«Tugurulhan.kz» тарихи-танымдық порталы

Жүсіпбек Аймауытов: Күдеріс

Авторы tugurulhan.kz
1022 қаралым

Сүйінші, ағайын! Алаш ардақтысы, жазушы Жүсіпбек Аймауытұлының бұған дейін баспасөзде жарияланбаған әңгімесі табылды.

«Күдіріс» атты осы әңгіме қысқа ғана үзінді ретінде «Жылқышы» деген атпен 2013 жылы жарық көрген Ахмет Байтұрсынұлының 6 томдық шығармалар жинағының 2-томында жарияланыпты. Мұның мәнісін жинақты баспаға дайындап, шығарғандардың бірі, алаштанушы-ғалым Айгүл Ісмақова: «Біз жинақты шығарғанда А.Байтұрсынұлы мен  Т.Шонанұлының құрастыруымен шыққан «Оқу құралын» түпнұсқадан өзгертпей, қаз-қалпында төте жазудан кириллицаға аудардық. Түпнұсқада «Жылқышы» деп жазылған қысқа әңгіменің авторы көрсетілмеген еді. Оқулықты құрастырушы  А.Байтұрсынұлы болғандықтан, аталмыш әңгіменің А.Байтұрсынұлы шығармалар жинағында жарық көруі заңды», – деп, түсіндірді. Міне, енді сол әңгіменің Ахаңа емес, Жүсекеңе тиесілі екенін филология ғылымдарының PhD докторы Қарлығаш Әубәкір дәлелдеп, бізге ұсынып отыр.

«Жүсіпбек Аймауытовтың шығармаларын қазірге қалдырған, архивтанушы-ғалым Бейсенбай Байғалиев жазушының үш әңгімесін Семей мұрағаттары мен

мұражайынан тауып, оның ішінде осы «Күдіріс» әңгімесі де бар, кезінде баспасөзге ұсынған еді. Бірақ та жарияланбай, сол күйінде жоғалып кетті.

Қарлығаш Әубәкірдің бұл жарияланымы – өте олжалы іс».

Т.Жұртбай

филология ғылымдарының докторы,

алаштанушы, әуезовтанушы

***

Қысырақ желдеп кеткен. Күдіріс соны қарап, кешеден жоқ. Күдірістен өзге кісі жоқ таба алмайды, ол қараудың жөнін біледі.

«Япыр-ай! Не ғып келмей жатыр? Таба алмады-ау! Қолды болмаса жарар еді…» –деп, Ордабай бай айта түседі.

Сәске мезгілі биенің бас сауымын сауып, екі көнекті қолдасып, биешілер үйге кірді. Қырқай ыдыс-аяқ жуды. Табалдырық тұсында піспекті қара сабаны күрпілдетіп пісе бастады. Айтуар бәйбіше бүгін ақ жаулығын киіп, түрленіп қалыпты. Ақ бәтес көйлегінің омырауын жиып, керіліп отыр. Төсектің бас жағына таман бай жатыр. Төр алдында күпісін желбегей салып, Айкер отыр. Отағасылары қаттап бүктеген кір орамалымен мойынын сүртіп қояды. Қара сабаға қарай түседі. Бұйырса, 4-5 аяқ қымыз ашыды ғой. Даладан:

 – Кетті, кетті. Тарт, Тарт, – деген айқай шықты. Бай басын көтеріп, есікке қарады. Көре алмады. Үйге кірген біреуден: «Даладағы не айқай?» – деп сұрады.

– Құлабестіні ұстаймыз деп, бұғалық салып еді. Оншақтысы жабылса да, айырылып қалды, – дейді.

Күдіріс болмаса жылқы ұстап, міне алушы ма еді… Сөйтіп алғанын қой! Күдіріс келген соң ұстар.

Күдіріс байдың сенімді, мықты жылқышысы еді. Ордабайдың жылқысын баққалы бес жыл. Содан бері малы – аман. Күдіріс ұрыға жылқы бермейді. Екі ұрыны бір, үш ұрыны бір түсіріп келген. Күдіріс жаз жылқының күндізгі бағуын басқарады. Күзге салым жайлаудан қайтып, ұры қатайғанда күзетке барады. Күдіріс қатты-қарым жұмыста жүреді.

