«Tugurulhan.kz» тарихи-танымдық порталы

Таусылмас түн

Авторы tugurulhan.kz
896 қаралым

Бар үстелшесіне тақау қойылған биік орындыққа қырындай жайғасқан сұлу өңді әйел барменге қиыла қарап, иегімен Талғатты нұсқады, сосын әлде не деп сұрағандай болды. Бағанадан бері неше рет көзімен сүзіп өткенін бұл да байқаған. Бармен өзгеше бір әуесқойлық кейіппен жымиды да, әйелдің құлағына ауызын тақады. Талғат әңгіменің өзі туралы болып жатқанын жақсы түсінді, әйел көзін аударып-төңкеріп бұған тағы бір назар аударған сәтте бұл да ыңғай таныта жымиып қойды, бірақ тұрған орынынан қозғалмады. Әйел қысқа юбкасынан әппақ саны, ұзын, түзу аяқтары кезек жалтылдап бұған қарай жақындады. Әлде бір ұрғашы арыстанның жемтігіне жақындағаны секілді, мысықша басып таяп келеді, аш арыстанның ырылы Талғаттың құлағына анық естілгендей болды. Әне-міне бас салмақшы, жақындай түскен сайын әрі қорқыта, әрі еліктіре, қызықтыра түсті…

Талғат әдеттегіше толқуын басып, сабасына түсіп үлгерді. Енді өзін айбарлырақ сезінді, жанына жақын келген жас әйелге селқос қана көз салды.

– Сізді осы бардың ең мерген аңшысы дейді, ең қымбат және сұлуын ғана атады деседі…

Талғатқа әйел өзінің ойын оқып тұрғандай сезілді. Бүкіл денесімен бұрылып қарады:

– Олар көбінде нысанаға өзі ілігеді, – деп әйелге жоғарыдан төмен қарай сәл ғана езу тарта қарады. Әйел қиыла қолын ұсынды:

– Әсел.

– Талғат.

– Қуаныштымын.

– Мен де.

Әсел барменді шақырып сусын құйғызды. Бармен Әселге текила, Талғатқа сыра құйды.

– Осыны ішкен соң шығып кетейік, – деді Әсел.

– Осынша асығыс па?

– Иә. Әйел сырлы езу тартты.

– Жарайды, әңгіменің аздау болғаны жақсы…

Екеуі бокалдарын қағыстырды да қағып салды.

Әйел алдыға түсіп Талғаттың қолынан тартты. Талғаттың көзі оның қысқа, тар юбкамен айшықтала көрінген бөксесіне түсті. Әйел мол адымдаған сайын бөксесі бұлтыңдап, әрі-бері ойнақшыды. Талғат оның спортпен жиі шұғылданатынын аңғарды, ашық білегі де жұп-жұмыр, шымыр көрінді. Тұтас мүсіні мінсіз болмаса да өңін бермепті.

Дүрсілдеген музыка, жарқ-жұрқ еткен электр шамы, еліге билеген көп адамның арасынан тақ-тұқ еткен биік өкшелі қызыл туфли Талғатты сыртқа қарай бастады. Сыртқы киімдерін киген соң Әсел автотұрақтағы өгіздей Лексустың жанына алып келді. Аяз қарыған ақ қар әр басқан сайын сықырлай түсті.

– Сен іштің ғой, қалай рөлге отырасың?

– Алаңдама, ең бастысы ешкімді қағып кетпесең болды…

– Ал қағып кетсең ше?

– Оның да бір жөні болады да…

– Өлтіріп алсаң ше?

– Тіпті жақсы, оңай із жасырасың…

Әйел Талғаттың таңданысты жүзіне қарап, сықылықтай күлді. Күлкісін сүйкімді етпек боп, барынша бояғанымен, кекcе әйелдің тәжірибелі дауысы аңғарылып тұрды. «Дауыс алдамайды» деді Талғат ішінен.

– Ештеңеге алаңдама, маған серік болсаң болды, Талғатжан, – әйел сенімді жауап қатты.

Талғат бүгінгі түннің өзгешелеу болатынын іштей сезінді. Бірақ ешнәрсеге алдын-ала бас қатырып жатпайтын, ол шынымен де алаңдаған жоқ. Лексус 570 көлігі орнынан ытқи қозғалды.

***

Көлік қаланың ең бір құпия көшелерін басып өтіп, қалтарыстағы үлкен коттедждің алдына келіп тоқтады.

