«Tugurulhan.kz» тарихи-танымдық порталы

Ұмтыл Зарыққан. Желтоқсан деген ай емес…

Авторы tugurulhan.kz
1039 қаралым

Еркіндік дейді

Бұл құстың атын

Қанаты күйік

Қарғам-ау.

Желтоқсан сайын

Жаныма менің

Қосылар ылғи

Бір жамау.

Құдайдың өзі

Ұмытқан елміз

Қашанғы Тәңір

Сақтасын.

Азаттық дейтін

Асыл ұғымды

Иманға орап

Сатқасын.

Садаға деймін

Біздің бұл тірлік

Итке де қимас

Өмірім.

Алаштың басын

Көрінен қазып

Бөрідей шулап

Кемірдім.

Қуаты қайда

Тілімнің құрғыр

Туада сені

Қарғап ем.

Әлмисағым да

Маңдайға басқан

Арылмас у ы

Дуа ма ең?

Еркіндік дейді

Бұл құстың атын

Азаттық болсын

Мысалы.

Иенге қарап

Ұлимын неге

Тордағы құстай

Құсалы.

Желтоқсан сайын

Осы бір жүрек

Қыстығар неге

Тұншығар.

Желтоқсан дейтін

Ай емес мүмкін –

Желтоқсан дейтін

Құс шығар.

Желтоқсан дейтін

Ай емес мүмкін

Бұл айдың аты –

Азаттық.

Бәріміз неге

Қарқылдап күлдік

Қанатын жұлып

Мазақ қып.

Желтоқсан дейтін

Ай емес мүмкін

Желтоқсан дейтін

Құс шығар.

Бұл менің бейуаз

Ғұмырым емес

Бейуақта көрген

Түс шығар.

Желтоқсан сірә

Ай аты емес –

Жазылмас жанның

Сырқаты.

Желтоқсан дейтін

Құс болса егер

Қанаты қайда

Қанаты?!

Еркіндік дейді

Бұл құстың атын

Қанаты күйік

Қарғам-ау.

Желтоқсан сайын

Жаныма менің

Қосылар ылғи

Бір жамау.

Құдайдың өзі

Ұмытқан елміз

Қашанғы Тәңір

Сақтасын.

Азаттық дейтін

Асыл ұғымды

Иманға орап

Сатқасын.

Қап-қара қарға

Қып-қызыл қанның

Жауғанын үнсіз

Көріп пең?

Қып-қызыл қанның

Ішінде жүріп

Тойлаған елміз

Желіккен.

Еркіндік дейді

Бұл тойдың атын

Езуі қанға

Шылқа мас.

Азаттық дейді

Бұл тойдың атын

Азабы мәңгі

Тарқамас.

Желтоқсан дейді

Бұл айдың атын

Жұмақтан келген

Құс емес.

Ғұмырым менің

Баяғы ғұмыр

Желігіп көрген

Түс емес.

Желтоқсан cайын

Қар жауған емес

Қан жауған ылғи

Оқ жауған.

Бұл айдың аты –

Азаттық емес

Бұл айдың аты –

Қорланған.

Желтоқсан деген

Ай емес деймін

Бұл айдың аты –

Жоқ шығар.

Жанымды менің

Кесіп өткенде

Алаңда қалған

Оқ шығар.

 

Tugurulhan.kz

Ұқсас жазбалар