Боранда жылқы ықтырмайды, асау ұстайды, асау үйретеді, жоқ қарайды. Қасқыр соғады. Құлабестіге бұғалық жібергенде, бай сол Күдірісін іздеп еді. Күдірістің қайратын, қаруын айтып, бай қонақтарына мақтады.

– «Жылқыны – жылқыдай кісі бағады»,– деп бұрынғылар айтады ғой, солар бірдеңе білген ғой. Сізден басқа байларды да көріп жүрміз. Күдіріс сықылды жылқышы бар деп айтпады ғой. Қыдырлы малда кие болады-дағы, – десіп, қонақтар байды қошемет қылды. Тамаққа тойғызған үйді көзінше мақтап отыратын қазақтың әдеті ғой. Оның үстіне, байдың дәулетін мақтауда қонақтың мақсұты бар.

Бай сыртына шығармағанымен, мақтағанды ішінен тәуір көрді. Тамағын кенеп, қақырынды. Босағаға атып жіберді. Ауызын қомпитып, саусақтарымен сақалын тарамдап, масаттанып қалды. Қымыз құйылды. Үй толды. Айтуар бәйбіше бала-шағаға шейін бос тастамай, қымыз берді. «Қонақтарға құй, алыңыздар!» – деп, бай өзі де жақсы алып отыр. Шекпенін белортаға түсіріп байланып, тымағының артын түре киген жуан саптамалы, орта бойлы, дембел, қошқыл қараторы жігіт үйге кірді.

Үйдегілер де оған көңіл бөліп қарады. Төменгі жақта отырғандар сырғып орын берді. Жігіт байсалды мінезбен, бүгіреңкіреп, мойнын ішіне жіберіп отырды. Осы келген Күдіріс қой.

Бай иегін көтеріп:

– Ері бар ма, жаным?

– Бар, – деді Күдіріс баяу ғана.

– Қайдан таптың?

– «Итжартасқа» бардым.

–Ту-у! Әттең, кеткен жирен!

Бәйбіше үлкен аяқпен қымыз берді. Шақырып келген Күдіріс бас қоя салысымен, бай да тыным алмай сұрады. Оған қымыз ішілген сайын, сөз де гуілдеп, күлкі де молайды. Ың-щың болды. Бір қызық әңгіме – бозбалалардың құла бестіге бұғалық жібергені еді. Мықтымбайдың қалай салғанын, жігіттердің жабылғаны, құрықтың жұлындай үзіліп қалғаны… Күдіріс пәлен дегендежұрт қымыз ішіп болды. Құла бестіні Күдіріске ұстатуға жігіттер тысқа шықты.

***

Бестіге салған бұғалық арқан үзіліп, ілмегі мойнында кетті. Жігіт атқа мінді.

Жылқыны айдап өткізбекші. Күдіріс жай құрық салмақшы. «Құрықты алып кетеді, бұғалық сал… Жоқ кетпейді…Көрсін», – десіп шуласты. Ел Күдірісті мақтасып жүр. – Шырағым, Күдіріс бар ғой!

Қайың құрыққа қыл бауды мықтап тақты Күдіріс. Шекпеннің жеңін киді, белді мықыннан буынды, желінің оң жағында, жылқының тасасында күтіп отырды. Мұндайда балалар бір байыздап отырмай, ау жерден бұл жерге жүгірісіп, тыпыршып, шыдай алмай жүр. Шулаған дауысқа құлын қуып үйренген көк қаншықтар да құлағын тігіп елеңдеп тұр. Қатындар да еріккеннен екі көзі шулы жақта. Байдың бойжеткен қызы Шайза шолпысы сылдырлап, ақ көйлегінің етегін көлектетіп, керіле басып, ақ отаудың сыртына шықты, тамашалап көз салды.