– Өте жайлы орын, – деді әйел. Маңдайшасына «Тұман» деп ірі әріптермен жарқырата жазыпты, алдыңғы қабырғада көлбей орнатылған «Караоке» деген жазу бір жанып, бір өшіп тұр.

Жұлдыз сөніп, аспан тұтас қараңғылыққа шомыпты. Әсел коттедждің оң жақ қабырғасына қарай ойысты да төмен қарай баспалдақпен түсіп кетті, Талғат та соңынан ерді. Баспалдақ тағанындағы темір есік айқара ашылған сәтте, іштен қызыл-сары шам жарығымен бірге жылы ауа сыртқа серпіді. Тымық түнде алғашқыда ұзара созылған қос көлеңке көлбең-көлбең етті де, жабылған есікпен бірге жоқ болды.

Есіктің ішкі жағында тұрған зор денелі қара киімді жігіт әйелге салқын ғана бас изеп, амандық жасады.

– Ол менімен бірге, – деді Әсел Талғатты көзімен нұсқап. Дәу қара түсіндім деген ишарат жасап оң қолын сәл жоғары көтерді де, қайтадан қусырып алды.

Бұлар шамы күңгірт тартқан ұзын коридормен тура жүріп, тағы бір бұрышты айналғанда оң жақта бар үстелшесі кезікті.

– Қош келдіңіз, Әсел, – деді үстелшенің арғы жағындағы қою қара мұртты жігіт. Қасқа маңдайдан көк желкесіне дейіп жап-жалтыр, қос қапталындағы аз шашы әрі бұйра, әрі қою екен.

– Бізге әдеттегідей болсын, – деді Әсел әлде бір сырлы әуенмен.

– Тоғызыншы нөмір, – деп бармен одан арман жымыңдай түсті.

Әсел құндыз тонының етегі жер сызып, такаппарлана басып алға қарай жылжи берді.

Бұлар маңдайшасында «9» деген жазуы бар қоңыр есікті ашып, төрге озды. Ұсақ-ұсақ ақшыл шамдар жарық түсіріп тұрған шағын бөлменің төрінде ұзын, әрі кең қоңыр диван, аласа үстел және бір неше жұмсақ орындық тұрды. Қара көлеңкеленген түкпір жақтан тағы бір есіктің сұлбасы көрінді. Екеуі сырт киімдерін киімілгішке ілді де, диванға келіп жайғасты. Бұлар жайғасып болам дегенше, жаңағы қара мұртты бармен келіп кіріп, күлімдей жүріп караокей қосты. Сосын қалған заттарды қазір әкелетінін айтып шығып кетті.

Сәлден соң бөлменің жарығы бәсеңдеп, үстел үстіне бір бөтелке  Jameson вискиі, кола, тіске басар бірнеше салат және ашық пакетке салынған ақ ұнатқтар әкелініп қойылды.

– Түкпірде жатын бөлме бар, душ пен әжетхана да сонда, – деп қара мұрт тағы жымиды да, ізет көрсетіп шығып кетті.

Олар вискиден бастады.

– Бүгінгі түнннің қызықты, әрі ұмытылмас түн болуы үшін! – деп тост айтты Әсел. Оның жүзінде әлде бір сыр жатқандай болды.

– Маған коньяк та жаман болмас еді, – деді Талғат. Сол сәтте-ақ әншейін айта салғанын түсінді. Ол да әкелінді. Бір неше рюмкадан кейін қыза бастағандары байқалды. Олар кезек-кезегімен ән айтты. Талғат әнге онша нашар емес еді, қоңырлатып біраз шырқады. Ал Әсел тіпті жатық екен, дауысынан әлде бір жағымды бояу да байқалып тұрды.

Әлден уақытта Әсел сықылықтай күлді.

– Мүмкін жатын бөлмеге кіріп-шыққан соң жалғастырармыз, түн әлі ұзақ, – деді көзін аударып-төңкеріп.

– Қарсы емеспін. Талғат Әселді шап беріп ұстай алды да көтеріп ала жөнелді…

***

Бір сағат шамасынан кейін екеуі тағы да үстел шетінде отырды. Әсел темекі тұтатты. Темекі түтінін құмарта сорып, сосын рахаттана баяу сыртқа үрледі. Ернеуі сәл әжімделе бастаған, бір көргенге әлі де нәзік, томпақша еріннен созыла шыққан көк түтін горизанталь бағытпен жайыла барып көтеріліп кетті.

– Қаншадасың, Талғатжан?

– Жиырма алтыдамын…

– Бұл жұмыспен айналысқаныңа қанша жыл болды?

