айнала бастаған.
Дуға толы бақ іші:
Тұрды бота бүйірлері қабысып,
Шуылдардан жүрегі ұшып,
Жаны ұшып.
Бәрін тәрк етер еді ол бірден,
Жібермеді шынжыр арқан қарысып.
Жат түсінік, танымдағы дөкір күштің қолжаулығына айналып, боасап шығуға еш дәрмен жоқ, пұшайман күй кешкен беймаза хал.
«Тағылығын» тастамаған ол әлі,
Көз алдында туған өлке жамалы.
Бәрін тәрк етер еді ол бірден,
Жібермеді тобырлардың жанары.
Арғыдағы қуатты көшпелі империялардың жұртындағы Қазақ хандығының да дәурені бітіп, ілім-білімі үстем, күші мығым жат жұрттарға кірімтал болған қорғансыздығының ащы жасы қазақ туындыгерлерінің қаламынан ақ қағазға қара сиямен еріксіз төгілумен келе жатыр… Жүсіпбек қаламынан бұл хал былайша тамған: «Саңғал киізден сығалаған аңғал шуақ Ақбілектің бетіне түсіп, жайраңдаса да, телегей аққан жасын құрғатуға септігі болған жоқ; жанын жанышқан қараңғылық қараңғы дүниені аңсатты, әйтсе де жарық сәуледен көзін біржола жұмбай құтылмасына көзі жеткен соң, тым болмаса мынау саусылдаған сары қолдың ішінен сытылып, даланы бір көргісі келді…».
Мұрат ақынның қаламы бұл халді поэзия тілінде былайша мөлдіретіп, оқыған жанның жүрегінде мұң қабыздатады:
…Үзіп кеткен секілді бір жебе ұшы,
Ғарыштағы уақыттардың желісін.
Тұрып алды оған мүлдем жат көздер,
Мынау ғажап момындықты жеп-ішіп.
Кім әкелген, қойды кімдер арқандап?
Мұздай сауал тұрды менің арқамда.
Көшкен бұлтқа, өшкен күннің нұрына,
Қарайды ол жаутаңдап.
Тұрды бота,
Бота көзде – мұң нала,
Қолын созды мүсіркеген сұм бала.
Тұрды бота ойға шомып тым ұзақ,
Қайыршының күйін тыңдап бір ғана.
Миында әлі сағымданған сардала,
Ұшқан түтін мұнарменен жалғана;
Жар басына жалқы қонған қара қос,
Әлдебіреу шырқап салған арман ән.
Өзінің сүйікті ортасында, емін-еркін, баяшат сүрген дәурені адыра қалып, тар қапасқа қамалған торығыңқы халге «басқа түссе баспақшыл» деп көнген жөн бе, тұнығыңды лайлап, намысыңды таптаған мынау дөкір сезім, дүлей күшті жат әлемге мойынұсынғаннан басқа не қайран болмақ? Алайда, бір-ақ рет берілетін мынау жарық дүниенің мандатын қиып кету де оңай дейсіз бе? Жүсіпбек Аймауытұлы мұндай психологиялық халді былайше бермей ме: «Әуелгі кезде Ақбілек қолға түскен құралайдай, екі көзі мөлдіреп, көп ит анталаған бұралқы күшіктей құнысып, маңайындағы жанның бәрін жан алғыштай көріп, үркіп, елегізіп жүрсе де, анасын, ауылын ойлап, аузына дәм салмай, аштан қатып, бүк түсіп көрсе де, әрі-беріден соң шыбын жаны түскір шыдатпады, мезгілсіз өле алмады. Өмір шіркін неден сонша төтті болды екен! Адам дегеніңіз «басқа түссе баспақшыл» болады екен, абақты екеш абақтыға да, зынданға да, соғысқа да жүре-жүре адамның еті үйреніп, көндігіп кетеді деседі. Өлім жазасына бұйырылғанын естіген адам да тамақ жеп, ұйқы ұйықтап, өмір сүруден безе алмайды деседі. Дүниеде адамнан көнгіш мақұлық бар дейсіз бе? Ақбілек бірте-бірте тұтқынға еті өлгендей, бойын үйреткендей болды. Жан шіркіннің тәттілігі ме, қорыққандық па, қорғансыздық па немесе алғаш етегін ашқан адам ыстық көрінгендік пе, әйтеуір қара мұрт «сүй» десе, Ақбілек те оның бетіне ернін тигізіп, «күл» десе о да езу тартқан болып, «сөйле» десе, о да былдырақтап «люблю тебені» қағып не десе де ырқына көне берді».