Шайзаға Күдірістің көзі түсті. Құс сал­ғанда, мылтық атқанда, біреумен күрескенде, ат ұстағанда, кісі – сондай жігіттің өнері, қаруы сыналатын жерде көлденеңнен жас әйел қарап тұра ма? Әйелдің көзі түсті… Ах, жігітке қиял кіреді. «Әйелге таба қыла көрме» – деп тіледі. Әйелдің көзінше масқара болу жігітке үлкен намыс. Одан да Құдайдың алғаны артық. Күдіріс те осыны ойлап, қайратына мініп, қолына түкірді.

Төрт-бес айғырдың үйіріндей жылқыны жігіттер Күдірістің алдынан айдап өте берді.

Ыңғайланып, құла бесті шауып өтіп бара жатқанда Күдіріс көлденеңнен тоса қақты, тартып қалды, бесті доптай түсті, құрық шығып кетті. Атып тұрғанша болмады, Күдіріс бірден барып басына міне түсті. Бесті өкіре тулап түрегелді. Кекілден мықтап басып, алдыңғы екі аяғын қоса шалып, тағы алып соқты, тұрғызбады, басып жатып жүгендеді. Күдірістің қайратына сүйінбеген жұрт жоқ. Бай да көріп: «Пах, сабаз!», – деді. «Жігітім, жарайсың», – деп қонақтар да айтты. Әсіресе сүйсінген ауыл артындағы Шайза еді. Ардақты оқушыларға енді Шайзаның жайынан хабар берейік.

Бізде бір әдет бар, қыз деген сөз құлағына шалынса, сөзсіз талып қалғандай сұлу болу керек деп даярланып отырады.

Бір мүшесі, әттең, келіспей кетсе-ақ, жазғысы да, тыңдағысы да келмейді. Бұл өмірге үйлеспейді. Азда – сұлу аз, қыздың бәрі періште емес, сондықтан Шайзаны ай мен күндей қыз екен деп тамақтарыңыз ісіп қалмасын. Шайза сондай келбетсіз де емес, жұрттан асқан көрікті де емес, дөңгелек бетті, қиғаш қас, қара көзді, қара торы, келте мұрынды орташа бойлы қыз. Шашы қара деуге де, құба деуге де келеді. Тұңғиық қара көзі, көптің ішінен талаулап қарағаны, қызға көз салатын бозбалалардың жүрегіне жылы, майда тиуші еді.

 Елдің аңызы: «Тәуір бала» дейтұғын, шынында, мінезі, жұғымды бала еді. Оның жұғымдылығы сол Күдіріс асауды алып ұрғанда – қолын да шапалақтамады, секіріп те түспеді, қарқылдап та күлмеді, жүзінде қуанған іспетті ажар пайда болып, азырақ езу тартқандай жымиып, салмақпен аяңдап ақ отауға кірді.

Егер мәдениетсіз әйел болса, ондай жерде «мама!», «тіпу!» деген сықылды бірдеме айтар еді. Әлде қарғап түсер еді. Сенімдірек болса: «Оһ! Мен оны барлық жаныммен сүйемін», – дер еді, тәтті қиял әлденені тойдырар еді… Шайза білдірмеді. Әкесі жасында бай жерге құда болып, қалыңдық ойнағалы жүргенінде күйеуі өлген. Бас сүйескен құдадан айырыла алмай, Шайзаны он екі жасар қайын інісіне қаратып қойған, Шайза он тоғызға шықты. Он екі жасар балаға көңілі жарымайтын, өйткені баланың сүйегі ұсақ, дімкәс, жөтелі де бар деп еститін. Қырық жетінің малын бір жиып, соңғы баласына атастырғалы Ор­дабай отағасы тағы екі жүз шақты қара алып қойып еді: «Жас өспей ме… Бай баласы жастық қыла ма?..» деп жеңгелерінің көңіл жұбатқанына Шайза пәлендей жұбана қоймайтын. Оңаша жерде күрсініп, көп ойлайтын. Оның себебі, осы жаз: «Қызық көремін, балама есік көрсетсін», – деп құдасы кісі салғанын Шайза білетін. Жарымжан жас балаға басын байлап, алдағы жас өмірін, дәуренін қайғы- қасіретке арнау, «қол ұстау» деген жұмыс сол бақытсыздықтың есігін ашқандай, басын біржола байлап беретіндей, оны қасіретке салып жүрген.