– 4 жылдан асып барады.

– Тәжірибең байқалып тұр, – Әсел тағы да сыңғырлай жөнелді.

– Тәжірибе одан көп ерте басталған, – Талғат паңдана күлді, – ұнаса болды ғой.

– Ұнағанда қандай…

– Өзің қаншадасың?

– Қыздың жасы он сегіз…

– Шыныңды айтшы…

– Қанша бересің?

– 37-38 шығар?

– Ой, рахмет! Солай деп білсең де болады.

– 42-43 жас па?

– Оны қайтесің?

– Жарайды, қойдым.

Екеуі тағы біраз үнсіз отырып қалды. Талғат коньяктан, Әсел вискиден алды. Осы аз үнсіздік жаңағы көңілді әңгімені басқа арнаға бұрып жібергендей болды. Әсел булығып жылай бастады. Талғаттың өңінен шаршаған бейне біліне қалды. Оған бәрі түсінікті еді.

– Не болды деп сұрамайсың ба? – деді Әсел мұрынын пырс-пырс тартып.

– Не болғанын онсыз да біліп отырмын ғой, тастап кеткен күйеуің есіңе түсіп отырған шығар тегі…

– Жоооқ! – деп соза дауыстап жіберіп, қайта жылады.

– Онда соған ұқсас тағы бір нәрсе болар, айтшы енді, не болды?

Әсел солқ-солқ етіп тағы біраз жылады.

– Сен менің тағдырымды түсінбейсің….

– …..

– Жарайды, айтқым келмей қалды, – ол көз жасын бірден тыйып ала қойды, – кел, онан да мынаның қызығын көрейік.

Әсел пакеттегі ақ ұнтақты үстел үстіне төкті де, әдемілеп жаймалап, сосын ұзын сызық бойына үйді. Мұрнының бір жақ тесігін бас бармағымен бітеп тұрып, екінші тесігімен ұзын сызық бойын қуалай сімірді. Сөйтті де ашырқана айғайлап жіберіп, көзін төбеге салып шалқалай кетті. Кеудесі көтеріліп-басылып, ентіге тыныс алып, тағы бір айғайлап алды да, басын көтерді.

– Енді сен, – деді де тура жаңағыдай етіп Талғатқа жаймалап берді. Талғат та Әселді қайталады. Бірақ есесіне пысқырып-түшкіріп қақалып қалды. Әсел сақылдай күлді. Талғаттың екі көзі жасаурап, таңданған бейнемен аз отырып қалды да «Уһ» деп дем шығарды. Енді көзі шырадай жанып, барша зат анық көріне бастады. Бұның соңынан кола қосылған вискидан екі бокалды тартып жіберді.

Бұлар осыны тағы бір-бір қайталады. Талғат өзге бір әлемге кіріп бара жатқандай сезінді, көз алдындағы заттардың бәрі формасын жоғалтып, сұйық бір нәрсеге айналып ағып бара жатқандай болды. Тіпті өзінің қолы да қорғасынша балқып, енді аз болса жерге төгілуге таяп бара жатты. Осы кезде есікті ашып бағанағы қара мұртты, қасқа бас бармен кірді.

– Бір нәрсе керек пе, Әсел ханым?

– Мына қоқыстарды жинашы…

Бармен босап қалған бөтелкені көтеруге еңкейген, Талғат оған жалт қарады:

– Түлкі, – деді, көз алдында ұзын мұртты, маңдайы жап-жалтыр, құлағы тіп-тік қара түлкі пайда бола кетті, – Түлкі!! – түлкі бұған мұрты едірейе аппақ тістері ақсия қарады, – кіш, кет, түлкі…