Біз мысал ретінде алған туынды проза болса да, екеуіндегі түпқазық, бірі – адам, бірі – жануар болса да, бәрібірде екеуіндегі басты арқау – тұтас бір ұлттың қорғансыздық халі – сондай ұқсас.
Оттар сөнген,
Тау қалғыған,
Көз ілген,
Ен далада өзін еркін сезінген.
Миында әлі:
Тағдырына алаңдап,
Әлсін-әлсін қарай берген Бозінген.
Дуға толы бақ іші:
Шуылдардан жүрегі ұшып,
Жаны ұшып,
Тұрды бота бөрілерді сағынып,
Үйренген бір қан ішіп…
Өткен өмір – бүгінгінің елесі. Күресерге дәрмен жоқ. Жат әлемнің мынау дүлей шуылынан, «арсалаңдап, азу тісі ақсиған» бөгде мінез аяр төбеттердің қаңқылы санасын сарсылтып меңдеткенде, тым боламғанда өз даласының тәкаппар болмыс бөрілеріне жем болып, туған топырақта ақсөңке болып жатпадым ау деген өкініш те болуы әбден мүмкін емес пе? Әбден мүмкін.
Жер жылуы қарып өткен табанын,
Миында әлі бар тарихы далалық.
Бірте-бірте есіне ала бастады,
Соры шыққан сорлы өлкені ол анық.
Үрей біткен буынды ап,
Бота тірсек әзер тұрды жығылмай.
Жанарында қалып қойған бір тамшы,
Боз жусанға қонған таңның шығындай…
Қып-қызыл боп батқан күннің реңі –
Рең емес – қып-қызыл қан,
Білемін.
Құлағымда бозінгеннің боздауы,
Боздап тұрған мына менің жүрегім…
Өлең бұдан жиырма жылға жуық бұрын жазылған екен дедік қой. Боз далада аңырай боздаған бозінгеннің үні бәсеңдеді деп айта алмаспыз. «Таудағы арқардың табанына тас батса, ойдағы арқардың мүйізі сырқырайды» деген халық едік. Боздаса, мұндайда ақын жүрегі боздасын…
Шашқан біреу қан сияқты уыстап,
Ертең тағы күн туады шығыстан.
Мынау дүние құлпырады, туысқан,
Маған тағы мұң туады, туысқан!
Кеудемдегі қырық жамау жүрегім,
Бозінген боп бұлқынады,
Туысқан!
Бұл шумақты талдап, түсіндіріп жатудың өзі артық та болар, бәлкім. Болашақтың иесі, бүгінгінің мұңсызы, әлпештеген ұрпағымыз қорғансыздың күйін кешпеуі, азат елде алаңсыз өмір сүруі – арман-мұратымыз, айнымас тілегіміз. Ертеңгі ұрпақ мынау сұрақтардың жауабын текті атаның ұрпағы ретінде, тиісті деңгейліден тең ырғаса отырып алатын күн туады дегенге бек сенеміз:
Кім әкелді? Қойды кімдер арқандап?!
Мұздай сауал тұрды менің арқамда.
Балам маған қарай берді – сәбиім,
Бота көзі жаутаңдап…
Ер жасы елудегі елеулі ақынның еліне берер ерек жырлары мол болғай.
Асылбек Байтанұлы