Өткен жұмада отаудағы әңгіме…

Шайза тігіп отырған машинасына маңдайын тіреп, қиял билеп, ұйқы мен ояудың ортасында отыр еді. Үйге Күдіріс кірді. Күдіріс Шайзаның аяқ жағына таман келе отырды. Қасында тұрған домбыраны ұстап, тыңқылдатқан болды. Ол тыңқылдақ не әнге, не зарға ұқсаған жоқ. Өйткені Күдіріс домбыра білмейтін.

Шайза басын көтеріп, Күдіріске қарап көп отырды, сөйлемеді.

– Шайза, түрің неге келмей отыр? Көңіліңде уайым бар кісіше, – деді Күдіріс.

Шайза іштегі запыранды жай-күйін де бұрқыратып, сыртқа шығарды. Күрсініп:

– Менен сорлы жан бар дейсің бе, Күдіріс? Қыз боп жаралғаннан, жаралма­ғаным көп жақсы екен. Анау етекте жүрген Қыртайдың күнін маған берсе, Құдайға разы болар едім! – деді Шайза.

– Ол – күйінгеннен айтқан сөзің шығар, малшының күнін басыңа берсе, бұдан жаман қайғырар едің.

– Жоқ, қайғырмас едім.

– Сонша күйінгендей не қайғың бар? – деп сұрады Күдіріс.

Іштегі қайғырған мұңды дауыспен сөйлеп еді. Күдіріс тыңдап болып:

– Олай болса, бос қайғыдан не пайда, өз қамыңды ойласаң болмай ма?

– Ойлар едім, бірақ… мен үшін өлуге жанын қиятын кісі табылар ма, Күдіріс?

– Кісіні мен тауып берер едім, айтқан сөзің рас болып, сөзіңде тұрсаң, – деді Күдіріс.

Күдірістің тауып бермегі өзі еді. Шайза­ның да жақтыртып отырғаны Күдіріс еді. Екеуі де бірін-бірі бес жылдан бері біледі. Күдіріс Шайзаны қарындас көріп, қалыс сыйласып жүруші еді. Көңілі жарым болғалы «Серік болуға жарайды-ау», – деп Шайза Күдірісті сыртынан сынап шамалайтын, бірақ сыртына шығармайтын. Күдіріс те Шайзаның уайымды екенін сезетін. О да айтуға дәті бармай, реті келмей жүретін, өткен жұма сәтті болып, екеуі іштегі сырын айтысып, мәңгілік серік болуға біріне-бірі серт айтысқан.

Шайза табиғаттың бұзылмаған өз қы­зы, ол тәлімсігенді, өтірік баласып бұраңда­ғанды, паңданғанды, қылт-сылт еткенді білмейді. Ол бір басына сенеді, қайтып алу жоқ! Күдіріске Шайза жан-тәнімен біржола берілді. Аяп қалған асыл қазынасы қалған жоқ. Манағы асау ұстап жүрген Күдіріске отау алдында Шайзаның қарап тұрған сәті осы еді.

***

Түн, жел тынық, күн ашық, ай жоқ, жұлдыз жиі, саңқылдап үрген иттің, қотан ішінде итін айтақтаған күзетшінің дауысынан басқа дыбыс, ауылға таямаса, естілмейді. Ауыл тым-тырыс ұйқыда, таянып тыңдаған кісіге, қара малдың мөңірегені, бырт-бырт күйсегені естілер еді.

Ауыл сыртындағы теректің астында екі ақ боз атты бекітіп қойып, төбенің басында жер бауырлап, жолға қарап бір адам жатыр. Ауыл жарты шақырымға таяу, үркер түстікке келді. «Неғып шықпай жатыр? Ұйықтап қалмаса игі еді?» деген қауіп ойға келді. Бұл жатқан Күдіріс еді.

Күдіріс пен Шайза бір жарым айдай қызықты, бақытты күндерді басынан кешірді. Әлі де сондай күйде жүретін еді. Оған уақыт жібермеді. Екі күннен кейін қол ұстауға Шайзаның бала күйеуі келмекші еді.