Әсел сақылдай күлді. Талғат оған да жалт қарағаны сол екен, Әсел де сүйрік жүнді, тік құлақ қызыл түлкіге ұқсап шыға келді. Ол сақылдай күлген сайын ескі телевизордың экранындағы бейнеше шұбарлап барып, бірде адамға, бірде түлкіге айналып кетіп тұрды. Талғаттың күлкісі келді. Қарқылай жөнелді. Бармен шығып кетті. Әсел тағы да темекі тұтатты. Осы сәт әлде бір тыныштық тапқандай Талғатқа тесіле қарады. Талғат жаңағы елестерден әлі арыла алар емес. Оның көзі шұбалаңдап созылған темекі түтініне түсті. Түтін Әселдің ауызынан шыққан соң көтеріліп барып әлде бір формаға ие бола бастады. Талғат таңдана қарады, әрі күлкісі келіп, арсалаңдай берді. Түтін есектің құлағындай қос құлағы бар, теке мүйіз, ешкі сақал кәрі шайтанға ұқсады. Енді шайтан сақылдап күле бастады, оның дауысы ауызынан ұсақ-ұсақ найза боп атылып шықты. Ұсақ найзалар екпіндете келіп, Талғаттың миына қадалды. Найзалардың қалай ұшып шығып, миына дейін қалай жеткенін, қалай қадалғанына дейін Талғат ап-анық көрді. Әсел темекіні будақтатқан сайын, түтін шайтанның кейпін анықтай түсті, өйткен сайын шайтан қатты күлді, ал күлген сайын күлкісі найзаша ұшып Талғаттың миына қадала берді, қадала берді. Сонда миынан ірің аралас қан аға бастады, қан бас сүйегінің ішін бойлап кеңірдегінен өтіп асқазанына құйылды. Асқазанының түбінен бастап лепілдей толып, көтеріле берді. Осы кезде Талғат лоқсып құсып жіберді. Алдындағы үстелдің үсті, еден түгелдей жеген салаттың қалдығы мен ішкен сыра, арақ-шарабы араласқан ащы құсыққа былғанды. Әсел «Аһ» деп атып тұрды да, ішегін ұстай бұратыла күлді.

Бағанағы қара түлкі қайта пайда болды. Ол енді адамға айнала бастады. Тегіс еден қисайып барады, Талғат құлап қалмау үшін диванның жоғарғы жақ басына жармасты. Әсел одан әрі сақылдай түсті, оның дауысы алыстап, үңгір ішіндегідей жаңғырығып өшкіндей берді… Талғат қалғып кеткендей болды.

Есін жинай қалғанда Әсел қолын бұның ышқырына сүңгітіп жібергенін көрді. Талғат ырғалаңдап әрең тұрды да душқа кіріп, жуынып, сәл тәртіпке келді.

Аздан кейін екеуі тағы да үстел басында отырды. Талғатқа бұл түн ұзаққа созылып кеткен секілді көрінді. Әсел бағанағы ақ ұнтақтан тағы да қайталатты.

– Енді шығып кетейік…

– Қайда?

– Басқа жер бар, бұдан көрі еркінірек. Такси шақырып қойдым, енді көлік міне алмаймыз…

– Осы жер де жаман емес еді…

– Кету керек. Мені тауып алды.

– Кім?…

Сұрақ жауапсыз қалды. Екеуі сыртқа шықты. Таңнан әлі белгі жоқ. Талғаттың басы тағы айнала бастады. Олар таксиге отырды.

Такси үлкен көшедердің біріне шықты да ағыла жөнелді.

– Ол көріп қалды, енді бізден қалмайтын болды, – деді Әсел машинаның артқы терезесіне абыржи қарап.

– Ол кім?

– КНБ-щник.

– Ол не істейді?

– Мені аңдиды.

– Неге?

– Мен оның бастығының бірінші тоқалымын.

– Сонда оның неше тоқалы бар?

– Көп, оны қайтесің, одан да мынадан құтылуды ойлау керек, ұстап алса екеуіміз де құримыз, әсіресе саған жаман болады.

– Мен не істеп қойдым?

– Сен оның екінші әйелімен көңіл көтеріп жүрсің…

– Жоқ, сен менімен көңіл көтеріп жүрсің…

– Ол маңызды емес…

– Одан неге қашасың?

– Кімнен?

– Күйеуіңнен…

– Сүймеймін…

– Сүймесең неге тиесің?