Күдіріс топтан таңдап екі саңлақты жаратып жүретін. Шайзаны бір түнде алып қашу мақсаты еді. Қараңғы түнде Күдіріс сүйген жарын күтіп, дамыл алмай жатыр еді. Күдіріске бүгінгі түннің бір сағаты бір жылдай, жүрегінің соққаны атты кісінің тықырындай дүрсілдеді. Әлден уақытта ауыл жақтан қараңдаған бір нәрсені көзі шалды.

– Уһ! – деді сонда демін бір алып. Қарайғаны сол екен. Шапанын бүркеніп, артына қарап қояды. Шоңқима етік, жез табаны тасқа шықырлады. «Ақырын!», – деді Күдіріс. Екеуі ентелей басып: «Құдай берді ме?», – дегендей көңілдері орнығып атқа келді. Боз жорғаның үстіне Шайзаны қолтығынан көтеріп мінгізді де: «Қалбағайлы қайдасың?» – деп екі жас күн батысқа бет қойды. Екі жастың оң сапарына тілеулес болып, біз қала тұрайық.

Бай ерте тұрып, дәретке шықты. Дуал қасында дәрет алып отырып, қойшыға суып тұрған тор атты отқа жібертті. Қойды қай жаққа шығатынын тапсырды. Қайта үйге кіріп, намаз оқып, малды өргізіп, келіп жатты.

Сәске мезгілінде мұрынын шыбын жыбырлата берген соң бәйбіше де оянды. «Аһ-уһ!» – деп керіліп, созылып, байға қарап азырақ жатты. Қолын көрпенің ішіне жіберіп, қасынды. Төсекті қимағанымен тұратын уақыт болып қалды. Бұ да тұрды. Шай қойғызды, шай қайнаған кезде бай да тұрып, тысқа шықты.

– Қарағым-ау, тұрсаңшы, шай іш,– деп, бәйбіше бір-екі рет айтқанына Шайза тұра қоймады. Бәйбіше аяңдап Шайзаның шымылдығына барды. Ашып қараса – төсегі жатыр, өзі жоқ.

– Жасаған-ау! Бұл қашан тұрып кеткен? Тысқа шықты. Түзге баратын жақты

қарады, жоқ, отауға кірді, жоқ. Байға айтты. Ауылдан сұрады. Ешкім көрмейді. Таңданды! Тамсанды! Бір сұмдықтың болғанын біліп, үрпиісті. Жылқы келді. Күдіріс жоқ, күнде ерте жылқыға баратын кісі бүгін бармады.

Күдіріспен ойын-күлкісі барлығын бәйбіше сезсе де, білмеген болып жүретін. Жай жастық шығар деп ойлайтын, енді бәйбіше ішінен өкінді. Екі боз аттың жоғы да, байдың баласының күміс ерінің жоғы да сұмдықты Күдіріс қылғанын анықтады. Енді не істеу керек? Ертең құда келгелі жатыр. Қызын өзі шығарып берді деп жоруы мүмкін. Ақылдасып, құдаға кісі жіберіп, уақиғаны бастан-аяқ баяндауды мақұл көрді.

– Келсін жиылып, олардан да бізге артық бататын ұят іс болды. Барлық қара орманды салсам да, бұл жолдан аянбаймын, – деді бай.

«Күдіріс кетсе, қайда апарады? Оның баратын жері белгілі: Керейде нағашысы бар, соған тартады. Басқа қорғайтын елі жоқ. Өз туғаны кедей. Жаман жауқашты алдымен жау қаштыны табу керек, әйтпесе бітім жоқ». Міне, долданған жұрттың аузындағы сөздің түрі.

Кешке жақын алпыс кісі құдалар келді. Олар келе Ордабайға қиғылықты салды, боз балалар қызынып ауылдың жігіттерін боқтап, ұрып, тиісе бастады.

Бір ту бие сойылды. Байдың да маңайын­дағы ел адамдары жиналып еді. Дауласкер ұлы жиын болды. Ақсақалдар дуылдасып сөйлесіп, байлағаны мынау: 40 жігіт жауқаштыға аттанып, бар малын шауып келсін; 60 кісі керейге аттансын, басшы болып басы Ордабай ақсақал өзі барсын. Керейден кісі алмай қайтпасын, малға бітіспесін, бермесе – ойсыратып барымта алсын. Екі елдің арасында ерегес болады, шығыннан бас тартпаймыз, – десті жұрт. Ордабайдың мінуге жарайтын жылқысы ұсталып мінілді. Ағайындар да аттанды. Оның ішінде болыс та, би де бар, қол екі жаққа аттанды. Аттың да, кісінің де жүйрігі керейге баруға таңдалды. Өйткені керей екі күндік жер, жауқашты қолда, бір ұйпалағаннан қалмайды. Ертеніңде-ақ жауқаштыдан 60 жылқы, 35 түйені алып барымташылар келіп қалды. Ол елдің адамы ере келіп, ақиқатын айтса да, мал қайтарылмайды, басты кісілері Күдірісті ұстап беруге керейге жөнелді.

***

Қалбағайлы – кенерелі биік тау. Етегінде қатар аққан екі өзен бар. Ел жайлайды. Таудың солтүстік жағы – қоян жота, қиыр шат, жері – орқаш, суы – шалғай болғандықтан, ел қонбайды, терең шаттардан жылжып аққан бұлақ суына ғана келеді. Білмеген кісі жол тауып жүре алмайтын бытқыл, шат арасымен сайларды өрлеп, бұлақты бойлап біткен терек пен тал. Тастың, ағаштың батар күннің қызыл-сары сәулесімен боялып нұрланып тұр, жер жүзі сары шыны көзілдірікпен қарағандай әдемі түске енген. Таудан жоғарғы сайлардың төңірегін сары алтынға малынған сықылды жайнатып, ағаштың іші шиқ-шиқ еткен маса-торғайдың дауысымен жайлаудың баурайынан бұраңдап, сылдыр қағып бұлақ суы ағып жатыр. Анандай жерде бұлақ жағасында ағаштың аланыңда быртылдатып, құйрығын сипақтатып екі ат шалғынды жұлып тұр.

Талдың түбінде, талдың саясында көк шалғында Шайза жатыр еді. Шайза ұйқыда, бір күн, бір түн жүріп, ат соғып, шаршаған. Күдіріс торсығын ерге сүйеп қойған Шайзаның қасына келіп отырды. Қонған шыбынды қолымен қағады, ашық қалған тізесіне көйлегін ақырын жабады. Құмырсқа шаға ма екен, маңайын әбден қарайды. Оятқысы келмейді, қимайды. Бетіне қарап тоймайды, бәйек болып: «Жаным!» деп ерні жыбырлап қояды. Әлден уақытта Шайза қозғалды, аяғын жиды, көзін уқалады, білегін созды. Күдіріс білегін ұстап, оның меңін ғана сүйді. Шайза көзін ашып, Күдіріске еркелі көзімен жымиып қарады.

– Қалай? Тынықтың ба?

– Өне бойым сіресіп қалыпты, – деп Шайза әр жерін ұстап тыжырынды.

– Ештеңе етпес, жазылар, сәулем, әл барында жүрейік…

 Салқын түсті. Сол күні екі ғашық ел жақта Керей деген нағашысына жетті.

***

«Жиен қыз алып қашып келді» деген лақап ертеңінде ат шаптырым жерге жайылды. Күдірістің нағашылары жиенінің ерлігіне қуанса да, әсіресе, Мүсірәлі отағасы пәлені іші сезе қойды. Төлеңгіт жесірін жіберіп қарап жатпайтындығы мәлім. Мүсірәлі хабар салды. «Қызын алып кетсін, пәлесі бізде қалады», – деп ол жұртқа адам жіберді. Алыстан арып-ашып келген Күдіріс ел паналаймын деп келгенде, қорған бола алмаған ел-жұртының алыстығы, туғандарының нашарлығы Күдірістің зығырданын қайнатты. Нағашылардың Мүсірәліге қарсы тұратын шамасы жоқ. Жиенін қорғай алмау – тағы намыс. Сондай хәлде тұрғанда Төлеңгіттің қуғыншылары келіп қалды. Бұл келген бастығы – Ордабай болыс, он шақты кісі еді. Көп қолын артына тастап кеткен. Егер қызды, Күдірісті тауып бермесе, кейінгі қол мал шаппақ.