– … сенің шаруаң емес…

Талғат екі көзі алақтап, машинаның артқы терезесіне қарады. Отыз метр шамасында қашықтық ұстап, фарын әлсіз ғана жағып, қара түсті Мерседес S class ілесіп келеді екен. Қара мерседес екі езуінен жалын шашқан қара айдаһарға ұқсай бастады, Талғат бағанағы ақ ұнтақтың тағы әсер ете бастағанын түсінді. Одан әрі тұтас дүние құбылып жүре берді. Ол алдына қарап оңалып отырды. Жаңағы қара айдаһар арғымақ жылқыға айналды. Асфальттың үстін тасырлата шауып, қуып келе жатыр. Тіпті асфальтқа тиген тұяқ дыбысына дейін құлағына жетті. Кенет өздері мінген такси де күрең атқа айналып шыға келді, бұл ең артына мінгесіп алыпты, құлап қалардай болып Әселді қатты құшақтап алды. Неге екені белгісіз екеуі жарыса күлді. Күлкі әуенімен бірге бүкіл дүние ыдырап, түгел формасын жоғалта бастады. Әсел де, өзі де, такси мен қара мерседестің де тек бояуы ғана қалды. Әншейін кеңістікке шаша салған бояулар бірі қуып, бірі қашып барады. Бұлар мінген сұры түсті такси мен Әселдің қызыл және қоңыр түсті киімдері, талғаттың ақшыл киімдері араласып, түнгі күңгірт кеңістікте қалықтай ұшып бара жатқан ақ, қызыл, сұры бояулардың қосындысына айналды. Ал артқы жақта өзінен күңгірт сары бояу шашып, қою қара бояу жақындап келеді. Ол жақындаған сайын зорайып, бәрін жұтып жіберердей көрінді. Келесі сәтте тағы да қара айдаһар пайда болды, жалын шашқан айыр тілін жалаңдатып, ұшып келе жатты… өстіп бірінен кейін біріне алмасты. Осының бәрін Талғат биіктен көріп келеді. Ол өзінің де бірде бояуға, бірде адамға айналған бейнесін сыртынан көрді. Екі көзі ғана кеңістікке ұшып шығып, бәрін бақылап тұрған секілді…

Бір кезде такси тоқтай қалды. Әсел:

– Тез түс, қаш, – деп айғай салды. Өзі де бірге түсіп жол шетіндегі бақ ішіне қарай жүгірді. Талғат сүріне-қабына қашып бара жатып, таксиден озып барып тоқтап, қара мерседестен түсіп жатқан ер адамды байқап қалды, қолында наганы бар екен. Талғат жүгіріп келді де үлкен бір тастың қалқасына тізесін құшақтап отыра кетті. Осы кезде бағанағы адам да қуып жетіп, бұған наганын оқтап тұрғанын сыртымен сезді. Ажал жетті деп түсінді, көз алдына сонау бір балалық шағы, бұлақ бойы елестей берді…

Тарс еткен мылтық дауысы естілді, енді Талғат барша өмірін бір-ақ сәтте көз алдына келтірді. Іле-шала желке тұсынан қатты бір соққы тигендей болды, онымен бірге бас сүйегі шарт етіп жарылды да, миы атылып шығып, кеңістікке баяу шашыла берді. Бағанағы көз алдына елестеген барша елесі шашыраған миының әр бөлшегінде бірге шашырап барады. Бейне айнаны сындырып жібергенде айна бетіндегі көріністердің күл-парша болып ұсақталғаны секілді, бір бөлшегінде анасының, бір бөлшегінде балалық шағының, енді бірінде алғашқы махаббатының бейнесі, балалық арман, қуанышты сәттер, тағы-тағылар түн құшағына сіңіп барады… Шашырап бара жатқан елестерді жинағысы келгендей қолын қаумалай созды. Ұмсынған беті екпетінен құлады, барша елестер сөніп, жоқ болды. Қараңғылық орнады…

Бетіне шашып жіберген қардан селк етіп есін жинады. Өлмепті.

– Мен оны аттым, – деді Әсел. Жігіт бұның жанында ұзынынан жатыр, кеудесі қан-қан. Талғат орынынан атып тұрды, – маңдайы сенің желкеңе тиіп жығылды, содан сен талып қалдың. Құдай-ай, мен оны өлтіріп қойдым, мен өлтіріп алдым…, – Әсел аптығып, қатты айғайлап жіберді.

– Неге аттың оны?

– Сені өлтіріп тастайтын еді ғой…

– Мен енді бәрі бір өлем ғой…

Әсел жылап жіберді. Талғат есін толық жинап алды. Не істерін білмей, айналаға, аспанға қарады, таңның әлі белгісі жоқ. Таң атса бәрінен құтылатындай сезініп еді.

– Сен кімсің өзі? Қандай қатынсың?

– ….

– Кімсің деймін, күйеуің кім сонша?

– Ол КНБ-ның генералы. Енді бізге өмір жоқ…

– Бізгең не? Маған не қатысы бар?

– ….

Талғат жынданып кете жаздады. Әсел солқылдап жылауын қояр емес.

– Мен кеттім, түк қатысым жоқ бұған…

– Бәрі бір құтылмайсың…

Талғат жүгіре басып алыстай берді, «Таң атса бәрі жақсы болар ма екен?…» деген бір алдамшы үміт көкжиекке көз салдыра берді…

Ербол Нұрахмет

Ұқсас жазбалар