Төлеңгіттер ел адамы Мүсірәліге тү­сіп, кісі салды. Кісімізді шығарып бер, бермесең – екі ел дау боламыз. Кісімізді берсең, Керей, сенде жұмысымыз жоқ. Басында ел намысына қызынып: «Келген жоқ, басқа жаққа кеткен шығар», – деп Мүсірәлі отағасы қызса да, артынан өз елінің қарсы партиясы Күдірісті мойнына салған соң, салмаққа шыдай алмады: келсе тауып беруге уәде берді.

Төлеңгіт кісілері келе жатқанын естіп, Күдіріс пен Шайза таудың ішіне барып тығылған еді. Екі күндей екеуі тау қойнын мекен етті. Түнде ауылдан тамақ тасып берді. Күндіз таудың үңгірінде жасырынып жатты. Зәре жоқ. Келешек тұман. Неше түрлі ойлар қоршап екі жас дамыл көрмеді, үрейленді, күрсінді, кейде құшақтасып жыласып алды. Күдірістің ойына қаһарлы суреттер елестейді. Бұндай қорлыққа көнгенше тастан құлап өлсем бе, суға сүсіп кетсем бе, әлде асылып, жарылып өлсем бе? – деп ойлайды. Бірақ ол ойларын айтуға Шайзаны шошытып аламын ба деп қорқады. «Құдай-ау! Осылай жатқанда екеумізге ақ өліміңді берсеңші! Қорлық көрмей-ақ о дүниеге қол ұстасып бірге барар едік…». Шайзада сөз жоқ. Күдірісті қасынан екі елі шығармайды. Сайдың басы сылдырласа, жел азынаса, зуылдап құс ұшса – Шайза селк етеді, үрейі қалмады.

Түнде ас әкелген жігіт Төлеңгіт сөйлесіп жатқанын, Керей жығылып тұрғанын, сөз ертең байланатынын айтып кетіп еді. Ертең тағдыры шешілетін болған соң, екі жас кірпік қақпай шықты. Уайым, қайғы, жылап сықтау, күйіну, үмітсіздену, тағы жылау… Таң алдына көзі ілініп кеткен екен, Шайза түсінен шошып, селк етіп оянып кетті.

***

Ағарып таң атты. Айдай әлемге алтын нұрын жайып, сары табақтай күн шықты. Оңтүстіктен ескен таза самал екі жастың бетінен мәпелеп қана сүйіп тұр. Қанаттары желбіреп, ау жерден де, бұ жерден де ән салып шырылдап бозторғай жүр. Шүйдек жапырақ, гүлдердің жүзі жаңа түрге, жаңа бақытқа кіргендей тамылжып, көгеріп, жасарып, балбырап келеді. Табиғат сондай сұлу! Сондай қызықты, бір жәндік қабағын шытқан жоқ, бәрі – қуанышты, бәрі – бақытты!

– Аһ, арман! Бақытсыздық жасаушы мейірімсіз адам. Кешегі бақытты екі ғашық

бүгін орындарында жоқ. Тастың үңгірінде жорғалап, қара қоңыз кетіп барады. Анау таудың етегіне көз салсаң, көресің: он шақты салт атты кісінің ортасында екі көзі бұлаудай, шашы дударланып, екі жағына, сел соққан балықтай, теңселіп сорлы болып Шайза кетіп барады. Олардың артында, бір шақырымдай жерде дал-дұл қылып ұрған, басы жарылған, көзі ісіп жұмылған, бет ауызын қан жапқан, екі қолы артына таңулы жаяу айдалып, Күдіріс кетіп барады.

Табиғат баяғы күйінде. Көпке бірдей көрікті. Көпке бірдей мейірімді: ешкімді қарғаған жоқ. Жауыз адам жауыздығын істеп, мұратына жетті. Әлем сиғызған аспанның астына жазықсыз екі жасты жауыздар сиғызбады.

 Жк (Жүсіпбек Аймауытұлы)

“Қазақ әдебиеті” газеті

Ұқсас жазбалар